Тамақтану рационы көңіл тойдыра ма?

Ел тұрғындары азық-түлікке көп қаражат шығындайды. Picodi.com порталы жүргізген зерттеу нә­­­­­­­­­­­ти­­жесінде қазақстандықтар та­­­бысының жартысынан көбін (54%) тамақ сатып алуға жұмсай­тыны белгілі болған.

Бұл көрсеткіш эко­­номикасы дамыған мемле­­кет­­­тердегі орташа мәннен едәуір көп. Мысалы, Ұлыбритания аза­­­мат­­­­­тарының азыққа кететін шы­­­­ғыны 7,2% болса, Еуропаның көп­теген елінде ол көрсеткіш 7%-19% ара­­лығында.

Соңғы жылдары азық-түлік ба­ғасы тоқтаусыз көтеріліп бара жатыр. Мұндай жағдайда халық­тың тамақтану рационының құра­мы қандай? Не ішіп, жеп жүрміз? 

Ұлттық статистика бюро­­сы­ның 2022 жылғы дерегіне қарасақ, қазақстандықтардың негізгі та­­мақтану рационында сүт өнімдері, жұмыртқа және жарма мен ұн өнімдері жиі кездеседі. Яғни, етке қарағанда нанды көп жейміз. Эко­­номикалық зерттеулер инсти­­ту­тының дерегінше, 2021 жылы еліміздегі 1 тұрғын орта есеппен 133,8 келі ұн өнімдерін жесе, 2022 жы­­лы көрсеткіш 128 келі бо­лып­­ты. Ұннан дайындалған өнім­ді ең көп тұтынатын өңір Түркіс­тан облысы – жылына 172,3 келі, ал ең аз жейтін Маңғыстау облы­сы – жылына бір адамға 97,6 келі. 

Салыстыру үшін айтар болсақ, Арменияда жан басына шаққанда жылына 170 келі нан өнімдері тұ­тынылса, Ресейде – 114 келі, Ук­раи­­­нада – 97 келі, Германияда – 84 келі, АҚШ-та шамамен 78 келі тұтынады.

Ал еліміздегі  ет жеу көрсеткі­шіне келсек, жан басына шаққанда жылына 78,2 келіден айналыпты. Айта ке­ту керек, АҚШ пен Еуропада бұл көрсеткіш – 100 келі ша­ма­сында.

Мамандардың пікірінше, қа­зақ­­стандықтардың тағам ра­цио­нында темір, йод аз кезде­седі, бі­рақ қантты көп жейміз. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы­ның 2022 жылы түзген Азық-түлік қауп­сіздігі индексінде рацион­дағы те­мірге бай тағамды тұтынуда Қазақ­стан 113 елдің ішінде 67 орын­да болған.

Мәселен, Эфиопия тұрғын­­дары тәулігіне жейтін тағамның құра­мында темірдің көрсеткіші 45,4 мг болса, қазақстандықтардың көрсет­кіші – 11,3 мг. Эконо­ми­калық зерт­теулер институ­­­тының мамандар Эфиопия халқы ұсақ дәнді тефаны тағам ретінде жиі пайдаланатынын айтады, оның құрамында темір көп. Рей­тингтің соңында 4,8 мг көрсет­кішпен Доминикан Республикасы тұр.

Темірге бай азық адамға энер­гия мен өнімділік береді. С.Ас­­фен­­дияров атындағы ҚазҰМУ нут­рициология кафедрасының доценті, PhD докторы Айгүл На­ғашыбекқызының айтуынша, елі­мізде халықтың денсаулығын жақсартуға байланысты көптеген жұмыс жүргізіліп жатқанымен, тамақтану рационы реттелмей отыр. «Елімізде «жасырын аш­тық» деп сипатталатын бірнеше мине­ралдық жетіспеушіліктің та­ғамда болмауынан туындайтын аурулар: темір тапшылығы ане­миясы, йод тапшылығы, зоб аурулары жиі кездеседі. Қазіргі тамақ өнеркә­сібіндегі өндірудің, өңдеудің және сақтаудың ағым­­дағы техноло­гия­лары тағам өнім­деріндегі бағалы заттектерді сақ­тай алмайды. Тағам құрамында темір аз бол­ғандықтан анемия көбейген. Әл­сіздік, шаршағыштық, ентігу, бас айналу, құлақтың шуылдауы тері­нің және тырнақ түбінің боза­руы – осының дәлелі. Йод қал­­қан­ша безінің гормондарының синтезі үшін қажет. Бұл гормондар кез келген жастағы адамның өмі­рінде маңыз­ды рөл атқарады», – дейді маман.

Қазақ тағамтану акаде­мия­сының ғалымдары зерттеу дерек­теріне сүйеніп, қарапайым тағам өнімдерін фортификациялау (құ­нарландыру) арқылы шешуге ұсыныс жасап, ұнды темірмен, ал тұзды йодпен байыту әдісін ен­­гіз­ген. «Ғалымдарымыздың ұсы­ны­­­сымен 2020 жылы заңға арнайы баптар енгізілді. Жоғарыдағы ба­йытылған өнімдерді бала­­­бақ­ша­лар мен интернаттар, сту­денттік асха­налар, алдын алу-ем­дік меке­мелері және қоғамдық та­мақтану орын­дары сатып алуы тиіс. Ондай ба­йытылған өнім­дер­дің қапта­ма­сында «сапа­­­лы азық» healthy food белгісі қо­­йылған. Ха­лық ол белгіні білуі қа­­жет», – дейді Айгүл Нағашы­­бекқызы.

Ел азаматтары тұтынатын та­ғам құрамында қанттың мөл­шері көп. 2022 жылғы көрсеткішке қара­­сақ, қант, джем, бал, шоколад және кондитерлік өнімдерді ең көп тұтыну Ұлытау облысында (жы­­лына орта есеппен жан басы­на шаққанда 52,6 келі) тіркеліпті. Одан кейінгі орындарда Алматы облысы (48,9 келі) және Жетісу облысы (45,5 келі), сондай-ақ Ал­маты қаласы (11,27 келі) тұр. Ең төменгі көрсеткіштер Шымкент қаласында (28,7 келі), Абай облы­сында (32,3 келі) және Атырау облысының (32,6 келі) үлесінде.

Тағамтанушы мамандар қант жеуді азайтуға үндейді. Тәуліктегі қант қажеттілігі ересектер үшін 50 грамнан, балаларға 25-30 грам­нан аспауы керек. 

«Соңғы зерттеу бір тәулікте отандастарымыздың 150 грамға дейін қант тұтынатынын анық­тады. Бұл әрине, артық салмақ­тың, қант диабетінің артуына өз үлесін қо­сады», – дейді А.Наға­шы­­­­бекқызы. 

Оның орнына ата-аналар ба­ласының тамақтануына көп көңіл бөліп, дүкендердегі қоспасы көп тәтті сусындардың орнына табиғи сусындар беруі керек. Соны­мен қатар маман С дәруменді итмұрын қайнатпасын, лимон қосылған сусын, көкөніс-жеміс салаттарын, қырыққабат қосылған тағамдарды әзірлеуге кеңес берді.

ДДҰ ескертуінен кейін әлем­нің бірқатар мемлекеті қант тұты­нуға шектеу енгізген. Мысалы, Мексика қант қосылған алко­голь­сіз сусын­дарға акциз салығын қосса, Венгрия құрамында қант, тұз немесе кофеин көп қапта­­мадағы тағамдарға салық салады. Қант салығын Италия мен Поль­ша да енгізді. 

Бір жағынан құнары мол, ағза­ға пайдалы азық-түлікті таңдап, рационға қосуға қымбат­шылық та мүмкіндік берер емес. Бізге қарағанда ТМД-дағы мемлекет­тердің азық-түлікке шығыны азы­рақ. Мысалы, Ресей халқы та­бысының 39%-ы тамақ сатып алуға кетсе, Беларусьта – 40,8%, Әзер­байжанда – 45%.

Сарапшы Айгерім Аманжо­лованың айтуынша, өңірлердегі азық-түлік тауарлары, оның ішін­де әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасындағы өзгерістерді орталықтандырылған қадағалау тетігі әлсіз. «Әсіресе, әлеуметтік осал топтар үшін маңызды азық­тың қолжетімді болуын жедел шешу мәселесі реттелмеген. Бір жағынан жағдайды талдау үшін өңір­лерде деректердің жетіспеу­шілігі бар», – дейді ол. 

NielsenIQ Kazakhstan ком­­паниясының дерегіне сүйенсек, 2021 жылы қазақстандықтар азық-түлікке айына орта есеппен 59 000 теңге жұмсаған. Ал 2023 жыл­­­ғы шығын көлемі 82 000 тең­­ге бо­лыпты. Яғни, 2021 жыл­­ғы көр­­­­сеткіштен 40%-ға жоғары.

«Тұтыну себетінің негізін құ­райтын макарон өнімдері, май және т.б. тауарлар құнына инфля­ция әлдеқайда жылдам өсуде. Азық-түлік емес тауарларға кел­сек, сабын, сусабын, тіс пастасы, кір жуғыш зат, яғни бізге үнемі қажет өнімдердің бағасы 2 жылда 50%-дан астам қымбаттағанын байқаймыз», – дейді компания­ның қаржы жө­ніндегі директоры Мәдина Сей­­сенғалиева. 

Жалпы, тұтыну себетіне адам­ға ең қажетті тауарлар мен қыз­меттер жиынтығы кіреді. Оның тізімін түзгенде алдымен күнде­лікті ішіп-жемге керек азық түрі, дәрі-дәрмек, коммуналдық қыз­мет құны, көлік және де басқа да қызмет ақысы есептеледі. Яғни, тұтыну себеті ең төменгі күнкөріс деңгейімен шамалас. Еске сала кетейік, ең төменгі күнкөріс дең­гейінің Үкімет бекіткен биылғы мөлшері – 43 407 теңге.

Әдетте, ең төменгі күнкөріс деңгейін ең төменгі айлық көр­­сеткішімен шатастыру жағ­дайы жиі кездеседі. Рас, екеуі де бір-бі­рімен тығыз байланысты бол­ғанымен, бөлек ұғымды білдіреді. Төменгі жалақы мөлшері (2024 жыл­­­­дың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 85 000 теңге) ең алдымен жұмыс істеп жүрген жан­­­­­­­дарға есептелсе, төменгі күн­көріс деңгейі – сол мемлекетте өмір сүріп жатқан барлық жан басына шаққандағы есеп. Былай­ша айтқанда, аштан өліп қал­­­мауы­ңыздың кепілі. 

Қазақстан Республикасы азық-түлік себетіндегі тізім тұты­нылатын 64 негізгі өнімнен тұра­ды. Мә­жілістің Әлеуметтік-мә­дени даму комитетінің мүшесі, депутат Гүл­­дара Нұрымова атал­ған тізімге балық, теңіз өнімдері, ет және т.б. қоса алғанда, өнім­дердің барлық негізгі түрі кіргені­мен, айына 43 407 теңге осы өнім­­­­дердің көпшілігін сатып алу үшін жеткіліксіздігін айтты. 

«Тұтыну себетінде дәрі-дәр­мек, киім-кешек, шаруашылық және кеңсе тауарлары, комму­налдық қызметтер, демалыс ескерілмеген. Өкінішке қарай, Қазақстандағы тұтыну себеті жоғары инфляция сияқты бірқатар факторларға байланысты әлемдік нормаларға сәйкес келмейді. Мысалы, Гер­ма­нияда тұтыну себетін жинақтамас бұрын 60 000 отбасы арасында сауалнама жүргізіледі және неміс тұтыну себетінің құрамына 750-ден астам тауарлар мен қызметтер, со­ның ішінде демалыс, комму­налдық қызметтер және т.б. кіреді. АҚШ-тың тұтыну қоржынына 350 по­­­зиция кіреді, оның құрылуына АҚШ-тың 12 000 тұрғыны қаты­сады. Біздің елімізде тұтыну себеті қалай қалыптасады – бұл үлкен мәселе. Біздің комитет депуттары бұл нормамен келіспей, министр­лікке бірнеше рет ескерту жаса­ды», – дейді ол.

Сарапшылар тұтыну себе­­тіндегі тауарлар мен қызмет түр­лерін қайта қарайтын уақыт жет­кенін айтады. Одан басқа жол да жоқ. Инфляция шырмап тұрған кезеңде халықтың табыс көзін көбейтпей кедейлік қамытынан босай алмасымыз анық. 

Бауыржан БАЗАР