«Бармақ басты, көз қыстымен» тұтас республика аумағында кезінде кепілге кеткен миллиондаған гектар алқап ауылдағы мыңдаған ағайынды жерсіз қалдырып, алпауыт фирмалардың тастай берік қанды шеңгеліне ілігіп кеткен. Салдарынан егін салмақ түгілі, бар күнкөрісі малына жайылым жер таппай қалған жұрт жылдар бойы соттасып жүр...
34 мың гектар жер қолды болған...
Елдегі кіндік қаны тамып, сонау ата-бабаларынан бері өз жұрты санап келген жері енді ірі компаниялардың меншігіне өтіп кеткендердің басым бөлігі – Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысына қарасты ауылдар. Түгін тартсаң, майы шыққан шұрайлы, қара топырақты жерінен айырылып қалғандардың ішінде Ақмола облысы Зеренді ауданына қарасты Ортақ, Өзен, Жамбыл, Айғыржал және Өркен ауылдарындағы жағдай аса өткір.
Жерлерінен айырылып аңырап қалған бұл ауылдарда қазір әлеуметтік шиеленіс аса күшейген. Ортақ ауылында тіпті жерге иелік еткендердің шектен шығып, өткен ғасырдағы ашаршылық кезінде қаза болғандардың бейітін де жыртып кеткенін жаздық та. Ауылдың белсенді азаматтарының айтуынша, сонау 2005 жылдары алаяқтық жолмен бірыңғай бір схемамен жүргізілген істің ақыры бұл ауылдарға тиесілі 34 мың гектардан астам жерді Халық банкіне кепілдікке өткізіп жіберген. Тұрғындар бұл орай-да тіпті халықпен қоса сол кездегі шаруашылық директорларының да алаяқтық жолмен қолын қойып, жалған құжат жасатқаны туралы дерек сараптама қорытындысы бойынша анықталғанын айтады.
– Жеріміз сонау 2005 жылдары кепілге кеткен екен. Бірақ біз бұл туралы адвокатымыз Ботагөз Амантайқызының арқасында 3 жыл бұрын ғана білдік. Яғни, халықтан жасырын құпия түрде жүзеге асырылыпты. Істі сотқа бергеннен кейін біресе облысқа, біресе қайта ауданға жіберіп біраз қажытты. Енді ғана жасалған алаяқтықтардың шеті шығып жатыр. Сол кездегі директорлардың, тіпті бүкіл пайшылардың қолдарын жалған құжат жасап қойдырып алғаны жақында ғана Алматыда жасалған сараптама қорытындысы арқылы белгілі болды. Бұрынғы «Күсеп МТС-ы» жойылып, оның орнына банктен «Дихан плюс» компаниясы сатып алыпты. Ауылдарымыздың іргесіне дейін тақап жыртып тастаған. Қазір тіпті мал жаятын жеріміз жоқ, – дейді Зеренді ауданының тұрғыны Алпамыс Қожин.
Ата-баба әруағына құран бағыштайтын жер жоқ
Зеренді ауданына қарасты ауылдардың жері үшін үш жыл бойы шырылдап жүрген адвокат Ботагөз Амантайқызы бұл жерде алаяқтық істе аудан әкімдігі жер үлесінің заңсыз өткенінен түгелдей хабардар болса да, еш әрекет етпегенін айтады.
– Мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар жердің ауыл адамдары үшін күнелтудің жалғыз көзі екенін түсінуге тиіс. Зеренді ауданына қарасты бұл ауылдардың жері үшінші тұлғалардың әрекетімен бүгінде жойылып кеткен «Күсеп МТС-ы» ЖШС-мен халыққа тиесілі жерлер ЖШС-ның жарғылық капиталы ретінде кепілдікке кеткен. Зеренді ауданы әкімдігі «Күсеп МТС-ның» жері жер иелерінің шартты үлестерінен тұратынын біле тұра халықтың құқықтарын қорғамай сауда нәтижесіне сүйеніп жерді пайдалану құқығын «Дихан Плюс» ЖШС компаниясына ұсынған. Ал олардың шектен шыққаны соншалық жер үлесі иелерінің ата-бабаларының қорымына дейін жыртып кеткен. Аудан әкімдігі де, жер ресурстарын басқару басқармасы саласындағы өкілетті органдар да түйткіл ауыл тұрғындарының заңды құқықтарын қорғау және қалпына келтіру тұрғысында болса да түрлі сылтауларын айтып, сырғатпа жауаптарымен құтылып, «Дихан Плюс» ЖШС тарапынан заңның, тіпті моральдық-этикалық нормалардың өрескел бұзылып жатқанына көз жұма қарап отыр. Аудан әкімінің салғырттығынан «Дихан плюс» ЖШС өзін жердің толыққанды иесі санап, оның арнаулы мақсатын өзгертіп, ең сорақысы ауылдың ата-бабасы жатқан жерге дейін жыртып кеткен. Бұл ауыл адамдарының ащы жанайқайын тудырып ел ішінде әлеуметтік шиеленіс күшейді. Аталған ауылдарда жерге астық екпек түгіл мал бағатын, ата-бабасын еске алып құран бағыштайтын орны да жоқ. Ата-баба бейітіне дейін беттері бүлк етпестен жыртқызғаннан кейін бұлардан бәрін күтуге болады, – дейді қорғаушы Ботагөз Амантайқызы.
Дегенмен ауылдың белсенді азаматтары мен қорғаушылардың күн-түн демей арпалысқан әрекеттерінің арқасында жер дауында оң нәтижелер болған. Зеренді ауданының прокуроры Асқар Байжановтың араласуымен бейітті жыртқандарға вандализм фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
– Осы жылдың 1 ақпанында Ортақ ауылының тұрғыны Тоқтауыл Қожиннен ауызша өтініш түсті. «Дихан Плюс» ЖШС жұмысшылары ауыл маңындағы бейітті жыртқан. Қылмыстық кодекстің 294-бабымен көрсетілген қылмыстық құқықбұзушылық белгілерін дәлелдейтін жеткілікті деректердің бар екені назарға алынып, ҚІК-нің 179,184-баптарына сәйкес тіркеу жүргізілді. Баянатқа қылмыстық құқықбұзушылық туралы алынған куәландыратын мәліметтер қоса тіркелді, – дейді Зеренді ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Жаслан Уәлиев.
Түйткілді жағдай жөнінде пікір білдірген Ақмола облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы да құзырлы органдарға сұрау салып археологиялық қорымның жыртылғанын растады.
– Зеренді ауданы әкімдігінің 2012 жылдың 20 қарашасында жер комиссиясы отырысының хаттамалары негізінде №687 қаулы шығарып, жалпы ауданы 34 141 гектар жерді «Дихан Плюс» ЖШС-ға берген. Қазір бұл іс соттардың қарауында. «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» заңға сәйкес басқа мемлекеттік органдар қарауға және бақылауға ала алмайды. Бейітті жырту фактісі бойынша былтыр 23 қарашада Зеренді ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі, Күсеп және Ортақ ауылы әкімдері, «Дихан Плюс» ЖШС өкілі және ауыл тұрғындарының қатысуымен комиссиялық қарау болған. Шамамен 10 шаршы метр ауданда бір метр болып топырақ үйілген. Металл қоршаулары жоқ. Анықтау мақсатында облыстық Мәдениет басқармасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығына сұрау хат жолданған. Зерттеу барысында «Дихан Плюс» ауыл шаруашылығы жерлерінен археологиялық ескерткіштер табылды. Оның ішнде күзет аймағы сақталмаған ІV Қорған қорымдарының бірі жыртылған. Зеренді ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі қорғанды қалпына келтіру үшін «Дихан Плюс» мекенжайына хат жолдады, – дейді Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов.
Жер дауы бойынша ушыққан мәселе жөнінде Зеренді ауданы әкімдігінен де пікір алмақ болдық. Бірақ аудан әкімімен тілдесудің еш сәті түспеді. Түйткілді мәселе жөнінде Зеренді ауданы әкімдігіне қарасты Ортақ ауылдық округінің әкімі Манарбек Назымбекұлы бір ауыз пікір білдірді.
– Расында да, Зеренді ауданына қарасты Ортақ, Айғыржал, Өзен, Өркен және Жамбыл ауылдарында кезінде 34 мың гектар жердің банктің кепілдігіне кетіп қалғаны рас. Қазіргі уақытта іс соттың қарауында қарастырылып жатыр. Істің оңынан шешіліп, халықтың игілігіне беріледі деген үмітіміз бар. Барлығы заң аясында сотта шешімін табады деген сенімдеміз, – дейді Манарбек Назымбекұлы.
P.S.
Қашан да болсын, жер дауындағы түйткілді мәселелер халықтың ащы жанайқайын тудыратын аса өткір жайттар. Сондықтан істі қарап жатқан соттардың қара қылды қақ жарар әділдіктен аттамай, істің ақ-қарасын анықтап тиісті шараларды қолданады деген үміттеміз...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы