Париждіктер жол талғамайтын көлік иелері үшін тұрақ ақысын көтеруге дауыс берді, бұл бүкіл Еуропада үлкен көліктерге қарсы күшейіп келе жатқан реакцияның белгісі дейді Financial Times басылымы. Британдық басылымға сілтеме жасаған Aikyn.kz референдумның себептерін түсіндіреді.
Франциядағы жергілікті референдумды өткізуді қоршаған ортаны қорғау белсенділері мен Париж әкімдігі қолдаған. Экологиялық ұйымдар үлкен көліктерді ірі қалалар үшін қажетсіз және қоршаған ортаны ластаушы деп санайды. Олардың қала орталықтарында жүруін шектеуді ұсынады.
Соңғы жылдары көлік артерияларының шамадан тыс кептелуі барлық ірі қалаларда проблемалар туғыза бастады. Париж тұрғындары да жексенбіде (4 ақпан) жол талғамайтын көліктерге арналған тұрақ ақысын көтеру үшін дауыс берді. Нәтижесінде қала тұрғындардың 54,5% пайызы қозғалтқышының көлемі үлкен көліктерге қала аумағында тұрақ ақысын бірнеше есе көтеруді қолдаған, 45,5% қарсы болған.
Енді қаланың кейбір бөліктерінде тұрақ ақысы үш есеге артып сағатына 18 еуро болады. Салмағы 2 тоннадан асатын электрлі жол талғамайтын көліктер де осындай төлем жасауға міндетті. «Париждіктер қауіпсіздік мақсатында және қоршаған ортаны ластайтындықтан, біздің көшелерде бұндай көліктердің жүруін шектегісі келеді», – дейді қала мэрі Анн Идальго.
Референдумға Парижде тіркелген 1,4 миллион сайлаушының 6 пайыздан азы ғана қатысты. Бұл өткен жылы электрлі скутер операторларына тыйым салу туралы дауыс беруден кейін өткізілген екінші референдум. Париж сондай-ақ ескі дизельді көліктерге 2025 жылдан бастап тыйым салып, қала бойынша велосипедшілерге ыңғайлы жаңа жолақтар орнатуды жоспарлап отыр.
Дегенмен жол талғамайтын көліктер туралы референдум дау тудырды, өйткені көптеген адамдар орындықтары жоғары, қозғалтқыш көлемі үлкен көліктерді таңдайды, кейбір отбасыларға бұндай көліктердің кеңдігі ұнайды.
«Біз барлық тұрғындар пайдаланатын көліктер туралы айтып отырмыз. Бұндай шектеулерден кейін адамдардың экологиялық идеялардан бас тартқанын көргенде таң қалмауымыз керек», – дейді референдумға қарсы Mobilians лобби тобының басшысы Ксавье Хорент.
Франциядан басқа елдердегі таза ауа мен электрлі көліктерді жақтаушылар дауыс беру нәтижелерін құптаған, олар да «дөңгелектегі құбыжықтарға» қарсы болған.
«Біз Еуропадағы қалалар Франция астанасынан үлгі алады деп үміттенеміз», – дейді «Таза қалалар» компаниясы директорының орынбасары Йенс Мюллер.
Францияның үшінші ірі қаласы Лион да осындай шараларды енгізді, ал Лондонның кейбір аудандарында автотұрақтардағы төлемдер көліктің көлемі мен ластаушы көрсеткішіне байланысты бекітілген.
Париж қоршаған ортаны көбірек ластайтын және жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер үшін қауіп туғызатын жол талғамайтын көліктерді шектеуде көп нәрсе істей алатынын көрсетті.
Дегенмен жол талғамайтын көліктерге деген сұраныс әлі де жоғары. Jato Dynamics тобының мәліметі бойынша, Еуропаның 28 елінде, соның ішінде Ұлыбританияда өткен жылы сатылымдардың жартысынан көбі жол талғамайтын көліктер болған, ал 2014 жылы бұл көрсеткіш 2,5 есе төмен болған.