Солардың бірі – Алыстағы Алакөл ауданының ең шеткері жатқан ауылы, елдің шетінде, жердің өтінде, мемлекеттік шекараның түбінде орналасқан Достық елді мекені маңындағы кейде апталап аңырағанда елдің де зықысын шығарып жіберетін Ебінің желі.
Ел ежелден «Жоңғар қақпасы» деп атап кеткен аңғардан есетін желді бағындыру арқылы электр қуатын өндіру бастамасы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңына таман қозғалып, шетелдік инвесторлардың көмегімен Достық теміржол бекетінің жанынан алып желден электр қуатын өндіретін алып қондырғы тұрғызылған болатын. Алғашына алыстан көзге шалынатын көрінісімен-ақ елді қуантқан сол стансы содан бері электр қуатын өндірді дегенді естімеппіз. 1998 жылы шекаралық елді мекенге жол түскенде жергілікті басшылар осы нысанды мақтана көрсетіп, болашақта мұндайлардың көбейетіні жайлы жоспарларын жайып салған еді. Содан бері «қалқайып тұрған қонырғының алып қалақтары қозғалғанын көрмедік дейді» жергілікті халық. Бірнеше инвестор ауысқанымен одан ештеңе шықпапты.
Оның есесіне көрші елдегілер «Жоңғар қақпасынан» соғатын желдің жолына жел электр стансаларын самсатып, тізіп салып тастады. 2008 жылы тамызда Үкіметтік делегациямен Достықпен көршілес жатқан Алашанькоу бекетіне барғанымызда желден қуат өндіретін қондырғылардан сап тізіп тұрған тұтас қалашықты көргенде қайран қалып, бізде қалқайып тұрған жалғыз мұнараға қарап, басымызды төменге салып, бармақ шайнағанымыз есімде.
Одан кейін Алматы облысындағы шекаралық өңірді өркендетудегі басты назар Қорғас жаққа ауып кетті. 2009 жылы Жетіген – Қорғас теміржол тармағы іске қосылды. Бұрын Қытаймен екі арадағы жүк тасымалында баламасы болмаған Достықтың маңызы төмендеп кеткендей болды. Шекаралық теміржол бекетін дамытуға байланысты қолға алынған бірқатар жоба орта жолда қалды. Тек кейінгі жылдары ғана Достықтың экономикалық әлеуеті қайта сараланып, жаңа жобалар қолға алына бастады. Солардың бастысы аймақтың географиялық орналасуындағы зор мүмкіндікті, табиғи артықшылықты мемлекет мүддесі үшін пайдалану болып саналады. Соның ішінде апталап соғатын жел дәлізінің екпінін ел игілігіне айналдыруға қатысты нақты бетбұрыс жасалып, жүзеге аспай қалған жоба жаңғырды. Тек тағы да орта жолда қалмасын деп тілейік.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, күні кеше облыс әкімі Бейбіт Исабаев облыс аумағында жасыл энергетика саласына қаржы салып, «жасыл» энергетика өндіруге қатысты ірі жобаны жүзеге асыруға ниет білдіріп отырған инвестор компаниялардың өкілдерімен кездесіпті. Іскерлік жүздесу барысында, әлемде дәл қазір қалыпасып отырған түрлі жағдайға байланысты «жасыл» энергетиканың маңызы алға жылжыған жылдармен бірге артып отырғаны айтылып, аталған бағытта қолға алынар жобалар жайлы сөз қозғалды. Осы орайда, Жетісу өңірінің су, жел, күн энегриясын өндіруге қатысты мүмкіндігі мол екеніне тоқталған облыс басшысы Алакөл ауданының Қытаймен екі арадағы шекарада орналасқан Достық елді мекені маңынан қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансасын салуға қатысты жоба жайлы ойын ортаға салды. Былтыр өңірде электр энергиясын тұтыну 218 МВт құраса, соның ішінде ЖЭК үлесі – 93,5 МВт немесе тұтынылған барлық электр қуатының шамамен 43% болыпты. Осының өзі-ақ облыстағы «жасыл» энергетиканың әлеуеті зор екенін аңғартады.
Былтыр желтоқсанда Мемлекет басшысы ACWA POWER компаниясы директорлар кеңесінің төрағасымен кездесті. Сол жүздесуден кейін келісімдерге, Жол картасына қол қойылды. Біз өз тарапымыздан Алакөл ауданы әкімдігінің қаулысымен жер телімін белгіледік. Енді сіздердің компанияларыңыздың мамандары барлық мәселені егжей-тегжейлі пысықтау үшін сол аймаққа баруы керек, жел турбиналары мен қажетті жабдықтардың қайда және қалай орнатылатынын анықтауы керек, – деді облыс басшысы ACWA POWER компаниясының ТМД-ғы бизнесті дамыту жөніндегі вице-президенті Джай Пракашқа әңгімелесу барысында. Дәл қазір ауа райының тым қолайсыз болып тұрғаны ескеріліп, шетелдік мамандардың Алакөлге жұмыс сапары жер аяғы кеңитін көктемге жоспарланды.
Мұнан соң кездесуге қатысушылар өңірдің экономикасына 883 млрд теңгеден астам инвестиция салынатын осы іргелі жобаны іске асырудың жолдарын талқылап, егжей-тегжейін талқылады. Облыс әкімдігі тарапынан заңды түрде қажетті барлық қолдау көрсетілетіні айтылды. Үкіметтік деңгейдегі ірі халықаралық жобаны іске асыру процесін жеделдетуге екі тарап та мүдделлік танытты. Естеріңізде болса, Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 28-ші конференциясы аясында Жетісу облысында жел электр стансасының жобасын іске асыру туралы үкіметаралық келісімге қол қойған болатын.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы