Тек Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда облыстары үйреншікті уақытында қалады, өзге өңірлер солармен теңеседі. Осылайша, Қазақстан жалғыз, бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді.
Нұсқаулыққа немқұрайды қарамаңыз
Бұл шара мұқият дайындықты қажет етеді. Әйтпесе, әр салада ауқымды ақаулар болуы мүмкін. Сондықтан түрлі министрлік оған жол бермеу үшін не істеу керегі жөнінде төл нұсқаулықтарын шығара бастады.
Мысалы, мамандар бұл күні дұрыс күйі келтірілмесе, реттелмесе, ақпараттық жүйелерде, ұялы байланыс желісінде, автоматтандырылған өндірістерде кең ауқымды ақаулар болуы кәдік деп болжады. Оған жол бермеу үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі барлық кеңсе, мекеме, бизнес пен жеке тұлғаға бағдарламалық қамтылымын соңғы нұсқаға дейін жаңартуға кеңес берді.
«Көптеген пайдаланушы ұялы телефоны мен құрылғының ақпараттық жүйелерінен Қазақстанның бірыңғай уақыт белдеуіне (UTC+5) көшетіні туралы хабарламалар ала бастады. Цифрлық даму министрлігі қазақстандықтарға оларды жаңарту және жаңа уақыт белдеуіне уақтылы көшу бойынша әмбебап нұсқаулықтарды ұсынады. Бұл хабарламаларды алмаған азаматтар олардың жоқтығына алаңдамауы керек. Құрылғының бағдарламалық қамтылымын соңғы нұсқаға дейін жаңарту қажет», – деді ведомство мамандары.
Құрылғыда автоматты жаңарту қосулы болса, уақыт автоматты түрде өзгереді. Егер олай болмаса, оны қолмен өзгертуге тура келеді.
Цифрлық даму министрлігінің түрлі гаджет иелеріне кеңесі бар: біріншіден, интернет байланысын тексеріңіз. Уақытты автоматты түрде жаңарту үшін құрылғы интернет желіге қосулы болуы керек. Екіншіден, уақытты автоматты түрде жаңартуды қосыңыз. Көптеген құрылғы онлайн уақыт қызметтерін пайдаланып, күн мен уақытты автоматты түрде жаңартады. Үшіншіден, құрылғыны қайта жүктеңіз. Кейде өзгертулер күшіне енуі үшін қайта іске қосу талап етіледі.
Қандай салаларда ақаулар болуы мүмкін?
Авиакомпаниялар бір сағат белдеуіне өтуге байланысты рейстердің кестесі өзгеретініне назар аудартады. Сондай-ақ ұшаққа билетті ертерек сатып алған қазақстандықтар рейстердің билетте көрсетілген уақыттан 1 сағат ерте орындалатынын ескергені жөн.
«Рейстерінің уақыты өзгеретін жолаушыларға SMS хабарлама және брондау кезінде көрсеткен электронды поштасына хат жолданады. Онда ұшу мен келудің жаңа уақыты туралы ақпарат болады. Бұған қоса, биылғы сәуір мен қазан аралығындағы рейстердің кестесі 1 наурызда автоматты түрде өзгертіледі. Бұл жөнінде де жолаушылар хабардар етіледі», – деп түсіндірді Air Astana мамандары.
Цифрлық даму министрлігі ұялы байланыс операторларына бірыңғай сағат белдеуіне уақытылы ауысуды тапсырды. Оған дайындық қазірден олқылыққа соқтырды. Мысалы, қазақстандықтар ұялы телефондарындағы баланстарынан тарифтік топтамасы, қаражаттары жоқ болып кеткеніне шағымданып жатыр.
Азаматтар сондай-ақ балансын тексеру үшін тиісті нөмірлерді бірнеше рет терсе де, операторынан еш жауап, sms хабарлама келмейтінін айтады. Бірақ бастысы, ұялы байланыс қызметі жұмыс істеп тұр.
Цифрлық даму министрлігі Қазақстанның барлық өңірін бірыңғай уақыт белдеуіне көшіру аясында бірқатар шара қабылданғанын жеткізді. Ең алдымен, бұл туралы шетелдік ұйымдар хабардар етілген. IANA (Интернет мекенжай кеңістігінің әкімшілігі), ХЭБО, РСС, ICANN, IETF, IESG сияқты халықаралық ұйымдарға Қазақстанның бірыңғай бесінші уақыт белдеуіне көшетіні, сондай-ақ Қазақстан үшін уақыт белдеулерінің (time zone database) жалпыға қолжетімді дерекқорындағы деректерді жаңарту қажеттілігі ресми хабарланды.
Нәтижесінде, Android және IOS сияқты халықаралық операциялық жүйелер қазақстандық тұтынушылары үшін жаңартулар шығарады.
Мұның сыртында, Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, байланыс операторлары төл ақпараттық жүйелерінің тиісті өлшемдерін дайындау бойынша ұйымдастырушылық-техникалық іс-шараларын өткізу үстінде.
Сондай-ақ ұялы байланыс операторлары өз абоненттеріне қысқа мәтіндік хабарламалар таратуға тиіс. Интернет-ресурстары, мобильді қосымшалары, өзге қызмет көрсету арналары арқылы өз абоненттерін жүріліп жатқан жұмыстар туралы алдын ала құлақтандыруы керек.
Сарлапшылардың айтуынша, жүйелердегі ақаулар уақыттың ауысуын «ай жаңарды» деп есептеп, барлық клиентке жаппай жаңа ақы есептей бастауы мүмкін. Бұл дабылға құлақ түрген министрлік байланыс операторларына «тарифтің ай сайынғы төлемін екі рет есептеу жағдайларын болдырмау үшін техникалық инфрақұрылымын дайындауды» жүктеді.
Өз кезегінде байланыс операторлары да бесінші уақыт белдеуіне жаппай көшу ұялы байланыстағы ақауларға соқтыратынын алдын ала ескертті. Мәселен, Activ операторының хабарлауынша, 29 ақпандағы 23:00-ден 1 наурыздағы 6:00-ге дейін «техникалық жұмыстар жүрілетіндіктен сервистер шектелуі ықтимал».
коллаж: Елдар ҚАБА
Tele2/Altel ұялы операторы ұқсас хабарламаны өз абоненттеріне жолдайтынын хабарлады. Операторлар құрылғылардағы уақыт белдеуін өз бетінше +5 аймағына қалай өзгертуге болатыны туралы нұсқаулықтар әзірледі. Tele2/Altel баспасөз қызметі, Beeline операторы 1 наурызға қараған түні әртүрлі жүйеге өзгеріс енгізетіндерін, сондықтан кейбір сервисте қысқа мерзімді үзіліс болатынын қаперге салды.
Саудаға соққы болмас үшін...
Beeline баспасөз қызметі абоненттер қандай кедергілерге кезігуі мүмкін екенін таратып айтты. Нақтылауынша, балансты толтыру және тексеру; жаңа SIM-картаны активациялау; нөмірді бір оператордан екіншісіне ауыстыру; нөмірді тіркеу, қайта тіркеу, бұғаттан босату; тарифтік жоспарды ауыстыру, халықаралық бағыттарға телефон соғу, түрлі қызметке, соның ішінде роумингке қосылу және оны ағыту мүмкін болмай қалмақ. Демек, осы күні шетелге саяхаттап, емделуге немесе іссапармен шығатын қазақстандықтар, шетелдегі әріптестерімен үнемі байланыста болуы тиіс бизнесмендер тауқымет тартуы, проблема табуы ғажап емес.
Бұдан бөлек, мамандардың түсіндіруінше, жаңа уақыт белдеуіне ауысу маркетплейстерде, App Store, Play Market, «ҚазАвтоЖол» және басқасында сатып алуларда, төлемдерді өткізуде мәселе туындатады. Ендеше маңызды сатып алуды, төлемді, ақша аударуды, басқа да іс-шараларды 1 наурызға тіремей, одан бұрын, немесе кейін жүзеге асырған жөн.
Бір уақыт белдеуіне көшу қадамы өзге салаларға да ықпал еткелі тұр. Мәселен, Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) 29 ақпан күні сағат 23:30-дан 1 наурыздағы сағат 07:00-ге дейін МКК ақпараттық жүйелері жұмыс істемейтінін ескертті. Бұған жаңа уақыттық жүйеге ауысу себеп болады: техникалық жұмыстар жүріледі. «Осыған байланысты көрсетілген уақытта МКК АЖ қолжетімсіз болады», – деп мәлімдеді ведомство.
Мемлекеттік кірістер комитеті бірыңғай уақыт белдеуінің енгізілуі бірқатар бақылау-кассалық аппараттың жұмысына теріс әсер етуі мүмкін екенін еске салды. Осыған орай, келесі шараларды қабылдау қажет. Кәсіпкерлерге, пайдаланушыларға қарапайым бақылау-кассалық машиналарда 29 ақпаннан кейін уақытты өз бетінше орнатуға тура келеді. Оны қалай жасау керегі аталған құрылғының төл нұсқаулығында, әдетте «Дата мен уақытты бағдарламалау» бөлімінде жазылады.
Ал аппараттық-бағдарламалық кешен болып саналатын бақылау-кассалық машиналарында (БКМ) сағат 1 наурызда, түнгі 00:00-де, өндірушінің сервері арқылы автоматты режимде өзгертіледі.
«Тиісті видеонұсқаулықтар Мемлекеттік кірістер комитетінің әлеуметтік желілердегі press_kyzmet_kgd, kgd.gov.kz, kgdmfrk ресми аккаунттарында орналастырылды. Қиыншылықтар туындаған жағдайда БКМ-ді сүйемелдеу келісімшарттары аясында Техникалық қызмет көрсету орталықтарында, Жергілікті мемлекеттік кірістер басқармаларының қызмет көрсету орталықтарында немесе 1414 (3) телефон нөмірі бойынша байланыс орталығында тегін кеңес алуға болады», – деп хабарлады комитет.
Әр 8 жылда сағат белдеуін ауыстырады
Соңғы 100 жыл ішінде Қазақстан аумағында сағат тілі 12 рет ауыстырылыпты. Бірақ республикамыз бірыңғай уақыт белдеуіне тәуелсіздік тарихында алғаш рет көшіп отыр.
Географиялық тұрғыдан батыста UTC+3-тен шығыста UTC+7-ге дейінгі 4 уақыт белдеуінде орналасқанына қарамастан, Қазақстанды бір уақыт белдеуіне көшіру идеясын Алматыдағы Фесенков атындағы Астрофизикалық институт ұсынды. Бұл бастаманы Үкімет қызу қолдады. Оны ілгерілетуге жауапты Сауда және интеграция министрлігі мұның банк секторына пайдалы екенін жасырмады: енді барлық өңірде банк төлемдері бір уақытта өтеді. Бір филиалы жұмыс істеп жатқанда басқа өңірдегі бөлімшесі жабылатын жағдай болмайды.
Бұл қадамға бірқатар өңірдің тұрғындары, әсіресе шығысқазақстандықтар наразылық танытты. Себебі жаңа уақытқа көшкен соң бұл аймақта таң сағат 03:15-те атып, күн түскі сағат 15:20-да бататын болады. Жаңа уақытқа көшкен соң бұл аймақта ең ерте дегенде, таң 03:15-те (жазда) атып, күн ең ерте дегенде, сағат 15:20-да (қыста) бататын болады.
Бірақ Фесенков атындағы «Астрофизикалық институты» ЖШС-ның жұлдыздар мен тұмандықтар физикасы зертханасының меңгерушісі Любовь Шестакова ШҚО тұрғындары бұған да бой үйрететініне сенімді. Мысалы, тым ерте ататын таңды Петербордағы сияқты «ақ түн» деп қабылдауына болады.
«ШҚО екі сағаттық белдеудің шекарасында орналасқан. Өскеменде UTC +5 бойынша түс мезгілі енді сағат 11:30-да болады. Сондықтан қала осы уақыт белдеуіне сәйкес келеді. Ал күннің ерте батуы мен таңның атуына келсек, бұл географиялық ендікке байланысты. Күннің ұзақтығы оңтүстікте, я болмаса солтүстікте тұрғанымызға байланысты. Оңтүстікте жаздағы және қыстағы күн ұзақтығының айырмашылығы шамалы. Ал солтүстікте едәуір көп. Тіпті, ақ түндер болады. Мысалы, мұндай құбылыс ШҚО-да 22 маусымда байқалды», – деді Л.Шестакова.
Үкімет ШҚО үшін жеңілдік жасамауға ұйғарды. Барлық өңір бір белдеуде болады. Үкімет басшылығы Денсаулық сақтау министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігіне шығысқазақстандықтар арасында әрі қарай да түсініктеме жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Қос министрлік осы мақсатта Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуін енгізудің барлық қыр-сыры қамтылған, жиі қойылатын сұрақтарға жауап беретін әдістемелік құрал әзірлеп жатыр.
Қажет болған жағдайда, мысалы, халық қарсылығы басылмаса, ең өзекті мәселелерді түсіндіру үшін өңірлерге мамандар мен мемлекеттік органдар басшыларының тобы қайта жіберілетін болады.
Елдос СЕНБАЙ