Атырау облыстық перинаталдық орталығында «Шала туған нәрестелер ретинопатиясы орталығы» жұмысын бастады.
Атырауда шала туған нәрестелер үшін арнайы орталық ашылды
1,361
оқылды

– Ретинопатия ауруы – көздің торлы қабықтарындағы тамырлардың екі жақты бұзылуы. Ол  ең күрделі дерттің біріне айналып, белең алып барады. Яғни, ауыр жағдайда мерзімінен бұрын жүктіліктің 34 аптасына дейінгі туған нәрестелерге дер кезінде ота жасалмаса, болашақта зағип болып қалуы мүмкін. Қазақстанда шала туған  нәрестелердің ретинопатиясын анықтау үшін перинаталдық орталықтарда офтальмологиялық скрининг жүргізіледі. Біз скринингтік жабдықтармен қоса ең алдымен арнаулы мамандар жұмыс істейтін орталықтарды қамтамасыз ету керектігін түсіндік. Атырау облыстық перинаталды орталығы «Аяла» қайырымдылық қорының демеушілігімен 2015 жылы диагностикалық офталмоскоппен жабдықталды. Бірақ 2016 жылға дейін арнайы маманның жоқтығына байланысты ретинопатия диагнозы анықталған нәресте дер кезінде Алматы мен Астана қалаларына жіберіліп келді. 2016 жылдан бері қарай 59 ота сәтті жасалған. Биыл жыл басынан бері бес ота жасалса, оның ішінде екі нәресте Маңғыстау облысынан әкелінген, – деді Атырау облыстық перинаталдық орталығының басшысы Қазбек Ермағамбетов.

Оның айтуынша, мұндай орталық бұған дейін Алматы мен Астана қалаларында ғана болса, жақында Ақтөбе қаласында ашылды.  

Айта кетейік, өткен жылы «Аяла» қайырымдылық қоры облыстық перзентхананы 5 құты луцентис препаратымен қамтамасыз еткен болса, осы жылға кең бұрышты, таңбалы ретинальды камерасымен жабдықтауды жоспарлап отыр.

Ретинопатия ауруы көзге лазерлік фотокоагуляциялық ота жасау немесе луцентис енгізу арқылы емделеді. Мерзімінен бұрын туған нәрестелердің көз жанарында осы аурудың бар-жоғын тек арнайы диагностикалық тексеру арқылы анықтауға болады. 

2023 жылы елімізде 1600-ге жуық шақалақ осындай диагнозбен дүниеге келген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 34% көп.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 20 мыңға жуық шақалақ шала туады. Олардың 38-40 пайызында ретинопатия ауруы бар. 

Баян Жанұзақова