Cауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 6,6 млн долларға жоғары. Оның ішінде Қатарға экспортталған тауар көлемі былтыр 5,6 млн долларға жеткен. Ал импорт 4 есеге, яғни 4,3 млн долларға ұлғайды. Мемлекет басшысы жақында Қатарға кезекті сапармен барған болатын. Сарапшылар соңғы кезде Президент Парсы шығанағы елдері бойынша жұмысты жандандырып, елімізге инвестиция тарту ұлғайғанын айтады.
Араб елдерінің инвестициялық әлеуеті үнемі өсіп келе жатқаны белгілі. Бұл жолғы сапар барысында ЖЭК және газ өнеркәсібін дамыту жөнінде келісімдерге қол қойылды. Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, Қазақстан үшін бұл елдің инвестициялық әлеуеті маңызды болса, Қатар елі бізге азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетігі деп қарайды.
– Кез келген мемлекеттер арасында саяси-мәдени, экономикалық байланыстың артқаны құптарлық іс, әрине. Бұл ретте, Қатар – бай мемлекеттердің бірі, сондықтан ол тиімді инвестиция жасау мақсатында көптеген елмен тығыз қарым-қатынас орнатады. Біз үшін де бұл елдің инвестициялық әлеуеті маңызды. Мәселен, Америка Құрама Штаттары санкция салғаннан кейін елімізде жұмыс істеп тұрған сол кездегі «Сбербанк» Қатар инвесторларының араласуының арқасында «Береке банк» ретінде жұмысын жалғастырды. Мемлекет басшысының өзі де қаржы секторындағы бәсекелестікті арттыру мақсатында халықаралық банктерді отандық нарыққа әкелуді тапсырған еді, – дейді сарапшы.
Экономист Расул Рысмамбетов те бұл пікірді қолдайды. Дегенмен сарапшы инвестициядан бөлек, Шығыс Араб елдерінен мықты стратегиялық серіктестер қажет деген көзқараста.
– Қатар мемлекеті Қазақстанға энергетикаға, инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция салғаны қажет. Бұл – экономикамызды әртараптандыруға жақсы мүмкіндік. Бірақ қаражаттан бөлек қандай тиімді тұстары бар дегенге келсек, Қатарда бізді қызықтыратын көп компания жұмыс істейді. Себебі қазір ол шетелдік компаниялар үшін Шығыс Араб елдеріне жол ашатын хаб рөлін иемденіп тұр, – дейді Р.Рысмамбетов.
Эксперттер Қатар үшін де Қазақстанмен байланыс орнатқан тиімді деген көзқараста. Сапарбай Жобаевтың айтуынша, Қатардың жер аумағы кішкентай әрі құмды, сол себепті мұсылман елдерінен азық-түлік алуға ынталы. Қазақстаннан ұн, бидай, ет, өсімдік майы сияқты өнімдерді бізден импорттауға қызығады. Бізде де олардың талабына сай азық-түлік өнімдерін әзірлеп беруге барлық мүмкіндіктер қарастырылған.
Экономистің сөзінше, энергетика саласында екі ел тығыз байланыс орната алады. Өйткені Қатар дүниежүзі бойынша ең көп газ өндіретін елдердің қатарында.
– Ол Түркия, Еуропаның шығысын газбен қамтамасыз етіп отырған мемлекет. Қазақстан да Түркия одан әрі Еуропа елдеріне мұнай экспорттап отыр. Баку-Тбилиси-Жейхан деген тұрба құбырымыз бар. Осы жағынан алғанда біздің логистикамыз ұқсас келеді және алдағы уақытта Қатардың инвестициялық жобаларында бірге жұмыс істеуіміз мүмкін. Мәдени қарым-қатынасы жағынан университеттер филиалдарын ашып, туризмдік байланыстар артады деген ойдамын.
Cарапшы соңғы кездері жиі сөз болған транспорттық-көлік қатынасы туралы да пікірімен бөлісті.
– Бұл туралы айтарым, Қатар еліміздің осы саласына инвестиция салмаса, біз Қатарға қарай жол тарта алмаймыз. Ең қызығы Еуропа мен Қытай арасын қосатын жол Қазақстан-Түркмения-Әзербайжан-Грузия-Румыния арқылы немесе Түркия арқылы шығады. Бұл маршрутта Қатар шетте қалады. Бізде 90-жылдардан бері парсы шығанағына шығу деген мақсат болатын. Осы мақсатта Түркмения арқылы Иранға дейін теміржол қосылған еді. Бірақ дамыған елдер Иранның атомдық байыту саясатына қарсы шығып, санкция жариялады да, Иран арқылы өту қиындады. Қазір Қатардың Суэц каналына шығуы да қиындап қалды. Сондықтан дәл қазір транспорт саласы бойына Қатар мен Қазақстан мүддесі бір жерде түйіседі деп ойламаймын, – деді ол.
Дегенмен экономист Расул Рысмамбетов тасымал саласында Қазақстан үшін маршрут картасын кеңейтетін уақыт жеткенін алға тартты.
– Қазір елімізде отандық тауарларды экспорттауда біршама проблема бар. Мәселен, бұрын көп жағдайда тауарларымыз Ресей арқылы өзге нарықтарға жеткізілсе, бүгінде көршілес елдің теміржолы әскери мақсатта қолданылуда. Осыған сәйкес оңтүстікке бағыт бұратын кез келді. Себебі 80 пайыз тауарымызды тек Ресей немес Қытай арқылы ғана экспорттай алмаймыз. Бізге әрбір көршіміз арқылы сыртқы нарыққа отандық тауарымыздың 10-15 пайызын шығара алатындай мүмкіндік жасау қажет. Бұл тасымал саласындағы тәукелдерді азайтады. Себебі маршуттар қаншалықты көп болса, соншалықты жақсы. Осы тұрғыдан алсақ, Қатармен байланысымызды арттыру тиімді, – дейді ол.
Мемлекет басшысы Қатарға сапары барысында Қазақстан Орталық Азияның жаңа бейнесін қалыптастырып жатқанын атап өткен болатын. Сондықтан Қатарды осы мәселеде белсенді серіктес болуға шақырған еді. Осы себепті сарапшылар алдағы уақытта екі ел арасындағы экономикалық байланыстар нығаяды деген сенімде. Сондықтан болашақта Қатар Қазақстандағы ең ірі 10 инвестордың бірі болуы ықтимал.
Кәмила ЕРКІН