Домбыра «харам» ба?

Кейінгі кездері жат ағымдардың жүргізіп отырған теріс насихаты еліміздің әртүрлі саласында көрініс тауып жатыр.

Соның біріне домбыра аспабы алынған. Осыған орай жат ағымдар тарапынан айтылған «домбыра харам» сөзі жайында әлеуметтік желілерде түрлі пікірлер мен көзқарастар  жарияланды. Сол пікірлердің барлығында домбыра «киелі», «қасиетті» деген бірін-бірі қайталаған сөзден басқа «домбыра харам» сөзіне қарсы нақты да дәйекті сөз айтылған жоқ. Яғни оларға домбыра аспабының терең тарихы, маңызы мен мағынасы жайында толыққанды жауап берілмеді.

Жат ағымдардың тапсырысымен тұмшаланған қыздың ауызымен айтылған «домбыра харам» сөзі тек қазақ халқының ғана емес, жалпы түркі халықтарының құндылықтарына да қатысты болып келеді. Мәселен, тарихқа  жүгінсек, ішекті-шертпелі аспаптар әу баста қазақтың Ұлы Даласында, Орталық Азияда пайда болып, бірқатар елдердің шертпелі аспаптарына үлгі-нұсқа болған. Оның көне үлгі-нұсқалары тамырлас түркі халықтарының арасында күні бүгінге дейін сақталған және үнемі қолданыста. Мәселен, «харам» деп отырған аспап – домбур,  (азербайжан), домбрак (қырғыз), думбыра (өзбек), дамбур, дамбро (түркия), дамдыра, дамбуро (түркімения), дамбура (алтай), думбыра (башқұрт), домбор (гагаузия), домбыра (қарақалпақ), думбыра, думра (татар), домбра (ноғай), думбра (тәжік) деп, көп өзгеріске түспей-ақ ұқсас аталады. Бұл тұрғыдан келгенде жат ағымдардың қазақ  домбырасын «харам» дей отырып, тамырлас түркі халықтарының осы аспаптарына да теріс көзқарас туғызып, тарихи мұраны аяқ асты етіп жатыр. Сондықтан домбыра аспабының қасиетін, мән-мағынасын, киелілік ұғымын ғылыми және өнертанымдық тұрғыда қарастырған орынды болмақ.

Домбыралы бишілер жартасы (б.з.д. VII-VI ғғ.)

Біріншіден, домбыра неге қасиетті? Бұл ретте белгілі мәдениеттанушы, ғалым Мұрат Әуезовтың: «Ұлт ретінде жоғалмаудың символы – домбыра!» деген сөзіне мән берген жөн. Сондай-ақ «домбыра харам» сөзіне қарсы әлеуметтік желіні қолданушылардың көпшілігі көрнекті ақын Қадыр Мырзалиевтің: «Қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөзін оңды-солды пайдаланады. Алайда айнаның екінші жағы бар демекші, домбыраны дәріптей отырып «қазақ, қазақ емес...» деп қазақтың өзін тұқыртудың қажеті қанша?! Әу баста қазақ болмаса, домбыра қайдан болады?! Бұл сөз атақты ақынның домбыра күйлерін тыңдай отырып алған көңіл-күй әсерінен аяқ асты, лезде туындауы да мүмкін ғой...

 

Дамбуралы қойтас. Түркия. (б.з. XV ғ.).

Екіншіден, домбыраның мән-мағынасы неде? Оның мән-мағынасы – домбыра аспабымен байланысты болып келетін жүйелерде жатыр. Мәселен, домбыра аспабының өзі – білім, ғылым, өнер, халықтық этнография аталатын негізгі  4 (төрт) жүйеге бөлінеді. Олар:

Білім жүйесіне – домбыраның қысқаша тарихы, құрылысы, жат нота, сандық нота, еуропалық нота, домбырамен орындалатын ән, күй, терме, айтыс, күй тартыс т.б секілді музыкалық  жанрлар жатады;

Ғылым жүйесіне – домбыраның «көне перне», «бес дыбыстық перне», «қазіргі перне» қатарлы атаулары, домбыраның жасалу әдіс-тәсілі, заттану (материаловедение), акустика, этноорганология, этнооргонофония, драмология т.б. салалар жатады;

Өнер жүйесіне – шертпе, төкпе, іліп-қағу т.б. секілді домбыра күйлерінің ерекшеліктері, еліміздің Арқа, Батыс, Оңтүстік, Алтай-Тарбағатай өңірлеріндегі күйшілік дәстүр, орындаушылық өнер, домбыраның оркестр өнеріндегі ерекшелігі т.б. жатады;

Халықтық этнография жүйесіне – домбыралардың этнографиялық үлгі-нұсқаларының пайда болуы, аңыз әңгімелері, аспап және поэзия, бақсылық дәстүр, тұрмыс-салт, наным-сенім, діни-ғұрыптық ұстанымдар т.б. салалар жатады;

 

«Домбыралы сақ жыраулары» тас мүсін терракоттар (б.з. IV-III ғғ). Қазақстан.                          

Үшіншіден, домбыра несімен киелі? Домбыра – қылқобыз, қобыз, нарқобыз, аса, асатаяқ, даңғыра, қоңырау, сылдырмақ, кепшік  аспаптары секілді діни-ғұрыптық жоралар мен бақсылық дәстүрдің атрибуттарында қолданылмайды. Домбыраның шанағы мен пернесінде – емдік, тәрбиелік, ақындық, әншілік, шеберлік, күйшілік, орындаушылық, айтыскерлік, жыраулық т.б. секілді өнер ерекшеліктері шоғырланған. Адам санасын тәрбиелей алатын осындаң ерекшеліктері бір бойына жинақталған домбыра мен домбыра күйлері оны киелі аспап ретінде айғақтайды. Мұндай ерекшеліктері бар домбыраның қай жері харам?!

Ертеде кезде де және қазіргі уақытты да қолөнер шеберлері домбыраны өз талғамдарына қарай әртүрлі үлгі-нұсқада жасап алатын болған. Қазақ даласының әр өңірдерінде кездесетін домбыра нұсқалары жергілікті жер жағдайына, тұрмыс-салтына, күйшілік дәстүріне, орындаушылық мәнеріне қарай туындап отырған. Ел арасында оның: қалақ, жұмыр шанақ, сауырлы, екі жақты, қос мойынды, кең шанақты, кепілді бұраулы, үшем, тұмар т.б. аталатын этнографиялық үлгі-нұсқалары бар. Соның нәтижесінде домбыра аспабына негізделген қазақтың аспапты-музыка өнері қалыптасты.

Сондай-ақ домбыра атауының белгілі бір елді мекен атымен де аталатыны жайында деректер сақталған. Мәселен, Ақмола өңірінің «Ақкөл» ауданындағы Гусарка аталатын ауылдың ежелгі атауы «Домбыралы» деп аталған. Бұл – облыс аумағындағы елді мекендердің ежелгі атаулары көрсетілген «Азиялық Ресейдің оңтүстік шекаралық сызығы» аталатын 1894 жылы шыққан картада жазылған. Карта Ақкөл аудандық мұрағат бөлімінде сақталған. Осы елді мекеннің «Домбыралы» аталатынын белгілі қаламгер, этнограф Жайық Бектұровтың 2002 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Енеден ерте айырылған төл секілді» деп аталатын кітабынан да кездестіруге болады (Дүзелбайқызы А. «Кеше – Гусарка, бүгін – Домбыралы» . «Ана тілі» газ., 8 қаңтар 2009).

Қорыта айтқанда, ғасырлар бойы өзінің тектілік қасиетін, өміршеңдігін, ұлттық болмыс-бітімін сақтап бүгінге жеткен домбыра – қазақ тарихы мен өнерінде, ұлт мәдениеті мен тұрмыс-салтында сақтала отырып, халықпен бірге мәңгі жасай бермек!

Сурет: автордың жеке мұрағатынан

Зәбира Сыпатайқызы Жәкішева

т.ғ.к., ҚР Еңбек сіңірген қызметкері, Мәдениет қайраткері