Шебер құрақ тігуді тұрақты табыс көзіне айналдырып қана қоймай, мата қиындыларын қиюластыруға ерекше ынта танытқан қыз-келіншектерді игі іске баулып жүр. Жарқын түстері бір-бірімен жарасым тапқан құрақ көрпелер мен қыз жасауына арналған топтама көздің жауын алады. Осыдан 23 жыл бұрын құрақ тігумен айналысып, оны нағыз кәсіп жолына бағдарлауды мақсат тұтқан Гүлстан ханым бүгінде сол арман-тілегіне біртабан жақындай түскендей.
Шебердің әлеуметтік желідегі парақшасын бақылап қарағанымызда, құрақтан жасалған заманауи сөмкелер көзімізге оттай басылды. Қазір шебердің қолынан шыққан туындылар арасында сұранысы артып тұрған бұйымдардың бірі де сол – заманауи сөмкелер. Біз де сәні мен сапасы келіскен бұйымдарға тәнті болып, құрақшының өзімен әңгімелескен едік.
– Мен көп жыл бойы құрақ тігумен айналыстым. Дәл мұндай сөмкелер тігуге қазіргі аудиториямның сұранысы себеп болды. Олар «өте жылдам әрі жеңіл тігілетін, сондай-ақ тезірек табысқа жеткізетін нұсқаны айтыңызшы» деп қолқа салған кезде мен сөмкеге тоқталдым. Сөмкенің негізгі төркіні «Құдағи сөмкеден» бастау алды. Онымен қоса, қатарда «Құрмет», «Ізет» сөмкелері бар. Мұны адамдар бір-бірімен құдаласқан кезде алып барады. Әрмен қарай күнделікті ұстағанға ыңғайлы сөмкелерді тігуге көштік. Ізімнен еріп келе жатқан құрақшылар осы бұйымдарды тігіп, қаржы табуды көздеді. Өздеріңіз көргендей, нәтижесінде кәсіпке айналып отыр, – дейді ол.
Шеберханадағы әрбір туынды өзіндік философиялық мәнге ие. Оюмен бедерленген құрақ бұйымдарының жасалу процесі кезінде түстердің үйлесім табуы, айтар ойдың айқындалуы маңызды. Осы ұстанымды негізге алған Гүлстан Жандосқызы құрақ тігу – адамның өзге де мәселелерінің тез шешім табуына әсер ететінін айтады.
– Құраққа қарап отырған кезде адамның ойына қаншама идея келеді. Тіпті, құрақ арқылы түйіні тарқамаған мәселелеріңіз оңай шешімін тауып кетуі ықтимал. Өйткені құрақ реттік қатарлармен, дәлдікпен тігіледі. Барлығы өз орнымен жасалған дүние ұзақ қарап отырған адамның ойын жинақтап, бір шешімге келуіне ықпал етеді. Мені шабыттандыратын дүние – оқырманның туындыларыма қызығушылық танытып, «құны қаншаға бағаланса да, сатып аламын» деп сұранып тұруы. «Тыңдаушысы жоқ сөз жетім» демекші, жасаған бұйымдарыма соншама адамның ұмтылып тұрғаны ерекше қуантады, – дейді тәжірибелі кәсіпкер.
Құрақ өнімдерінің жасалу мерзімі күрделілігіне қарай әртүрлі уақыт аралығын қамтиды. Кейбірі апта ішінде жасалып аяқталса, тіпті айға созылатын бұйымдар да кездеседі. Гүлстан ханым ең алғашқы бастаған іс ұзақ уақытты талап ететінін атап өтті.
– Кейбір құрақтарды тігуге бір ай уақытымды арнаймын. Себебі бұл – жаңадан туған дүние. Сызбасын сызып, құрақты қайта сөгіп, бояу түсін өзгертіп, реттік қатарын орналастыру едәуір уақытты қажет етеді. Ал қаңқасын жасап болғаннан кейін екінші, үшінші рет тіккен кезде сәйкесінше жылдамдық қосыла береді. Ана сәбиін дүниеге алып келер алдында толғатады. Құрақ тігу өнерінде де тура сол күйді кешесің деп айтар едім, – дейді шебер.
Қазір құрақшының шеберханасынан шыққан «Күрделі құрақ көрпеге» тұтынушылардың тарапынан сұраныс артпаса, кеміген емес. Кейіпкеріміздің сөзінше, құрақтың бұлай аталу себебі – оның жинақталуының күрделілігінде жатыр. Оған қоса, Гүлстан ханым әңгіме барысында жақын арада кезекті «шедеврдің» жарық көретіні жайлы айтып қалды. Жуырда көпшілік назарына ұсынылатын құрақ көрпенің жұмысы әзірге 90 пайызға аяқталыпты. «Бұл құраққа сұраныс жоғары болатынын қазірдің өзінде сезіп тұрмын», – дейді ол.
– Себебі бұйым – өмірде ақ пен қара, ыстық пен суық, жеңіл мен ауыр қатар кездеседі деген ойды жеткізу мақсатында тігілген. Пенде өткелдерден өтіп, А нүктесінен Б нүктесіне жеткен кезде әлгі көрпеде адамның жүріп өткен ізі айшықталып, айқын көрініп тұрады. Өмірдің қаншалықты көркем екенін осы құрақ көрпеге енгізгім келді. Бұл – менің авторлық туындым, – дейді Г. Жандосқызы.
Сұраныс бар жерде ұсыныс болады. Шеберге идея күнделікті сатып алушылардың сұранысынан туындайды. Құрақ тігумен айналысса, жаны байыз тауып, көңілі жадырап салатын құрақшы әр сөмкенің атауы да оқырманның пікірімен, жылы лебізімен астасып жатқанын айтады.
Гүлстан Жандосқызы сөмкелердің құнын өте жоғары бағалайтынын жасырмады. Тіпті, авторлық әдіспен дәлме-дәл тігілген туындыны сатылымға қоймайтынын, керісінше өз қоржынында топтама болып сақталғанын қалайтынын алға тартты. Бір қызығы, кейіпкеріміз әңгіме соңында тағы бір өзекті мәселенің бетін ашып, қазір сол бір кемшін тұсы үшін шеберлердің көп жерде сүрініп жататынын айтып ашынды.
– Шетелдіктер қазақи нақыштағы дүниелерге тәнті болып келеді. Расымен, олардың қызығушылығы жоғары екенін байқауға болады. Дегенмен біз көп жерде шетелдіктер тарапынан ескерту аламыз. Мен құрақ өнімдерін өзіміздің отандық өнім деп таныстырғаныммен, олар: «Әлбетте, жұмыс сіздікі, бірақ жасап отырған маталарыңыз бен жібіңіз Түркия, Қытай мен Корея мемлекеттерінен шыққан. Сіздің қолыңыздағы мата отандық өнімге жатпайды. Сондықтан бұл «отандық өнім» деуге келмейді», – деп айтып жатады. Біз қолданатын матаның барлығы елімізде өндірілмейтін болғандықтан, шеберлеріміз кейде осындай ащы пікірлерге тап болады, – дейді құрақшы.
Гүлстан Жандосқызы алдағы уақытта бір орында кідіріп қалмай, тұтынушының көңілінен шығатын сапалы, эксклюзивті туындылар санын ұлғайтуды көздейді.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы