Достық, бауырмалдық, музыкаға махаббат пен өмір құндылықтары туралы фильмде орта жастағы 25 азамат әр сейсенбіде күйбең тіршіліктен бас алып, бала-шағасынан бөлек шығып, рок-әндер айтуға жиналады. Басқосу кезінде ән шырқап қана қоймай, басына түскен қызықтар мен қиыншылығы жайлы әңгіме-дүкен құрады. Сондағы картинаның айтпағы – ер-азаматқа орта жас күйзелісін еңсере алуға орта керек, «үйінен шыққанда қосылатын үйірі» болуы тиіс-ті. Ал бұл пәлсапа барша адамзатқа тән...
Бүгінде психолог мамандар адамдардың, әсіресе жастардың әсіре меланхолик, яки флегматик болуының себебін қоғамнан оқшауланумен байланыстырады. Былтыр Qalam инновациялық білім қоры еліміздегі жастардың жай-күйін, өмір салтын білмекке әлеуметтік зерттеу жүргізді. Сарапшылар 18-35 жас аралығындағы 2 мың адамнан сауалнама алған. Өкінішке қарай, зерттеу қорытындысындағы жастардың психоэмоциялық жай-күйі жайлы деректер көңіл көншітпеді. Респонденттердің 21%-ы – ұйқысыздық, 16,6%-ы – апатия, 13,2%-ы – қорқыныш және 12,8%-ы күйзелістен зардап шегетінін айтқан. Бұл көрсеткіш дүниежүзілік статистикадан әлдеқайда жоғары, 4-5 есеге көп. ДДСҰ мәліметінше, әлемнің 3,8% күйзеліске душар, ал мұның 5,7% 60 жастан асқан қариялар. Сарапшылардың дерегінше, елімізде күйзеліске ұшырағандардың басым көпшілігі – жастар.
«35 жасқа дейінгі азаматтардың күйзеліске бейім болуы кез келген әлеуметтік орта үшін қауіпті. Дамыған елдердің зерттеулері көрсетіп отырғандай, жастардың ұйқысыздық, апатия, сенімсіздік, қорқыныш және басқа да жағдайларға жиі душар болуының салдары ішімдікке, есірткіге, түрлі ойынға тәуелділікке, антиәлеуметтік мінез-құлыққа әкеледі. Инфаркт, инсульт, онкологияның есебін арттырады. Сондықтан жалпы халықтың, әсіресе жастардың психоэмоциялық жай-күйіне аса назар салуымыз керек», – дейді психолог-маман Ұлмекен Сапарова.
Мамандардың айтуынша, бұл орайда жастардың уақытын тиімді өткізетін, тұлға ретінде дамуына және өзін белгілі бір әлеуметтік ортаның мүшесі сезінуіне мүмкіндік беретін орындар керек. Qalam ұсынған зерттеуде мұндай орындардың әртүрлігіне 35,7% респонденттің көңілі толған, олардың жартысынан көбі елімізде жастардың пайдалы уақыт өткізуіне жағдай жасалмағанын айтты. Сәйкесінше, сауалнамаға қатысқан жастардың 40%-ы – әлеуметтік желілерге, ал 23%-ы компьютерлік ойындарға тәуелді.
«Бүгінде жастардың көп ісі онлайн бітеді. Оқу, білім алу, жұмыс істеу, жақындарымен сөйлесу, достармен сырласу – бәрі-бәрі телефонға байлаулы. Уақытының көбін түрлі әлеуметтік желі мен мессенджерде өткізеді, жүзбе-жүз қарым-қатынас құруға аса зер салмайды. Қуанышын да, қайғысын да, құпиясын да оп-оңай желі арқылы баршаға жариялай береді. Я болмаса, әлеуметтік желідегі күнделігіне, ескертпе жазатын қосымшаларға жазады. Сырласы да, мұңдасы да – телефон. Терапияға келетін жастардың көбі «Мені ешкім түсінбейтіндей көрінеді» деп мұң шағады. Өйткені олар ешкіммен көп араласпайды. Жүзбе-жүз сөйлесу, қол алысу, жақындарыңмен құшақтасу сияқты қарапайым қарым-қатынас біздегі пайдалы гормондардың бөлінуіне ықпал етеді. Оның үстіне, адам қоғам ішінде тұлға ретінде дамиды, тәжірибе алмасады. Өзіне керегін табады және өзгеге қажет екенін сезінеді. Шектен тыс оқшаулану – күйзеліске жетелейді. Бүгінде интроверт өмір, өз-өзіңмен бақытты болу сынды ұғымдар кең насихатталды. Әрине, кей аласапыран уақытта оңаша қалу адамның психоэмоциялық жай-күйінің тұрақталуына жақсы көмектеседі. Бірақ күнделікті өмірде адамға, әсіресе жастарға отбасы мен жұмысынан бөлек орта керек», – деп атап өтті Ұлмекен Сапарова.
«Үшінші орта» қайда бар?
Аристотель «адамды әлеуметтік жануар» деп санады және адамның тұлға ретінде дамуын оның қоғамдағы орнымен, өзгелермен қарым-қатынас орнатуымен тығыз байланыстырды. Бұл орайда әлеуметтанушылар қолдап келген маңызды бір концепция – «үшінші орта» туралы пандемиядан кейін қайта айта бастадық. COVID-19 пандемиясы кезінде енгізілген карантин қарым-қатынастың бөлек тәртібін орнатты – бүкіл әлем болып жеке-жеке оқшауланып, онлайн кездесулерге ауыстық. Мұндай форматқа үйренгеніміз соншалық, қашықтан оқу, жұмыс істеу, түрлі шара өткізу қалыпты құбылысқа айналды. Оқшаулану қолтықтасып, қосақтасып жүретіндердің де қатарын азайтты. Адамдар жалғыз өмір сүруге, өз-өзімен тамақтануға, жалғыз кино мен театрға баруға, саяхаттауға әбден бейімделді. Оның үстіне, әлеуметтік желілер де әлеуметтен алшақтауға сеп болып отыр. Әйтсе де, бес жылдан бері тұрмысымызға дендеп ене бастаған онлайн өмір қанша жерден ыңғайлы әрі тиімді болса да жүзбе-жүз дидарласуды, жұптасып өмір сүруді алмастыра алмайтынын мамандар айтып жүр. Осы орайда қандай да бір қауымға тән болу сезіміне себеп болатын бірден-бір орта – «үшінші орта».
«Үшінші орта» терминін америкалық әлеуметтанушы Рей Олденбург ұсынып, қолданысқа енгізді. Ғалым 1989 жылы бестселлер болған The Great Good Place авторлық еңбегінде бұл терминнің мән-маңызын жан-жақты талдап, түсіндіреді. Қысқаша айтқанда, адамның үш ортасы болуға тиіс: алғашқысы – үйі, отбасы, кейінгісі – жұмыс орны және үшіншісі – қоғамдық кеңістігі. Соңғысын Рэй Олденбург: «Үшінші ортаға» адамзат тарихында біздің өзара жақындасуымызға, белгілі бір қоғам қалыптастыруымызға ықпал еткен және сондай әлеуеті бар барлық қоғамдық кеңістік жатады» деп тәпсірлейді. Яғни, кітапхана мен сән салондарынан бастап кофеханалар мен антикафелер сияқты кез келген әлеуметтік жағдайдағы адамдардың бейресми диалог құруға мүмкіндік беретін орындар (көшелер, саябақтар, базарлар маңызды қоғамдық кеңістік болғанымен, бұл сипатқа сәйкеспейді) Рей ұсынған терминге ие.
Рей Олденбург ұсынған «үшінші ортаға» арналған орындардың бірнеше маңызды элементі бар: алдымен әңгіме-дүкен құруға жайлы болуы керек. Одан соң әртүрлі ыстық және суық сусындарға ерекше мән берілуі тиіс. Және ең маңыздысы – өзін белгілі бір қоғамның мүшесі сезінуге мүмкіндік сыйлайтын атмосфера жасау шарт. Әлемде «үшінші орта» концепциясын ұстанатын көптеген орынның сипаты ұсынатын сусындарымен тығыз байланысты болған. Немістердің «сыра бақшасы» (вiergärten), ағылшындардың «джин сарайы» (gin palaces), басқа да шайхана, сырахана, шарапхана, кофехана және тағы тағыларын мысалға айтуға болады. Көптеген мемлекеттегі осындай тамақтанатын орындардың аты әдетте «кофе» сөзінен бастау алатыны да қызық бір дәлел: чехте – kavama, немісте – кaffeeklatsch, ал французда café деп аталады.
Кофеханалар – демократия жаршысы
Таяу Шығыста пайда болған кофеханалар XVII ғасырда Англияда «үшінші ортаға» айналды. О баста Еуропада бұл қою сусын тіптен қауіпті саналған, өйткені кофеханалар саяси дебатшылардың сүйікті орны болды. 1650 жылы Джейкоб есімді еврей Оксфордта алғаш кофехана ашады. Бұл мекеме тез танылып, студенттер, академиктер мен қоғамның әртүрлі тобының өкілдерін қызықтырды әрі ғылыми, қоғамдық және саяси мәселелерді талқылау орталығы болды. Бастапқыда Англияда кофейнялар «пенни (пұл) төлейтін университеттер» деп жиі аталған. Өйткені ол уақытта кофеханаға кіру ақысы – бір пенни тұрған, онда тұтынушы тек сусын ішіп қана қоймай, ондағы түрлі әдеби, танымдық, интеллектуалды, әлеуметтік, саяси пікірталастарға қатысқан, дәрістер тыңдай алған. Мұнда газеттер тегін таратылған. Әлеуметтанушылар XVII ғасырдағы кофеханалар күнделікті газеттердің пайда болуына ықпал етті және қоғамның іскерлік, мәдени және саяси өмірінің нағыз орталығы болды деп санайды. Көп ұзамай Кембридж бен Лондонда осыған ұқсас орындар пайда болды.
1675 жылы ағылшын патшасы ІІ Карл кофеханалар жұмысына тыйым салғанда бұл қоғамның наразылығын тудырғаны соншалық, патша он күнге жетер-жетпестен жарлығын өзгерткен. Сол заманның әлеуметтанушылары алғашқы кофеханаларға демократияның жаршысы деп баға берген, өйткені онда сөз еркіндігі мен теңдік болған.
Ұлыбританияның көптеген ірі сауда компаниясының алғашқы штаб-пәтері кофейняларда орналасты. Лондондағы брокерлер жүз жылдан астам уақыт бойы кофеханада жиналып, жұмысын бастады. Мәселен, әйгілі Lloyd’s of London сақтандыру қоры Эдвард Лойдтың кофе үйінен бастау алады. Бұл мысалдар көрсеткендей, кезінде кофехана – адамдардың жақындасуына және түрлі бағытта тиімді қарым-қатынас жасауына жайлы әрі жағымды алаң болды. Тарихта «үшінші ортаға» айналған тек кофеханалар емес, әртүрлі заманда әлемде шайхана, сырахана, шарапханалар да белгілі бір қауымдастықтар бас қосатын орын саналып, уақытында өте танымал саяси, әлеуметтік, мәдени ортаға айналды.
Бүгінде де бестің шайын ішетін бірнеше форматтағы шайхана, кофейнялар бар. Десе де, Рей ұсынған «үшінші орта» концепциясына сай келетіндері некен-саяқ. Әйгілі саяхатшы Т.Макалум Венаға сапары кезінде ондағы кофейняларды «баршаға арналған орын, ғашықтар мекені, талғамы мен қызығушылығы ортақ адамдарға арналған клуб, іскер азаматтар үшін кеңсе, арманшыл һәм қиялилардың шабыт алатын ортасы және жалғыздардың жылы баспанасы» деп сипаттаған. Бірқатар Еуропа елінде тамақтанудан бөлек мақсатты ұстанатын, Макалум жазған сипатқа ие орындар күні бүгінге дейін жұмыс істеп келеді.
P.S.
90-жылдардың басында «үшінші орта» саналып келген мекемелердің басым бөлігі қоғамдық тамақтану желілеріне айналды. Оның үстіне, заманауи, мобильді технологиялар, қала берді, 2019 жылдан бергі пандемия кәсіп жүргізудің тіптен бөлек үлгісін талап етті де, мұндай орындар тәтті тағам ұсыну, жеткізу қызметін дамыту, қашықтан қызмет көрсетудің маңызын арттырды. Алайда соңғы уақытта мамандар «үшінші орта» концепциясын қайта жаңғыртуды ұсынып келеді.
Айдана НҰРМҰХАН