«Ауыл аманаты» жобасын 2023 жылдағы басты халықтық жоба деп айтуға толық негіз бар. Президенттің сайлауалды бағдарламасында көзделген міндеттерді орындау мақсатында былтыр елімізде 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама аясында «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірлесіп аталған жобаны тиімді түрде жүзеге асырып келе жатқаны белгілі. Мәселен, «Ауыл аманаты» жобасына өңірдегі ауыл тұрғындарынан 10 млрд теңгені құрайтын 1 400-ден аса өтінім келіп түскені белгілі болған. Демек, ілкімді жобаға ел ерекше сенім артып отырғанға ұқсайды.
«Ауыл аманаты» – халық игілігі
Былтыр 7,5 мыңға жуық ауыл тұрғындарына шағын несие берілсе, биыл 15 мыңға жетпек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын» бекіткенін білеміз. Үкіметке Парламент Мәжілісінің отырысында халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шаралар тізімін ұсынуды тапсырған болатын. Міне, осы тапсырманы жүзеге асыру мақсатында «AMANAT» партиясы халықтың, әсіресе ауыл тұрғындарының жағдайына ерекше мән беруді жүктеген.
Бұл мақсатта «AMANAT» партиясымен бірлескен «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарына жылдық 2,5%-бен 5-7 жыл мерзімге шағын несиелер рәсімдеуді үдетті.
Бұл туралы Мәжілісте «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген жиынында депутаттар «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру жөніндегі Үкіметтің 2023 жылғы есебін тыңдау барысында белгілі болды. Бүгінде шамамен 80 млрд теңге сомасына жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ды құрайтын 12,7 мың шағын несие берілген екен. Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов кеңейтілген жиында ауылды дамыту мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін атап өтті. «Ауыл аманаты» жобасы – ауылды дамытудың жаңа драйвері. Жалпы алғанда, 2029 жылға қарай жоба аясында 1 млн ауыл тұрғынын қамтып, 350 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отырған көрінеді. Алғаш рет ел тарихында аталған мақсатқа 1 триллион теңге көлемінде қомақты қаражат бөлінді. Бұл халықтың еңсесін көтеріп, елдің тұрмыс жағдайын көтеру мақсатында мемлекет тарапынан қабылданып отырған аса үлкен бастама екенін енді тағы да бір еске салған дұрыс.
«Президенттің сайлауалды бағдарламасына енгізілген осынау бірегей жобада ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартудың нақты әрі түсінікті тетіктері қарастырылған. Ең бастысы, қаражаты толық шешілген. Бір жылдың ішінде жобаның тиімділігін көріп отырмыз. Барлық мемлекеттік орган мен әкімдік «Ауыл аманаты» жобасын сапалы жүзеге асыруға тиіс. Негізгі міндет те осы болуы керек», – деді Мәжілісте өткен «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген жиынында партияның Төрағасы Ерлан Қошанов.
Осы жиында биыл ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған бағдарламаға қазынадан 100 млрд теңге қарастырылғаны айтылды. Бұл мақсатпен еліміздің барлық өңірінде 15 мыңнан аса жоба жүзеге асырылмақ. Оның ішінде мал мен өсімдік шаруашылығы, кооператив құру және азаматтардың жеке кәсібін ашуға арналған бастамалар да кіріктірілген.
Отырыс барысында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмыспен қамтылған азаматтар санын арттыруға арналған нақты жоспарларын ортаға салды. Ал Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сап аров фракция мүшелерін жобаның негізгі көрсеткіштері туралы хабардар етті. Талқылау барысында Мәжіліс Спикері өңірлер арасындағы қаржылық теңгерімсіздікке назар аударды. Былтыр жалпы несие сомасының 43,9 млрд теңгесі Жамбыл және Түркістан облыстарына берілген. Алайда небәрі 1 миллиард теңге алған аймақтар да бар. Ерлан Қошанов Үкімет ірі ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға тиісті көңіл бөлмейтінін атап өтті. Сондай-ақ ол «AMANAT» партиясы жанындағы жобалық кеңсе былтыр ауыл шаруашылығындағы жекелеген салалардың экономикалық бағдары мен даму әлеуетін анықтау үшін 166 ауданда, 16 шағын қала мен 2 260 ауылдық округте скрининг жүргізгенін еске сала отырып, мүмкіндігінше ынталы халықты қолдау керек екенін ескертті.
Ауылдың жайын елеусіз қалдыруға болмайды
Елімізде халықтың негізгі шоғыры ауылдарда тұрады. Бүгінде ауылда өмір сүретін қазақстандықтардың саны 7,7 миллионнан асады. Бұл – жалпы халықтың 41 пайызы деген сөз. Сондықтан мемлекетке ауылдардың жайын елеусіз қалдыруға болмайтыны анық. Былтыр ауыл тұрғындарының табысы қаладағыларға қарағанда 38 пайызға төмен екені анықталған. Яғни, шалғайдағы елдің табысы мемлекеттің алаңдаушылығын туғызып тұр. Әйтсе де, бұл мәселе «Ауыл аманаты» жобасы арқылы біршама оңалуға тиіс деген болжам бар.
Игілікті жобаның ырысын көріп отырған шаруалардың өзімен тілдескенімізде, барлығы да аса тиімді бастама екенін айтты. Жоғарыда атап өткеніміздей, жобаның шарттары мен тиімділігінен барлық республиканың тұрғындары, әсіресе ауылдықтар құлақтанып үлгерген. Бұл туралы аудан әкімдіктеріндегі тиісті басқарма басшылары да айтып отыр. «Биыл ауылдарда шағын кәсіпкерлікпен айналысуға ниеттілер саны артты. Жаңа кәсіп ашамын деген ауыл тұрғындарынан 2,3 млрд теңге несие сұраған 187 өтініш түсті. Бұл өтініштердің басым бөлігі – техникалық қызмет көрсету, шаштараз, қоғамдық тамақтану орындары және құрылыс материалдарын өндіру секілді сервистік қызмет көрсету бағыты. Ал өткен жылдардан бері жоба негізінде 394 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі тіркелсе, соның қазір 270-і нақты жұмыс істеп тұр», – дейді Батыс Қазақстан облысының Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Аян Халауедин.
Кәсібі – нәсібі
«Ауыл аманаты» жобасы – сөзсіз халық игілігі үшін жасалып жатқан дүние. Сондықтан да көптің айтқанымен емес, ақылға салып, жетілем, өнем, өсем деген жандардың қатарында болуға шақырамын!» – дейді Қызылорда облысы Шиелі ауданы Берекелі ауылының тұрғыны, кәсіпкер Қанат Мұсаев.
Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданына қарасты Бескөл ауылында тұратын Сатыбалдиндер отбасы тауық өсіретін шағын құс фермасын ашты. Енді олар ауылдастарын экологиялық таза өніммен қамтамасыз ете бастаған. Отбасылық бизнес «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында іске асып отыр.
Облыстың мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бөлімінің бастығы Талғат Жұмабековтің мәліметіне сүйенсек, «Сатыбалдин» ЖК «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жылдық 2,5%-бен 5 жылға және жеңілдікті кезеңмен1 жылға 8 миллион теңге көлемінде несие алған.
«Күйеуіммен бірге отбасылық бизнес бастаймыз деп шештік. Еш өкінбейміз. Алдымен шағын несие алдық. Кейін оған тағы 6 миллион теңге қаржыны қостық. Оған керек-жарақ пен 800 бас тауық сатып алдық. Арнайы торларды жергілікті компания жасап берді. Күн сайын жұмыртқа алып, жергілікті тұрғындарға сатамыз. Өніміміз тез өтіп кетеді», – деді Сара Сатыбалдина.
«Мемлекеттік бағдарламаның тиімділігі халықты қуантып отыр. Мен өткен жылы 7,5 млн теңге несие алып, мал басын молайттым. Қазір қожалығымыздың өрісі кеңіп, қосымша жұмыс күшін тартып отырмыз. Көктемде мал төлдеген шақта ауыл азаматтарын уақытша болса да қосалқы жұмысқа тартпақ ойым бар. Қазір «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алып, мал өсіріп, егін баптаймын деген елдің қарасы көп», – дейді Жамбыл облысы Жамбыл ауданына қарасты Қаракемер ауылдық округінің тұрғыны Төрехан Райсов.
Мал басын молайтып отырған Төрехан Алтынханұлы мемлекеттің ауыл халқына көрсетіп отырған қолдауының игілігі мол екенін айта келе құжат жинау мәселесіндегі әкімшілік кедергілер шыға беретінін еске салды. Себебі Төрехан Алтынханұлының өзі аз пайызбен несие алу мақсатында Жамбыл ауданына, тіпті облыс орталығына да барып, құжаттарының дұрыстығын дәлелдеуге тура келген екен. Оның айтуынша, аудан не облыс орталықтарынан шалғайда орналасқан ауыл азаматтарының алыстан сабылып жүруге де жағдайы жетпей, жұмыс орта жолда тоқтап, азаматтар шарасыз күйге түсуде.
Мұндай мәселенің бар екенін өзге де өңір азаматтарының ойынан білдік. Кепілге қоятын үйдің не өзге де мүлікті бағалау кезінде бақылаушылардың болмашы дүниеге шұқшиып, құжатты рәсімдемей қойған шақтары да кездескен. Одан бөлек, мал не егіншілікпен айналысушыларды мезгілсіз келіп тексеріс жүргізіп, жұмысқа кедергі келтірген сәттер де болғанын шаруалар сөз арасында айтып қалды.
Мемлекет басшысы тапсырмасын мүлтіксіз жүзеге асыруды қолға алған «AMANAT» партиясы осы бір олқылықты нақтылап, кемшін тұсын тезге салса дейді.
«Шаруашылығымды бастағанға дейін ауыл мен қала ортасында таксист болып жүріп, бала-шағамды асырадым. 2022 жылдың соңында мемлекеттің қолдауымен жүргізіліп жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы естіп, бірден өтініш бердім. Өтінішім қанағаттандырылған соң 4 млн 800 мың теңге көлемінде қаражат алып, жылыжай шаруашылығымен айналысу керек деп ұйғардым. Қазір отбасымызбен екі бірдей жылыжай шаруашылығын өркендетіп, қияр мен қызанақтан өнім жинап отырмыз. Биыл жылыжайымыздың екеуіне де жылу өткізіп, қыста да өнім ала бастадық», – дейді жамбылдық бағбан Мақсатбек Кәкішұлы.
«Өткен жылдың тамыз айында 8,6 млн теңге көлемінде қаражат алып, үстіне қалғанын қосып, ауыл шаруашылығына арналған техника сатып алдық. Күзде шаруашылықтарда жұмыс істеп, қыс айнала қар шығару жұмыстарына кірісіп кеттік. Ауыр техника үшін ауылда жұмыс қашанда мол. Игілігін барлық ауыл көріп отыр десем болады. Бір айта кетерлігі, несие рәсімдеу үшін құжаттарды тіркеу қиынға соқты. Уақытты да көп талап еткен құжат мәселесі. Жалпы, халықтың көбі осы «Ауыл аманаты» бағдарламасынан үмітті. Өзге несие ұйымынан алатын қаражатқа қарағанда пайызы өте төмен. Сондықтан ауылдастарыма үнемі кеңес беріп жүрмін. Ауыл халқы үшін мемлекеттің қолдауы маңызды. Ауылды сақтап қалу үшін де «Ауыл аманаты» жобасы аса қажет болып тұр», – дейді Қарағанды облысы Абай ауданы Топар кентінің тұрғыны, кәсіпкер Рауан Атбергенқызы.
«Болашақта барлық кем-кетікті ескеру қажет. Жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін алдағы кезеңде кемінде жыл сайын 50 мың жұмыс орнын ашып отыруға тиіспіз. Қағаз бетіндегі әдемі цифрлардың қажеті жоқ деп санаймын. Бастысы – жұмыссыз ауыл тұрғындарын тұрақты еңбекпен қамту», – деген болатын «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру жөніндегі Үкіметтің 2023 жылғы есебін тыңдау барысында Ерлан Қошанов.
«AMANAT» партиясының ізгі бастамаларға қашанда қолдаушы болып, халық жанынан табылуға барынша күш сала бастағанын былайғы жұрт жақсы түсініп отыр. Партияның қолға алып жатқан тың жобаларына сенім де артқан. Сөзден іске демекші, «Ауыл аманаты» жобасы бұл сөзге нақты дәлел болып тұрғандай. Осы жылы жоба негізінде өз ісін қолға алуға ұмтылып отырғандардың қарасы тіпті қалың екенін ұқтық.
Берік БЕК