Оны жалпылама – ұлттық құндылықтар дейміз. Осы ретте ұлттық ойындарымыздың орны бөлек. Біз осы мақаламызда ұлттық спорттың ұлтымыз үшін қандай маңызға ие екендігі жайлы сөз қозғауға бел будық.
Жасырары жоқ, соңғы уақытта ел билігінің ұлттық спортты дамытуға, ұлттық кодымызды жаңғыртуға деген ерен құлшынысы байқалады. Халықаралық деңгейде, өңір-өңірде ұлттық спорт түрлерінен өтіп жатқан жарыстар, аламандар соның айқын көрінісі. Мемлекет басшысы бұған айрықша назар аударып, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы қайта түледі. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге берген Қазақстанның өтінімін былтыр қыркүйек айында Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы бірауыздан қолдағаны, сонымен қатар Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясына ресми мүше болуы жемісті атқарған жұмыстар нәтижесі болса керек. Көкпар, жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу, бәйге, құсбегілік, дәстүрлі садақ ату, тоғызқұмалақ, асық ату және арқан тартыс секілді ұлттық спорт түрлерінің федерациялары қауымдастық аясына біріктірілгені де, федерация басшыларының шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтін ел алдында беделді кәсіп иелері болуы да қауымдастықтың қадамын нықтап, өрісін кеңітіп отыр. Сонымен, ұлттық спортты дамыту, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту бізге не береді?
Бұқаралық спортқа айналып келеді
Ұлттық ойындар – өскелең ұрпақты үйлесімді тәрбиелеудің ажырамас бөлігі. Қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаев ұлттық ойындарды «халық мәдениетінің бастау алар қайнар көзі, ойлау қабілетінің өсу қажеттілігі, тілдің, дене шынықтырудың негізгі элементі» деп тұжырымдаған екен. Бүгінде ұлттық спорт түрлері бұқаралық сипатқа айналып келеді. Статистикаға сүйенсек, ұлттық спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысатындардың саны 2019 жылы 399,3 мың адамнан 2020 жылы 432,4 мың адамға дейін өскен. Ал 2022 жылы ұлттық спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысатын қазақстандықтардың саны 580 мыңнан асқан. Сондай-ақ ұлттық спорт түрлері бойынша үйірмелердің саны 16 555-ке жеткен. Мәселен, асық атудан Қазақстанда 2 237 асық ойыны үйірмесі бар болса, онда 77 мыңнан астам адам ұлттық спортпен шұғылданады. Көрермені бойынша да, қатысушылар саны жағынан да көкпар – көш басындағы ұлттық спорт түрінің бірі. Елімізде 78 мыңнан астам адам көкпар спортымен айналысса, оларды жаттықтырып, шеберліктерін шыңдайтын 916 үйірме бар. Ал қазақ күресіне қатысушылар саны мен жанкүйерлері бойынша алдыңғы қатардан көрініп, бүгінде еліміз бойынша 4 427 қазақ күресі үйірмесі жұмыс істейді. Онда 159 мыңға жуық адам осы спорт түрімен жүйелі түрде шұғылданады. Елімізде ұлттық спорт түрлерінің ішіндегі ең танымалы – тоғызқұмалақ. Адамның ойлау қабілетін дамытып, тапқырлыққа тәрбиелейтін зияткерлік ойын жас ерекшелігіне қарамастан жалпыға қолжетімді. Қазақстанда 6 856 тоғызқұмалақ ойыны үйірмесі бар. Оған 207 мыңға жуық адам тұрақты түрде қатысады. Демек, ұлттық спортпен айналысатындар жылдан жылға көбейіп келеді деген сөз.
Туризмнің дамуына бастар жол
Бүгінгі жаһандану заманында әрбір ұлттың өзіндік бет-бейнесін айшықтайтын бірден-бір жолы – ұлттық қадір-қасиеті мен әдет-ғұрпы. Осы ретте ұлттық ойындардың ықпалы ерекше екені даусыз. Бірқатар мемлекеттер ұлттық спорт пен ұлттық ойындарына аса мән беріп, жақсы қаржыландырады. Жапонияның сумосын, Қытайдың у-шуын, Кореяның таеквондосын білмейтін адам кем де кем. Олар ұлттық ойындарын әлемдік дәрежеге дейін көтеріп алды. Ресми ақпарат көздерінің дерегіне жүгінсек, бұл елдерде ұлттық спорт түрлері мен мұраларына арнайы қаражат бөліп және оны басқаратын әрі бақылайтын орындар бар. Тіпті, мыңжылдықтардан бері жалғасқан ұлттық ойындарын бүгінгі күнге дейін жеткізді. Мәселен, корейлерде «Ссирым» атты ұлттық күресінің пайда болғанына 1 500 жыл толған. Дегенмен ұлттық ойындарын ұмытпаған корейлер оны насихаттау мақсатында спорттың бұл түрін мектеп бағдарламасына да енгізіп қойыпты. Сондай-ақ өзге жұрттар ұлттық ойындарын туристерді тартатын ең мықты жарнама ретінде қарастырады. Мәселен, испан корридасы және фламенконымен әлемге танымал екенін, сол арқылы туризмін дамытқанын білеміз. Осынау ойын түрін көру үшін әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылып, Испанияның ұлттық ойынын тамашалайды. Бүгінде Испанияның ішкі жалпы өнімінің 70 пайызын туризм саласына жататын қызмет көрсету секторы беріп отыр. Сол секілді жұмыс істеуге қабілетті жастағы испандықтардың 72 пайызы туризм саласында. Шетелдік туристердің келуі тұрғысынан Испания әлем мемлекеттерінің үздік үштігіне кіреді, ал Еуропада біріншілікті Франциямен ғана бөліседі. Испанияның Индустрия және туризм министрі Жорди Хереу 2023 жылы елге келген турист санының 84 миллионнан асқанын айтты. Бұл – қазірге дейінгі ең жоғары көрсеткіш. Деректерге қарағанда, елге келген турист саны 2019 жылы 83,5 миллион болса, 2023 жылы 84 миллион турист келіп, туризм табысының көлемі 108 миллиард евродан асқан.
Көнеден тартқан тарихынан сыр шертетін біздің ұлттық ойындарымыз өзге елдікінен еш кем емес. Мәселен, бір ғана бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайып – қазақты әлемге танытқан тарихтағы ең жас бүркітші ретінде танымал. Атақты америкалық режиссер Отто Белл түсірген Айшолпан туралы «Бүркітші қыз» (The Eagle Huntress) фильмінен соң, Моңғолиядағы этникалық қазақтардың дәстүрін тамашалауға әлемнің 31 мемлекетінен туристер ағылған. Еуропа елдері мен АҚШ-тың бірнеше басылымдары арнайы мақала жариялап, қазақтың бүркітшілік өнері мен Айшолпанның батылдығына таңғалысқан. Сонымен қатар өзге де ұлттық ойындарымыз туристердің ерекше ықыласын оятатынына сеніміміз мол. Бұл ретте осы жылы елімізде өткізілетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны біз үшін таптырмас мүмкіндік екенін есте ұстаған жөн. Мәселен, 2014 жылы бұл жарысқа 19 мемлекеттен 583 спортшы, 2022 жылы Түркияда өткен ойындарға 102 мемлекеттен 3 000 спортшы қатысқан. Ал биылғы елімізде өтетін шараға әлемнің 100-ден аса елінен 3 000-нан аса спортшы, 15 мыңға жуық шетелдік турист келеді деген болжам бар. Бұл дегеніміз – бір жағы ұлттық ойындарымыз насихатталса, екінші жағынан туристердің қазақтың этно-мәдени тұрмысымен, ұлттық ойындарымен танысуға мүмкіндік алады деген сөз.
Ұлттық кодымызды жаңғыртады
Ұлттық ойындарымыздың шығу тарихын білу мақсатында журналист, этнограф Бекен Қайратұлымен байланысқа шықтық. Этнограф біздегі ұлттық ойындардың дені жауынгерлік жаттығулардан тұратынын атап өтті. «Қазіргі ұлттық спорт түрлерін, меніңше, ұлттық сайыс және ұлттық ойын деп екіге бөліп ажыратып алуымыз қажет. Мәселен, ұлттық ойындарға асық ату секілді ойындар жатады. Бұл жас жеткіншектерді спортқа баулудан бұрын ұлттық сайыстарға дайындау мақсатындағы машықтар десек болады. Ал ұлттық сайыстарға келетін болсақ, ол – жауынгерлік жаттығулар. Бұрын құдайдың құтты күні соғыс бола бермейтін. Бірақ ел басына күн туғанда ерлеріміз сол күнге дайын болуы керек болған. «Жау жоқ деме, жар астында» деген сөз содан қалса керек. Осы ретте ұлттық сайыстардың рөлі зор болған. Яғни, бейбіт заманда жасалған әскери машық десек болады. Мәселен, көкпар ойыны. Көкпар ойынында атқа мінуді үйретумен қатар, әскери машықты үйретеді. Айталық, қырғын шайқас кезінде жараланған жолдасын жау қолына тастап кетпес үшін оның денесін жерден іліп алып, майдан ортасынан алып шығу керек. Ал бұл көкпар тартып машықтанған сарбаз үшін қиынға соқпайды. Аударыспақ ат үстінде жауды өңгеріп тастау үшін қажет болса, теңге ілу де қазақ халқының көне ойындарының бірі. Жігіттер осы ойын арқылы соғыс кезінде әскери дайындықтан өтуіне ықпал еткен, аттың үстінде шауып келе жатып, жердегі қару-жарақ және тағы басқа заттарды іліп әкетіп отырған. Ойын негізінен ептілікке, батылдыққа, ат үстінде дұрыс отыруға, жылдамдыққа үйретеді. Біздегі бүгінгі бәйге деп жүргеніміз де соғысқа дайындықтың бір түрі. Бәйге аты сайыс атына жарамайтын болған. Екі аттың мүмкіншіліктері екі бөлек. Қазақ жорға аттарды алыс қашықтықтағы жорықтарға дайындаған. Жорықтар 200-300 шақырымға дейін созылған. Ұшқыр аттардың да өз орны бар. Жаудың зеңбіректері атылып болғанша ерекше жылдамдығымен көзге түсетін аттар – осы аттар. Міне осылайша, жақын қашықтыққа, алыс қашықтыққа жүйріктерді анықтау мақсатында бәйгелерді ұйымдастырған. Жылқының мүмкіндігін зерттеген. Жамбы ату да қазақ халқының бағзы заманнан бері серік еткен дәстүрлі спорт түрі. Кезінде жебе жарыстыратын жарыстар арқылы әрбір қашықтықтағы садақ ату шеберлерін жинап, жауынгерлер шебін жасақтаған. Қазақта ең құрметті адам – мерген болған. Мысалы, кезінде Иранның патшасы қызын ұзатпақ болғанда байға бермей, батырға бермей, мергенге ұзатқан. Мерген деген – ойлау жүйесі, көзқарасы қалыптасқан, көзі алысты көретін сұңғыла жан. Кез келген адам мерген бола бермейді.
Демек, қазір қанымызға сіңген машықтарды жаңғырту арқылы біз ұлттық генеалогиямызды оятамыз, рухымызды тірілтеміз. Санамызды бөгде ақпараттардан сақтаймыз. Мемлекет басшысы биыл бесінші Көшпенділер ойынын өткізуді қолға алып отыр. Мұның артында ұлтымыздың мәдениетін дәріптеу, төл өнерін таныту секілді мақсаттар жатыр», – дейді этнограф.
Бекен Қайратұлы асық туралы да құнды ақпаратымен бөлісті. «Жуырда Моңғолия жерінен археологтер 2 мың жыл бұрынғы ғұндар дәуіріне жататын асықтарды тапты. Ол жерден 20-30 шақты асық шықты. Әрбір асықта ру таңбалары бедерленген. Соның ішінде төрт үлкен асықта ғұндардың төрт үлкен ру таңбасы бар. Ал ол таңбалар Шыңғыс ханның таңбаларымен сәйкес келеді. Демек, Шыңғыс хан барлық әскери жүйе, құрылымдарды, ғұн дәуірінен қалған мәртебелерді көшіріп алынғаны нақтыланып жатыр», – дейді ол. Осы асық ату ойыны турасында бізге мәдениеттанушы Зира Наурызбаева да ерекше мәлімет айтты.
«Асықтар тарихына келер болсақ, сонау алғашқы адамдар да асық жинағаны жайлы деректер бар. Таласбек Әсемқұловтың айтуынша, асықты бүгінгідей балалар ғана емес, ересек адамдар соның ішінде төрелер, хан-сұлтандар, батырлар ойнаған. Соның бірі – тәртікем ойыны. Оның ендігі бір атауы – «Төрт тарап, жеті ықылым, қырық тақта». Ертеректе ол Шыңғыс ханның кіндігінен тараған текті тұқым төре ұрпақтарының соғыс ойыны саналған. Кем дегенде 200 мыңға дейін, одан асса 500 мың асықпен ойналған. Тәртікем ойыны аумағы ат шаптырым, айнадай жарқыраған ақ тақырда өткізілген. Ойынға ат үстінде де, жаяу жүріп те қатысуға болады екен. Қолбасшылар мен сардарлар кейде асықтарды өздері атса, кейде бұған арнайы көмекшілері араласқан. Асықтардың түсіне қарай олардың дәрежесі анықталған. Қырық телімге сызбаланған ойын алаңының қақ ортасында «Бақ» деп аталатын қала орналасады. Ойынға қатысатын тараптар осы қалаға иелік ету үшін жан алысып, жан беріскен тартысқа түсетін болған. Бұл арада асықтар әскердің қызметін атқарып, өз ішінде жаушы, жауынгер, қолбасшы, сатқынға бөлінеді. Бұл ойынның астары белгілі бір оқиғаға, жөн-жосыққа негізделгендіктен, соғыс тағдыры алдын ала шешіліп қойылатын болған», – дейді ол.
Сонымен қатар ата-бабаларымыз қойдың құмалағынан да ойынның сан түрін ойлап тапқан. Тоғызқұмалақ ойыны осыдан қалса керек. Археолог-ғалымдардың пайымдауынша, оның пайда болу мерзімі төрт мың жыл шамасын қамтиды екен. Жас ұрпақтың дене шынықтыру тәрбиесімен қатар, ақыл-ойының дамуына да ерекше мән берген бабаларымыз тоғызқұмалақты ойлап тауып, оны зияткерлікті дамыту құралы ретінде қолданған. Бүгінгі күні ұлттық ойынның бұл түрі де жанданып келеді. Оған халықаралық деңгейде де қызығушылық артып келеді. Мәселен, бұл ойынға шетелдегі қазақтар ғана емес, Англия, Германия, Испания, Ресей, АҚШ сияқты мемлекеттер халқы да қызығушылық танытуда. Біздіңше, бұл ұлттық ойынымыздың маңыздылығын көрсетеді. Осы тұста айта кетерлігі, тоғызқұмалақ ойыны Лондон және Чехия елдерінде өткен зияткерлік олимпиаданың бағдарламасына еніп те үлгеріпті.
Ендеше қандай ойын түрі болмасын, оның шығу тарихы тереңде екенін, бұл ойын түрлерімен ойнаған адамның санасы тез дамып, ойы ұшқыр, алғыр болатынын байқадық. Бүгінде сонау көне тарихы бар бұл ойын түрлері жаңа заманның талабына сай өзгеріп, дамып жатқанына қуанбау мүмкін емес.
TURKTIME һәм түркі бірлігінің айнасы
Бүгінде түрлі жерде түтінін түтетіп, елдігін түлетіп отырған түркілер Қазақстанға келген сәтте «Атажұртқа келдік» дейтіні жасырын емес. Түркістанды түркі әлемінің бесігі, рухани астанасы санайтыны тағы бар. Бұл жай ғана жасанды, жалынды сөз емес. Түркілердің Алтайдан тарағаны рас. Қазір түркілердің бірлігіне айрықша көңіл бөлініп, Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКПА, Түркі академиясы, ТҮРКСОЙ және өзге де ұйымдар жұмыс істейді. Мұның ішінде жалпы түркіге ортақ көшпенділер ойыны да түбі бір түркілер үшін достықтың, ынтымақтастықтың бір кепілі сынды. Қазір түркі елдерінің басын қосатын ең үлкен ұйым, ол осы Түркі мемлекеттері ұйымы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы саммитінде негізгі баяндамасын жасап, «Түркі дәуірі» (TURKTIME) деген ұранды ерекше атады. «Осыған орай, салт-дәстүр (Traditions), біртектілік (Unification), реформалар (Reforms), ғылым (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy)» атты сегіз мәселеге басымдық береміз. Бұл басымдықтар ұйымның 20-шы саммитіне дейінгі он жылды қамтитын қысқа және орта мерзімге арналған. Шын мәнінде, түркі бірлігін дәріптеудің маңызы өте зор. Біздің тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз және діліміз – ортақ. Осыған байланысты Түркі мемлекеттері ұйымының, оның құрылымдарының туларын және эмблемаларын бір үлгіге келтірген жөн. Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамытуға мүдделі. Түркі ықпалдастығын тереңдету – ортақ мұрат. Біз «Түркі әлемі» атты жаңа брендті дәріптеуіміз керек. Сонда ғана түркі халықтарының ынтымағы барынша нығайып, әлеуеті арта түседі», – деген еді Мемлекет басшысы.
Осы ретте биыл елімізде өтетін бесінші Көшпенділер ойыны осы бірлігімізді бекемдей түсуге, ынтымағымызды нығайта түсуге сеп болары анық. Тарихы мен түбі ортақ түркі халықтары үшін мұның да маңызы айрықша болмақ.
Ұлттық ойындар – еліміздің бренді
«Алты күн аш қалсаң да, атыңды сайла» деген тұщымды ой айтып, ұшқыр қиялды қанат еткен қазақ халқы тарихи керуен жолдарын тұлпар тұяғымен тоздырған. Содан болса керек, біздің ұлттық ойындарымыздың дені – ат спортына қатысты. Ежелгі Ботай қонысында жылқының алғаш қолға үйретілгені жөніндегі деректер біздің көнеден бергі тіршілігіміз атпен байланысты екенін дәлелдесе керек-ті. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі болды. Танымал ақын Тыныштықбек Әбдікәкім «Сөзтанымда «Атқа міну мәдениетінің» де өз пәлсапасы бар. Ол ғылым «Адам – сөйлескенше, жылқы – кісінескенше», «Жылқыға бас білдіру», «Қазақ – жылқымінезді» секілді рухани сансыз формулалардан басталып береді. Олар өз кезегінде, Адамдық Рух пен сананың «кентаврлық» (жартылай адам – жартылай жылқы) сипатын да тамаша ашып береді. Ол да – Адамтанудың сыры ашылмай жатқан ежелгі бір концепциясы», – дейді. Содан болса керек, аламан бәйгелер мен жарыстарда қазақтың өзгеден бәсі жоғары. Бұған кешегі әйгілі шабандоз, әлемге танылған жерлесіміз Бауыржан Мырзабаев, жылдамдығымен дүйім жұртты аузына қаратқан қазақстандық Кабирхан жылқысы дәлел. Ән әлемінде Димаш Құдайбергенов қалай дүйім жұртқа танымал болса, ұлттық спортта да осындай жұлдыздар әлі де шығуы ғажап емес. Еліміздің ұлттық брэндіне айналмасына кім кепіл? Жоғарыда бүркітші қыз Айшолпан туралы айттық. Айшолпанның ізін басқан сіңлілері де аз емес. Мәселен, Аяжан Даниярқызының көпшілікті тәнті етер көркі ғана емес, құсбегілікпен айналысқан ерлігіне де таң жұрттар жетерлік. Ол өзінің құсбегілікпен айналысып жүргеніне шамамен 2 жылдай болғанын айтады.
«Басында Сұлтансері этно-өнер орталығы әлеуметтік желілерге жариялаған садақшы қыздар кастингі бойынша келген болатынмын, сонда ұстазым Сұлтансері Бекетұлының құстармен айналысып жүргенін көріп, басында қолғабыс болып, кейіннен осы жолды таңдауға бел будым. Өзім кішкентайымнан жануарларды жақсы көретіндіктен болар, бүркіттерге тез бауыр бастым. Құсбегі мен олардың қырандарының арасындағы байланыс үрейге емес, өзара сыйластық пен сенімге негізделген деп санаймын. Ол қыран құстың болмысын түсіну, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр аясында терең достық пен ынтымақтастыққа тәрбиелеу болып табылады. Бүркіт аңшы серігі ғана емес, ортақ тарихымыз бен мәдени мұрамыздың символына айналды. Сондықтан мен осы жолды таңдадым. 2023 жылда өткен барлық дерлік турнирлер мен жарыстарға қатысып келе жатырмын, ең алғаш финалға шыққан жарысым Көкшетау қаласында өткен жарыс болды. Бүркітімнің сол жерде ұшқырлығы 2 секундқа қалып қалды. Дегенмен сол жарыстан кейін бағым жанды десем болады. Кейін өткен барлық дерлік жарыстарда ақтық мәреге дейін өтіп жүрдім», – дейді ол.
Демек, ұлттық спорттың ұрпақ тәрбиесіне берер тағылымы зор. Жастарымыз шетелдік әртістерге емес, қазақы танымдағы тарихи мұраларға, ұлттық ойындарға қызығып, ұлтжанды болып тәрбиеленуіне ұлттық спорт ерекше үлес қосып келеді.
Елімізде осындай мақсатты негізге алған «Ұлттық сезім» флешмобы да ұйымдастырылып келеді. Бұл бастаманың мақсаты – мәдени құндылықтарымыз бен салт-дәстүтүрімізді дәріптеу арқылы халықтың бірлігін нығайту. Флешмобқа қатысушылар бір күн бойы заманауи стильге негізделген ұлттық киімдер киіп, дәстүрлі нақыштағы сәндік бұйымдар тағып жүреді. «Ұлттық сезім» жобасы алғаш рет 2023 жылдың 1 желтоқсанында басталып, кейін жобаны 7 мыңнан астам адам қолдаған болатын. Бұл да болса ұлттық идеолгияның бір үлгісі болса керек.
ТҮЙІН:
Ұлт ойындары – ертеден-ақ жалпы этнографиялық әдет-ғұрыппен бірге дамып, жетіліп, ендігі жерде өз алдына бір бөлек зерттеуді керек ететін қазақ этнографиясының бір бұтағы. Кезінде 1950-60 жылдарда әйгілі футболшы Пелені Бразилия ұлттық құндылық деп жариялап, үстінен құс ұшырмай аялағаны мәлім. Тіпті, адамның өзін ұлттық құндылық деп есептеп, оған айрықша қолдау білдірген мұндай ұлттар аз емес. Бұл ретте тасын түртсең, тарихтан сыр шертетін осынау ұланғайыр даламыздың құндылықтарын дамыту – бізге міндет, болашаққа парыз. Жазушы Антуан де Сент-Экзюпери «Кеме жасау үшін оған алыстан атақты ұсталар мен ағаш шеберлерін шақыртып, құрал-сайман жинаудың қажеті жоқ. Одан да сол кемеге мінетін халықтың мұхитқа деген мәңгілік аңсарын оят. Олар кемені өздері жасап алады» деген екен. Демек, елдің ұлттық құндылықтарға деген ықыласын ояту – ұлт болашағы үшін де маңызын жоймақ емес.
Наурызбек САРША