«Ауыл аманаты» мем­лекет­тік бағдарламасы жер­гілікті жерлердегі өз кәсібін ашып, бала-шағасының жағ­дайын жасаймын, тірлігін түзеймін деген еті тірі, қолы­нан іс келе­тін жандарға қол­дау болып тұр.
Табанды еңбекпен табысқа жетті
914
оқылды

Осы бағдар­ла­маның ар­қа­сында жеке кәсі­бін іске қо­сып, бірер жылдың барысында біршама жетіс­тікке жеткен талдықорғандық диқан жылы­жай кәсібін кеңей­тіп, қыста сұранысқа ие бола­тын өнім түрлерін көбей­тіп, өнімділікті арттыруды жоспарлап отыр.  

Бала-шағаның қамын ойлап, осынау берекелі шаруаны қолына алған Талдықорған қаласының тұрғыны Бағдат Нұрғали бірнеше жылдан бері жергілікті тұрғын­дарға өз жылыжайында өсірген қияр ұсынып келеді. Қазір өзінің тұрақты тұтынушылары қалып­тасқан ол отбасылық кәсіпке 80 миллион теңгеге жуық жеке қара­жаты мен несие қаржысын салып, бүгінде соның ризығын көріп отыр. 

Елдің бәрі коронавирус індеті кезінде әбігерге түсіп жатқанда жұмыссыз қалған азамат сол күр­делі кезеңдегі қиындыққа мойы­май, жеке бизнесін бастап кетеді. Өзіне мұраға қалған бос жер телімін пайдалануға бел буып, інісі Ринатпен бірге сол жерге шағын жылыжай салды. Қазір Бағдат Темірбекұлының жылыжайы за­манға сай құрал-жабдықтармен жабдықталған, агрономның кеңесіне сай баптап өсірген қияр көшеттері жайқалып өсіп тұр.

– Жылыжайды 2019 жылы тұрғыздық. Темір құрылғыларды, тағы басқа да қажетті дүниелерді өз қолымызбен жасап, құрас­тырдық. Алдымен 10 сотық жерге қияр мен қызанақ отырғыздық. Бірақ кейінірек екі дақылды бір жылыжайда қатар өсіру оңай емес екенін түсіндік. Табысқа жету үшін арнайы әдебиеттерді оқыдық, мамандармен сөйлестік, өз беті­мізше іздендік, сөйтіп бір жыл ішінде жылыжайға қатысты едәуір білім мен тәжірибе жинадық. Ке­лесі жылында жылыжайды 40 сотық­қа кеңейтіп, мемлекеттен жеңілдікпен несие алдық. Қазір жылыжайға ресейлік жабдықтар орнатып, тамшылатып суару жүйе­­сін енгіздік, суару, тыңайту үдерістер автоматтандырылды. Еркін ауылына газ келіп, жұмы­сымыз барынша жеңілдей түсті. Бұған дейін күніне кемінде бір тонна көмір жағылып, біраз қаржы кететін. Ал қазір ай сайынғы жылу шы­ғындары шамамен 2 есеге қыс­қарды. Жылыжайда 4 адам жұмыс істейді. Былтыр 6 адам еңбек ет­кен, оларға жұмыспен қамту орта­лығы арқылы жалақы төленген еді. Бұл бізге жақсы қолдау болды. Сондай-ақ өзіміздің агроном маманымыз бар, – дейді фермер.

Жылыжайдан өнім жылына екі рет жиналады. Жаңа жыл қар­саңында жаңа піскен қиярға сұра­ныс артады. Соған сай бағасы да көтеріледі. Осы мереке қарсаңында біраз өнімін тиімділікпен өткізіпті. Ендігі өнім көктемде жиналады, әзірге көкөніс күтіп-бапталуда. 

– Голландиялық сұрыпты өнім­ділігі жоғары қияр өсіреміз. Шымкенттен тұқым мен тыңайт­қыш сатып аламыз. Наурыз айында жаңа піскен корнишонды жергі­лікті нарыққа жаппай сата бастай­мыз. Бірнеше сауда нүктесі­мен нақ­ты келісімшартқа отыр­дық. Ба­ға­сы маусымдық сұранысқа бай­ла­нысты. Мысалы, қыста 1 келі қияр­ды 900 теңгеден саттық. Бәрі ой­дағыдай болса, екінші жиын-те­рінде 50-60 тонна өнімнен үмітті­міз. Жалпы, науқан кезінде күніне шамамен 100-200 келі қияр жинай­мыз. Жазда топырақты тынықтыра­мыз, қоректендіреміз, тыңайтып, қайта іске кірісеміз», – деген кәсіп­кер биылғы көктемде қиярдан бөлек, көшет сататынын да айтты.

Өнімділікті арттыру мақсатын­да шаруа биыл да «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуды жос­пар­лап отыр. Өйткені аталған бағ­дар­ламаның көмегімен жеңіл­детілген несиеге техника алуға бо­лады екен. Мәселен,  жылы­жайды қосымша жарықтандыру үшін фитолампалар керек. Жылы­жайдың аумағын ескерсек, оған 10-15 миллион теңгедей қаржы қажет.

«Өз қаражатыма көшет өсі­ретін бөлмені қосымша жарықтан­дыратын керек-жарақ алдым. Бұнда 11 мың дана көшет өсіруге болады. Бөлменің ауданы небәрі 18х6 метр, соның өзіне 1,3 мил­лион теңге жұмсадық. Беларусьтан арнайы фитолампалар әкелдік. Өйткені қыздыратын қарапайым шамдар немесе энергияны үнем­дейтін люминесцентті шамдар бізге қолайлы емес. Жылыжайдағы қосымша жарық өсімдіктердің өсуін, олардың пісуін тездетумен қатар оның сапасын да жақсар­тады. Жасыл желек күніне кемінде 12 сағат жарықты керек етеді. Ал қыста мұндай жағдай жасау біраз қиындық туғызады. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларына жүгініп отырмыз», – деген кә­сіпкер жылыжай қызметкерлеріне арнап асүй мен жеке душ бөлмесі бар 6 адамдық шағын екі бөлмелі үй салыпты. Үй газбен жылыты­лады, қазір онда 2 жұмысшы тегін тұрады. 

Бағдат Темірбекұлының ай­туынша, жылыжай шаруашылығы – білімділікті, табандылықты та­лап ететін күрделі тірлік. Соған сай қазір тапқан табыстың негізгі бөлімі өнім сапасын жақсартуға, жылыжайды заманауи жабдықтар­мен қамтамасыз етуге жұмсалады. Жылыжайда көкөніс өсіру оңай шаруа емес, бірақ егер адам қаласа, бәрін де үйреніп алады, мақсатына жетеді. Ол үшін көп еңбектену керек, сонда жұмсалған күш-жігер өз жемісін береді. 

Талдықорған қаласы әкімді­гі­нің мәліметінше, облыс орталы­ғында жалпы ауданы 1,52 гектар болатын 6 жылыжай кешені бар, онда қызанақ, қияр, салат жапы­рақ­тарының бірқатар түрі өсіріле­ді. Алдағы уақытта ауданы 1 гек­тарлық жылыжай кешенін салу жоспарлануда.

Болат АБАҒАН, 

Жетісу облысы