Алматы облысында Іле ауданы білім бөлімінің басшысы жемқорлыққа күдікті деп танылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет хабарлағандай, аудандық мекеме басшысы орта мектептерде іс жүзінде жұмыс істемейтін адамдарға жалақы аударып, 680 млн теңге бюджет қаржысын жымқырған.
Былыққа былық жалғасып...
коллаж: Елдар ҚАБА
5,191
оқылды

Бұдан бөлек, ол өзінің көлік жүргізушісін мек­теп-гимназияға кәсіби бағдаршы қызметіне сырттай орналастырып, заңсыз 4,9 млн теңге жалақы төлеп келген. «Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасуда», – делінген хабарламада.

Кейінгі кезде білім саласында жемқорлық оқиғасы көбейіп тұр. Өңірлердегі білім бөлімдерінің лауазымды тұлғалары мен мектептің есепшілері бірінен соң бірі қылмыспен ұсталып жатқанын жиі еститін болдық. Мысалы, 7 ақпанда Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық соты білім бөлімінің басшысы мен бас бух­галтеріне және аудандағы 24 мектептің бухгал­терлеріне қатысты үкім шығарды. Ұйымдасқан топ жалпы сомасы 1 млрд теңгеден аса ақшаны қолды қылған. Сот аудандық мекеме басшысы мен бас бух­галтеріне 8 жыл, мектеп бухгалтерлеріне 5-7 ара­лығында жаза кесті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген талдаудың нәтижесінде республикамыздағы білім са­ласында еңбекақы төлеу қорынан қаражат жым­қыру­ға қатысты бірнеше қылмыстық схема ашылып отыр. Атап айтқанда,  қызметкерлерге жалақы оның лауа­­зымынан қарағанда әлдеқайда көп аударылған.Жалақы білім беру мекемелерінде ресми түрде тір­кел­меген адамдарға берілген, қызметкердің карт-шот­­тарына жалақы есеп­теліп, ал төлем құжаттарында бас­қа тұлғаның дерек­тері көрсетілген. Сонымен қа­тар бір адамға ақша аударымдарын бірнеше рет қай­та­лаған әрі туыстары мен жақындарына ақша ау­дарған.

Заң ғылымдарының кандидаты Қалдарбек Қуандықов білім саласында бухгалтериялық есеп-қисаптағы сыбайластықты жою мақсатында есептеу жүйесін автоматтандыру қажет екенін айтады. «Қазір әр мектепте бухгалтерия бар, айлықты және есеп-қисапты солар жүргізеді. Менің ойымша, бұл дұрыс емес, аудандық Білім басқармасында бухгалтерия аудандағы мектептердің есебі мен мұғалімдердің жалақысын орталықтандырылған жүйе бойынша есептегені дұрыс. Осы арқылы жалақының қолданыс­тағы заңға сәйкес есептеп, белгісіз тұлғаларға қаржы аударылу тетіктерінің жолын кесіп, ұлттық білім беру деректері базасымен (НОБД) және өзге де жүйелермен интеграцияландыру қажет», – дейді ол.

Бір айта кетерлігі, Антикордың сайтында білім саласындағы қылмысқа қатысты ақпарат аптасына жоқ дегенде бір рет шығады. Былтырғы қараша, желтоқсанға ғана тоқталсақ, 2023 жылдың 1 жел­тоқсанында Түркістан облысындағы білім беру са­ла­сының қызметкерлері 2 млрд теңгеден астам қар­­жыны жымқырды деген күдікке ілінді. 20 қара­шада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ақтау қаласы бойынша білім бөлімі басшысының қыл­мысын әшкерелеп, білім беру саласында заңсыз баю­дың жемқорлық схемасын ашты.

22 қарашада сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы қаласы прокуратурасының үйлес­тіруімен Білім басқармасының мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысын ұстады. Ол мегаполистің білім беру мекемелерінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға ар­нал­ған лагерь ұйымдастыру бойынша қызмет көр­сетушіден 12 млн теңгеден астам сомада 10% пара алуға әрекет жасады деп күдіктелуде.

Жалпы, 2023 жылдың басынан бері еліміздің білім беру саласында барлығы 192 қылмыстық іс тіркелген. Келтірілген залал 13 млрд теңгеден асты. Бюджет қаржысын жымқыруда ең ірі істер Түркістан, Жетісу, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласында анықталыпты.

Негізінен, еліміздің оңтүстік аймақтарындағы білім беру мекемелерін парақорлық шырмап тұрғанын шымкенттік мұғалім, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы халықтың тығыз қоныстануымен байланыстырады. «Неге оңтүстіктегі мектептерде жемқорлық көп. Халық өте тығыз қоныстанған­дықтан, тұрақты жалақасы бар жұмыс орындары шектеулі. Бір орын босаса, бірнеше адам кезекке тұрады. Яғни, кім көп сыйлық, пара берсе, сол өтеді. Ал ауылдарда жалғыз жұмыс орны – мектеп. Тұрақ­ты жұмысқа қол жеткізу үшін түрлі қитұрқылыққа баруға мәжбүр», – дейді мұғалім.

Қоғам белсендісінің пікірінше, мектепке пара беріп жұмысқа кіруді тоқтатудың бір тәсілі – тығыз қоныстанған аудан тұрғындарын солтүстікке қоныс­тандыру саясатын күшейту . «Қолданыстағы көші-қон бағдарламасының кейбір тетіктері ескірген қо­ғам талаптарына жауап бере алмайды. Оны жаңар­ту үшін мамандардың, қоғам өкілдерінің ұсынысын ескеру қажет», – дейді ол.

Айта кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, былтырғы қаңтар-қыркүйек аралығында ел ішінде қоныс аудару­шылардың саны 2022 жылдың сәйкес уақытымен салыстырғанда 26 %-ға өскен. 2023 жылы еңбек күші тапшы өңірлерге 8 903 адам (2 558 отбасы) қоныс аударыпты. Оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін шілде айынан бастап қоныс аударушылардың отбасыларына 5,1 млрд теңгенің 1 290 экономикалық мобильділік сертификаты берілді.

Әрине, білім саласындағы былықты реттеп, парақорлықты тоқтату көші-қонмен ғана шектелмесі анық. Ол үшін салаға жауапты тұлғаларға сабақ бо­лар жазаны күшейтіп, талапты көтеру қажет. «Кейбір ау­дандарда білім бөлімінің басшылары жұмыс ор­нын кәдімгі базарға айналдырып, штаттық бірлікті сау­даға салады. Басшыларды іріктеуде өте қатал тәртіп керек, адал азаматтар қажет», – дейді Ө.Шыныбекұлы.

Байқасақ, қай салаға ақша көп бөлінсе, сыбай­лас жем­қорлық та сол жақта ұя салатын болған. Үкімет 2021-2023 жылдары аралағында білім са­ла­сын дамы­туға 12,1 трлн теңге бағыттады. Бұл тұтас респуб­ликалық бюджет шығынының 28%-на тең ресурс.

Заңгер Қалдарбек Қуандықовтың пікірінше, сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеу мақсатында министрлік аумақтық бөлімшелер, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, әкімдіктер мен мәслихаттар депутаттары және қоғам өкілдерін тарта отырып, мониторинг топтарын құру керек. Мониторинг үш айда бір рет жүргізілуі қажет. Мамандар жоғарыда аталған талаптарды тезірек қолға алмасақ, адам капиталын дамытуға жұмсалып жатқан ресурстарды рәсуа ету әрекеттері жалғаса беретінін айтады. 

Бауыржан БАЗАР