Чаттан шыққан шатақ

Тәпек бұрын бала шағасымен дастарқан басында рақаттанып отыратын.

Үй-іші түгел басы қосылып бір-бірімен емен-жарқын әңгімелесетін. Ауылда болып жатқан, болайын деп жатқан  жаңалықтар тек осы дастарқанды бас қосылғанда айтылатын. Біріне қосылып, енді бірінің тіпті    бұрмаланып жететін жаңалықтар тек осы дастарқан басы еді. Кімнің сиыры биыл көктемде бірінші бұзаулады. «Уыз ішіңдер» деп  бұрынғыдай көрші-көлемді шақыра ма, жоқ шақырмай ма? Кімнің жем-шөбі биыл артық қалып тұр. Сұрап барса бере ме, бермей ме. Айтпақшы,  заржақ Әбдірасылдың  келіні босанып па? Аяғы ауыр жүр еді. Сорлыы-ай бес қыз туып еді. Ендігісі кім болады екен? Жүргенбайдың  байдан шыққан қызы Гүлсара  Есенәлінің  маскүнем баласына күйеуге шығады екен деген.  Есенәлінің әйелі қу емес пе?  Қыздан төрт-бес жас кіші бұрын  үйленбеген ұлы Тұрсынға «Жүргенбайдың қызын ал» деп үгіттеп көндірді деген. Ондағысы бала басы байланып үйленсе, үйде жатып  ішкенін қойып кетер деп үміт еткені. Сөй­тіп, Есенәлі жақ кәдімгідей  бес тоғызын алып құда түсті деген. Тойдан хабар жоқ. Жұрт неғып үнсіз қалды. Осы ауыл­ға  Жәрдем  әкім болады деп еді.  Сол үшін  әке-шешесінің екі түйесін  сатты деген. Бұрынғы әкім Бодық ауданға көтеріліп кетті  дей ме?  Бодық та ауданға көтерілу үшін  үш бұзаулы сиырын сатып,  беретін жерге беріпті ғой. 

Осындай ауыл ішіндегі жаңалықтың бәрі дастарқан басында айтыла беруші еді. Жаңалықты Тәпектің кемпірі Сырғалы бастайтын да, шай құйып отырған келіні жал­ғастыратын. Ауылда жалғыз өзі шаш­таразшы болып, алшығы оңынан түсіп тұрған қызы Әтіркүл шешесі мен жеңгесінің айтқандарын одан әрі жандандыратын. Қыста есік алдында  ескі тракторының о жер, бұ жерін шұқылаумен, «керекті зәпшәсті жоқ, атаңа нәлет, осы тырқылдақ трактор мені өлтіретін болды деп» деп боқтап, қайта-қайта үйге кіріп шай ішумен жүретін Тәпектің ұлы Бораш та  үндемей қалмайды. Кесесін  келіншегіне лақтырып жіберіп, шайды сораптай отырып айтылған жаңалықтарға өзінше  болжам жасап, көсемсіп қалатын.  Тіпті,  мектепке барып келген   немерелері де апай-ағайларынан естіген сөздерін үлкендерден қалыспай ортаға салатын. Үй болған соң бүкіл отбасы болып дастарқан басында өстіп шүйіркелесу де бір бақыт екен ғой. 

Ойбуй, соңғы жылдары мұның бәрі келмеске кетті. Үй-іші түгел мылқау. Өздерімен өздері. Өйткені бас-бастарында бір-бірден телефон. Сонымен сөйлеседі, сонымен шүйіркелеседі. Әке де сол, шеше де сол, тіпті туған бала мен қасындағы қа­тын да сол. Беттері сол телефонға жабысып қалған. Жарқ-жарқ еткен бір пәледе бәрі бар. Кейде жынды адамдай соған қарап қарқылдап күледі. Кейде қорсылдап  жы­лайды. Бүкіл өмір сол жарқылдақ теле­фонның бетінде.

Өткен күзде  Тәпектің әйелі қаладағы үлкен қызына барып, нілдей бұзылып келді.

– Тәпек, мен айтайын саған. Біз мүлде артта қалыппыз. Менің сыныптастарымды білесің ғой сен. Айтөре, Айтаңсық ше.  Бәрі де жетпістің о жақ, бұ жағында. Қолдарында телефон. Сөйлесіп отыр. Сол телефонда уатсап   деген бар екен. Соған чат дейді екен. Чат деген ше, жеке үйіңдей екен. Оның есігі басқаларға жабық. Мысалы бар ғой құдалармен бір чат, туыстарыммен бір чат, сыныптастарыммен бір чат ашады екенмін де, бәріміз бір үйде отырғандай сосын сөйлесе береді екенбіз. Менің сыныптастарым қайда, кетіпті анау жаққа (Сырғалым қолымен жоғарын көрсетті) мен қалыппын төменде. «Әлі күнге дейін соткаң жоқ па?» деп мазақ етті. Біз де бір-бір телефон алайықшы. Құрысын, қалған дүние. Балалар үйретеді ғой.  Жұртта қалыппыз  тіпті.. 

– Ей, сен  Сырғалы, алсаң,  өзің ала бер, менде жұмысың болмасын! – деген Тәпек. Сол жарқылдағыңмен әуестігім болмай-ақ қойсын.

Кемпірі қатты бекеніп келген екен, келесі күні телефон сатып  алып, келін мен қызы оған үйретіп, бұрынғы сыныптас­тарымен  байланысып, әлемдік өркениетке  көтеріліп шыға келді. Енді қасындағы қосағы Тәпекке қарауға уақыт жоқ. Қолын­да жарқылдақ соған қарайтын болды.

Бір күні  Тәпек те  «телефон » ауруымен ауырды. 

– Әй, – деді кемпіріне, – Осы ауылда телефоны жоқ мен ғана екенмін. Естідің бе, Есенәлінің баласы баяғыда үйленіпті. Жүргенбайдың байдан шыққан қызына. Бәрі барыпты. Біз ғана естімеппіз. Кімде телефон, кімде уатсап   бар, соған хабар­ладық дейді. «Мен де  сол телефон әлі жоқ» деп едім, бәрі маған жабайы адам көргендей бажырайды. 

Құрысын бәрі! Мен де алайын телефон. Мен де  жұрттан қалмай жүрейін. Заманға қа­рай шыққан нәрседен қалмайық. Алма­ты­дағы  құда баяғыдан ренжіп жүр.  «Тә­пеке-ау,  бір телефон ұстамайсың ба?» деп.

– Ә, бәлем. Өзіңе де керек болды ма телефон. Мені тыңдамап едің, – деп кемпірі Сырғалы бір түйреп өтті.

Сонымен, Тәпектің отбасы түгел телефонмен қамтылды. Енді дастарқан басында бұрынғыдай ешкім бір-бірімен сөйлеспейді. Бәрі өзді-өзімен. Тәпектің кемпірі Сырғалы алғыр боп шықты. Лезде уатсап  ты меңгеріп алды. Өйткені сынып­тастары «чатқа қосыл» деп дамыл берер емес. Жазбайтынды жазады. Көрсетпейтінді көрсетеді. Оларға жауап беру керек қой. Сырғалы сол үшін де жанталасады. Білмей қалса, қызы қасында. «Мынаны бүйтіп жіберші, өйтіп жіберші» деп  телефонның нүктесіне жұмсай қояды. 

Жақында Сырғалы сыныптастар  ча­тына мектепте түскен бір суретті өзі жібере алмай, қызын қасына шақырды. Осы қызы үнемі жаз болса санын жалтыратып қып-қысқа штан, шортик киіп жүреді. Сырғалы талай айтып қойдыра алмады. «Мама, қой­шы, қыздардың бәрі қазір осылай киінеді. Көйлек киіп көлбеңдеп жүре алмаймын» деп бір-ақ айтты. 

– Әтіркүл, сыныптастардың чатына мына суретті тездетіп сал! – деп тапсырма беріп, шығып кетті. Қызы телефоннан шешесінің чатын ашып отырып, сурет түсіретін камераның тетігін басып қалды ма, жарқыраған өз саны шешесінің чатына кетті де қалды. Чатқа кеткен суретті қайта­рып ала алмаған қызы  «Қойшы, кетсе кете берсін» деген-ді мән бермей. Енді Сыр­ғалының сыныптастары чатпен келген  жалаңаш тізеден жоғары санның суретін көріп  жай отырсын ба. Әйда жарыса үн қатады  уатсап  та.

– Сырғалы, сәлемге саныңның суретін жіберген екенсің. Рахмет. Көңіліміз өсіп қалды.. деп жазыпты сыныптасы Тасбай шал сонау Атыраудан.

– Сырғаш, мынау сенің саның ба? Қандай әдемі. Қазіргісі мынадай, жас кезінде қандай болды екен? – деп жазады  Тостақ қарт Түркістаннан.

– Сырғалы,  аяғыңнан басынан саныңа дейін түп-түзі баяғыша. Жақсы сақталып­сың, – депті екінші сыныптасы Қожантай Алматыдан.

Алматыда  Қожантайдың әйелі келіп қалып, күйеуінің жалаңаш санның суретіне мөлиіп қарап  отырғанын көріп,  айқайды бастамай ма?

– Мынау немене-ей? – деген. Қожантай сасып қалып:

– Сырғалының саны ғой, – деген.

– Әй, ұятсыз! Ата сақалың ауызыңа шықты. Үлкею деген болсайшы сенде? Үйбай-ай, үйбай-ай, есі дұрыс қатын ба, жоқ па ол Сырғалың?  Әкелші бермен теле­фонды, – деп Қожантайды жұлқылайды. Қожантай бере ме, ол бермейді. Жарқыл­даған сан, жарқылдақ телефонның ішінде, біресе олай,  біресе бұлай жарқылдап, ақыры телефон дүңк  етіп еденге түсіп сынады.

– Есің, дұрыс па ей? Мынау бір пен­сияның ақшасына сатып алған телефонды сындырдың ғой! – деп Қожантай әйеліне айқайлайды. Оған басыла қалатын әйел ме? 

 – Сенің айтып отырған Сырғалың Тәпектің әйелі ме? Мен оның құдағайын білем осы Алматыдағы. Қазір құдағайынан телефонын сұрап аламын да Тәпегіңе айтам. Қартайғанда кемпірің сыныптас еркектерге санының суретін салыпты деп.

– Әй, қой..қой-ей, қатынеке, жынды болма, өй, қой-ей,  – деген Қожантайдың сөзін әйелі тыңдай ма? Ақыры айтқанын жасады. Қолынан телефонын тастамай  о жер, бұ жерін үйренемін деп шұқылап отырған Тәпектің уатсапына жарқыраған бір сан түседі.

–Мына бір аяқтың басынан жоғары жалаңаш сан жарқылдақ телефон ішінде  неғып жүр? – деп  таңданып қарап отырса, астында хат азылыпты.

– Алтыннан ардақты, күмістен салмақ­ты Тәпеке! Сіздің әйеліңіз Сырғалының  сыныптастарына салып жіберген санымен танысыңыз..

 Тәпек отырған орнынан  жайбарақат  қолындағы жарқылдаққа қарап.

– Әй, оңбаған! Мынауың не, а?! Айт деймін! Мынауың не? Сыныптастарыңа салыпсың ғой.  Қай жерде жалаштанып жүрсің, бүйтіп қартайғанда, а?!

 Ерлі-зайыпты екеуі қызыл кеңірдек болды. Қолдарында жарқылдаған телефон. Сөйтіп, кемпір мен шал жұлысып жатқанда кер маралдай керіле  Тәпектің қызы  Әтіркүл келеді.

– Мам.. пап..  ойбай, не болды сендерге..

– Не болды сендерге дейсің? Мына шешең қартайғанда бұзылып, сынып­тастарына  жібергенін қарашы, міне, көрдің бе, мына суретке қарашы, – дейді Тәпек күйініп. Қызы  шатақты түсіне қояды.

– Пап, бұл менің саным ғой.. Өткенде мамам сыныптастарға бір сурет  жібер дегенде  менің отырған күйім  байқамай кетіп қалған.

 – Тфу! – дейді Тәпек жерге түкіріп. Жетіскен екенсіңдер түге! Шешесі мен қызы...

Осылай мен білетін чаттан шыққан шатақтың бірі осы. Ал чаттың ішінде бұдан басқа шатақ көп екенін естідім де, көзім де көрді. Айтайын дегенім, телефонда чатқа тіркелген  басқа  қариялар  тыныш па екен өзі?

Өріс ЯШҮКІРҚЫЗЫ