Орыс жазушылары Гогольдің шекпенінен, қазақ журналистері Шерхан Мұртазаның шекпенінен шықтық деп айтады. Ал мен академик, қазақтың біртуар ұлы, мінезі кесек, білімі терең, сөзі уәлі, уәдесі берік, жүрегі адал, халқына қалтқысыз қызмет істеген, ұлтжанды бірегей тұлға – Өмірбек Жолдасбековтің аяулы алақанынан шықтым деп есептеймін.
Академик Жолдасбековтің жолы оңай жол емес. Ол ұлы Абай бабамыз айтқан жолымен жүрді. «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді», – дейді Абай отыз сегізінші сөзінде.
Қазақ мемлекеттік университетінің дайындық бөлімінде бір жыл оқып, қолданбалы Математика факультетіне оқуға түскенде Өмекең жалт-жұлт еткен бұйра шаштары толқындап тұратын, мысы биік жігіт ағасы екен.
Жастығына қарамастан, Қазақстан білімі мен ғылымына атағы шығып үлгерген ректордың биік тұлғасы маған ерекше әсер етті. Ал ректорлық қызмет біздер үшін Алатау секілді биік әрі сұсты көрінетін.
Өмекең ҚазМУ-дың 16 жыл ректоры болды. Туа біткен талант, бойдағы қуат, жүректегі намыс оты мен кесек мінез оны биікке де, даңққа да жеткізді.
Оны арман алға жетеледі. Өмекең Шымкент қаласындағы Спатаев атындағы орта мектепті алтын медальмен бітірді. Көп оқыды, көп тоқыды. Оған Абай ілімі ерекше әсер етті. Ғылым білім туралы өлеңдерін жаттап өсті.
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап...
Хакім Абайдың осы бір өлең жолдары қырда өсіп, енді Мәскеу асып бара жатқан Өмірбек Жолдасбековке аманаттай көрініп еді.
Мәскеу оның үстіне М.Ломоносов атындағы университетке түсу оңай ма?! Білімі мен білігі арқасында бірден Механика-математика факультетіне оқуға түсті. Осы кезеңдерде М.Ломоносов туралы көп мақала оқыды. Білмекке құмарлық жас студенттің ой-толғамын, берік көзқарасын қалыптастырды.
М.Ломоносовтың: «Өте сақ әрі танымпаз геометриямен жақындас... Бірақ нақты және қиюы қиын механикамен кеңес, сол арқылы сезімтал оптикамен сырлас», – деген сөзі өзіне арналғандай әсер етті.
Бұл беймәлім, таңсық әлем Өмірбек Жолдасбековті әрі таңғалдырды әрі қызықтырды. Санасында Галилей, Коперник секілді ғалымдардың ғылыми ерлігі менмұндалап тұрды.
Арман алдамапты. Уақытын бос жібермей, Мәскеудің қызыл-жасыл өміріне қызықпай оқыды, білімін шыңдауға тырысты.
Өмекең Шымкентте Спатаев атындағы мектепте оқып жүргенде Мая Бағызбаева деген қызбен таныс болады. Екі жастың бір-біріне деген махаббаты оянады. Оның қиын тағдыры бар екен. Әкесі Мұхамедәлі Оңтүстік Қазақстан облыстық Партия комитетінің Ауыл шаруашылығы бөлімін басқарады. Бірақ 1937 жылы репрессияға ұшырайды. Анасы Сұлухан Карлагқа жіберіледі. Ал Мая болса балалар үйінде тәрбиеленеді. Тек соғыс аяқталғаннан кейін ғана анасы мен қызы қайта қауышады. Құзырлы органдардың қадағалауында болады. Білімге құмар Мая Бағызбаева Ленинград қаласындағы университетке оқуға түседі. Өмекең МГУ-де оқып жүріп, университеттің ректоры И.Петровскийге кіріп, көмек сұрайды. Осылай Мая Бағызбаеваны МГУ-ге ауыстырып алады. Кейін ол қазақ филологиясына ерекше үлес қосқан ғалым болды. Филология ғылымдарының докторы, профессор атанды.
Жатақханадағы студенттік тойға ректор И.Петровскийдің өзі келіп, екі жасты құттықтайды. Мүмкін Өмекеңнің дархандығы мен кеңдігі, жастарға қамқор болатын қасиеті МГУ ректорынан дарыған шығар. Оның маған да ұстаздық танытып, ғылымға баулығаны осындай өмір көргенінен болар деп ойлаймын.
Талапты әрі ғылымға құмар, қағілез, қазақ жігіті, атақты ғалым, И.Артоболевскийдің көзіне түсті. Ұлы ұстаз бүркіт сияқты. Ол қыран болар балапанды ерте байқайды, қанатын қатайтады, ерте баптайды.
Өмірдің өз таңдауы мен өз жолы бар. Өмірбек Жолдасбеков атақты университетті үздіктердің қатарында бітіріп, туған жері Шымкентке келіп, осындағы Қазақ технология институтының Математика және механика кафедрасында оқытушылық қызмет атқара бастады.
Бір күні ұстазы, академик И.Артоболевскийден мынадай хат келеді: «Шәкіртім Өмірбек Арысланұлы, өзің өте жақсы көретін М.Ломоносовтың мына бір сөзін қаперіңе салғым келеді. «Честь Российского народа требует, чтобы показать способность и остроту его в науках». Ұлы ұстаз айтпақшы, өз халқыңның ғылымына пайда әкелуді ойласаң, кел де аспирантураға оқуға түс».
Бұл хат Өмекеңді қатты ойландырады және нақты шешім қабылдауына әсер етеді. Ол нар тәуекел деп Мәскеуге аттанды. Аспирантураға түсті. Үйреншікті аудиториялар, кітапханалар, зертханалар... Осылай, зор абыроймен кандидаттык диссертациясын қорғады. Кейін ғылым докторы атанды. Еліміздегі мехнизмдер мен машиналар теориясы мектебін салу жолы басталды.
Әсем Алматыдағы Қазақ политехникалық институтында доцент, кафедра меңгерушісі, проректор болды. 35 жасында мемлекетімізде «Механизм, машина және автоматика теориясының маманы» деп аталатын аспирантура ашты. Өзі де ғылыми-техникалық, инженерлік ғылымның қалыптасуына ерекше үлес қосты. Ұстаздары, академиктер И.Артоболевский, А.Ишлинскийдің ғылыми мектебін одан әрі жалғастырды және дамытты.
Жоғары дәрежелі механизм теориясы аясында көптеген ғылыми жаңалық ашты. Жүк көтергіш машиналар туралы ғылыми еңбегін сол замандағы Югославияның «Мега-18 новемби» фирмасы, ал ВШ-8 көтергішін АҚШ-тың Хоуп Индастрис фирмасы сатып алды. Сондай-ақ 1960 градус ыстықта болат қорыта алатын конверторда жұмыс істеуге лайықталған манипулятор шетелдік патентке ие болды. Бұл сол кезеңдегі ірі ғылыми жаңалық болатын. Осылай, қазақ ғалымының аты әлемге танылды.
Халықаралық және Ресей инженерлік академиясының президенті Борис Гусев Өмекеңді «Шығыстың ХХ ғасырдың басындағы әл-Фарабиі» деп бағалағаны тегіннен тегін емес қой.
Өмірбек Жолдасбековтің жарқын да жарық жолы ойдағыдай жалғасты. С.Киров атындағы мемлекеттік университеттің ректоры болып бекіді. Мемлекеттік университеттің даңқы дүр етіп көтерілді. Шындығын айтсақ, ректорлық қызмет Ө.Жолдасбековті көтерген жоқ қайта Жолдасбеков ректорлық қызметтің абыройын асқақтатты. Ол ең алдымен, кезінде Асқар Закарин көтеріп кеткен КазГУ қалашығын салу жөніндегі қаулыны тауып алып, оны төрт ай ішінде қайта жаңғыртты. Сол 1970 жылдың желтоқсан айында Үкіметтің қаулысын шығартып, КазГУ қалашығы үшін 70 гектар жер телімін бөлдіріп алды. Оның 10 гектары Ботаникалық бақ пен «Весновка» өзені арасындағы жер телімі болатын.
Өмірбек Арысланұлы ұлы құрылыстың басы-қасында өзі жүрді. Күн демей, түн демей құрылыс барысын қадағалап отырды. Құрылысшылармен сөйлескенде оларды баурап алатын, әдемі қазақы қалжыңы Өмекеңе ғана жарасатын. Адами мінезге толы осы бір кездесулер құрылысшыларды көңілдендіріп жіберетін. Он жыл ішінде бірнеше жатақхана, биология, география және қоғамдық факультеттердің ғимараттары, 400 пәтерлік тұрғын үй, балабақша салынды. Бұл академик Ө.Жолдасбековтің даңқын шығарған, қуанышқа бөлеген сындарлы жылдар болды.
ҚазМУ десе ҚазМУ-ге айналды. Сырты қоршалды. Сол кездері Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаев пен Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы К. Аухадиев сынды ұлт қайраткерлері студенттер қалашығы құрылысының сәтті басталуына және аяқталуына ерекше қамқорлық жасады.
Ректор Ө.Жолдасбеков ҚазМУ-ды М.Ломоносов атындағы университеттің шағын көшірмесіне айналдырды десем артық айтпаспын. Өйткені студент жастар бір жерде оқып қана қоймай, ғылыммен айналысуға да мүмкіндік алды.
Университет оқытушыларының сандық және сапалық құрамы өзгергенін зор мақтанышпен айта аламын. 1971 жылы университетте 52 ғана ғылым докторы мен 309 ғылым кандидаты жұмыс істесе, 15 жылдан соң мұнда 30 академик, 200 ғылым докторы, 700-ден астам ғылым кандидаты жұмыс істеді. Студенттер саны да өсті. Осы кезеңде ҚазМУ студенттерінің саны Ұлыбританияның атақты Оксфорд, Кембридж, АҚШ-тың Гарвард сынды университеттерімен пара-пар деңгейге көтерілді.
ҚазМУ-де қолданбалы Математика факультетінің беделі артты. Өмекең болашақ даму ғылым мен техника саласында екенін жақсы білді. Осы кезеңде өзінің үлкен ғылыми мектебін құрды. Өзі 24 ғылым докторы мен 90-нан астам ғылым кандидатына жетекші болды.
Ғылымдағы және қоғамдық қызметтегі жоғары табысы үшін Өмекең Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды, Мемлекеттік сыйлықпен марапатталды. Ол 400-ден астам ғылыми еңбектің авторы болды. 18 монография мен 30 оқу құралын жазды. Бұл Өмекеңнің еңбекқорлық, ұйымдастырушылық қасиеттерін аша түсті.
...Бірде Өмірбек Арысланұлы Швеция Корольдігінен шақыру алды. Сонда барып, дәріс оқыды. Ал Швеция инженерлік академиясының құрылғанына сол кезде 100 жыл болған екен. Бұл ұйымның құрылымдық, мақсат-мүдделерін зерттей келіп, Өмекең Алматыға тастүйін пікірмен оралды.
– Қазақстанның жеке инженерлік академиясы – болашақ инженерлік кадрлардың алтын ұясы болады, – деді ол. Заман талабы соған алып келеді. Ғылым мен техникасы дамымаған елдің экономикалық әлеуеті де дамымайды. Қазір бәрі ақиқатқа айналды. Қазақстанның Ұлттық Инженерлік академиясы құрылды. Оның бірінші президенті – академик Өмірбек Жолдасбеков. Біз дана ғалымның, дара ғалымның ізбасарларымыз.
1986 жылғы студент жастардың көтерілісі Өмірбек Арысланұлын да айналып өткен жоқ. Бұл оқиғадан алты ай бұрын ол қызметінен кеткен болатын. Әртүрлі айып тағылды. Бірде-бірі дәлелденбеді. Өкінішке қарай, Желтоқсан оқиғасын сылтау етіп, Мәскеу саясаты Өмірбек Арысланұлын қудалады, партиядан шығарды.
«Аққа құдай жақ» дегендей, 1990 жылы Өмірбек Арысланұлы ХІІ шақырылған Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі туралы декларацияны қолдап, дауыс берді. Кейін І шақырылған Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Комитет төрағасы болды. Мемлекет және қоғам қайраткері ретінде білім мен ғылым саласының, әдебиеті мен мәдениетінің, халықтың әлеуметтік жағынан қорғау бағытындағы заңдардың қабылдануына ерекше еңбек сіңірді.
...Өмекең өмірден өтті. Бірақ санадан өшпес із қалдырды. Оның ізгілік жолдары сайрап жатыр. Жолдасбеков жолы жас, талантты қыз-жігіттерге үлгі болып қалды.
Мемлекетіміздің басшысы Қ.Тоқаев техника, инженер кадрларын дайындаудың жаңа концепциясын ұсынды. Шетелдік айтулы техникалық жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып, жұмыс істей бастады. Сондай-ақ техникалық мамандықтар бойынша қомақты гранттар бөлініп жатыр.
Өмекең дегенде ҚазҰУ, ҚазҰУ дегенде Өмекең еске түседі. Қазақтың заңғар ұлы Д.Қонаев: «ҚазМУ қалашығын салу үшін Өмірбек Жолдасбековтей тегеурінді, мықты ректор керек болды. Ол баяғының батырларындай ҚазМУ қалашығын салуға түн ұйқысын төрт бөлді. Ол қазақ білімі мен ғылымының болашағын қалыптастырды», – дегені естен кетер ме?!
Қазақстан Республикасы Министрлер кеңесінің төрағасы Байкен Әшімов:
– Бұл күндері Алматы қаласының Қазақ мемлекеттік университетінің қалашығын салу осы оқу орнының ректоры Өмірбек бауырымның да ерекше қарім-қабілетін, ұйымдастырушылық шеберлігін және істің көзін таба білетін басшы ретінде танылуына өз әсерін тигізді. Біздің елімізде тұңғыш рет Ұлттық Инженерлік академияның ашылуы да ірі ғалым Ө.Жолдасбеков есімімен тығыз байлынысты. Бұл ғылымымыздың дамуына жаңа заман талабымен қосылған үлес екені даусыз, – дегенінде қаншама сенім мен құрмет жатыр.
– Ол өте кең, парасаты мен санасы биік, шығармашылық адамдарын құрметтейтін және не нәрсе айтса да құйындатып, от болып лаулап, жанып кететін, – дейтін белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Жекен Қалиұлы.
– Өмекең екеуміз Жоғары Кеңестің ХІІ шақырылымының депутаты болдық. Жоғары Кеңестің құзыреті де, Өмекеңнің беделі де өте жоғары еді. Министрлер есігінің алдында қаздай болып тізіліп тұратын. Ал мемлекеттің Тәуелсіздік туралы декларациясын қабылдау кезінде, «кімде-кім бабалар аңсаған бұл декларацияны қолдамаса, ол халық сайлаған депутат деп есептемеймін», – деп айтқан болатын. Декларация қабылданғанда оның кабинеті той дастарқан болып кеткені әлі көз алдымда.
Қытайдың ұлы ойшылы Конфуций: «Өткенге қарап, жаңалық жасай алатын адам ұстаз деген атаққа лайықты... Өзінен бұрынғыларға көрсетілген құрмет өзінен кейінгі ұрпақ арқасында жаңғырады», – деген екен. Расында да, дүниеден озғанына 25 жыл өтсе де, Өмекеңнің есімі шәкірттерінің есінен әлі де кеткен емес. Шәкірттері мақалалар жазады, замандастары еске алады.
Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында ұлы ұстаз жайлы толғамымның бір сыры осында.
Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Механика және машинатану институты академик Ө.Жолдасбековтің атымен аталады. Ұлттық университеттің Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайының алдына атақты ғалым ағамызға арнап ескерткіш қойдым. Бұл – академик Ө.Жолдасбековке деген құрметім мен ізгі ниетімнен туындаған еді. Замандасы классик-жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың:
– Қырау қабақ Талғар мен найзағай шыңы – Найзақараны аңғармау қандай мүмкін болмаса, ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақ зиялыларының арасынан Өмекеңдей көксеңгірді жыға танымау, таусыла таң қалмау, айрықша бағаламау, қолдан келмейтін кеудемсоқтық болар еді. ...Талай ғасыр есесі кетіп, тауы шағылған қазақ руханиятының таланты мен тау жыға алған тарланы еді. Қазақ рухының нағыз Геркулесі еді, – деген жүрекжарды сөзі әр қазақтың санасында сақталып қалды.
...Атақты И.Ньютон айтқан екен: «Егер мен біреулерден гөрі, алыстағыны көрсем, ол менің ұлы алпауыттардың иығында тұрып алысты көргенімнен». Бұл сөздер академик Ө.Жолдасбековтің өмір принциптеріне өте сәйкес келеді. Ол СССР ғылым академиясының академиктері И.Артоболевсикй, Е.Велихов, Л.Седов, Г.Черный, А.Ишлинский, О.Белоцерковский, И.Образцов, Х.Рахматулин тағы да басқа ұстаздарының ғылыми мектебі арқылы осындай атақ пен биікке көтерілгенін айтып отыратын. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген осы шығар.
Жұлдыздар биікте жанады, арманды өсіреді, жас ұрпақты биікке қол создырады.
Жаңа Қазақстанның талғампаз ұл-қыздары Ө.Жолдасбеков сынды қазақ ғылымының жұлдызына айналған биік тұлғаға қарап, ой да, бой да түзейді.
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,
ҰИА Президенті,
Ғылым және техника саласындағы
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты