Былтыр «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы» аясында бүгінде 15 көппәтерлі тұрғын үйлерге күрделі және Шымкент қаласының Тұрғын үй басқармасының теңгеріміндегі коммуналдық 21 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, қала аумағындағы авариялық, тозығы жеткен алты тұрғын үйді тұрғындар келісімімен бұзып, қайтадан жаңа үй кешенін салу жоспарланған. Бүгінде «Shymkent ӘКК» АҚ реновациялау жобаларына жеке инвесторлар тарту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Аудандық әкімдіктер тұрғынжай меншік иелерінің жеке инвестормен кездесулерін ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын белсенді атқарып-ақ келеді.
Бүгінде апатты жағдайда деп танылған үйлердің басым бөлігі – Әл-Фараби және Еңбекші аудандарында. Тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасы аясында апатты жағдайдағы үйлердің мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Дегенмен мамандардың мұндай үйлерде тұру қауіпті деп шешім шығарғанына қарамастан тұрғындар түйінін тарқату қиын проблемаға тап болды. Өткен ғасырдың 50-жылдары салынған Елшібек батыр көшесіндегі апатты жағдайдағы үйлер «Қызыл сызықтың» үстіне түскен екен. Бұдан хабары жоқ тұрғындар инвестор тауып, барлық келісім жұмыстарын жүргізіп қойған. Тіпті, бірқатары заттарын жиыстырып, басқа жаққа көшіріп те қойыпты. Құлауға шақ тұрған үйді бұзып, орнына жаңа үй салуды бастамақ болған инвестор осындай кедергіге кезігеді. Заңдық тұрғыдан «Қызыл сызыққа» түсіп қалған жерге үй сала алмайтыны белгілі. Тұрғындар болса, бұл жағымсыз жаңалыққа тосырқап, кімге шағынарын білмей дал. Апатты үйдің тұрғыны Любовь Никитина жаңа үй салынады деп, артық заттың бәрін қорапқа салып, уақытша басқа жайға шығарып тастағанын айтады. Енді не істерін білмей абдырған жұрт әкімдік жақа мойын созып отыр.
Шымкент қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Арман Әбдешов бұл үйлердің қызыл сызықтың үстінде орналасқанын растады.
«Құрылыс ережесі бойынша оны бұзып, орнына көпқабатты тұрғын үй салуға болмайды. Ол заңға қайшы. 2012 жылдан бері ол көшеде қызыл сызық бар. Аталған екі үй 8 пәтерлі үйлерден тұрады. Жер учаскесі де соған шақталып бөлінген. Оның іргелес аумағына жапсырылып, жекеменшік үйлер тұрғызылып кеткен. Кезінде жерлер беріліп кеткен. Сондықтан ол жерге жаңа 9 қабатты тұрғын үй салу мүмкін емес. Жер көлемі де жетіспейді», – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Енді әкімдік инвесторға қасындағы жеке тұрғын үйлерді сатып алып, оны бұзу арқылы жердің көлемін ұлғайту бойынша ұсыныс жасаған. «Бұдан басқа шығар жол болмай тұр», – дейді әкімдіктегілер. Осындай жұмыстарды жүзеге асыру үшін инвесторға рұқсат беріп отыр екен.
Жаңа үй тұрғызуды қолға алмақ болған кәсіпкер Шымкент қаласындағы ескі үйлердің 90 пайызы «қызыл сызықтың» үстіне түскенін айтып, өкініш білдірді. Жаңа үй салу үшін жанынан қосатын жер жоқ. Тұрғын үйлер тығыз орналасқан. Одан бөлек, инфрақұрылым жұмыстары сапасының төмендігіне шағымданады. Су құбырлары ескі, газ бен жарықтың тұрғындарды тиісті мөлшерде қамтамасыз етуге күші жетпейді. Осындай қиындықтардың көптігінен ескі үйлерді бұзып, қайта үлкен үй салуға инвесторлар аса құлық танытпайды. «Ескі есіңді кетіреді» демекші, олар үшін жазық жерден жаңа үй бастаған әлдеқайда тиімді болып тұр.
Дегенмен ескі үйлер қаланың қақ ортасында, оны бұзып, орнына заманауи көпқабатты тұрғын үй салынып біткенде, оған сұраныс әлдеқайда көп болатыны белгілі. Алайда жоғарыдағы айтылған кедергілер инвесторлардың қолын байлап-ақ тұр.
Одан бөлек, тұрғын жайлары «қызыл сызықта» орналасқан үйдің тұрғындары қайда бармақ? Осы жағы бұлыңғыр. Айтса, айтқандай-ақ, Шымкент қаласында бейберекетсіздік әрекеттер көп. Мемлекет мүлкі «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында». Әрбір келген жаңа әкім өз жаңалығын енгізіп, кейбір дүниелерді талан-таражға салып та жібергені жасырын емес. Үшінші мегаполисте баспана жыры – ең үлкен мәселенің бірі. 46 мың кезектің жылжитын түрі жоқ. Сондықтан тұрғындар мынандай шатыры тесіліп, баспалдақтары шіріген, қабырғалары құлағалы тұрған үй болса да жатын орын үшін осында тұруға мәжбүр. Олар тұрғын үйді жаңарту бағдарламасын естігенде қуанған. Алайда әлгіндей кедергілер қарашаның қуанышын су сепкендей басып тұр.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы