Биылғы жыл басы Сыр өңірінің білім саласындағы жағымсыз жаңалықпен басталды. Жуырда Түркістан қаласында екі баласын өлтірді деп күдікке ілінген әйелдің қызылордалық ұстаз екені белгілі болды. Ол Қызылорда облысына қарасты Шиелі ауданындағы білім беру ұйымында 2014 жылдан бері қызмет атқарып келген. Ұжымдастары мұғалімнің балалармен тіл табысуы жақсы, біліктілігінің жоғары болғанын айтып жатыр. Педагогикалық қызметте де жеткен жетістіктері аз еместігін алға тартады. Мінез-құлқында ешқандай ауытқушылық байқалмаған. Десек те, көптің оң бағасы педагогті жауапкершіліктен құтқармасы белгілі. Осыған байланысты ішкі істер органында қылмыстық іс тіркелді.
Бұл аздай, Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кентінде №189 мектеп оқушылары арасындағы төбелестен бір бала қайтыс болды деген тағы бір жайсыз хабар бәрінің төбесінен жай түсіргендей әсер етті. Оқиғаның жай-жапсарын айтсақ, түс ауа көпқабатты үйдің ауласында балалар ерегесіп, соңы төбелеске ұласады. Салдарынан жанжалдан соққы алған 9-сынып оқушысы елдімекендегі медициналық бекетке жеткізілгенше жан тапсырады. Сол сияқты қаладағы С.Лапин атындағы №261 мектептің әжетханасында оқушылар бір-біріне әлімжеттік көрсеткені анықталды.
Былтыр да дәл осыған ұқсас жағдай Қазалы ауданында болғаны ел есінде. Салдарынан 9-сынып оқушысының денсаулығына айтарлықтай зақым келтірілген еді. Биыл да дәл сондай жағдай қайталанып, соңы бала өліміне соқтыруы жұртшылықты дүрліктіріп жіберді.
Осыған орай Қызылорда облыстық Білім басқармасына жуырда басшылыққа келген Асқарбек Есжанов журналистерге арнап шұғыл брифинг өткізіп, соңғы кездері орын алып отырған өзекті мәселелердің себеп-салдарын түсіндірді.
«Салада орын алып отырған олқылықты болдырмау, жасалып жатқан жұмысты одан әрі жоғары деңгейде жалғастыру үшін құзырлы органдармен бірлескен Жол картасы әзірленуде. Соның негізінде білім мен тәрбие саласының сапасын оңтайландыру мақсатында аймақ басшысының қолдауымен ашылған «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру» орталығы жүйелі жұмыс жоспарын жасақтады. Нәтижесінде, орталық қызметкерлері облыс көлеміндегі барлық мектеп пен колледждерге барып әдістемелік көмектер, семинарлар мен кездесулер өткізуде. Алдағы уақытта мектеп оқушыларын өңірдің барлық елді мекеніндегі клубтар мен мәдениет үйлерінен құрылатын отаншылдық және мемлекетшілдікке, патриоттыққа тәрбиелейтін түрлі бағыттағы үйірмелерді қамтитын «Адал адам» рухани-тәрбие орталығының жұмыстарына тартатын боламыз. Мектеп психологтерінің кәсіби деңгейінің төмендігі де өзекті болып отыр. Бұл ретте баланың бойындағы мінез-құлық өзгерісін, құқықбұзушылыққа бейімділігін дер кезінде анықтауда психологтің көмегі маңызды. Соған орай облыс әкімінің қолдауымен құрылған «Облыстық психологиялық қолдау орталығы» арқылы білім беру ұйымдары психологтеріне әдістемелік көмек көрсетілетін болады. Бұл орын алған олқылықтарды оңалтуға оң әсер етеді деп сенеміз», – дейді Асқарбек Темірбекұлы.
Басқарма басшысы нәтиже көрсетпеген мектеп директорларының тиімділігіне бағалау жұмыстары жүргізілетінін алға тартты. Соның ішінде лицей, гимназиялардың жұмысына жан-жақты талдау жүргізіліп, көрсеткіші төмен мектептердің статусына қатысты нақты шешімдер қабылдау көзделіп отыр.
«Педагог кадрлардың кәсіби деңгейі мен біліктілігін көтеру де назардан тыс қалмауы тиіс. Бұл тұрғыда балалар тәрбиесімен айналысатын педагогтердің сапалық құрамына ерекше назар аударамыз. Қазіргі уақытта облыс бойынша педагог-шеберлердің үлесі өте төмен. Соның ішінде Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Шиелі аудандарында 1 педагог-шеберден болса, Сырдария ауданында мүлде жоқ. Бұл мұғалімдердің белгілі бір деңгейге жетіп, ары қарай ізденбейтінін көрсетеді. Сондықтан кәсіби біліктілігін арттыруға құлшыныс танытпайтын мұндай ұстаздардың әрекеті ақтап алуға жатпайды», – деп түсіндірді брифингте басқарма басшысы.
Өңірдің білім саласындағы былық мұнымен шектелмейді. Педагогтердің апталық жүктемесіне жасалған талдау қорытындысымен жарты жүктемеге де жетпейтін, яғни 1 314 педагогтің 1-8 сағат жүктемемен жүргені де мәлім болды. Соған орай басқарма басшысы алдағы уақытта педагогтердің жүктемесін толықтыру бағытында жұмыс жүргізілетінін жеткізді. Сондай-ақ басқарма тарапынан педагог мәртебесін жоғарылату, шығармашыл мұғалімдерді әдістемелік қолдау бойынша нақты шаралар атқарылмақшы.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы