Алматыдағы ғылым ордасында қазақ зиялылары бас қосты. Ғылым академиясының бір жылғы жұмысына қорытынды жасалып, ұлтымыздың рухани көшбасшысына айналған ұлы Абайдың 175 жылдығы мен әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1 150 жылдығын атап өту жайында кеңес болды. Абай Құнанбайұлының шығармашылығындағы адамзаттық құндылықтар жайында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов баяндама жасады. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» деген сөзін айта келіп, Абай шығармашылығымен байланысты «Ұлттық болмыстың үлгісіне» тоқталды. Сондай-ақ кемеңгер ойшылдың «Мемлекет ісінің мүдделісі», «Жаңа қоғамның жанашыры», «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы» ретіндегі қырлары ашылды. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов «әл-Фараби мұрасы және Ұлы дала құндылықтары» баяндамасында ғұлама ғалымның әлемдік бейнесі, ізгілікті ой-пікірлері мен бүгінгі таңдағы рөлі жайлы айтты. З.Қабылдинов әл-Фараби туралы жеңіл тілмен жазылған, жоғары сынып оқушыларына арналған кітап керек екенін тілге тиек етті. «Қазіргі заман тарихы» оқулығына әл-Фараби мұрасына бағытталған арнайы параграф енгізілсе; шет мемлекеттерден елімізге келіп оқитын студенттерге арналған қазақ халқы тарихының толыққанды нұсқасы, «Қазақстанның тарихы: ежелден бүгінге дейін» деген оқулық керек; Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұлы ғұламаны жете зерттеу бағытында көптеген жұмыс істеп жатыр. Әл-Фараби орталығы ашылды. Орталықты келешекте үлкен институтқа айналдырып, еліміздің бүкіл аймағында осындай орталық жұмыс істесе; әл-Фарабиді қазақ халқына қайтарып, ұлы ғұламаның жатқан жерін Сириядан ең бірінші болып анықтаған Ақжан Машаниге де лайықты құрмет көрсетілсе; әлем мойындаған ұлы ғалымның мерейтойы жылында Ғылым академиясының алдында әл-Фарабиге арнап ескерткіш орнатсақ деген ұсыныстарын айтты. Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжан: «Әл-Фарабиді түпнұсқадан аудара алмаймыз. Бізде ондай маман жоқ. Сонда біздің бітіріп жатқанымыз не? Біздікі тек мақтау, мадақтау, алақайлау. Осыларды доғарып, нақты мәселені шешу керек. Әл-Фарабидің түпнұсқасын оқып, қазақшаға аударатын мамандарды дайындауға тиіспіз. Жақында әл-Фарабидің 15 томдығы жарияланды, оның бәрі кешегінің көшірмесі. Бізде қазіргі таңда фарабитанушы маман қалмады. Абайтанушылардың қатары сиреп кетті. Осы олқылықтың орнын толтыру керек. Мерекелік даталарды пайдаланып, бір мысқал болса да үлес қосуға тиіспіз. Әл-Фараби еңбектерінің үштен екісі ғана аударылған болар. Әбсаттар Дербісәлі қажы Испанияға барғанда бұған дейін белгісіз болған бірнеше еңбегін алып келді. Сол еңбектер әлі не жарияланған жоқ, не ұлықталған жоқ», – дейді. Филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы «Ұлы ойшылдарымыздың еңбектерінің электронды нұсқасы қажет. Қағазға басылатын дүниені кітапханаға барып ізденетін ұрпақ азайып бара жатқан заманда осы жағына көп мән берсек. Олардың мұрасын интернет желісі арқылы тауып, таныса алатын электронды кітапхана жасауға тиіспіз. Ғылым академиясы, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының, университеттердің сайттарында немесе жеке сайт ашып, жұмыс істеу керек. Студенттер, мектеп оқушылары өз жасына лайық іздеген ақпаратты қиналмай таба алатын, қолжетімді болуы тиіс», – деді. Қазақ зиялыларының сөзіне қарасақ, ұлы ғұламаларымыздың мерейтойын аста-төк той тойлаудан гөрі ойлы, пайдалы іске қарай бағыттау жағына көбірек мән берілді. Бұл бүгінгі күннің талабы және етек-жеңімізді жинайтын кез келгенінің айғағы. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ