Өңірдің бірнеше ауданында даланың бәрі жылқының өлекселеріне толып бара жатқанын бұған дейін де бірнеше мәрте жазғанбыз. Солардың бірі «Жылқы қырылған жыл» мақаласынан кейін Зеренді ауданы әкімдігі малды ауылдарға барып, жағдайларын біліп, қол ұшын созғанын естіп бір марқайып қалдық.
АIQYN көтерген мәселеден кейін аудан әкімдігі қолда бар мүмкіндіктерін пайдаланып, мақалада қозғалған Зеренді ауданы Қонысбай ауылдық округіне қарасты Васильков, Абай, Қонысбай ауылдарына арнайы КамАЗ көліктері мен жанармай ұсынып, далада көтерем болып әбден жүдеп-жадап қалған жылқыларына сабан мен шөп әкелуіне көмек берген екен. Тұрғындар алғысқа толы хатын алдымен редакцияға ұсынып, қиын-қыстау кезеңде малымен ғана күнелткен ауылдағы ағайынға көмек бергеніне шынайы ризашылықтарын білдірді.
– Қонысбай ауылдық округі тұрғындарының атынан биылғы қыстың қиын-қыстау кезінде көмектерін беріп, даладағы жылқыларымызға шөп пен сабан жеткізуге көмек берген Зеренді ауданы әкімдігі мен Әсен Жақсылықовқа шынайы алғысымызды білдіреміз. Аудан әкімдігі жем-шөп жеткізуге техникалары мен жанармайын ұсынып, далада тіске басар шөп таппай жүрген жылқыларымызға түсіргеніне ауылдың әрбір қарапайым азаматы қатты дән риза болды. Биылғы қыс бәріміздің төзіміміз бен бір-бірімізге деген адамгершілік қасиеттерімізге сынақ болған сияқты. Әрдайым осындай халықтың алғысына бөлене берсін дейміз, – дейді ауыл жылқышысы Темірбек Ғалымов.
Аудан әкімдігі жеке шаруашылықтар мен мал ұстайтын ауыл адамдарына мұндай көмек беруге арнайы қаржы қарастырылмағанын, бірақ болып жатқан қиын жағдайға байланысты қолдан келгенше көмек ұсынғандарын жеткізді.
– Әрине, биылғы қытымыр қыста болған ауа райының қолайсыздығы, әсіресе ауылдағы мал баққан жұрт үшін өте ауыр соқты. Жылқылардың көбі жүдеп-жадап кеткендіктен иелеріне қайтарылды. Мұз басқан далада тебіндей алмай жатыр. Жылқы жеке адамдардың малы болғандықтан әкімдікте оған қарастырылған арнайы бекітілген қаржы жоқ. Дегенмен ел ішіндегі күрделі жағдайға назар аударып, аудан әкімінің нұсқауымен қолдан келгенше далада жүрген жылқыларға жем-шөп тасуға КамАЗ көліктері мен жанармай ұсынылды, – деді Зеренді ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
AIQYN көтерген мәселеден кейін сең қозғалып, қазір түйткіл облыс әкімдігінде де қаралып, қалған жылқыларды аман алып қалу жайы, сондай-ақ ауылды аймақтардағы жайылым жайы талқыға салынып жатыр. Күн санап өңірде аштықтан қырылып жатқан жылқы мәселесі жергілікті атқарушы органдармен қатар, Үкімет пен Парламент деңгейінде қаралып, дереу арада кешенді әрекет жасалса жөн болар еді деген ойдамыз.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы