Максим Горький Қазан университетіне түсемін деп жүріп өткен өмір жолын «Менің университеттерім» деп атаған еді. Сол шығармасында ғұмырында кездескен түрлі кісіні тәптіштеп сипаттайды.
AIQYN-ның орны айрықша
626
оқылды

Жалпы, осы сияқты әр адамның  тағдыры ғана емес, еңбек жолы да оның альма-матеріне айналатын шығар. Себебі алғаш қызметті бастағаннан үйренетінің, бойыңа, миыңа, жүрегіңе жинайтын қорың молая түседі. Ол қор жоғалмайды, өмір жолыңның келесі кезеңіне сәуле шашатын шыраққа айналады. Оң шешім қабылдауға, дұрыс таңдау жасауға сеп болады.

AIQYN газетіне бас редактор болып 31 жасымда келдім. Оған дейін  Egemen Qazaqstan-да бас редактордың орын­­­­басары қызметін атқардым. AIQYN мен үшін әрі университет, әрі жұмыс, әрі мүмкіндік бол­­­ды. Дәстүрлі медианың кел­­­бетін сақтап әрі жаңа заманға сай бейім­деп, креативті ойла­­­рымды іске асы­­руға, газетті одан әрі дамы­­­туға беріл­ген зор мүм­кіндік еді. Әрине, ма­ған дейін газетті Нұртөре Жүсіп секілді тә­жі­­­­рибелі редак­­тордың ұзақ жыл басқаруы үлкен жауап­­­­­­кершілік жүктеді. Алғашқы күннен өзіме бірнеше негізгі міндет қой­­дым: AIQYN-ды жылдар бойы жеткен биі­­гінен түсірмеу, сапасын артты­­­­­­ра отырып, жаңа деңгейге шығару жә­не заман талабына сай онлайн кон­тентті, сайтты дамыту. Бұл 2019 жыл­­дың қыркүйегі еді. 

Менің түсінігімде оқырмандар таң­­­­мен таласып, көзін уқалап жатып, жа­ңалық атаулыны смартфонынан оқып қоятын ке­­зеңде газет өзінің дәстүрлі сти­лін өзгертуі ке­­­­рек еді. Минут сайын келетін жедел хабар­­ларды газетке жазу­­­дың мәні қалмады. Өйткені ол қағаз бетіне түсіп, қатталып, көлікпен пошта арқылы түрлі мекенжайға, аймаққа жете­мін дегенше әлгі ақпардың маңызы жоғалады. Енді не істемек керек? Жол біреу – газет сол хабарларда жазы­­­­ла­тын қоғамның ортақ мәселесін, жұрттың көкейіндегі түйткілдерін сараптап, жан-жақты зерттеп жазуы тиіс. Себебі сарап­­­тама стилінде түзілген мақаланың ма­ңызы бір аптадан соң, бір айдан соң, кейде бір жылдан соң да жоғалмайды. Ал AIQYN-ның сайты, әлеуметтік желілер­­­­дегі парақ­­­шалары жедел ақпарды жұрт­­­тан бұрын жазып, оқылымын арттыруы міндет болды. Жаңа концепция бойын­­ша AIQYN брен­­­­­дін осы бағытта дамы­туды жоспарладым. 

Әрине, дәл қазір мұны екі ауыз сөз­­­бен айту, еске алу оңай. Бірақ сол кезде жаңа ұжымға осы ойды түсіндіріп, жур­­­­налист қауымның көзін жеткізіп, бір­­­шамасының жазу стилін өзгерту қажет болды. Жылдар бойы өзіндік жазу мәнері қалыптасқан тіл­­­­­шіге «бүгіннен бастап басқалай жаза­­­­мыз, сараптау керек» деп түсіндіру, талап ету оңай іс емес. Алайда ұжымда бұрыннан талдап жазатын тіл­шілер де баршылық еді. Аймақтардағы меншікті тілшілермен жұ­­­мыс өз алдына бөлек міндет болып тұрды. 

Сонымен, «мұсылман болу әсте-әсте» дегендей, жұмыс ақырындап басталды. Ұжыммен тақырыптарды бірге талдап, әр мақаланы қалай жазу керегін үнемі ақыл­­дасатын болдық. Тілшінің білгені, естігені, көргені көп. Жиналыста өзінің, өзгенің материалына талай ұсыныс, идея айтыла­­тын. Сұхбаттарға да тың есімдерді іздедік. Жыл соңына қарай газетті қаттау дизайны, мақалалардың жазылу бағыты, коллаж­дар – бәрі өзгере бастады. 

Сайт та назардан тыс қалмады. Aikyn.kz елімізде ең көп оқылатын 10 сайттың қата­­рында болу үшін біраз тер төгілді десек, ар­тық емес. Газеттен бөлек, сайт­­­­тың зерттеу тақырыптары күнара талқы­­­­лана­тын. Асқар Беков жетекшілік еткен сайт редактор­­ларының құрамына жас мамандар келді. Біз өзге сайттарда жиі жазыла бер­­мейтін біре­­­гей тақырыптарды көтеруге ты­­рыстық. Оқыр­­ман назарын солай тар­­­туды көздедік. Әйелдер түрмесі, жеке де­­­тек­­­­­тивтердің қыз­меті, көше жа­­ға­­лаған үй­­­сіз жандардың тағдыры, министр­ліктердің еншісіндегі қымбат көліктер, мемлекеттік сатып алу пор­­­­та­­лындағы былықтар, панде­­­мия кезін­­­дегі көр қазушы­­­­лардың жұмысы және тағы басқа тақы­­­рыптар қозғалды. Оның біразы фоторе­­­­портаж ретінде жария­­­ланды. Көп жағдайда ойлағанымыздай қалам сирек тербелетін тақырыптардың сайттағы оқы­­лы­­­­­мы мол шықты. Кейде материалда­ры­­мызды пә­­лен­­ше мың адам оқығанын көр­­сек, атымыз бәйгеде топ жарғандай қуанып қалушы едік. 

Бұдан бөлек, тек әлеуметтік желіге ар­­­налған арнайы контент те жасалды. Елі­­­міздің белгілі мамандарынан «қысқа сұ­­­рақ – қысқа жауап» форматында 2-3 ми­­­­­­­­­­­нут­­­тық шағын сұхбаттар алдық. Себебі ақпарат ағыны қаптаған заманда ұзақ видеоны қарайтын шыдам көпші­лікте жоқ. Алайда сол санаулы минутта он шақты маңызды сұрақ қойып, оның жауабын алып үлгердік. Ол роликтер Facebook, Instagram­­ға арналып түсірілді. Сондай-ақ өзі­­­­­­мізді сынайық деп екі ша­ғын деректі фильм түсіріп көрдік. Бірі Қайым Мұха­­­­­­мед­­­хановтың қилы тағды­рына арналса, екін­­­­­шісі Әлімхан Ерме­ков жайлы болды. Бұл туындыларды шағын деректі фильм деп атау қиын, кеңейтілген ролик деген дұрыс болар. Не десек те, әлеуметтік желідегі қа­­­­­уым­­­­­­­­­­­­­нан оң баға алдық. 

Әрине, қиындыққа да кезіктік. Кейде замандасын мақтап, жариялауды сұрап, сала құлаш мақаласын жолдаған зиялы ағаларға «жоқ» деуге тура келді. Шалын­ған түрлі қоңыраудан кейін өзекті мә­селені көтерген тілшілеріміздің әр ма­қаласын га­зет бетінде қалдыру үшін күрескен түн­­дер де есімізде. Пандемияда ауыл-аудан­­­дарға газет жетпей қалған күндер де тарих қой­науына енді. 

Осылайша, AIQYN сараптама стилін­­­де жазатын салмақты, әрленген, заманауи басылымға айналды. Ал газет сайты азулы әріптестермен додаға түсе алатын платфор­­­ма атанды. Соңғы сөзі­мізді liveinternet-тің көрсеткіштері талай дәлелдеді. Топ-10 де­­­ген тізімде Aikyn.kz тұрса, марқайып қала­­мыз. Сөзсіз, бұл – ұжымның ортақ еңбе­гінің жемісі еді. 

AIQYN жаңа жолы қандай болмақ? 

Газет редакциясымен қоштасқалы 2 жылға жуық уақыт өтіпті. Бірақ AIQYN назарымызда. Өзекті мәсе­лелерді қоз­­ғайды. Дизайны да өзгеріп тұрады. Басы­­­­­лым­­ның осылай уақыт талабына сай бейім­делгені жөн. Онсыз сұраныстан сырт қалады. Осы тұста газет келешекте қалай дамуы қажет деген сұрақ ойлан­­дырады. Пан­­­­­­демиядан аман шыққан басылым­­дардың алдында енді жасанды интеллект деген замана сынағы тұрған секілді. Неге дейсіз ғой... Өйткені әп-сәтте (әзірше ағыл­шын, орыс тілдерінде) мақаланы сау етіп түзіп шығатын ChatGPT және басқа ЖИ дәуірінде газетке қауіп төнбей ме деген ой келеді. Әлгі «машинаңыз» кейде тіл­­шінің екі күн ізденіп жазған материа­­­­лына тең туын­­­­­­­дыны даярлап береді. Коллаж­­­­дарды ешбір дизайнерден кем сызбайды. Қия­­лы шексіз. Ол ЖИ ертең қазақ тілінде де солай жазып қалар, тек уақыт еншісіндегі мәселе. Егер осылай кете берсе, тілші ұс­тау қажет пе деген сауал туындап қалуы бек мүмкін. 

Егер шетелдік гезеттердің тәжі­­­ри­­бесіне үңілсек, басым бөлігі газеттің сайт­тағы ма­қа­­­­ласын сататын ақылы режимге көшті. Биыл беделді New York Times газетінің оқыр­ман саны 10,3 мил­­лионға жетіпті, оның 660 мыңы газеттің қағаз нұсқасына жазылса, 9,7 миллионы онлайн нұсқасын ақылы түрде оқиды. Керемет көрсеткіш. Өкінішке қарай, бізде бұл тәжірибе кең тарамай жатыр. Оқырман ақпарат үшін ақша төлеу мә­дениетін үйренген жоқ. Ақиқат, жалған, ақысы тө­ленген, манипу­­­­ля­­­цияға ба­ғыт­­­талған, инсайд және басқа да ақпа­рат түрлері Telegram арналарда, Instagram паб­лик­терде, сайттарда ашық әрі тегін ағыл-тегіл төгіліп жатқанда біз­дің оқыр­ман нақ бір газеттің сайттағы мақа­ласына ақша төлеуге асық­пайтын секілді. 

Әрине, газет оқырманы әзірге жо­ғал­­­­майды. Дүние атаулының бәрі цифр­ланып, диджитал дәуір қарқын алғанда газеттің бетін аударып оқығысы келетін жан­­­­­­дар табылады. Бірақ жыл өткен са­йын азаюы мүмкін. Мысалы, көрші Ресей­де газетті 45 жастан жоғары жандар оқиды екен. Себебі жас буын көзін ашқалы онлайн заманға тап болды, оларда газетке жазылу, іздеп оқу әде­­­­­­ті қалыптаспаған. Біздің де оқыр­­­­­­­­ман­­ның жайы осыған ұқсас. Бүгінде кафеде, коуор­кинг орталықта газет парақ­­таған жас азаматты кездестірмейсіз. Құла­­ғында құ­лақ­­­­­­қап, алдында ноутбук немесе қолында смартфон. Қазіргі статус-кво осы. Дегенмен AIQYN қазіргі бағы­­ты­нан жа­­ңыл­­­­­­май, са­­­­рап­­тама стиліндегі құнды ма­те­­риалда­­­рын, тың мамандар­­дың, өнер адам­­­­дарының, зерттеушілердің сұхбатын жиі жариялап отырса, оқыр­­манын жоғалт­­пайды. 

Бүгін AIQYN – 20 жылдық мерей­тойын атап өтіп жатқан белді газет. Қа­зақ бас­пасөзінде өз орны, тарихы, қол­таңбасы бар басылым. Талай тілшіге мектеп, ұйым­­­­­шыл ұжым, өмірге бас­палдақ бола білді. Ең бас­тысы, өзінің не­гіз­гі мис­сия­­сы – қоғамды толған­дырған өзекті мә­селелерді үнемі қоз­ғап келді, әрі осы бағытын жалғастыра бе­­реді деген сенім­­­демін. Бұл – оқырман ал­дындағы адалдық. AIQYN-ның ғұ­­­мыры ұзақ болып, 20 жыл­­­­­­­­дық мерей­­­тойдың әлі та­лайын атап өтер. Сонау 2004 жылы га­­­­зеттің іргесін қалаған аға буынның ісін қабілеті қарымды жаңа, жас буын одан әрі жалғай берсін.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА,

AIQYN газетінің 2019-2022 жылдардағы

 бас редакторы