«Телеарнам газет боп кетті...»
Болмысы бөлек басылым
741
оқылды

Тайталаста сыналған.

Тығырықтан шыға алған. 

Телеарнадан келгендер,

Тәуір газет шығарған.

(Журналистік фольклордан)

 

Жастықтың жалауы – «Жас Алашта» сегіз жыл жұмыс істеп, білім мен ғылым саласына түбегейлі ауысқан соң енді сірә газетке келе қоймаспыз деп ойлағанбыз. Жоқ, «ат баспаймын деген жерін үш басады» деген рас екен. Қай қиырда жүрсек те, бұ­қа­ралық ақпарат құралдарынан іргемізді ажырта алма­дық. Реті солай болды. Әр кезеңде басылымды да басқардық, тележурналистиканы да тізгіндедік. Баспаны да, басқаны да игердік. Сәл кейінірек мемлекеттік қызметке қайта шақырылдық. 

«Литер media» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігіне қарасты «Айқын» мен «Литер» газеттері сол тұста өмірге есік ашты. Екеуі де «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» секілді күнделікті шығатын басылымдар еді. Жаңа газеттердің салғаннан даңқы мен дақпырты қатар жүрді. Солай болатындай жөні де бар. Тұрпаты басқа. Безендірілуі бөлек. Бірден көлемді дүниелерге тосқауыл қойылды. «Ақ сөйле!» деген етектей мақала жариялайтын жалғыз-ақ айдары бар. Одан өңгесі 100-150 жолдан аспайды. Мемлекеттік тапсырысты анау-мынау емес, азуы алты қарыс «Қазақстан темір жолының» өзінен алады. Газеттің тілшілері еңсесін биік ұстайды. Ғимаратқа да еркіндеу кіреді, жазғанда да еркіндеу жазады. Соған сай табысы да мол. Жалақысы жоғары, қаламақысы қомақты. Сондықтан өзге әріптестеріне қарағанда олардың көңілдері көтеріңкі жүреді. 

Ең қызығы, бұрын-соңды болмаған осы бір айрықша жобаны көгілдір экран ар­­­қылы ел-жұртқа танымал теле­жур­на­лис­тер қолға алды. Өзге қатарластары бұ­ларға әдепкіде күмәнмен қарағаны да рас. Бұлай болуы негізсіз емес-ті. Себебі га­зетте жұмыс істеген адам телевизияға аз­ды-көпті дайындықпен барады. Өйткені жа­зылған дүниені тігісін жатқызып ре­дакциялайтын шеберлік мектебінен өтіп келеді. Енді оған тек студияның тіршілігіне тө­селу, микрофон ұстауға бейімделу, ұжым­дық жұмысқа үйрену ғана қалады. Ал телеарнадан келіп, газет жұмысына же­гілу – қиынның қиыны. Өйткені ба­сы­лымның кез келген қызметкері мәтінді мән­ді етіп жазуға, авторлардың мақа­ла­ларын тап-тұйнақтай етіп әзірлеуге ма­шық­танған. Сондықтан мұндай майталман мамандарға бірдеңе үйрету үшін жазу өнерінде өзіңнің де мойының озық болуы керек. 

Жоқ, талабы таудай тележурналистер га­зеттің шаруасын дүрілдетіп әкетті. Тіпті, қам­шы салдырмады. Аз ғана уақыттың ішін­де сүттей ұйыған ұйымшыл ұжымды қа­лыптастырды. Қай-қайсысы да ұйым­дастырушылық жағынан шашасына шаң жұқтырмайтын болып шықты. 

Ерлан Бекхожин, Сайын Есмағи, Се­рік Жанболат... Үшеуін де жақсы білетін едім. Ерланмен қатар оқыдық. «Хабар» агент­тігінде бірге қызмет істедік. Серік Жан­болатпен де студент кезімізден жақсы араласамыз. Екі ғасырдың тоғысында «Жеті күн» бағдарламасының тізгінін осы Секеңнің қолынан алдық. Сырттай бір-бірімізге тілеулестік танытып жүретін Сайын Есмағидың да жаттығы жоқ-ты. Осы үш тележурналистің ортасында «Жас Алашта» және басқа басылымдарда қызмет істеп, баспаханада талай рет кезекші болып, қорғасын әріптің уын жұтқан бір кәнігі газетші бар-ды. Ол – «Айқынның» бас редакторының орын­басары Әділбек Қаба. Басылымның ба­ғытын түзеп, озық идеялар ұсынып, шы­ғар­машылық орта қалыптастыруға Әділб­ектің көп еңбек сіңір­генін айтуды парыз санаймыз. Бас­пасөз нарығына еркін кір­ген екі газет жұ­мыстың көрігін қыз­­­дырып жатты. Бірақ ұзамай бұл жігіттермен бірге қызметтес бо­лып, жаңа жобаны жүзеге асыруға бірге атсалысамыз деген ой ба­сымызға келе қоймапты. 

Алдымен «Айқын» газеті сұхбатқа ша­қырды. Бұл кезде мен Мәдениет министр­лігі Тілдерді дамыту департаментінің директоры едім. Сұхбатты басылымның бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан алды. Қызық әрі тосын формат. Бірінші және екінші беттерге суретіңді жариялайды. Оны сұхбатшыға ілесе келген фототілші Советбек Мағзұмов қайта-қайта түсірген жиырма шақты кадрдың ішінен іріктейді. Тақырыпты да өз сөзіңнен ойып алып, сала құлаш етіп қояды. 2004 жылғы 22 мамырда жарық көрген біздің сұхбаттың тақырыбы да солай болды. «Тіл игеру тың игеруден әлдеқайда ауыр болып тұрғаны рас» деп айғайлап тұрды. 

Мемлекеттік қызметтегі басқа қыз-жігіттерге қарағанда әріптестері­міз­дің бізге бүйрек бұрыңқырап тұратыны анық еді. Мамандығы журналист ше­неу­нікті қай ақпарат құралының өкілі сыртқа теп­пек? «Айқын» да сол жолы осындай ұстаныммен келді-ау деймін. Өздері ре­дак­цияның газет репортерлеріне арналған, бүйірінде басылымның атауы жазылған жеңіл көлігімен жүреді. Журналисі де, фо­тотіл­шісі де соған мінеді. Бұл көлік көшеде жай жүрмейді, жаңа тұрпатты басылымды жаңа астананың жұртына жарнамалай жү­ре­ді. «Айқынның» қызыл ала жазуы бар қоңыр машинасымен бірге жаңалықтың ле­бі кетіп бара жатады... 

«Шығысым батыс боп кетті» деп ұлы Абай айтқандай, соның бәрінен телеар­на­ны газетке айырбастаған жігіттердің ерек­ше екпіні байқалып тұрар еді. 

 

«Жүректің көзі» ашылса...

Өз шоғына маздаған,

Өз әнінен жазбаған.

Өр мінезді болған соң,

Өртене де жаздаған!

(Журналистік фольклордан)

 

Қысқасы, телевизия көрген тегеурінді жі­гіттердің осал газет шығармайтыны бір­ден-ақ белгілі болды... Бәрі де жас күнінде ма­қала жазуды газеттен бастаған-ды. Та­лай жыл қалың көрерменнің ықыласына бө­ленген олар енді ойлы оқырманға орал­ды. Байыптап қарасақ, телевизияда қыз­мет істеген мамандардың басылымға ке­луі­н­ен біраз жақсылық күтуге болатын сияқ­ты. Телеарнаның тамырына қан жү­гір­­тетін тапқырлық пен жеделдік, ұтқыр­лық пен ұйымдастырушылық баспасөзге де ауадай қажет. Жаңа газеттер осы жағы­нан ұтты деп ойлаймыз. 

Тікелей эфирде бақсыдай ойнаған жі­герлі журналистер баспасөздің бас­тан асатын шаруасына тез бейімделді де кетті. Біз бұларға сырттай қызыға қара­дық. Әсіресе, «Айқынның» алғашқы бас ре­дакторы Серікке сүйсінетін едік. Ол әуел­ден жақсы команда жасақтады. Не­гізінен, шеберлікке шыңдалу мектебі тәуір­леу «Жас Алаштың» сайыпқыран сар­баздарын жұмысқа шақырды. Бірлігі бе­рік, тірлігі тату берекелі ұжым қалып­тас­тырды. Басқару стилі еркін болды. Өзі үнемі солардың ортасында жүрді. Отқа да, су­ға бірге түсті. Редакциясы отқа оранғанда да әріптестерімен бірге болды. Қыз­мет­керлері Серікті төбесіне көтерді. Бұл жа­ғынан алғанда Секеңді баспасөз тари­хын­дағы нағыз демократ бас редактордың бірі деуге болатын шығар. Сонда да қаламы құт­ты қыз-жігіттер «балапан басына, тұ­рым­тай тұсына» деп ауа жайылып кетпейді. Басшының барлық тапсырмасы шетінен же­дел орындалып жатады. Мен бұған осы ба­сылымдарды басқаратын құрылтайшы ком­панияның қызметкері ретінде бір жыл­ға жуық жұмыстас болған кезімде ай­қын көз жеткіздім. Біз төрт аяғын тең бас­қан газетке барып, оның бастаған ісін жалғастырдық.  

Бір күні «Литер media» ЖШС бас ди­рек­торы Ерлан Бекхожин хабар айтыпты. Тіл­дестік, пікірлестік, келістік. «Литер media»-ның атқарушы директоры болып тағайындалдым. Серіктестіктің бас кең­сесі, екі басылымның редакциясы, осы құ­­рамға кіретін «Бухгалтер бюллетені» газетінің редакциясы Алматыда еді. Ал се­ріктестікке қарасты «Қазақстан темір­жол­шысы» газеті, «Айқын» мен «Литердің» мен­шікті тілшілер тобы елордада қоныс теп­­кен-ді. Астана бюросын бас дирек­тор­дың орынбасары Сайын Есмағи басқара­ды. Ол газет қызметкерлерінің қажетті ақ­паратқа жедел қол жеткізуі үшін аянбай тер төкті. Тілшілердің әлеуметтік жағ­дайын жақсартуға көп үлес қосты. Менің мін­детім – осы Астана бюросының журна­лис­теріне шығармашылық көмек көрсету және елордаға ат басын тіреген белгілі тұлғалардан сұхбат алу. 

Бұл іске құлшына кірістім. Қанша жылғы тәжірибеге және қалыптас­қан дағды-машығымызға сүйеніп, өнім­дірек жұмыс істеуге ұмтылдық. Талғат Бигел­динов, Әзілхан Нұршайықов, Әбіш Ке­кілбаев, Ақселеу Сейдімбек сынды мар­ғасқалармен сұхбаттарымыз сол тұста жа­рық көрді. Астанаға ат шалдырған шет­елдік оқымыстыларды да әңгімеге тарттық. Ре­сейлік әйгілі түрколог Сергей Кляш­торн­ый, Франция Шығыс өркениеті мен тіл­дері институтының президенті, шы­ғыс­танушы Жак Легран, Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, әдебиет зерттеушісі, айтматовтанушы Абдылдажан Ақматалиевпен сұхбаттарымыз жариялан­ды. Жиырма шақты сұхбатымыз кейін басылып шыққан «Жүректің көзі» деген кіта­бымызға айналып, жұртшылыққа жол тарт­ты. Бұлай атаған себебіміз, газетте осы сұхбаттың көбі «Жүректің көзі» деген ай­дармен жарияланған-ды. 

Сұхбат кейіпкерлерінің суреттерін ба­сы­лымның фототілшісі Советбек Мағ­зұ­мов түсірді. Оның сурет түсіру тәсілі еш­кім­ге ұқсамайды. Сұхбат алып болғанша се­нің қасыңнан ұзамайды. Бір емес, жиыр­ма-отыз кадр түсіреді. Әңгімеге түгел қа­нығады. Сол әңгіменің сипатын таны­та­тын сәтті жаңағы кадрларының арасы­нан ұзақ іріктейді. Бір кезде «Таптым-ау сені!» дегендей, өзі-өзіне көңілі толып, бір суретті сеніммен ұсынады.  

Бұл мезгілде «Айқын» мен «Литердің» ақ­парат нарығында жүргеніне екі жыл тол­ған-ды. Басылымдар бет-әлпетін оқыр­манға әбден танытқан болатын. Бет-әл­пет демекші, киоскіде шеті ғана көрініп жат­қан газеттерді жұрт атауын қарамай-ақ біле­тін дәрежеге жеткен. Макетінің ұлы жо­басын аса білікті халықаралық дең­гей­дегі медиадизайнерлер сызып, үлгісін қа­лыптап қойған. Енді тек сол өлшемге сал да, газетті мың құлпыртып, тоқсан түр­­­лендіріп шығара бер. Мақаланың кө­лемі бір-ақ тұтам. Компьютердің пер­не­тақ­тасына үңілесің де, лездің арасында оң­қай асықтай шиырасың да тастайсың. 

Оның үстіне, «Айқын» мен «Литер­дің» сайттары бірден-ақ оқырман­ның ордалы отауына айналды. Сол кездегі жұрт көңілінен шыққан интернет нұсқалар осылар еді. Әсіресе, қазақ басылымдарын қа­рай­тындардың комментарий жазу тәжі­ри­бесі алдымен осы «Айқын» арқылы қа­лып­тасты десек, артық емес. 

Қысқасы, «Айқын» – интернетке ал­ды­мен түрен салған басылымның бірі.

 

«Тақырып, тұрады шақырып...»

Ақ тілегің ағылар,

Алдан шырақ жағылар,

«Айқынды» алып ақтарсаң,

Аңсағаның табылар!

(Журналистік фольклордан)

 

Екі басылымды құрайтын компанияға да, орыс тілінде шығатын басылымға да атау болып тұрған «Литер» деген сөздің қай­дан алынғаны белгілі. Литер – темір­жолдың термині. Ал «Айқынның» қалай аталғаны бәрімізді ойландыратын еді. Бірде Ерлан Бекхожиннен «Газеттің аты қа­лай қойылды өзі?», – деп сұрадым. Ол Ал­матыдағы Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясы студенттеріне дәріс бе­ре­тін. Сол топтағы Дана деген қыз ой­ла­нып отырып, «Ағай, сонымен ашқалы жат­қан га­зе­тіңіздің атын не қылдыңыз?», – деп сұрайды. Бұл орысша газеттің аты белгілі екенін, ал қазақша басылымның аты әлі табылмай жатқанын айтады. «Онда неге «Ай­қын» деп қоймайсыздар?», – деген кө­рінеді әлгі қыз. Өзі сол тұста ел аузынан түс­пей тұрған жас әнші Айқын Төлеп­бергеннің өнерін қадірлейтін жастардың бірі болса керек. Бұл атау компания бас­шы­сының жүрегіне жылы тиеді. Жанын­дағы жігіттер де қолдайды. Содан газет «Ай­қын» аталған да кеткен. Ақыры ақпа­рат нарығында еркін жүзген «Айқын» ұлт баспасөзіндегі брендке айналды. Осы жиыр­ма жылдың ішінде талай шаңырақта ту­ған ұлдарға «Айқын» деген есім қойыл­ды. Оның ішінде газетте жұмыс істеген тіл­шілердің перзенттері де бар. Әнші Ай­қынның өзі де әдепкі жылдарда редакцияға жиірек соғып тұрды. Сөз реті келгенде айта кетейік, қазақ эстрадасында өзіндік өрнек салған Айқын – ұзақ жыл газет-журналда қызмет істеген, белгілі журналист, сайып­қыран сатирик Нұртан Төлепбергеновтің ұлы. Демек, бұл Айқын да – баспасөздің перзенті. Газеттен иткөйлек киіп, журнал­ды жаялық қылып, қорғасын әріппен ой­нап өскен бала.  

Әрине, құрылтайшыларға газеттің бел­гілі әншімен аттас болғанынан гөрі ұста­нымының да, қолтаңбасының айқын бол­­ғаны маңыздырақ еді. Солай болды да. Сол айқындық ақпарат құралының беделін көтерді, ықпалын кеңейтті, бағасын арт­тырды. 

«Литер media» ақпарат компаниясында бір жылға жуық жұмыс істеген соң «Астана ха­бары» газетіне ауыстым. Дәлірек айтсақ, елор­даның бас басылымын басқарып жүр­ген Нұртөре Жүсіп орынбасарлық қызмет­ке шақырды. Талайдан таныс-біліс Нұре­кең екеуміз бірлесіп, бірқатар жобаны жү­зеге асыра бастадық. Бірақ бұл жерде құ­лашымызды кең жая алмадық. Жарты жыл­ға жетер жетпесте Ерлан Бекхожин мен Сайын Есмағи маған «Айқын» газетін бас­қару жөнінде ұсыныс айтты. Серік Жан­болат басқа жұмысқа ауысып жатқан көрінеді. Сонымен, Астанадан Алматыға қайта көштік.  

«Астана хабарынан» кетіп бара жатқа­ным­да сәт сапар тілеген газет 77-нөмірмен шыққан-ды. «Айқындағы» қызметімнің алғашқы күні кешке қарай бас редактор ретінде 777-нөмірге қол қойдым. 7 мамыр, 2007 жыл. Мұны да жақсылыққа жорыдық. 

Шығармашылық құрам өте мықты. Ше­тінен «сен тұр мен атайын» дейтін алы­м­ды да шалымды тілшілер. Төбені төңкер де­сең, тау қопарып келеді. Енді тек оларды жаңа идеялармен жабдықтау керек болды. Газетте ерекше еркіндік бар еді. Сондықтан мақалаларға қырық қатпарлы, алпыс ас­тарлы тосын тақырыптар қойдық. Жастар­ды журналистік әбжілдікке баулыдық. Қай қы­рыңнан келсе де ұстатпайтын тың тә­сілдер қолданылды. Қазақ сөзінің мүм­кін­діктерін барынша пайдаландық. Сол жыл­дарда Бірыңғай ұлттық тестілеу қыс­қар­тып жазылғанда БҰТ делінетін еді. Тес­тілеу үдерісінен кезекті шу шыққан кезде «БҰТ тағы бүлінді» деген мақала жария­лан­ды. Ертеңіне олардың кінәлі емес екені анықталғанда «БҰТ-ты бүлдір­ген бұлар емес» деген тағы бір мақала жа­рық көрді. Кейінірек әйтеуір ҰБТ де­лінетін болды. Бұл жөнсіз қысқарған сөзге де, жайсыздау әрекетке де байла­нысты ой-пікір айтылған дүние еді. Тағы бірде газетте осы салаға қа­тысты жағымды мақа­ла жарық көрді. Оның тақырыбын Әділбек Қаба «Бұл тес­тілеу бұрынғысынан естілеу» деп қойды. Осылайша, тестілеумен айна­л­ы­­сатын­дар­дың жақсы жағын да көре біл­дік. Аты­рау­дағы меншікті тілші Тұрсын Қалимова атақ­ты мұнай компаниясының жұмыс­шы­ларды «ашса, алақанында, жұмса жұ­дыры­ғында» ұстауға мүмкіндік беретін өте тиім­сіз «код» әзірлегені, оған жұрттың на­разылық білдіріп жатқаны туралы өткір ма­қала жазды. Осы мақа­ланың тақырыбы «Теңіз­шевройл» жұ­мыс­шыларға «кодын» көр­сетті» деп атал­ды. Ұлықбек Есдәулет ағам айтқандай, «Осын­дай тақырып, тұра­ды шақырып...».

Бас редактор ретінде Айгүл Ахан­бай­қы­зы, Жолдасбек Дуанабай, Қуанышбек Қа­ри, Асқар Тұрғанбаев, Төреғали Тә­ше­нов, Қаншайым Байдәулетова, Қайыржан Төрежанов, Гүлнәр Тәжиева, Қарлығаш Зарық­қанқызы, Сейсен Әмірбекұлы, Ләз­зат Билан, Гүлбаршын Айтжанбайқызы, Танагөз Толқынқызы, Құбаш Меңдіғалиев, Нұрғазы Сасаев. Телжан Күдеров, Ғалым Сүлеймен сияқты ақпарат шеберлерімен жұ­мыс істеу жеңіл болды. Солардың са­пын­дағы екі Кәмшат (Тасболат пен Сә­тиева) саясат пен экономика мәселелері туралы жарыса жазып жататын. Жасы өзімнен үлкен, қаламы құтты, қарымы мық­ты Жұмабек Жанділдин, Алма Мұха­мед­жанова, Ұлбосын Айтөлен, Жомарт Молдахметұлы, Мұратқали Дүйсенбаев, Жек­сен Алпартегі секілді аға буын өкілдер­і­нен көп нәрсе үйрендік. Суретші Нағым Нұр­­мұхамедов пен фототілші Айтжан Мұр­занов газеттің безендірілуі мен ай­шық­­талуына өлшеусіз үлес қосты. Екі орын­­басарым – Әділбек Қаба мен Берік Бей­сенұлы газеттің сапалы шығуы үшін тын­бай тер төкті. 

Жалпы, «айқындықтардың» қай-қайсысы да жан аямай жұмыс іс­теді. Оларды күн сайын қайрап, сәт сайын жігерлендіріп отырсам да, кейде ек­піндеріне өзім ілесе алмай қалатынмын. Сол күндер осынысымен де қызықты еді... 

 

«Айқындал да, «Айқынды» ал!

Айтқан сөзі ақ болған,

Ақиқатқа жақ болған.

Алматыдан ақыры,

Астанаға аттанған.

(Журналистік фольклордан)

 

Жұмасына бір рет шығатын «Айқын апта» қосымшасын тартымды мақалалар қа­зынасына айналдыруға тырыстық. Жұртқа жақсы әсер қалдырған Танагөз Тол­қынқызының «Ақындар мен вокзал­дар» деген эссесі, Сейсен Әмірбекұлының «Тоқал джип» деген сараптамасы сол жыл­дарда жазылды. Осы тақілеттес мақала­ларды ел іздеп жүріп оқитын.

Оқырманды көбірек тарту үшін газет ай­дарларын одағай сөздер форматына орайластырдық. «Не боп кетті өзі?», «Осы ғой енді...», «Не деп жатыр?» деген се­кілді қо­­­­ғамның көңіл күйін дөп баса­тын ай­дар­лар пайда болды. Бұрыннан бар туған күн иелері тізімінің ішінен бел­гілі бір тұлғаны бөліп алып, «Ел біле­тін есім» айдары ая­сын­­да қызықты де­рек­тер ұсындық. Кейі­ні­рек жұрт осыған іліну үшін бар жанын салды. «Айқынның» қызықты материал­да­рын «Литер» көші­ріп басатын болды. 

Қаншайым Байдәулетоваға «Танымал әннің тарихы» деген айдар ашып беріп, тұрақ­ты жүргізуді тапсырдық. Ол бұл шаруа­ның шырайын шығарды. Ел бі­летін біраз әннің қалай өмірге келгені туралы қызықты деректерді жинап, ма­­қа­­лаларын бірінен соң бірін жариялап жатты. Ақыры Қаншайым еңбегінің жемісін көрді. «Та­ны­мал әннің тарихы» деген танымдық кіта­бы басылып шығып, оқырманға жол тарт­ты. Мұндай мысал көп-ақ. Бұл – біз­дің жобаларымыз өмір­шең болды деген сөз. 

Жұмыс барысында езу тартқы­затын түрлі оқиға да боп тұра­тын. Үне­мі төтенше жағдайлар туралы жазатын экстремал репортер Қайыржан Төре­жа­новқа «Қайыр Төтеншин» деген бүркен­шек есім тауып бергеніміз, Айгүл Аханбай­қы­зының «Президент пен пер­зент» жо­басы бойынша жазған мақа­ла­сындағы кейіпкер баланың суреті мүлде басқа ба­ланы­кі боп шыққаны, Ермахан Шайхының Түр­кістанға барам да келем деп кетіп, еркін самғап, Оңтүстік өңірді түгел шарлап қайтатын сәттері өз алдына бір хикая.  

Бірде кешке қарай ертең шығатын га­зет беттерін қарап отырсам, Жоғарғы Сот жұмысына қатысты бір мақала айдарсыз жарияланып бара жатыр екен. Шекесіне асығыс «рубрика?» деп жазып, соңына сұрау белгісін қоя салдым. Соны жауапты хат­шым Ермахан Шайхы көз ілеспес жыл­дамдықпен іліп алып, құлдыраңдап сек­ретариатқа қарай кеткен. Ертеңіне газетті ашып қарасам, әлгі мақаланың төбесінде «рубрика?» деген мүлде жаңа айдар қонақ­тай қалыпты. Жоғарғы Соттың баспасөз қызметінен хабарласқан Қанапия Омар­ханов ағамыз жалпылдап рақметін айтып жатыр. Мақалаға мәз болған ақкөңіл Қа­некең қолақпандай қатені байқап та тұр­ған жоқ. Ал елпілдеген Ермаханым болса, «Айқынның» ауласынан аулақтап, алты қырды айналып қашып жүр... 

Қате деген – ұры. Қанша жерден жіті қа­расаң да, ара-тұра бой көрсетпей тұр­майды. Бәрібір біздің корбюро өте мықты еді. «Жас алаштың» көрігінде шыңдалған Әйкен Маматаева, Бағдат Бәкірова, Айбала Мұқашева, одан бөлек Ізімкүл Иманбекова, Гүлбану Құлпейісова, Айгүл Болатханқызы, Ләйлә Тоқалова, Күнсая Ерғазиева сынды көшелі корректорлар біз қызмет істеген жылдарда «Айқынның» ал­тын қақпасын әрқилы грамматикалық ке­сел-кесапаттан қорғап тұрды. Жас ке­зім­де талай кезекшілікте болып, жұмыс­тары­ның қыр-сырын жақсы білетіндіктен өз басым корректор атаулыға құрметпен қа­раймын. Белгілі сатирик Бейсебай Кіріс­баевтың «Кімсің? Директор? Онда бері­рек тұр. Кімсің? Корректор? Онда әрі­рек тұр!» – деп келетін өмір шындығы өріп жүр­ген бір шымшымасы бар еді. Сондай ай­тылғандай, корбюроның қызметкер­ле­рі­не көп көңіл бөліне бермейтіні рас. Ал біз­дің басқа түгілі бас редактордың біліп жі­берген, білмей жіберген қатесіне дейін тауып беріп отыратын корректорларға де­ген ықыласымыз бөлек-ті.    

Шынымды айтсам, «Айқында» бі­раз жыл жұмыс істейтін шы­ғар­­­мын деп топшылағанмын. Ұжым да ұнай­тын. Өзім де құлықты едім. Бірақ өмір­де бәрі ойлағаныңдай бола бермейді ғой. Бірде қазақ руханияты көш бас­шы­ла­р­ы­ның бірі Мұхтар Құл-Мұхаммед теле­фон шалды. Ол сол кезде Қызылорда об­лы­сының әкімі еді. Жұмысқа шақырды. Өзім жастайымнан қадірлейтін Мұхаңның өмірінде бір өтініш айтқаны еді. Облыс әкі­мі аппаратының басшысы боп тағайын­далдым. Сөйтіп, айбынды «Айқынмен» қош­тасып, Сыр бойында шығатын басы­лым­дардың жұмысын қадағалауға аттан­дық. 

Орнымызға майталман медиаменеджер Нұртөре Жүсіп бекітілді. Елеулі есімі бас­па­сөздің брендіне баланатын Нұрекең бұл газетке ұзақ жыл басшылық етті. Қыз-жігіттерді жаңаша жұмыс істеуге жұ­мыл­дыр­ды. Көп мәселе көтерілді. «Айқын» қо­­­­ғамның тынысын танытты. Шебердің аты – шебер. Басылым бетінен оның қол­таң­басы ұдайы көрініп тұрды. Нұрекеңнің маңдайына маңызды миссия бұйырды. Алты жыл бұрын газет редакцияларын елор­даға көшіруге шешім қабылданған кез­де ол «Айқынды» Арқа төсіне бастап кел­ді. Көштің алдынан шығып, қарсы алып, тілегімізді айттық. «Егемен Қа­зақ­стан­ды» Астанаға Шерхан Мұртаза мен Ержұман Смайыл бастап келген. «Ай­қын­ды» бас қалаға Нұртөре жеткізді. Бұл да бір тарих... 

Біз қызмет істеген жылдарда бас­па­сөз­ге жазылу науқаны кезінде кө­бі­рек қолданылатын «Айқындал да, «Ай­қынды» ал!» деген ұран сөз бар еді. Сонда айтылғандай, айқындалдық та, «Айқынды» алдық. Қолымызға алдық. Қаперімізге ал­дық. Санамызға салдық. Жадымызда жат­тадық. Жүрегімізге сақтадық... 

Тойың құтты болсын, алтын айдарлы Аiqyn!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

«Айқын» газетінің 2007-2008 жылдардағы

 бас редакторы