Қазақ ғылымының жұлдызы

Таулар алыс­таған сайын заңғарлана береді. Тұлғаға айналған адамдар да солай биік көрінеді. Әсіресе, өзін танып, көріп, білген, шәкірт болып, ұстаздың алдын көрген адам үшін тіптен қымбат.

Орыс жазушылары Гогольдің шекпенінен, қазақ журналистері Шерхан Мұртазаның шекпенінен шықтық деп айтады. Ал мен академик, қазақтың біртуар ұлы, мінезі кесек, білімі терең, сөзі уәлі, уәдесі берік, жүрегі адал, халқына қалтқысыз қызмет істеген, ұлтжанды бірегей тұлға – Өмірбек Жолдасбековтің аяулы алақанынан шықтым деп есептеймін.

Академик Жолдасбековтің жолы оңай жол емес. Ол ұлы Абай бабамыз айт­қан жолымен жүрді. «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ой­ран болар еді», – дейді Абай отыз се­гізінші сөзінде.

Қазақ мемлекеттік универ­си­тетінің дайындық бөлімінде бір жыл оқып, қолданбалы Ма­­те­матика факультетіне оқуға түс­кенде Өмекең жалт-жұлт ет­­кен бұйра шаштары тол­­қындап тұра­тын, мысы биік жігіт ағасы екен. 

Жастығына қарамастан, Қазақстан білімі мен ғы­лымына атағы шығып үлгерген рек­тордың биік тұлғасы маған ерек­ше әсер етті. Ал ректорлық қыз­мет біздер үшін Алатау секілді биік әрі сұсты көрінетін.

Өмекең ҚазМУ-дың 16 жыл ректоры бол­ды. Туа біткен талант, бойдағы қуат, жү­ректегі намыс оты мен кесек мінез оны биікке де, даңққа да жеткізді.

Оны арман алға жетеледі. Өмекең Шым­кент қаласындағы Спатаев атындағы орта мектепті алтын медальмен бітірді. Көп оқыды, көп тоқыды. Оған Абай ілімі ерек­ше әсер етті. Ғылым білім туралы өлең­дерін жаттап өсті. 

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап...

Хакім Абайдың осы бір өлең жолдары қыр­да өсіп, енді Мәскеу асып бара жатқан Өмір­бек Жолдасбековке аманаттай көрініп еді. 

Мәскеу оның үстіне М.Ломоносов атын­дағы университетке түсу оңай ма?! Білімі мен білігі арқасында бір­ден Механика-математика факультетіне оқу­ға түсті. Осы кезеңдерде М.Ломоносов ту­ралы көп мақала оқыды. Білмекке құ­мар­лық жас студенттің ой-толғамын, берік көз­қарасын қалыптастырды. 

М.Ломоносовтың: «Өте сақ әрі танымпаз геометриямен жақындас... Бірақ нақты жә­не қиюы қиын механикамен кеңес, сол арқылы сезімтал оптикамен сырлас», – де­ген сөзі өзіне арналғандай әсер етті.

Бұл беймәлім, таңсық әлем Өмірбек Жол­дасбековті әрі таңғалдырды әрі қы­зықтырды. Санасында Галилей, Коперник се­кілді ғалымдардың ғылыми ерлігі мен­мұн­далап тұрды. 

Арман алдамапты. Уақытын бос жі­­бермей, Мәскеудің қызыл-жасыл өміріне қы­­зықпай оқыды, білімін шыңдауға ты­рыс­ты. 

Өмекең Шымкентте Спатаев атындағы мектепте оқып жүргенде Мая Ба­ғызбаева деген қызбен таныс болады. Екі жастың бір-біріне деген махаббаты оянады. Оның қиын тағдыры бар екен. Әкесі Мұхамедәлі Оңтүстік Қазақстан облыстық Партия комитетінің Ауыл шаруашылығы бөлімін басқарады. Бірақ 1937 жылы реп­рес­сияға ұшырайды. Анасы Сұлухан Кар­лагқа жіберіледі. Ал Мая болса балалар үйінде тәрбиеленеді. Тек соғыс аяқталғаннан кейін ғана анасы мен қызы қайта қауышады. Құзырлы органдардың қадағалауында болады. Білімге құмар Мая Бағызбаева Ленинград қаласындағы университетке оқуға түседі. Өмекең МГУ-де оқып жүріп, уни­верситеттің ректоры И.Петровскийге кіріп, көмек сұрайды. Осылай Мая Бағыз­баеваны МГУ-ге ауыстырып алады. Кейін ол қазақ филологиясына ерекше үлес қос­қан ғалым болды. Филология ғылым­дары­ның докторы, профессор атанды. 

Жатақханадағы студенттік тойға ректор И.Петровскийдің өзі келіп, екі жасты құт­тықтайды. Мүмкін Өмекеңнің дархан­ды­ғы мен кеңдігі, жастарға қамқор болатын қасиеті МГУ ректорынан дарыған шығар. Оның маған да ұстаздық танытып, ғылымға баулығаны осындай өмір көргенінен болар деп ойлаймын.

Талапты әрі ғылымға құмар, қағілез, қазақ жігіті, атақты ғалым, И.Арто­болевс­кий­дің көзіне түсті. Ұлы ұстаз бүркіт сияқ­ты. Ол қыран болар балапанды ерте бай­қайды, қанатын қатайтады, ерте бап­тайды. 

Өмірдің өз таңдауы мен өз жолы бар. Өмір­бек Жолдасбеков атақты университетті үздіктердің қатарында бітіріп, туған жері Шым­кентке келіп, осындағы Қазақ техно­логия институтының Математика және механика кафедрасында оқытушылық қызмет атқара бастады. 

Бір күні ұстазы, академик И.Артоболевс­кийден мынадай хат келеді: «Шәкіртім Өмірбек Арысланұлы, өзің өте жақсы көретін М.Ломоносовтың мына бір сөзін қа­періңе салғым келеді. «Честь Российского народа требует, чтобы показать способность и остроту его в науках». Ұлы ұстаз айтпақшы, өз халқыңның ғылымына пайда әкелуді ой­ласаң, кел де аспирантураға оқуға түс».

Бұл хат Өмекеңді қатты ойландырады жә­не нақты шешім қабылдауына әсер ете­ді. Ол нар тәуекел деп Мәскеуге аттанды. Аспирантураға түсті. Үйреншікті ауди­то­риялар, кітапханалар, зертханалар... Осылай, зор абыроймен кандидаттык диссертациясын қорғады. Кейін ғылым докторы атанды. Елі­міздегі мехнизмдер мен машиналар тео­риясы мектебін салу жолы басталды. 

Әсем Алматыдағы Қазақ политехникалық инс­титутында доцент, кафедра меңгерушісі, проректор болды. 35 жасында мемлекетімізде «Механизм, машина және автоматика тео­риясының маманы» деп аталатын ас­пирантура ашты. Өзі де ғылыми-техникалық, ин­женерлік ғылымның қалыптасуына ерекше үлес қосты. Ұстаздары, академиктер И.Артоболевский, А.Ишлинскийдің ғы­лыми мектебін одан әрі жалғастырды және дамытты. 

Жоғары дәрежелі механизм теориясы ая­сында көптеген ғылыми жаңалық ашты. Жүк көтергіш машиналар туралы ғылыми еңбегін сол замандағы Югославияның «Мега-18 новемби» фирмасы, ал ВШ-8 кө­тергішін АҚШ-тың Хоуп Индастрис фирмасы сатып алды. Сондай-ақ 1960 градус ыстықта болат қорыта алатын конверторда жұмыс істеуге лайықталған манипулятор шетелдік патентке ие болды. Бұл сол кезеңдегі ірі ғылыми жаңалық бо­ла­тын. Осылай, қазақ ғалымының аты әлем­ге танылды. 

Халықаралық және Ресей инженерлік академиясының президенті Борис Гусев Өмекеңді «Шығыстың ХХ ғасырдың ба­сындағы әл-Фарабиі» деп бағалағаны тегіннен тегін емес қой. 

Өмірбек Жолдасбековтің жарқын да жарық жолы ойдағыдай жалғасты. С.Киров атындағы мемлекеттік университеттің рек­торы болып бекіді. Мемлекеттік  уни­вер­ситеттің даңқы дүр етіп көтерілді. Шын­дығын айтсақ, ректорлық қызмет Ө.Жол­дасбековті көтерген жоқ қайта Жол­дасбеков ректорлық қызметтің абы­ройын асқақтатты. Ол ең алдымен, кезінде Ас­қар Закарин көтеріп кеткен КазГУ қа­ла­шығын салу жөніндегі қаулыны тауып алып, оны төрт ай ішінде қайта жаңғыртты. Сол 1970 жылдың желтоқсан айында Үкі­меттің қаулысын шығартып, КазГУ қа­ла­шығы үшін 70 гектар жер телімін бөлдіріп ал­ды. Оның 10 гектары Ботаникалық бақ пен «Весновка» өзені арасындағы жер те­лімі болатын. 

Өмірбек Арысланұлы ұлы құрылыстың ба­сы-қасында өзі жүрді. Күн демей, түн демей құрылыс барысын қадағалап отырды. Құрылысшылармен сөйлескенде оларды баурап алатын, әдемі қазақы қалжыңы Өме­кеңе ғана жарасатын. Адами мінезге то­лы осы бір кездесулер құрылысшыларды көңіл­дендіріп жіберетін. Он жыл ішінде бір­неше жатақхана, биология, география жә­не қоғамдық факультеттердің ғи­мараттары, 400 пәтерлік тұрғын үй, бала­бақша салынды. Бұл академик Ө.Жол­дасбековтің даңқын шығарған, қуанышқа бөлеген сындарлы жылдар болды.

ҚазМУ десе ҚазМУ-ге айналды. Сырты қор­шалды. Сол кездері Қазақстан Ком­партиясы Орталық Комитетінің бірін­ші хатшысы Д.Қонаев пен Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы К. Ауха­диев сынды ұлт қайраткерлері сту­денттер қалашығы құрылысының сәтті басталуына жә­не аяқталуына ерекше қамқорлық жаса­ды.

Ректор Ө.Жолдасбеков ҚазМУ-ды М.Ломоносов атындағы универ­си­теттің шағын көшірмесіне айналдырды десем артық айтпаспын. Өйткені студент жас­тар бір жерде оқып қана қоймай, ғы­лыммен айналысуға да мүмкіндік алды. 

Университет оқытушыларының сандық жә­не сапалық құрамы өзгергенін зор мақ­танышпен айта аламын. 1971 жылы уни­верситетте 52 ғана ғылым докторы мен 309 ғы­лым кандидаты жұмыс істесе, 15 жыл­­­дан соң мұнда 30 академик, 200 ғылым док­­­торы, 700-ден астам ғылым кандидаты жұ­мыс істеді. Студенттер саны да өсті. Осы кезеңде ҚазМУ студенттерінің саны Ұлыб­ританияның атақты Оксфорд, Кембридж, АҚШ-тың Гарвард сынды уни­верситеттерімен пара-пар деңгейге көтерілді. 

ҚазМУ-де қолданбалы Математика факультетінің беделі артты. Өмекең болашақ даму ғылым мен техника саласында екенін жақсы білді. Осы кезеңде өзінің үлкен ғы­­лыми мектебін құрды. Өзі 24 ғылым док­торы мен 90-нан астам ғылым канди­датына жетекші болды. 

Ғылымдағы және қоғамдық қызметтегі жоғары табысы үшін Өмекең Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сай­ланды, Мемлекеттік сыйлықпен мара­патталды. Ол 400-ден астам ғылыми ең­бек­тің авторы болды. 18 монография мен 30 оқу құралын жазды. Бұл Өмекеңнің ең­бек­қорлық, ұйымдастырушылық қасиет­терін аша түсті. 

...Бірде Өмірбек Арысланұлы Швеция Корольдігінен шақыру алды. Сонда барып, дәріс оқыды. Ал Швеция инженерлік ака­де­миясының құрылғанына  сол кезде 100 жыл болған екен. Бұл ұйымның құрылым­дық, мақсат-мүдделерін зерттей келіп, Өмекең Алматыға тастүйін пікірмен оралды. 

– Қазақстанның жеке инженерлік ака­демиясы – болашақ инженерлік кадр­лардың алтын ұясы болады, – деді ол. За­ман талабы соған алып келеді. Ғылым мен техникасы дамымаған елдің эконо­ми­калық әлеуеті де дамымайды. Қазір бәрі ақи­қатқа айналды. Қазақстанның Ұлттық Ин­женерлік академиясы құрылды. Оның бірін­ші президенті – академик Өмірбек Жол­дасбеков. Біз дана ғалымның, дара ға­лым­ның ізбасарларымыз. 

1986 жылғы студент жастардың көтерілісі Өмірбек Арысланұлын да айналып өткен жоқ. Бұл оқиғадан алты ай бұрын ол қыз­метінен кеткен болатын. Әртүрлі айып та­ғыл­ды. Бірде-бірі дәлелденбеді. Өкінішке қарай, Желтоқсан оқиғасын сылтау етіп, Мәскеу саясаты Өмірбек Арысланұлын қу­далады, партиядан  шығарды. 

«Аққа құдай жақ» дегендей, 1990 жылы  Өмірбек Арысланұлы ХІІ шақырылған Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі туралы декларацияны қолдап, дауыс берді. Кейін І шақырылған Қазақстан Рес­публикасы Парламент Мәжілісінің де­путаты болып сайланды. Комитет төра­ғасы болды. Мемлекет және қоғам қайраткері ретінде білім мен ғылым саласының, әде­биеті мен мәдениетінің, халықтың әлеуметтік жағынан қорғау бағытындағы заңдардың қабылдануына ерекше еңбек сіңірді. 

...Өмекең өмірден өтті. Бірақ санадан өш­пес із қалдырды. Оның ізгілік жолдары сай­рап жатыр. Жолдасбеков жолы жас, та­лантты қыз-жігіттерге үлгі болып қалды. 

Мемлекетіміздің басшысы Қ.Тоқаев тех­ника, инженер кадрларын дайындаудың жаңа концепциясын ұсынды. Шетелдік ай­тулы техникалық жоғары оқу орын­дары­ның филиалдары ашылып, жұмыс іс­тей бастады. Сондай-ақ техникалық ма­мандықтар бойынша қомақты гранттар бө­лініп жатыр. 

Өмекең дегенде ҚазҰУ, ҚазҰУ де­ген­де Өме­кең еске түседі. Қазақтың заң­ғар ұлы Д.Қонаев: «ҚазМУ қалашығын салу үшін Өмір­бек Жолдасбековтей те­геурінді, мықты рек­тор керек болды. Ол бая­ғының батыр­ла­рындай ҚазМУ қала­шы­ғын салуға түн ұй­қысын төрт бөлді. Ол қа­зақ білімі мен ғы­лымының болашағын қа­лыптастырды», – дегені естен кетер ме?!

Қазақстан Республикасы Министрлер кеңесінің төрағасы Байкен Әшімов: 

– Бұл күндері Алматы қаласының Қазақ мем­лекеттік университетінің қалашығын салу осы оқу орнының ректоры Өмірбек бауы­рымның да ерекше қарім-қабілетін, ұйымдастырушылық шеберлігін және істің көзін таба білетін басшы ретінде танылуына өз әсерін тигізді. Біздің елімізде тұңғыш рет Ұлттық Инженерлік академияның ашылуы да ірі ғалым Ө.Жолдасбеков есімі­мен тығыз байлынысты. Бұл ғылымымыздың дамуына жаңа заман талабымен қосылған үлес екені даусыз, – дегенінде қаншама се­нім мен құрмет жатыр. 

– Ол өте кең, парасаты мен санасы биік, шығармашылық адамдарын құр­мет­тейтін және не нәрсе айтса да құйындатып, от болып лаулап, жанып кететін, – дейтін белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Жекен Қалиұлы. 

– Өмекең екеуміз Жоғары Кеңестің ХІІ ша­қырылымының депутаты болдық. Жо­ғары Кеңестің құзыреті де, Өмекеңнің бе­делі де өте жоғары еді. Министрлер есі­гі­нің алдында қаздай болып тізіліп тұратын. Ал мемлекеттің Тәуелсіздік туралы деклара­ция­сын қабылдау кезінде, «кімде-кім ба­балар аңсаған бұл декларацияны қол­да­маса, ол  халық сайлаған депутат деп есеп­темеймін», – деп айтқан болатын. Дек­ларация қабылданғанда оның кабинеті той дастарқан болып кеткені әлі көз ал­дымда. 

Қытайдың ұлы ойшылы Конфуций: «Өт­кенге қарап, жаңалық жасай алатын адам ұстаз деген атаққа лайықты... Өзінен бұрынғыларға көрсетілген құрмет өзінен кейінгі ұрпақ арқасында жаңғырады», – деген екен. Расында да, дүниеден озғанына 25 жыл өтсе де, Өмекеңнің есімі шәкірт­тері­нің есінен әлі де кеткен емес. Шәкірттері ма­қалалар жазады, замандастары еске ала­ды. 

Қазақ ұлттық университетінің 90 жыл­дық мерейтойы қарсаңында ұлы ұстаз жай­лы толғамымның бір сыры осында.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғы­лым комитетінің Механика және ма­ши­натану институты академик Ө.Жолдас­бе­ковтің  атымен аталады. Ұлттық уни­вер­ситеттің Ө.Жолдасбеков атындағы сту­­денттер сарайының алдына атақты ға­лым ағамызға арнап ескерткіш қойдым. Бұл – академик Ө.Жолдасбековке де­ген құрметім мен ізгі ниетімнен туындаған еді. Замандасы классик-жазушы, Қазақ­стан­­ның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың: 

– Қырау қабақ Талғар мен найзағай шыңы – Найзақараны аңғармау қандай мүм­кін болмаса, ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақ зиялыларының арасынан Өмекеңдей көксеңгірді жыға танымау, таусыла таң қалмау, айрықша бағаламау, қолдан келмейтін кеудемсоқтық болар еді. ...Талай ғасыр есесі кетіп, тауы шағылған қазақ руханиятының таланты мен тау жыға алған тарланы еді. Қазақ рухының нағыз Геркулесі еді, – деген жүрек­жарды сөзі әр қазақтың санасында сақталып қалды. 

...Атақты И.Ньютон айтқан екен: «Егер мен біреулерден гөрі, алыстағыны көрсем, ол менің ұлы алпауыттардың иығында тұ­рып алысты көргенімнен». Бұл сөздер ака­демик Ө.Жолдасбековтің өмір прин­циптеріне өте сәйкес келеді. Ол СССР ғы­лым академиясының академиктері И.Артоболевсикй, Е.Велихов, Л.Седов, Г.Черный, А.Ишлинский, О.Белоцер­ковский, И.Образцов, Х.Рахматулин тағы да басқа ұстаздарының ғылыми мектебі ар­қылы осындай атақ пен биікке көтеріл­генін айтып отыратын. «Ұлық болсаң, кі­шік бол» деген осы шығар. 

Жұлдыздар биікте жанады, арманды өсіреді, жас ұрпақты биікке қол создырады. 

Жаңа Қазақстанның талғампаз ұл-қыз­дары Ө.Жолдасбеков сынды қазақ ғылы­мының жұлдызына айналған биік тұлғаға қарап, ой да, бой да түзейді.  

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,

ҰИА Президенті,

Ғылым және техника саласындағы 

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты