Соған орай Сыр өңірінде азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға бетбұрыс жасалып, әлеуметтік дүкендер жұмыс істеп келеді. Алайда халықты арзан бағада азық-түлік өнімдерінен қамтамасыз етуге негізделген арнайы дүкендер желісі көптің талабына сай келе ме?
Қызылорда облысы әкімдігінің 2019 жылғы 9 қыркүйектегі №56 қаулысымен «Қызылорда облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы» қаулы қабылданған. Онда әлеуметтік маңызы зор 19 азық-түлік өнімінің бағасы арнайы бақылауда болатыны көрсетілген. Соған орай Қызылорда облысы бойынша азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге негізделген әлеуметтік дүкендер қызметін қалыптастыру міндеттелді. Содан бері халықты арзан өніммен қамтамасыз ететін «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының атқарған жұмысы аз емес. Бұл жайында арнайы брифинг ұйымдастырып, жан-жақты түсіндірді.
«Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ 2023 жылға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін облыстық бюджеттен 1 млрд 139 млн 900 теңге қаржы қаралды. Оның ішінде тұрақтандыру қорының тауарын сатып алу үшін 901 млн теңге, ал кәсіпкерлік субъектілер үшін 238 млн теңге бөлінді. Бүгінде тұрақтандыру қорында 755 млн теңгенің тауары – 373 тонна өнім бар. Оның ішінде 24 тонна – қырыққабат, 48,5 тонна – картоп, 49,6 тонна – қарақұмық, 535 тонна – пияз, 7,4 тонна – макарон, 302 тонна – тауық еті, 151 тонна – өсімдік майы, 1 193 тонна – қант, 197 тонна – сәбіз, 638 тонна – күріш, 14,5 тонна тұз өнімі секілді азық-түлік қоры сақталып тұр. Бұған қоса, жеткізушінің қолында 1 млрд 67 млн теңге болатын 7 241 тонна өнім бар. Тұрақтандыру қорын 2023 жылғы күзгі көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуде пилоттық жоба негізінде жергілікті өндірушілермен форвардтық келісімшарттар жүргізіп келеді. Өнімдерді халыққа 37 әлеуметтік дүкендер бойынша қамтамасыз ету көзделген. Бұған қоса, Қызылорда қаласында 13 әлеуметтік бұрыш жұмыс істейді», – деп мәлімдеді «Байқоңыр» ӘКК АҚ Тұрақтандыру қорының жұмысы жөнінде басқарма басшысы Мейрамбек Серікбай.
Қызылорда қаласы бойынша 37 әлеуметтік дүкендер арқылы халыққа 19 азық-түлік өнімі қолжетімді. Дейтұрғанмен, халық оның барлығы дерлік талапқа сай жұмыс істеймейтінін айтуда. Мәселен, Қызылорла қаласы аумағындағы 4 әлеуметтік дүкеннің көптен бері жұмыс істемей тұрғаны көпшіліктің наразылығын туғызып тұр. Кей дүкенде міндеттелген 19 азық-түлік өнімі толық бола бермейді.
«Тұрақтандыру қорының 5 220 тонналық екі қоймасы жұмыс істейді. Күнделікті сұранысқа сай әлеуметтік дүкендерге өнімдер таратылып жатыр. Жұмысшы күші жеткілікті. Арнайы көліктер де бар. Одан бөлек, жеке дүкендері бар кәсіпкерлер келісімшартқа отырып, бүгінде жеке дүкендер жанынан 14 әлеуметтік бұрыштар ашылып, жұмыс істеуде. Қазір қала аумағында 4 әлеуметтік дүкен – Тасбөгет кенті, Талсуат ауылы, Сабалақ саяжайы мен Салық басқармасы шағын ауданындағы сауда орны жұмыс істемей тұр. Себебі кәсіпкерлер дүкен жұмысын жүйелі жүргізе алмай, өзімізге қайтарып беруге өтініш жазды. Қазір қабылдап алу жұмысы жүріп жатыр. Бұл дүкендер қайта ашылады. Кей әлеуметтік дүкендерде азық-түлік өнімінің жетіспеушілігі де бар. Мұнда да кәсіпкерлер жеткізіп берген өнімнің ақысын уақытылы есептеспей, қарызға батып отыр. Қарызы бар осындай 9 дүкендегі кәсіпкерге өнім түрін жеткізуге шектеу қойып тұрмыз. Алдағы уақытта кәсіпкерлерге түсіндірме жұмысын жүргізіп, мәселені шешеміз», – деп түсіндірді Мейрамбек Кеңесұлы.
Облысқа қарасты аудандар да назардан тыс қалмауы тиіс. Осы мақсатта аудан орталықтарындағы ахуалды бағамдап көрдік. Арал, Қазалы аудандарындағы жағдай көңіл көншітпейді. Қос ауданның халқы әлеуметтік дүкенге мұқтаждық басым екенін айтады. Арал өңірінің халқы әлеуметтік дүкен ашылғанын күтіп жүр. Бұған дейін тек әлеуметтік бұрыш жұмыс істеген. Қазір оның да жұмысы тоқтап тұр. Корпорация алдағы уақытта әлеуметтік бұрыш жұмысын жандандыратынына сендірді. Бірақ 80 мыңдай халқы бар өңірге әлеуметтік дүкен керек-ақ.
Қазалы ауданындағы жағдай тіптен мәз емес. Аудан әкімдігінен мәселенің себебін түсінуге тырыстық. Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі аудан орталығында бұған дейін жұмыс істеген әлеуметтік дүкен жабылғанын айтты. Әйтсе де, халықты әлеуметтік маңызы зор азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету назардан тыс қалмайтынына сендірді. Алдағы уақытта әлеуметтік бұрыш ашу жоспары бар.
Сонымен қатар күріш шаруашылығы өркен жайған Қармақшы, Жалағаш аудандарындағы жағдай да көңіл қуантпайды. Жалағаш ауданы әкімдігі кентте жұмыс істеп тұрған жалғыз әлеуметтік бұрыш халықтың талабын өтеп тұрғанын алға тартты. Ал Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінде халықты әлеуметтік маңызы зор азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету жұмысы мүлдем жолға қойылмаған.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған түсіндірмеге сүйенсек, Жосалыда бірде-бір әлеуметтік дүкен жоқ. Алайда Байқоңыр қаласымен іргелес қоныстанған Төретам кентінде бір әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Бұл сол аумақ халқына аудан орталығына сабылмай, әлеуметтік маңызы зор азық-түлік өнімдерін арзан бағада алуға мүмкіндік беріп отыр. Осы арқылы аудан орталығынан шалғайда қоныстанған аталмыш кент тұрғындарының талабы орындалып тұр екен.
Корпорация былтыр бағаны тұрақтандыру мақсатында Қызылорда қаласында 27 рет жәрмеңке ұйымдастырған. Жыл басынан бері қала іргесіндегі Тасбөгет кентінде екі жәрмеңке өткізген. Әр жәрмеңкеде халыққа 10 мың тоннадай өнім ұсынылған. Мұндай қамқорлық алыс ауылдардағы жамағатқа жетпей жатқаны қынжылтады.
Жалпы, Сыр өңірінде халықты әлеуметтік маңызы зор азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, әлеуметтік дүкендердің жұмысын үйлестіруде әлі де атқарылуға тиіс шаруалар аз емес. Бұл тұрғыда қала аумағында орналасқан әлеуметтік дүкендердегі кейбір кем-кетіктер қалпына келтіріліп қана қоймай, ауылдағы ағайынның да базынасы назардан тыс қалмауға тиіс.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы