Ұланғайыр даласы болғанымен ұлтарақтай жерге зар болған ауылдағы ағайынның ащы мұңы азаяр емес. Тіпті, күн өткен сайын елдің әр аймағында халықтың ащы үні зорайып, ұлғайып келе жатқан сияқты.
Сатылып кеткен жайылым, таппай жүр арты қайырын...
1,702
оқылды

«Бармақ басты, көз қыстымен» тұтас республика аумағында кезінде кепілге кеткен мил­лион­даған гектар алқап ауылдағы мыңдаған ағайынды жерсіз қал­дырып, алпауыт фирмалардың тастай берік қанды шеңгеліне ілігіп кеткен. Салдарынан егін салмақ түгілі, бар күнкөрісі ма­лына жайылым жер таппай қалған жұрт жылдар бойы соттасып жүр...

34 мың гектар жер қолды болған...

Елдегі кіндік қаны тамып, со­нау ата-бабаларынан бері өз жұр­ты са­нап келген жері енді ірі ком­па­ния­лардың меншігіне өтіп кеткен­дер­дің басым бөлігі – Ақ­мо­ла және Сол­түстік Қазақстан об­­лысына қа­расты ауылдар. Түгін тар­т­саң, майы шыққан шұрайлы, қа­ра то­пырақты жерінен айырылып қал­ған­дардың ішінде Ақмола облысы Зеренді ау­да­ны­на қарасты Ортақ, Өзен, Жам­был, Ай­ғ­ыржал және Өркен ауыл­да­рын­да­ғы жағдай аса өткір. 

Жерлерінен айырылып аңырап қал­ған бұл ауылдарда қазір әлеу­мет­тік шиеленіс аса күшейген. Ор­­тақ ауылында тіпті жерге иелік ет­­кендердің шектен шығып, өткен ға­сырдағы ашаршылық кезінде қа­за болғандардың бейітін де жыр­тып кеткенін жаздық та. Ауыл­дың бел­сенді азаматтарының ай­­­туынша, со­нау 2005 жылдары алаяқтық жол­мен бірыңғай бір схемамен жүр­гізілген істің ақы­ры бұл ауыл­дар­ға тиесілі 34 мың гектардан ас­там жерді Ха­лық банкіне кепілдікке өт­кізіп жіберген. Тұрғындар бұл орай-да тіпті халықпен қоса сол кез­де­гі шаруа­шылық директор­ла­ры­ның да алаяқтық жолмен қолын қойып, жалған құжат жасатқаны ту­ра­лы дерек сараптама қорытын­ды­сы бойын­ша анықталғанын ай­тады. 

– Жеріміз сонау 2005 жылдары ке­пілге кеткен екен. Бірақ біз бұл туралы адвокатымыз Ботагөз Аман­­тайқызының арқасында 3 жыл бұрын ғана білдік. Яғни, ха­­­­лықтан жасырын құпия түрде жү­зеге асырылыпты. Істі сотқа бер­­геннен кейін біресе облысқа, біресе қайта ауданға жіберіп біраз қа­жыт­ты. Енді ғана жасалған алаяқ­тық­тардың шеті шығып жатыр. Сол кез­дегі директорлардың, тіпті бүкіл пайшылардың қолдарын жалған құжат жасап қойдырып алғаны жақында ғана Алматыда жа­салған сараптама қорытындысы ар­қылы бел­гілі болды. Бұрынғы «Күсеп МТС-ы» жойылып, оның ор­нына банк­тен «Дихан плюс» ком­­­па­ния­сы сатып алыпты. Ауыл­дары­мыз­дың іргесіне дейін тақап жыр­тып тас­таған. Қазір тіпті мал жая­тын же­рі­міз жоқ, – дейді Зерен­ді ауда­ны­ның тұрғыны Алпа­мыс Қожин. 

Ата-баба әруағына құран бағыштайтын жер жоқ

Зеренді ауданына қарасты ауыл­­дардың жері үшін үш жыл бойы шы­рылдап жүрген адвокат Ботагөз Аман­тайқызы бұл жерде алаяқ­тық істе аудан әкімдігі жер үле­сінің заң­сыз өткенінен түгелдей ха­бардар бол­са да, еш әрекет етпе­генін айта­ды. 

– Мемлекеттік органдар мен лауа­­зымды тұлғалар жердің ауыл адам­­­дары үшін күнелтудің жал­ғыз көзі екенін түсінуге тиіс. Зе­­­­­ренді ау­данына қарасты бұл ауыл­­дардың же­рі үшінші тұл­ға­лар­­дың әреке­ті­мен бүгінде жойы­лып кеткен «Кү­сеп МТС-ы» ЖШС-мен халық­қа тие­сілі жерлер ЖШС-ның жарғы­лық капита­лы ретінде кепілдікке кет­кен. Зе­ренді ауданы әкімдігі «Кү­сеп МТС-ның» жері жер ие­ле­рі­нің шартты үлестерінен тұра­ты­нын біле тұра халықтың құқық­та­рын қорғамай сауда нәтижесіне сүйеніп жерді пайдалану құқығын «Ди­хан Плюс» ЖШС компа­ния­сы­на ұсынған. Ал олардың шектен шық­қаны соншалық жер үлесі ие­лерінің ата-бабаларының қоры­мы­на дейін жыртып кеткен. Аудан әкім­дігі де, жер ресурстарын бас­қа­ру басқармасы саласындағы өкі­­летті органдар да түйткіл ауыл тұр­ғындарының заңды құқықтарын қор­ғау және қалпына келтіру тұр­ғы­­сында болса да түрлі сылтаула­рын айтып, сырғатпа жауаптары­мен құ­тылып, «Дихан Плюс» ЖШС та­ра­­­пынан заңның, тіпті мора­ль­дық-этикалық нормалардың өрес­кел бұзылып жатқанына көз жұма қа­р­ап отыр. Аудан әкімінің сал­ғы­рт­­тығынан «Дихан плюс» ЖШС  өзін жердің толыққанды ие­сі са­нап, оның арнаулы мақсатын өз­гер­тіп, ең сорақысы ауылдың ата-ба­басы жатқан жерге дейін жыртып кет­кен. Бұл ауыл адамдарының ащы жанайқайын тудырып ел ішін­де әлеуметтік шиеленіс күшейді. Атал­­ған ауылдарда жерге астық ек­­пек түгіл мал бағатын, ата-баба­сын еске алып құран бағыштайтын ор­­ны да жоқ. Ата-баба бейітіне дейін беттері бүлк етпестен жырт­қыз­­ғаннан кейін бұлардан бәрін күтуге болады, – дейді қорғаушы Бо­тагөз Амантайқызы. 

Дегенмен ауылдың белсенді аза­­маттары мен қорғаушылардың күн-түн демей арпалысқан әре­кет­те­рінің арқасында жер дауында оң нә­тижелер болған. Зеренді ауданы­ның прокуроры Асқар Байжанов­тың араласуымен бейітті жыртқан­дарға вандализм фактісі бойынша қыл­мыстық іс қозғалған. 

– Осы жылдың 1 ақпанында Ор­тақ ауылының тұрғыны Тоқ­тауыл Қожиннен ауызша өтініш түс­ті. «Дихан Плюс» ЖШС жұмы­с­­шы­лары ауыл маңындағы бейітті жырт­қан. Қылмыстық кодекстің 294-бабымен көрсетілген қыл­мыс­тық құқықбұзушылық белгілерін дә­лелдейтін жеткілікті деректердің бар екені назарға алынып, ҚІК-нің 179,184-баптарына сәйкес тіркеу жүр­гізілді. Баянатқа қылмыстық құқықбұзушылық туралы алынған куәландыратын мәліметтер қоса тір­­келді, – дейді Зеренді ауданы по­­лиция бөлімінің бастығы, поли­ция подполковнигі Жаслан Уәлиев. 

Түйткілді жағдай жөнінде пікір біл­дірген Ақмола облысының Ауыл ша­руашылығы және жер қа­ты­нас­тары басқармасы да құзырлы ор­ган­дарға сұрау салып археология­лық қорымның жыртылғанын рас­тады. 

– Зеренді ауданы әкімдігінің 2012 жылдың 20 қарашасында жер ко­миссиясы отырысының хатта­ма­ла­ры негізінде №687 қаулы шыға­рып, жалпы ауданы 34 141 гектар жер­ді «Дихан Плюс» ЖШС-ға бер­­ген. Қазір бұл іс соттардың қа­рауын­­да. «Сот жүйесі және судья­лар мәртебесі туралы» заңға сәйкес бас­қа мемлекеттік органдар қарауға және бақылауға ала алмайды. Бейіт­­ті жырту фактісі бойынша был­­тыр 23 қарашада Зеренді ауда­ны ауыл шаруашылығы бөлімі, Күсеп және Ортақ ауылы әкімдері, «Ди­хан Плюс» ЖШС өкілі және ауыл тұрғындарының қатысуымен комиссиялық қарау болған. Шамамен 10 шаршы метр ауданда бір метр болып топырақ үйілген. Металл қоршаулары жоқ. Анықтау мақ­сатында облыстық Мәдениет бас­қармасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығына сұрау хат жолданған. Зерттеу барысында «Дихан Плюс» ауыл шаруашылығы жерлерінен ар­хеологиялық ескерткіштер та­был­ды. Оның ішнде күзет аймағы сақ­талмаған ІV Қорған қорым­да­рының бірі жыртылған. Зеренді ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі қорғанды қалпына келтіру үшін «Дихан Плюс» мекенжайына хат жолдады, – дейді Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы және жер қа­ты­настары басқармасы басшысы­ның орынбасары Еркеш Әленов. 

Жер дауы бойынша ушыққан мә­селе жөнінде Зеренді  ауданы әкім­дігінен де пікір алмақ болдық. Бірақ аудан әкімімен тілдесудің еш сәті түспеді. Түйткілді мәселе жө­нін­де Зеренді ауданы әкімдігіне қа­расты Ортақ ауылдық округінің әкімі Манарбек Назымбекұлы бір ауыз пікір білдірді. 

– Расында да, Зеренді ауданына қа­расты Ортақ, Айғыржал, Өзен, Өркен және Жамбыл ауылдарында ке­зінде 34 мың гектар жердің банк­тің кепілдігіне кетіп қалғаны рас. Қа­зіргі уақытта іс соттың қарауын­да қарастырылып жатыр. Істің оңынан шешіліп, халықтың игілі­гі­не беріледі деген үмітіміз бар. Бар­лығы заң аясында сотта ше­ші­мін табады деген сенімдеміз, – дей­ді Манарбек Назымбекұлы. 

 

P.S. 

Қашан да болсын, жер дауындағы түйткілді мәселелер халықтың ащы жанайқайын тудыратын аса өткір жайттар. Сондықтан істі қарап жатқан соттардың қара қылды қақ жарар әділдіктен аттамай, істің ақ-қарасын анықтап тиісті шараларды қолданады деген үміттеміз... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы