Әйелдер құқығы мен балалар қауіпсіздігі – бірінші орында

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жал­пы отырыс өтті.

Онда депутаттар әйел­дер құқықтары мен балалар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы және ақпаратқа қол жеткізу мен қоғамның қатысуы мәселелері бойынша заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Сонымен қатар Қырғызстан және Түркиямен байланысты екі келісімді ратифи­кациялады.

Әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заң жобаларын депутат Жұлдыз Сүлейменова таныстырды. Құжат Мем­лекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларын іске асыру үшін депутат­тардың бастамасымен әзірленді. Жұлдыз Сүлейменова заңнамалық түзетулер 5 бағытты қамтитынын айтты. Біріншісі – зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның ар-намысын қорлауға жол бермеуді көздейтін нормалар.

«Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруге – 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы қарастырылады. Дене жарақатын келтірген, бірақ денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін жасау – 80 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 25 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады», – деді Жұлдыз Сүлейменова. 

Екіншіден, суицидтің алдын алу мақсатында Қылмыстық кодекске жаңа 2 құрам бойынша норма енгізіледі. Суицидке итермелегені үшін 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын белгілеу, суицидті насихаттағаны үшін 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салу ұсынылады.

«Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды қорғау үшін тұрмыстық жағдайы ауыр отбасыларды ерте анықтау бойынша мобильді топтардың жұмысын ұйымдастыруға байланысты шаралар кешені қарастырылған. Интернаттардағы балалардың құқықтарын қорғау үшін әлеуметтік маңызы бар нысандарда мемлекеттік бақылау алдын ала хабардар етпей жүргізілетін болады. Сондай-ақ арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға, балаларға білім беру және сауықтыру қызметтерін міндетті лицензиялау ұсынылады», – деді Ж.Сүлейменова.  

Бұдан бөлек, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауға, сақтауға, нығайтуға, өзара құрметке негізделген неке-отбасы заңнамасының қағидаттарын бекіту көзделген.

Талқылау барысында депутат Сергей Пономарев заң жобаларында кәмелетке толмағандар істері және балаларды отбасынан алып кету туралы нормалар қамтылғанына қоғамның алаңдаулы екенін айтты. Ол баяндамашыдан және жауапты мемлекеттік органдардан осы ақпаратты нақтылауды сұрады. Жұлдыз Сүлейменова мұндай нормалар жоқ екенін және болуы мүмкін емесін жеткізді. Өйткені заң жобалары балалардың отбасында өсіп-жетілуін қамтамасыз етуге, жалпы балалар үйі институтын жоюға бағытталған. Оқу-ағарту министрлігінің өкілі де әлеуметтік желіде тараған бұл мәліметті жоққа шығарды. Балаларды тәрбиелеу, оқыту және олардың қауіпсіздігі мәселелерінде мемлекет басқа адамдар мен мекемелерге қарағанда әрқашан ата-анаға басымдық береді.

Жалпы отырыста «ҚР кейбір заң­намалық актілеріне ақпаратқа қол жет­кізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды. Құжат ақпарат иелерін – мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерін мүгедектігі бар адамдардың ақпаратқа тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге міндеттейді. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, арнайы «құпия» грифтерді есепке алмағанда мемлекеттік органдардағы барлық ақпаратты  ашық деп айқындау ұсынылатынын айтты.

«Заң жобасына сәйкес, мемлекеттік органдар таратылуы шектеулі ақпаратты тек белгілі бір мерзімге және құжаттың бір бөлігіне ғана қолдана алады. Мемлекеттік органдар бірыңғай тізбеден тыс ақпаратты азаматтардан сұрату түсуін күтпей, проак­тивті белсенді түрде жария етіп оты­руы ұсынылады. Мемлекеттік сектор ұйым­дарының жауапкершілігін арттыру үшін Мәдениет және ақпарат министрлігіне тиісті құзырет беру арқылы ақпаратқа қол жеткізу саласында мемлекеттік бақылау енгізіледі», – деді вице-министр.

Бақылауды әр тоқсанда бір рет бақылау субъектісіне бармай профилактикалық түрде жүргізу жоспарланған. Құқықбұзу­шылықтар болған жағдайда оларды жою туралы ұсыным жіберіледі. Ұсыным орын­далмаған немесе арыз-шағым түс­кен жағдайда жоспардан тыс тексеру тағайындалады.

Сонымен қатар Мәжіліс екі заң жобасын ратификациялады. Олар жөнінде Көлік министрі Марат Қарабаев баяндама жасады. Оның біріншісі – 2022 жылғы 26 мамырда Бішкек қаласында жасалған Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім. Министр келісімнің мақсаты Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКAO) стандарты бойынша апатқа ұшыраған әуекемелерінің жолаушылары мен экипаждарын іздестіру екенін айтты. 

Екінші құжат – Қазақстан-Түркия үкіметтері арасындағы транзиттік-көліктік әлеуетті және сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға бағытталған халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалы туралы келісім. Құжатқа 2022 жылы 10 мамырда Анкарада қол қойылған. Жоба Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуды көздейді және екі ел арасында авто, теміржол және су көлігімен орын­далатын жүктерді тасымалдау көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. 

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті екі заң жобасын жұмысқа қабылдады. Олар: ҚР кейбір заңнамалық актілеріне оларды Конституция нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша заң жобасы; «Құқық қорғау қызметі туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы.

Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға 15 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, депутат Бақытжан Базарбек жер және құрылыс саласындағы орындалмай жатқан сот шешімдеріне байланысты мәселелерді көтерді. Оның айтуынша, Алматыда «Швейцария», «Граф», «Люксембург», «Французский дом» сияқты тұрғын үй кешендері бойынша соттың заңды күшіне енген шешімі бола тұра, оны орындауға мемлекеттің қауқары жетпей тұр. Сол сияқты Бостандық ауданындағы ескі Қазақстан өкілдеріне тиесілі Халық банк иелігінде болған, өзеннің су қорғау аумағына кіретін көлемі 52 гектар жер учаскесі соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша мемлекеттік меншікке қайтарылған болатын. Бірақ іс жүзінде құрылыс жұмыстарын ешкім тоқтата алмай отыр.

«Бұрынғы иелері су қорғау аймағын өзен арнасымен бірге топырақпен тегістеп, көпқабатты тұрғын үйді көтеруге жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Оны мен Алматы қаласы жер инспекторларымен бірге өз көзіммен көрдім. Одан бөлек, атақты «Рахат» базарының 200-ге жуық саудагерінің жер дауын алыңыз. 2022 жылы Алматы қалалық соты кезіндегі Бауыржан Байбектің заңсыз қаулысын 3 жылдан кейін бұзып жеңіске жетсе де саудагерлер базар жерін әлі де даулап ала алмай жүр.

Ал елордамыз Астанада «Дублин», «Сенсата билд» және «Вашингтон» тұрғын үй кешендері құрылыс жүргізуді рұқсат құжаттарынсыз ғана емес, тіпті жерге тиісті құқықты алмай заңсыз құрылысын бастап кеткен. 2022-2024 жылдар аралығында шығарылған соттардың шешімдеріне сәйкес елордадағы құрылысты тоқтату және көтерілген тұрғын-үйлерді сүру міндеттелсе де, соттың шешімін орындайтын компания жоқ. Соттың шешімін орындамау бұл – Ескі Қазақстанның шынайы көрінісі, қоғамдағы әділдік пен құқықтық ақиқатқа балта шабу деп есептеймін. Осы ретте, Президентіміз айтқандай, заң диктатурасын орнату және сот шешімдерінің мүлтіксіз орындалуымен ғана біз – Әділетті Қазақстанды орнатамыз», – деді депутат Бақытжан Базарбек Премьер-Министр мен Бас прокурорға жолдаған сауалында.

Келесі депутат Дәулет Тұрлыханов 20 жылдан бері алданған үлескерлердің мәселесі толық шешімін таппай келе жатқанына назар аудартты. Оған көптеген сайлаушының арыз-өтініші себеп болған. Мыңдаған қазақстандық жауапсыз құрылыс салушыларға сенім артып, тұрғын үйсіз қалып отыр. Оның ішінде зейнеткер де, тұрмысы нашар және көпбалалы отба­сылар, жалғызбасты ана мен мүгедек жандар да бар. Бүгінде қолындағы бар қаражатын үйге салып, өздері пәтер жалдап жүрген халық көп. Қолдағы мәліметке сүйенсек, соңғы екі жылда үлестік құрылыс саласындағы қылмыстық істер бойынша 16 адам сотталып, 300-ден астам компания әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 

«Жуырдағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы үлескерлік құрылыс проблемасына тағы тоқталып өткен болатын. Дегенмен нақты жұмыс әзірге байқалмайды. Мысалы, әлі күнге дейін құрылыс компаниялары азаматтарды үйді төмен бағамен береміз деп оларды алдап жүр. Нәтижесінде, ақша да жоқ, уәде етілген «шаршы метр» де жоқ. Айталық, Астана қаласының аумағында 243 көппәтерлі тұрғын үй ке­шенінің құрылысы тоқтап, оған 40 мың­нан астам үлескер тартылған екен. Осы объек­тілердің әрқайсысының құрылысын аяқтау мемлекеттің тікелей қатысуын талап етеді. Құрылыс компаниялардың саны азайғанымен, негізгі проблема өзгеріссіз тұр. Қабылдау комиссиясының жұмысына қатысты да заңбұзушылықтар бар. Бұл тұрғын үй кешендерін пайдалануға қабылдайтын кезде байқалады. Жылдап күтіп, әрең қолы жеткен баспананы ал­ған­нан кейін азаматтарымыз шешілмеген проблемалармен соттың табалдырығын тоздыруда», – деді «AMANAT» фракция­сының мүшесі Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында.

Кәсіпкерлікті қолдау, оларды негізсіз қылмыстық қудалаудан қорғау мәселесі әртүрлі деңгейде айтылып, жиі көтеріліп жүрген тақырып. Алайда сөз көп, ал нақты іс, нәтиже, жоқ десе де болады. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдаған Абзал Құспан айтты.

«Қазір отандық бизнес өкілдерінің басты қорқынышының бірі – ол қылмыстық қудалау. Өйткені құқық қорғау органдары бизнес субьектіге қылмыстық істі тіркеткен сәттен бастап, оның есепшоттарын бұғат­тап, қызметтің немесе жұмыстың орын­далуын тоқтатып, басқа тараппен шарт жасасуына, оның орындалуына тыйым салып, бір сөзбен айтқанда, бизнестің бар­лық ішкі шаруасына еркін араласып кете алады. Осыған орай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы азаматтық тәртіп негізінде шағымданудың барлық мүмкіндігі пайдаланбайынша қылмыстық іс қозғауға тыйым салынсын деп тапсырма берген болатын. Алайда құқық қорғау оган­дары Президенттің ол тапсырмасын да айналып өтудің жолын тапты. Енді олар мемлекеттік емес,  жеке аудитор, жеке сарапшы, тіпті болмаса арнаулы білімі бар азаматтарды маман ретінде тарту арқылы олардан түрлі тексеру актісі, аудиторлық есеп,  маман қорытындысы т.б. атаулармен қорытынды құжат алып, сол арқылы қылмыстық қудалауды бастап кететінді шығарды. Ал сот органдары  бүгінде мемлекеттік емес ұйымдардың тексеру актілеріне бизнес өкілдерінен шағымды бірі қабылдаса, енді бірі қабылдаудан бас тартуда. Жалпы, сот практикасының ала-құлалығы  туралы бірінші рет мәселе көтеріп отырған жоқпын, сонда бұл мәселеге де Президент араласуы керек пе?», – деді ол.

Осыған байланысты Абзал Құспан Бас прокуратурадан  Конституцияның 83-бабының талаптарына сәйкес, мемлекет атынан Қазақстан  аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асыратын орган ретінде келесідей нақты іс-шараларды атқаруды сұрап отыр. Олар – құрылыс нысандары бойынша құрылыс жұмыстары аяқталғанға дейін қылмыстық істі СТБТ-де (ЕРДР) тіркеп, құрылысты тоқтатып қойып, тергеу жұмыстарын жүргізу практикасына тоқтау салу, тіпті біржолата тыйым салу. Ол үшін республика бойынша қалыптасқан әртүрлі сот практикасына шолу жасап, бірізділендіру бағытында прокурорлық ықпал ету шараларын қолдану қажет.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ