Отандық сарапшылар мұны растап отыр. Өкінішке қарай, Қазақстан нашақорлықтан болатын өлім-жітім бойынша да әлемде алда. Қоғамды жайлаған бұл кесапатпен күрес қалай жүріп жатыр?
Жаһандық рейтинг – жұртқа дабыл
Заңсыз айналымына заңмен тыйым салынған осы затты көп тұтынатын елдер арасында Қазақстан 8-орынға тұрақтады. Жаһандық ұйым республикада 142 933 нашақор тіркелген деген ресми статистикаға жүгініпті. Тіркелмегені қанша екені белгісіз.
Бірінші орында АҚШ тұр. Ондыққа Эстония, Беларусь, Моңғолия, Канада, Гренландия, Ресей, Қазақстан, Біріккен Араб Әмірліктері және Дания кірді. Рейтингте елдер нашақорларының саны бойынша емес, олардың халық санына шаққандағы арақатынасына қарай тізімделген. Ресейде 1 517 270, оның алдындағы Гренландияда 899 нашақор тіркелген.
БҰҰ дүниежүзілік баяндамасында айтылғандай, әлемде ең көп тұтынылатын марихуана, қарасора-каннабис 154 елде өсіріледі. Екінші кең танымал есірткі түрі – апиын-опиум 57 елде егіледі. Кокаин өндіру үшін өңделетін кока өсімдігі 8 елде жиналады.
Соған қарамастан, БҰҰ өндіріс тұрғысынан «әлемнің бейресми есірткі астанасы» ретінде Ауғанстанды таныды. Есірткі өсімдіктері көп елде өсірілгенімен, апиынның әлемдік өндірісінің 95%-ы Ауғанстанға («әлемдік лидер»), Мексикаға және Мьянмаға тиесілі. Сол сияқты кока өндірісінің барлық дерлік көлемі Колумбия, Боливия және Перу еншісінде.
Ауған билігіне келген тәліптер көкнәр өсіруге тыйым салды және есірткі саудасымен қатаң күресуге бел буды. Бірақ қылмыстық индустрияның тамырына балта шабу оңай болмасы анық: Ауғанстан көкнәр шаруашылығымен ұзақ жыл айналысып келеді және 2021 жылы оның көлемі 177 мың гектарға жеткен. Бұл 650 тонна героин жасауға жетеді. Бүгінде геосаясатта «үлкен Орталық Азия» аймағына жатқызылатын Ауғанстанда опиаттар өндірісі елдің ЖІӨ-нің 14%-ын иеленеді.
Әлемдік есірткі орталығының тым жақын орналасқандығы және одан төрткүл дүниенің әр атырабына тарайтын ірі тасымал бағытының – «Солтүстік маршруттың» Қазақстан арқылы өтуі елге кесірін тигізді.
Республикада есірткінің заңсыз айналымының жыл сайынғы көлемі шамамен 20-25 тоннаны құрайды. Оның 95%-дан астамы каннабис тобындағы есірткіге, 5%-ға жуығы синтетикалық есірткіге, ал 1%-дан азы апиынға, героинге және психотроптық заттардың өзге түрлеріне тиесілі. 2022 жылы жалпы саны 15,9 тонна ғана есірткі тәркіленді.
«Ауғанстан дейміз, сорақысы сол, Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе, Ұлытау облыстарында «Үнді қарасорасы» жайқала өскен тұтас плантациялар анықталды. Бұған жол бермеу үшін күрес құрылымдары заманауи, кәсіби беспилотниктермен жарақтандырылуы керек. Бұл іске ғарыштағы отандық жерді ғарыштан зондтау спутниктерін де жұмылдырған жөн. Яғни, әуеден барлау бағыты күшейтілуі тиіс. Есірткі егістерімен және оның тасымалымен күрестің бір тиімді тәсілі – осы. Бүгінде полиция «кладмендермен», «закладчиктермен», есірткі жасырушылармен күреске әуестеніп барады. Ол да керек. Бірақ бұлар пирамиданың ең түбінде тұрғандары ғана оларды жоқтатпайды, оңай ауыстырады. Сондықтан есірткі дайындаушыларды, зертханаларды жасырын анықтау, құжаттау және ұстау тактикасы қайта қаралып, жетілдірілуі қажет», – деген пікір білдірді сала ардагері, заң маманы Абзал Хамзин.
Қазақстан осы салаға тікұшақ техникасын тартып жатыр: алайда ол тек басып алу жасақтарын десанттау үшін ғана қолданылады.
БҰҰ рейтингінде Қазақстан есірткіден болатын өлім-жітім бойынша да «қара тізімнің» бас жағында тұрған мемлекет саналады: әрбір мың тұрғынның шамамен 3,87-сі нашақорлықтан өледі. Бұл өте жоғары көрсеткіштің бірі. Салыстырғанда, рейтингте жоғары тұрған Моңғолияда өлім-жітім 1 мың тұрғынға шаққанда – 0,63, Беларусьте – 1,82, Ресейде 3,60 адамнан ғана келеді.
Осының өзі есірткі саудасымен және нашақорлықпен күреске жауапты мемлекеттік органдардың жұмысында кемшілік барын паш етеді. Бір ай бұрын ғана, 2024 жылғы 22 қаңтарда Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысын өткізген Президент бұл салада тегеурінді іс-қимыл жоқтығына қатты кейіп, құзырлы құрылымдардан есірткінің таралуына батыл түрде тосқауыл қоюды талап етті.
– Мен бірнеше рет осы мәселеге қатысты тапсырма бердім. Алайда ауыз толтырып айтатын нәтиже жоқ. Синтетикалық есірткінің қолжетімділігі және оның барынша тез таралуы жастар арасында нашақорлықтың белең алуына әкеп соқтырады. Оларға нашақорлықтың қаншалықты қатерлі екенін үнемі түсіндіріп отыру қажет. Полиция есірткі өндіру, оны сату және таратуға қарсы белсенді күрес жүргізуі керек, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күрестегі көзбояушылықты, науқаншылдықты және статистика үшін жұмыс істеу дегенді тоқтатуға шақырды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің есебіне жүгінсек, 2023 жылы Қазақстанда есірткі бизнесінің көрігін қыздырған 36 зертхана жойылды. 34 халықаралық және 32 өңірлік есірткі арнасына тосқауыл қойылып, 3,6 тонна есірткі тәркіленді.
ҰҚК халықаралық ынтымақтастық аясында шетелдік әріптестерімен бірқатар операцияны жүзеге асырды. Мемлекеттік шекараны күзету саласында құқық бұзған 31 мыңнан астам адам ұсталып, қару-жарақ, оқ-дәрі және есірткі алып өтуге қатысты 739 әрекеттің жолы кесілді.
Нашақорларды емдеу қалай жүргізіледі?
Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті басқармасының басшысы Анжела Бексұлтанованың айтуынша, Қазақстанда тіркелген нашақорлардың саны БҰҰ көрсеткен 142 мыңнан аз. Бірақ статистика елдегі нашақорлардың нақты санын көрсетпейді.
Бексұлтанованың мәліметінше, 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша республикада психоактивті заттарды қолдану салдарынан «психикалық мінез-құлқы бұзылған» диагнозымен 108 722 адам динамикалық бақылауда тұр. Оның ішінде есірткі мен психотроптық заттарға тәуелдісі, яғни нашақор деп танылғаны – 18 329 адам.
Нашақорлардың 91%-ы немесе 16 817-сі – ер адам. 9%-ы немесе 1 512 әйел. 18 бен 29 жас аралығындағы жастардың үлесі – 15% немесе 2 734. 66-сы – балалар.
Қолданылатын заттардың түрлері бойынша 6 080 адам опиоидтарға тәуелді. Олар 33,2%-ды құрайды. 6 488 адам немесе 35,4%-ы канабиоидтарға елтіп, өмірін еш етіп жүр. 798-інің немесе 4,3%-ының синтетикалық есірткіге басы байланған.
– Жасыратыны жоқ, ресми статистика елдегі есірткіге тәуелділердің нақты санын көрсетпейді. Өйткені көптеген нашақор сотталудан, жауапкершіліктен қорқып, басына түскен қиыншылықты жасырады, есірткіні астыртын тұтынады. Ресми ведомстволық статистика нарколог-дәрігердің назарына іліккендерді, соның ішінде «заттарды қолданудан туындаған психикалық-мінез-құлық бұзылыстары» диагнозы қойылып, динамикалық бақылауға алынған адамдарды ғана қамтиды. Есірткіні бір-екі рет тұтынғандар негізінен, динамикалық бақылауға алынбайды, – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар тіпті нашақорлық кесірінен психикасы бұзылған адам келісімін бермей қойса, оны динамикалық бақылауға ала алмайды. Есепке қою жазбаша келісімімен ғана жүзеге асырылады екен.
Динамикалық бақылау туралы деректер «Наркологиялық науқастар тіркелімі» ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Бүгінде ДСМ-ның бұл жүйесі құқық қорғау органдарының ақпараттық жүйесімен біріктірілді.
«Денсаулық сақтау министрлігі профилактика, емдеу және оңалту саласында жұмыс істейді. Есірткіге тәуелді пациенттерді тегін емдеу Денсаулық кодексімен регламенттелген. Сондай-ақ Қазақстан халқына психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты бекітілді», – деді А.Бексұлтанова.
Психоактивті заттарға тәуелді пациенттерді емдеу және оңалту үшін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде қаражат бөлінеді. Емдеу амбулаториялық жағдайда 77 бастапқы психикалық денсаулық орталықтарында, сондай-ақ аудандық ауруханалар жанынан ашылған 205 психикалық денсаулық кабинетінде, 20 стационарда және 1 республикалық ғылыми-практикалық орталықта жүргізіледі.
2023 жылы тәулік бойы жұмыс істейтін стационар жағдайында есірткіге тәуелді 3 534 науқас жатып, емделді.
Денсаулық сақтау министрлігі өкілінің айтуынша, нашақорларды медициналық-әлеуметтік оңалтудың кешенді бағдарламасы қолға алынған. Онда детоксикация, ағзаны удан арылту, психотерапиялық және психокоррекциялық емдеу, әлеуметтік оңалту іске асырылады.
Биыл медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшелерін Абай, Ұлытау, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында ашу жоспарланған.
Күрес кешенді сипат алуы тиіс
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының міндетін атқарушы Бақытжан Әмірханов Президенттің тікелей тапсырмасымен «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» бекітілгенін тілге тиек етті. Бұл есірткіге қарсы іс-қимылды кешенді жүзеге асыруға бағытталған маңызды бағдарламалық құжат саналады.
Кешенді жоспардың негізгі мақсаттарына біріншіден, қоғам үшін аса қауіпті, әсіресе синтетикалық есірткінің таралуының жолын кесу, олардың қолжетімділігін төмендету жатады. Екіншіден, нашақорлықты ерте анықтау жүйесі енгізілмек. Үшіншіден, есірткі қолданатын адамдардың нақты есебін қалыптастыру міндеті қойылды. Төртіншіден, уәкілетті органның құзыреті мен мәртебесі арттырылады, бесіншіден, күрес құрылымдары материалдық-техникалық жағдайы нығайтылады.
– Ел Президенті мемлекеттің есірткіге қарсы саясатының өзектілігін, өмірлік маңызын атап өте келе, нақты бағыттарды белгілеп берді. Оны ІІМ деңгейінде сапалы және тиімді іске асыру үшін әрбір іс-шараны орындау барысы ішкі бұйрықпен бекітілді. Бұл жұмысты үйлестіру бізге, салалық департаментке жүктелді. Жоспардың әрбір тармағын іске асыру мақсатында қадам-қадам бойынша іс-қимыл алгоритмін әзірледік. Жоспар 7 бөлімнен, 77 тармақтан тұрады. Мұндай шешімдер оның орындалу динамикасын апта сайын әр сегментте бақылап, іс-әрекеттерімізді түзету бойынша қажетті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді, – деді Бақытжан Әмірханов.
Кешенді жоспарды жүзеге асыруға биыл бірнеше министрлік пен ведомство жұмылдырылады. Атап айтқанда, ІІМ-нің өзі 38 тармақтың орындалуына жауап береді, ал 15 тармақ бойынша бірлесіп орындау көзделген. Денсаулық сақтау министрлігі – 16, Мәдениет және ақпарат министрлігі – 5, Оқу-ағарту министрлігі – 9 тармақ, Әділет министрлігі – 4 тармақ бойынша жауапты болып бекітілді.
Кешенді жоспарға сәйкес, халықтың осал топтары – жасөспірімдер мен жастар арасында ведомствоаралық профилактикалық жұмыс күшейтіледі. Барлық өңірде есірткіге қарсы профилактикалық іс-шаралар өткізу жоспарлары бекітілді. Биылғы жылдың алғашқы айында 1 800-ден астам осындай іс-шара өткізіліпті. Денсаулық сақтау саласының мамандарымен бірлесіп 700 іс-шара, нарколог-дәрігерлердің қатысуымен – 402, еріктілердің қатысуымен 265 акция ұйымдастырылды.
Қорыта айтқанда, Қазақ елінің әлем алдындағы абыройын кетірген бұл «кеселмен» күрес жан-жақты сипатта жүруі, тұтас кешенге айналуы тиіс. Бір қыры ақсаса, бүкіл күрес жайрап қалады. Мәселен, синтетикалық есірткі арзан, жастарға, балаларға да қолжетімді. Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова жасөскіндер есірткінің ағзаға қандай зияны барын, өмірге тигізетін зардаптарын түсінбейтінін айтады. Бұл министрлік күннің жартысынан астамын мектепте өткізетін шәкірттерге соны түсіндіре алмағанда, не бітіріп отыр?! Ендеше түсініктеме жағы да олқы соғып тұрғаны байқалады.
Айхан ШӘРІП