Сән саласының қарқыны қандай?

Елімізде қазір бьюти-индустрия табысты сала болып отыр. Ұлттық статистика комитетінің дерегінше, 2022 жылы бұл салада көрсетілген қызметтер құны 34 млрд теңгеден асқан.

Fortune Business Insights болжамынша, 2029 жылы сұлулық салондарынан түсетін қар­жы 355,4 млрд долларға жетеді, ал 2022-2029 жыл­дар­дағы орташа өсу қарқыны 7,4 долларды құрамақ. 2022 жылғы есеп бойынша елімізде 900 шамасында сұлулық салондары бар. Мамандардың айтуынша, ел экономикасы дамыған сайын бьюти-ниндус­трияға сұраныс өсе бермек. Оралдың өзінде де сұлу­лық салондары қаптап тұр. Ең танымал қызмет түрі – шаш күтімі. Орал қалалық кәсіпкерлік бөлі­мінің басшысы Мейрам Хайыровтың айтуынша, қазір бұл қалада 300-ден астам сұлулық салоны бар. Салон түрлі категорияға бөлінеді. Эконом салондар сұранысқа ие. Мұндай жерлерде көбіне шаш қию, сәндеу, маникюр, педикюр, шугаринг және косме­тология қызметтері көрсетіледі. Әсіресе, соңғы екеуі нағыз қаржы көзі болып отыр. Себебі қыз-ке­ліншектер соңғы тиынын жұмсаса да косметологқа барады, шугаринг жасатады. Салон ашамын деген­дер мұны біліп алған. Қазір аттап бассаң сән сало­ны. Бірақ жақсы маман табу үшін іздену керек. Яғни, салондардың қаптап ашылғаны өзара бәсеке қалыптастырып отыр. Талғамы биік біздің бикештер, әсіресе косметолог, пластик-хирург дегендерді шертіп жүріп таңдап барады. Себебі ешкім бет әлпетін бүлдіргісі келмейді. 

Jusan Analytics зерттеу орталығы қазақстандық­тар­дың 62 пайызы таңдауына тұрақты екенін анық­таған, яғни тұтынушылардың көбі жыл бойы бір сол салонға барады. Көбіне-көп 20-30 жас ара­лығын­дағы сұлулар салон ауыстыруға бейім. Сон­дай-ақ әйелдер арасында сұлулыққа көп ақша жұм­сайтын – 31-35 жастағылар. Мұны зерттеу ор­та­лығы әйелдердің осы кезде жалақысы өсіп, жағдайының жақсаруымен түсіндіреді. Ал ерлер салонға 46-50 жаста көбірек барады 

Біз тілдескен мамандар кейінгі уақытта әйел­дер­мен қатар ерлер де сән процедураларға жиі келе­тінін айтады. Соңғы кездері ер адамдар сақал-мұр­тын бұрынғыдай үйінен алмай, арнайы салон­дарға барады екен. Олар да шугаринг қызметіне жиі жүгінетін болып шықты. Бұдан бөлек, ерлер де қыс мезгілінде бетіне пилинг жасатады екен. 

Пандемиядан кейін еліміздегі бьюти-индустрия жаңа бағытқа көшті. Енді арулар тек салондарға барып қызмет алмайды. Үйінде отырып маникюр, педикюр, шугаринг, макияж жасайтындар көбейген. Тәжірибелі косметолог Гүлназия Кенжа­беваның айтуынша, бүгінде сұранысқа көп ие процедура – ерін үлкейту.

– Қазір қыз-келіншектердің көбі ерінін үлкей­туге құмар. Бұл иньекциялық жолмен жасалатын про­цедура. Сондай-ақ аруларымыз беттегі әжімдер­ге қарсы екпелерді көп салдырады. Ал қыс мезгілін­де пилинг сұранысқа ие, – дейді косметолог. 

Қазір қыз-келіншектер бет сұлулығына көп кө­ңіл бөледі. Косметологтарды тыңғылықты таң­дай­ды, биоревитализация, мезотерапия, плазмо­тера­пия  сияқты процедура жасатады. Биоревитали­зация – беттің ішкі қабатына жіңішке ине арқылы гиалурон қышқылын жіберу. Бұл әдіс арулар үшін жасарудың таптырмас құралы. Бір аптадан кейін нәтижесі көрініп тұрады. Әрі қолжетімдісі де осы. Мұны мамандар да жоққа шығармай отыр. 

– Биоревитализация бет-мойын терісін қалыпты ұстап тұру үшін таптырмас құрал. Бетке енгізілетін гиалурон қышқылы теріні ылғалдан­дырып, әжім түсудің алдын алады. Жалпы, теріге ылғал жетіспегенде әжім түседі. Сол үшін де гиалурон қышқылын құйғызып тұру керек. Ал әжімі тереңдеп кеткен бет терісіне ботокс жасаймыз. Бұл да иньекцияның түрі. Мұны қыздар көбіне көздің айналасы мен екі қастың ортасына жасатады. Салынған әр иньекция шамамен алты айға дейін ғана сақталады. Алты айдан кейін қайталағаны дұ­рыс. Мамандағым – дәрігер. Косметология сала­сында жұмыс істегеніме алты жылдан асты. Қазір сұлулығын сақтағысы келетін адам үшін бәрі бар. Әрине, бұған бірінші кезекте қыз-келіншектер көңіл бөледі. Маған аналар да өздерінің 15-16 жасар қыздарын әкеледі. Олардың бет терісі тегіс емес, қазір безеу көп. Әрине, жасөспірім қыздар үшін бұл үлкен стресс. Арнайы пилингтер мен тазалау құрал­дары арқылы бетін теп-тегіс, тап-таза етіп береміз, – дейді Гүлназия Кенжабева. 

Косметологтың айтуынша, сұлулық үйден бас­та­луы керек. Егер үйдегі күтім, ұйқы мен тамақтану дұрыс жолға қойылмаса сән-салондарының есігін тоздырғанның пайдасы аз. Маман қазір сән са­лонына әйелдерден қалыспай ерлер де көп келетінін айтады.

– Егер әйелдер ғана сұлулыққа құмар десек қате­лесеміз. Қазір жігіттер де жақсы күтінеді. Олар да салонға келіп, пилинг жасатады, бетін тазалай­мыз, сақал-мұртын лазермен аламыз. Ерлер де әдемі болғысы келеді, – дейді  Гүлназия Кенжебаева. 

Сұлулық құрбандықты «талап» етеді деп жата­мыз. Әдетте, классикалық салондар­дың қызметін тұтыну былай тұрсын артық-кемін толтыру үшін хирургтың алдына баратын қыз-келіншектер де баршылық. Қазір сұлулар арасында пластикалық хирургияға жүгінетіндер көп – төсін үлкейту, кішірейту, артық майын алдыру, әжімдерін тарту секілді ота түрлері өте кең тараған. Бүгінде бьюти-индустрияда кең тараған операцияның бірі – блефропластика. Бұл шағын отаның түрі. Мұны кәдімгі пластикалық операция жасайтын хирургтар жасайды. Көздің  астыңғы, үстінгі салбыраған артық терісін сылып, алып тастайды. Содан кейін адамның көз жанары ашылып, жарқырап шыға келеді. Оралда бұл отаның құны шамамен 200-350 мың теңгенің айналасында. 

Жалпы, БҚО-ға пластикалық хирургияны алып келген маман – Юрий Хван. Ол ұзақ жылдар дә­рігер-хирург болып қызмет атқарған. 90-жылдар­дың ортасында Оралға алғашқы болып, пластика­лық хиругияны әкелген. Юрий Хван осыдан үш жыл бұрын қайтыс болды. Бірақ біздің арамызда оның шәкірттері бар. Қазір Оралда пластикалық отаны сенімді жасайтын дәрігерлердің бірі – Алмат Уразов. Алмат Айсағалиұлы өзі осы Юрий Хваннан оқып, үйргенгенін айтады. 

– Біздің облыстық аурухананың хирургия бөлі­мі 90-жылдардың ортасында пластикалық оталар­ды жасауды бастады. Әрине, мұны көбі біле бер­мейді. Ол кезде марқұм Юрий Хван өзі жасайтын. Кейін мені үйретті. Одан бөлек, Ресейдің Челябинск қаласында төрт ай бойы пластикалық хирургия бойынша оқып келдім. Бізде қазір ең сұранысқа ие операция – блефропластика. Яғни, көздің артық терісін алдыру. Бұл отаны әйелдер көп жасатады. Екінші орында бет терісінің әжімдерін тарттыру. Ал үшінші орында сүт бездерін үлкейту мен кішірей­ту, яғни иплант қойғызуға жасалатын оталар. Бұдан бөлек, артық майын алдыртатындар да бар. Әсіресе, әукесіндегі артық салбыраған майды алдыратын қыз-келіншек өте көп, – дейді хирург Алмат Уразов. 

Алмат Уразов қалалық көпбейінді аурухананың хирург-дәрігері әрі бөлім меңгерушісі. Ол қазір пластикалық операцияға сұраныс артты дейді. Бұған, әрине адамдар арасындағы ақпараттану мә­селесі әсер етеді. Бірінен бірі көріп, қыз-келіншектер қазір жаппай блефропластика мен маммопластика жасатып жатыр.

– Аптасына 10 ота жасаймыз. Оның ішінде, әри­не жоспарлы оталарымыз бар. Блефропластика кезінде анестезия толық берілмейді. Тек көздің айналасының ғана жанын кетіреміз, клиент ояу оты­рады. Ал қалған оталар толық анестезиямен ре­ани­мацияда жасалады. Біз имплантарды Аме­рикадан алдырамыз. Алматы мен Астанада арнайы өкілдеріміз бар. Солар тасымалдайды. Ал қалған дәрі-дәрмек өзіміздікі. Пластикалық оталар ақылы, балаларға ғана тегін жасалады. Мысалы, бала күйіп қалып терісі қатты зақымдануы мүмкін. Міне, сондай терілерді жамау, қалпына келтіру оталары тегін жасалады. Бізде блефропластика жасататын және бетіндегі әжімдерді тарттыратын ер адамдар да бар, – дейді Алмат Уразов. 

Елімізде бьюти-индустрия жақсы дамыған. Бұған талас жоқ. Тек бір әттеген-айы бар. Барлық препарат шетелден келеді. Мамандардың айтуынша,  елімізде осы салаға арналған препарат­тар мүлдем өндірілмейді. Қазақстан нарығындағы бьюти-индустрияға қажетті екпелер мен аппараттар Америка, Италия, Франция елдерінен жеткізіледі. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА, 

Батыс Қазақстан облысы