Осы бағдарламаның арқасында жеке кәсібін іске қосып, бірер жылдың барысында біршама жетістікке жеткен талдықорғандық диқан жылыжай кәсібін кеңейтіп, қыста сұранысқа ие болатын өнім түрлерін көбейтіп, өнімділікті арттыруды жоспарлап отыр.
Бала-шағаның қамын ойлап, осынау берекелі шаруаны қолына алған Талдықорған қаласының тұрғыны Бағдат Нұрғали бірнеше жылдан бері жергілікті тұрғындарға өз жылыжайында өсірген қияр ұсынып келеді. Қазір өзінің тұрақты тұтынушылары қалыптасқан ол отбасылық кәсіпке 80 миллион теңгеге жуық жеке қаражаты мен несие қаржысын салып, бүгінде соның ризығын көріп отыр.
Елдің бәрі коронавирус індеті кезінде әбігерге түсіп жатқанда жұмыссыз қалған азамат сол күрделі кезеңдегі қиындыққа мойымай, жеке бизнесін бастап кетеді. Өзіне мұраға қалған бос жер телімін пайдалануға бел буып, інісі Ринатпен бірге сол жерге шағын жылыжай салды. Қазір Бағдат Темірбекұлының жылыжайы заманға сай құрал-жабдықтармен жабдықталған, агрономның кеңесіне сай баптап өсірген қияр көшеттері жайқалып өсіп тұр.
– Жылыжайды 2019 жылы тұрғыздық. Темір құрылғыларды, тағы басқа да қажетті дүниелерді өз қолымызбен жасап, құрастырдық. Алдымен 10 сотық жерге қияр мен қызанақ отырғыздық. Бірақ кейінірек екі дақылды бір жылыжайда қатар өсіру оңай емес екенін түсіндік. Табысқа жету үшін арнайы әдебиеттерді оқыдық, мамандармен сөйлестік, өз бетімізше іздендік, сөйтіп бір жыл ішінде жылыжайға қатысты едәуір білім мен тәжірибе жинадық. Келесі жылында жылыжайды 40 сотыққа кеңейтіп, мемлекеттен жеңілдікпен несие алдық. Қазір жылыжайға ресейлік жабдықтар орнатып, тамшылатып суару жүйесін енгіздік, суару, тыңайту үдерістер автоматтандырылды. Еркін ауылына газ келіп, жұмысымыз барынша жеңілдей түсті. Бұған дейін күніне кемінде бір тонна көмір жағылып, біраз қаржы кететін. Ал қазір ай сайынғы жылу шығындары шамамен 2 есеге қысқарды. Жылыжайда 4 адам жұмыс істейді. Былтыр 6 адам еңбек еткен, оларға жұмыспен қамту орталығы арқылы жалақы төленген еді. Бұл бізге жақсы қолдау болды. Сондай-ақ өзіміздің агроном маманымыз бар, – дейді фермер.
Жылыжайдан өнім жылына екі рет жиналады. Жаңа жыл қарсаңында жаңа піскен қиярға сұраныс артады. Соған сай бағасы да көтеріледі. Осы мереке қарсаңында біраз өнімін тиімділікпен өткізіпті. Ендігі өнім көктемде жиналады, әзірге көкөніс күтіп-бапталуда.
– Голландиялық сұрыпты өнімділігі жоғары қияр өсіреміз. Шымкенттен тұқым мен тыңайтқыш сатып аламыз. Наурыз айында жаңа піскен корнишонды жергілікті нарыққа жаппай сата бастаймыз. Бірнеше сауда нүктесімен нақты келісімшартқа отырдық. Бағасы маусымдық сұранысқа байланысты. Мысалы, қыста 1 келі қиярды 900 теңгеден саттық. Бәрі ойдағыдай болса, екінші жиын-терінде 50-60 тонна өнімнен үміттіміз. Жалпы, науқан кезінде күніне шамамен 100-200 келі қияр жинаймыз. Жазда топырақты тынықтырамыз, қоректендіреміз, тыңайтып, қайта іске кірісеміз», – деген кәсіпкер биылғы көктемде қиярдан бөлек, көшет сататынын да айтты.
Өнімділікті арттыру мақсатында шаруа биыл да «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуды жоспарлап отыр. Өйткені аталған бағдарламаның көмегімен жеңілдетілген несиеге техника алуға болады екен. Мәселен, жылыжайды қосымша жарықтандыру үшін фитолампалар керек. Жылыжайдың аумағын ескерсек, оған 10-15 миллион теңгедей қаржы қажет.
«Өз қаражатыма көшет өсіретін бөлмені қосымша жарықтандыратын керек-жарақ алдым. Бұнда 11 мың дана көшет өсіруге болады. Бөлменің ауданы небәрі 18х6 метр, соның өзіне 1,3 миллион теңге жұмсадық. Беларусьтан арнайы фитолампалар әкелдік. Өйткені қыздыратын қарапайым шамдар немесе энергияны үнемдейтін люминесцентті шамдар бізге қолайлы емес. Жылыжайдағы қосымша жарық өсімдіктердің өсуін, олардың пісуін тездетумен қатар оның сапасын да жақсартады. Жасыл желек күніне кемінде 12 сағат жарықты керек етеді. Ал қыста мұндай жағдай жасау біраз қиындық туғызады. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларына жүгініп отырмыз», – деген кәсіпкер жылыжай қызметкерлеріне арнап асүй мен жеке душ бөлмесі бар 6 адамдық шағын екі бөлмелі үй салыпты. Үй газбен жылытылады, қазір онда 2 жұмысшы тегін тұрады.
Бағдат Темірбекұлының айтуынша, жылыжай шаруашылығы – білімділікті, табандылықты талап ететін күрделі тірлік. Соған сай қазір тапқан табыстың негізгі бөлімі өнім сапасын жақсартуға, жылыжайды заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмсалады. Жылыжайда көкөніс өсіру оңай шаруа емес, бірақ егер адам қаласа, бәрін де үйреніп алады, мақсатына жетеді. Ол үшін көп еңбектену керек, сонда жұмсалған күш-жігер өз жемісін береді.
Талдықорған қаласы әкімдігінің мәліметінше, облыс орталығында жалпы ауданы 1,52 гектар болатын 6 жылыжай кешені бар, онда қызанақ, қияр, салат жапырақтарының бірқатар түрі өсіріледі. Алдағы уақытта ауданы 1 гектарлық жылыжай кешенін салу жоспарлануда.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы