БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары Қанат Қарабалаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткендей, жауапты адамдар бекітіліп, қажетті техника, құралдар әзірленген.
Әдетте, жыл сайын билік өкілдері су тасқынына дайынбыз деп есеп береді. Естеріңізде болса былтыр, яғни 2023 жылдың көктемінде де БҚО су тасқынына сақадай сай деген болатын. Өкінішке қарай, іс жүзінде олай болмай шықты. Былтыр Орал қаласы мен Бөрлі, Қаратөбе, Шыңғырлау, Сырым, Казталов және Бәйтерек аудандарының кей ауылдарын су басып кеткен болатын. Тіпті, Қаратөбе ауданы бойынша Шалғын ауылы мен Жәнібек ауданындағы Жақсыбай ауылында су басқан үйлер жарамсыз болып қалып, жаңадан үй салды. Бұл былтырғы қыстың әлегі еді. Ал биылғы су тасқынына БҚО дайын ба?
Биыл аймақта 147 елді мекенді су басу қаупі бар. Ал қаланың өзінде 31 саяжай суға кетуі мүмкін. Осы 31 саяжайдың өзінде 1 300-ден астам адам тұрады. Оның ішінде 322-сі – бала. Негізінен БҚО үшін биылғы көктем су тасқыны қаупін анық сездіріп отыр. Бұл туралы брифингте БҚО әкімі өзі де айтты.
«Қазір тоңның қалыңдығы 30-50 сантиметр аралығында. Оған жер бетіндегі мұздың жамылғысы қосылса, қар суы сай-саланы қуалап кетуі мүмкін. Әсіресе, биыл Жайық өзені ерекше назарда болуы керек. Өйткені Ресейдегі әріптестерімізден алынған ақпаратқа сәйкес ол жақта да қар қалың. Сондықтан қар күрт еріп, су тез келсе, облыста 1994 жылғы жағдай қайталануы мүмкін. Онда Жайық деңгейі 8 метр 30 сантиметрге жеткен болатын. 6 метрден асқан жағдайда саяжаялар суға кетеді. Сондықтан осындай мәселе қаперге алынып, барлық дайындық жұмыстары жүргізілді. Әлі де пысықталады», – деді өңір басшысы Нариман Төреғалиев.
Ал ауа райын болжаушылар болса биыл тоң қалың түсті, егер оның бәрі бірден еритін болса облыс үшін қауіпті деп болжап отыр.
«Облыс бойынша орташа қар қалыңдығы — 12 сантиметр, бұл нормадан 6 сантиметр төмен. Бәйтерек, Бөрлі, Шыңғырлау, Теректі, Қаратөбе аудандарында өте қалың. Теректі, Шыңғырлау, Бөрлі, Қаратөбе аудандарында қардағы ылғал қоры нормадан жоғары. Ал қалған аудандар мен Орал қаласында норма шамасында және одан төмен. Өңірде қардағы орташа ылғал қоры қалыпты болғанымен, былтырғы жылғыдан 2 есеге көп. Өзен бассейндерінде 60 милиметрге дейін қалыңдықта топырақтың бетінде мұз жамылғысы қалыптасқан, бұл көктемгі уақытта далалық аймақта еріген қар суларының өзен арнасына құйылу процесін тездетеді»,– дейді Қазгидрометтің БҚО филиалы директоры Т.Шапанов.
Мамандардың сөзінше, тоң қалыңдығы облыс бойынша 23-89 сантиметр аралығында. Орал қаласымен қоса Бәйтерек, Теректі, Сырым, Шыңғырлау және Бөрлі ауданында тоң қалың. Облыс бойынша орташа тоң қалыңдығы – 57 сантиметр. Соңғы 10 жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 10 сантиметр, ал былтырғыға қарағанда 2 есе төмен.
Филиал директоры келтірген алдын ала гидрологиялық болжамға сәйкес облыс өзендерінің алаптарында күзгі топырақтың ылғалдануы нормадан 69-133 пайызға артық. Мысалы, Шыңғырлау, 2-Шежін, Деркөл, Шаған, Өлеңті, Шідерті өзендерінде көктемде күтілетін су көлемі нормадан артық болады деп болжануда.
Осылайша, былтырғы жылғы ағын көлемімен салыстыра келе, Шыңғырлау, 2-Шежін, Деркөл, Өлеңті өзендерінде су деңгейі қауіпті шектен асып, сол маңдағы ауылды аумақтарды су басуы ықтимал.
Жалпы, биыл Жайық өзені де көтерілуі мүмкін деген қауіп бар. Онда Жайық жағалауын бойлай орналасқан саяжайлар мен елді мекендер түгел суға кетіп қалуы мүмкін.
«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының бас инженер-гидротехнигі Шымболат Ермағамбетов биылғы 10 ақпандағы мәлімет бойынша Жайық өзенінің Орал қаласы тұсындағы деңгейі 145 сантиметр, яғни былтырғыдан (83 сантиметр) 62 сантиметр жоғары деп атап өтті.
Орал қаласында тек саяжай аумақтары ғана емес шаһардың құрамына кіретін кенттерге де қауіп төнуі ықтимал. Соның бірі – Зачаган кентінде былтырғы көктемде Мұрат Мөңкеұлы көшесі бойындағы көпқабатты үйлердің жертөлелеріне ағын су кіріп кетіп, тұрғындар мен мекемелерді әбігерге салғаны бар. Төтеншеліктер мен жергілікті билік осы қауіпке жол бермейміз деп қамданып жатқанын айтады.
Қала және аудан әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес, су тасқынына бейім 147 елді мекенге 47 мың адамға арналған 219 уақытша орналастыру пункті, 317 эвакуациялық техника бекітіліп, үй жануарларын көшіруге 168 қауіпсіз жер белгіленді. Бір ғана Орал қаласының өзінде су тасқыны бола қалған жағдайда адамдарды уақытша орналастыру үшін 27 орын мен бірнеше қонақүймен келісім жасалыныпты.
БҚО ТЖ департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Нұралы Мүсиевтің мәлімдеуінше, өңірде көктемгі су тасқынына қатысты жұмыстар қарқынды жүруде.
Қазір 2 млн теңгеге ғарыштық мониторинг және 80 млн теңгеге аэровизуалды зерттеу жүргізуге, 35 млн теңгеге мұз жару жұмыстарына келісімшарт жасақталыпты.
«Жалпы, тасқын суды қауіпсіз өткізуге бағытталған 144 шақырым арық пен канал, 600-ге жуық құбыр тазаланып, 43 мың шаршы метр мұз кесілді. 25 мың шаршы метр қамыс шабылып, 4 мыңға жуық ойық бұрғыланды. Елді мекендерден қазір 499 мың текше метр қар шығарылды. 32 мыңнан астам құм салынған қап дайын тұр. Бұдан басқа әр апта сайын су тасқынына қарсы сенбіліктер өткізілуде. Сенбілік барысында арықтар мен құбырлар тазалануда, қауіп төнуі мүмкін елді мекендер мен саяжай алқаптарының тұрғындарына түбіршектер қол қойдыру арқылы таратылуда. Департаментпен барлығы 63 техника, 36 жүзу құралы, 70 мотопомпа мен жеке құрамның 305 адамы дайындалды. Техникамен қажетті киім-кешекпен және жабдықпен қамтамасыз етілген олар жедел топтардың құрамында 4 бағыт бойынша бөлінген, жағдай қиындаған жағдайда шұғыл көмек көрсететін болады», – дейді БҚО ТЖ департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Нұралы Мүсиев.
Төтеншеліктер бәрі де ауа райына байланысты болмақ деп отыр.
«Егер қар күндіз-түні ерісе, онда жағдай қиындайды. Ал күндіз еріп, түнде қатып, осылай созылса оның жақсы әсері болады. Ресейдегі әріптестермен әрдайым байланыстамыз. Олардың ақпаратына қарағанда, түскен қар мен күзгі ылғал нормадан жоғары. Нақты болжам наурыз айының басында белгілі болмақ. Орал қаласында 80-нен астам саяжай аумағы бар. Солардың ішінде ең қауіптісі – 1-саяжай және 2-саяжай қауымдастықтары және Шаған, Деркөл өзендері жайылмаларында орналасқан саяжайлар. Егер өзендер арнасынан шығып, жайылмаларды басатын болса, саяжайларға су кіретінді. Мұның табиғи жағдай екенін түсінген жөн. Саяжай тұрғындарын көшіру үшін арнайы қосындар әзірленді»,– деді Н.Мүсиев.
Айтпақшы, өткен сенбі облысқа Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов келіп кетті. Министр мырза өңірдегі су басу қауіпі бар жерлерді аралап шықты.
Жалпы, облыс бойынша көктемгі су тасқынына мамандар түгел дайынбыз деп отыр. Әзірге облыста күн райы жылына қойған жоқ. Ауа райын болжаушылар ақпанның аяғына дейін аяз күтіледі деп отыр. Ал наурыздың басында күн райы күрт жылынады деген болжам бар. Ел билеушілердің сыналар сәті алда секілді.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы
Жыл сайын дүрліктіретін көктемгі тасқын судың әбігері биыл да елге тым ауыр соғар түрі бар. Қазгидромет желтоқсан мен қаңтар айларындағы қардың жылдағыдан бірнеше есе артық түскенін хабарлаған. Оның үстіне күздегі жаңбыр мен одан кейін топырақтың тоң болып қатып қалуы тасқын судың орасан шығынға батыру қаупін еселей түскен. Ертерек қарекет қылмаса, биыл жылдағыдан көп елді мекен қызыл судың астында қалып, опық жеп қалуымыз мүмкін. Бұл орайда қар аса мол жауған Теріскей мен Шығыс Қазақстан облысындағы жағдай күрделі.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арыновтың келтірген деректеріне сенсек, қазірдің өзінде елдің 12 елді мекенінде су тасқыны тіркеліп үлгерген. Жалпы, елдің 10 облысында су тасқыны қаупі аса жоғары болып тұр.
Әсіресе, Ақмола облысындағы жағдай күрделі. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметтері бойынша өңірде қазір Целиноград, Аршалы, Атбасар, Сандықтау және Астрахан аудандарына қарасты 112 елді мекенде су басу қаупі аса жоғары. Деректер бойынша бұл елді мекендерде 13 мыңнан астам халық тұрады.
Өңірде бұрынғы жылдары жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдай қызметі 14 аудан мен 3 қала аумағында су тасқынына қарсы кешенді шаралар жүргізіпті. Атап айтқанда, 2 390 метр су бұру арналары салынып, су тасуы мүмкін болатын өзендердің 1 700 метр арнасы тазартылған. Әдетте, су жағасындағы қалың қамыс пен түрлі өсімдіктің шіріндісі өзендердің табанына шөгіп, судың ағынына кедергі келтіріп, бұл тасқын кезінде өзен суының арнасынан асып, жайылып кетуін туғызатын. Сондай-ақ кейінгі кезде адамдардың өзенге тастап жатқан күл-қоқыстарды да өзен арналарының тайыздауына, әсіресе өзеннің кілт бұрылатын тұстарында су ағынының төмендеуіне әкеліп соққан.
Сондықтан жоғарыдағыдай өзен арналарының тазартылуы аса маңызды шара екені даусыз. Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдай қызметі бірлесіп 18 588 метр су арнасы тереңдетіліп, бұзылып, аласарған 8 мың метрден астам бөгендерді нығыздап бекітіп, 58 дана су өткізу құбырлары салынып, 2 мың шақырымнан астам жолдың жиектері бекітілді деген ақпарат жетті. Жалпы, биылғы су тасқынының алдын алу үшін бөлінген қаржы да қомақты. Облыс бойынша 2 млрд 239 миллион теңге сомасында қаржы бөлінген. Бұл былтырғы су тасқынына қарсы бөлінген қаражаттан 77 пайызға көп. Өңірдің төтенше жағдай қызметі көктемгі су тасқынына барынша әзірлік жұмыстары жүріліп жатқанын алға тартты.
– Қазір мердігер ұйымдармен су тасқыны қаупі бар он ауданның аумағындағы 15 өзен учаскелерінде 20 мың метрден астам аумақта мұз жарылыстарын өткізіп қалың мұзды әлсірету жұмысын жүргізуге келісімшарт жасалды. Елді мекендер аумағынан 486,5 мың текше метр қар шығарылды. Аймақтарда 236 мың тоннадан астам жанармай, 21,8 мың тонна құм және басқа да инертті материал, 81,7 мың бөген қаптары әзірленді. Қазір аталған бағытта жұмыстар жалғасып жатыр. Өңір аумағында реттелетін Сеілеті және Шағалалы су қоймалары бар. Онда қазір су қоры деңгейі 67,8-72,5 пайыз шамасында болып отыр. Төтенше жағдайлар департаменті күш-құрылымдарының жеке құрамында 398 адам, 73 техника, 10 жүзу құралы, 82 мотопомпа бар. Тексеріс қорытындысы бойынша көктемгі мүмкін болар су тасқынына азаматтық қорғаныс жүйесі әзір, – дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қанат Доспаев.
Тасқын судың салдары болмас үшін қыс бойы жауған қарды күреп, тазарту да аса түйткілді мәселе. Өйткені өңірдің әр аймағында қалың қардың кесірінен апталап, тіпті айлап сыртқы әлеммен байланыссыз қалған ауылдар баршылық. Мәселен, Зеренді ауданына қарасты Ұялы, Ақадыр, Шағалалы ауылдарының тұрғындары қыс ортасында бірнеше апта бойы елден шыға алмай қалған еді. Ал көктем шыға жол бойында суағарлардың болмауынан еріген қар суы сарылдай аққан кезде тұтас елді мекен топан суға көміліп, Сандықтау ауданына қарасты Арбузинка, Атбасар ауданындағы Бастау басқа да ондаған ауылдың жан-жағын су басқан «аралға» айналғаны көптің есінде. Бұл орайда сол еріген қар суының өзін қажетке айналдырудың жүзеге аспай жатқаны шымбайға батады. Өйткені жылда су тасқынымен күресіп, оған миллиардтар жұмсағанымызбен жазда Көкше аймағындағы көлдердің суы тартылып, тіпті кеуіп кетіп жатады. Сала мамандары осы жауын-шашын суын да шашау шығармай жинаса өзен-көлдердің де арасынан толтыруға мол септігі болар ма еді дегенді айтады.
Расында да, малмен ғана күнелтетін қара топырақты әрі өзен-көлдері мол делінетін Зеренді, Сандықтау ауданына қарасты ауылдардың тұрғындары шілденің ми қайнатар ыстығында малын суарар арық таппай қиналатыны жасырын емес. Былтыр жаз бойғы қуаңшылықтан көктемдегі қар суы сай-сайды қуалап ағып кеткен. Өйткені тоң болып қатып қалған топыраққа еріген қар суы сіңбейтіні рас. Сондықтан табиғи су арналарының жолдарын өзен-көлдерге қарай бұрып, өзендердің суын молайтса, яки ойпаң жерлерге көлшік жинаса малға суат болар ма еді дейсің...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы