Солардың бірі – қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш дәрігер Гүлсім Асфендиярова. Оның халықты ағартуда қосқан үлесі мен қызмет жолы жайлы тың деректер әлі күнге дейін толыққанды ашылмай, беймәлім күйінде жатыр. Біз мереке қарсаңында қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш дәрігер жайлы тарихшы Алмас Жүнісбаймен сұхбат құрған едік.
– Алмас мырза, нәубет жылдары халық игілігі үшін қызмет етіп, өз саласының тұңғышы әрі жарқ еткен жұлдызы атанған тұлғаларымыз туралы бірі білсе, бірі біле бермейді. Соның бірі – қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш дәрігер Гүлсім Асфендиярова. Оның «тұңғыш» атануына қандай іс-әрекеттері мен жүріп өткен жолы себеп болды?
– Гүлсім Асфендиярова хан-сұлтандардың отбасында дүниеге келген. Әкесі Сейітжапар Асфендиярұлы Әбілқайыр ханның ұрпақтарынан тараса, шешесі Гүландам Қошқарбайқызы Абылай ханның ұрпағы саналады. Осындай текті әулеттен шыққан Гүлсім Асфендиярова 1880 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Гүлсімнің ата-анасы отбасында бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлді. Балалар мектепке барғанға дейін отбасында тәрбиеленді, яғни білім беру мәселесіне анасы Гүландам Қасымова жауап берген. Демек, Гүлсімнің анасы сауатты қазақ қыздарының бірі болғанын аңғаруға болады. Олар отбасында дүниеге келген сегіз балаға да жынысына, сол кезеңдегі дәстүрлі қоғамның қарсылығына қарамастан толыққанды білім беруге тырысқан. Сейітжапар мен Гүландам төрт қызын да Түркістандағы қыздарға арналған ең үздік оқу орны – Ташкент қыздар гимназиясына оқуға береді. Гүлсім оқуды үздік бағамен тәмәмдаған соң болашақта дәрігер боламын деген үлкен мақсат қояды. Себебі сол уақытта Түркістан өлкесінде бірнеше індет пен жұқпалы ауру кең тараған кез еді. Жалпы, мұсылман халқының медициналық көмекке мұқтаж болғанын көрген Гүлсім Ташкентте арнайы латын тілінде дайындалып, емтихан тапсырып, куәлік алып, Петерборға аттанады. Ол Петербордағы Қыздар медициналық институтына, дәлірек айтсақ, қазіргі академик И.Павлов атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік медициналық университетіне оқуға түседі. Сол тұста институт Еуропадағы медицина саласында білім беретін қыздарға арналған жалғыз университет еді. Бұл инс-титутқа Гүлсім жалғыз өзі түскен жоқ. Мұнда Түркістан өлкесінің бірнеше тумасы, соның ішінде еврей, неміс және т.б. ұлт өкілдері оқыды. Бірақ 1900 жылы түрік мұсылман халықтарының арасынан шыққан екі қыз ғана оқуға түседі. Ол полковник Асфендияровтың қызы – Гүлсім Асфендиярова болса, екіншісі подполковник Садық Әбдірахмановтың қызы – Зейнеп Әбдірахманова. Зейнептің ұлты – татар, Гүлсімнің ұлты – қазақ. Гүлсім 1908 жылы аталған оқу орнын өте жақсы көрсеткішпен аяқтайды. Арнайы қыздар университеті болғандықтан, олар дәрігер-терапевт деген мамандықты алып шығады, яғни Гүлсім тек әйелдер мен балаларға дәрігерлік көмек көрсетуге құқылы болды. Университеттегі емтихандарын тапсырған соң ол патша Николайдың атына хат жазады. Гүлсімнің хатында өзі Түркістанның тумасы болғандықтан, өңірдің тұрмыс-салтын, жергілікті халықтың тілін жақсы білгендіктен, сондай-ақ халыққа қызмет еткісі келгендіктен оны өзге аймаққа емес, Түркістан өлкесіне дәрігерлік қызметке жіберу туралы өтініш білдіреді. Нәтижесінде, өтініші қабылданып, ол Түркістандағы Темірлан ауылдық-дәрігерлік учаскесіне, қазіргі Түлкібас ауданына дәрігерлік қызметке жіберіледі. Қарап отырсақ, Гүлсім – қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш дәрігер ғана емес, Ресейдегі жоғары оқу орнын аяқтаған алғашқы қазақ қызы.
Талай нәрестенің дүниеге келуіне көмектесті
– 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін Түркістан өлкесіндегі саяси билікті өз қолына алған большевик билігі тұсында да Гүлсім Асфендиярова дәрігерлік және оқытушылық қызметін жалғастырыпты. Сол тұста ғылымда әйелдердің рөлі қандай маңызға ие болды?
– Гүлсім Хиуада қызмет еткен соң әрі туыстары Ташкентте орналасқандықтан, Ташкентке ауысу жолдарын қарастырды. 1914 жылы Ташкент қаласының мұсылман бөлігінде құрылған арнайы перзентханада жетекші қызметіне тағайындалып, сол жердің қызметін ұйымдастырады. Осы уақытта Гүлсім талай нәрестенің дүниеге келуіне көмектесті. Ол түркі мұсылман халықтарының арасында оқыған санаулы қыздардың бірі болғандықтан, революция келіп билік ауысып жатқан шақта Гүлсімді түрлі қоғамдық жұмыстарға тарта бастады. 1917 жылы тамызда Түркістан өлкесі қазақтарының жиыны өтті. Халық Гүлсім Асфендиярованы Ресейде өтетін құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде сайлап, оған үлкен сенім артады. Одан бөлек, 1917 жылы 24-27 сәуір аралығында Қазан қаласында І Бүкілресейлік мұсылман әйелдерінің съезі өтті. Сол жиынға Түркістаннан Гүлсім Асфендиярова, татар ұлтынан шыққан С.Еникеева және қазақ өлкесінен Аққағаз Досжанова арнайы делегат ретінде бастап барды. Сол сәттегі суреттер әлі күнге дейін сақталған. Гүлсім жиында әйелдердің құқығын, ана мен баланың денсаулығын қорғау, теңдік мәселелерін көтерген адам еді. Кейін Ташкентте перзентхананы басқара жүріп, туған інісі Санжар Асфендияров 1919 жылы Түркістан Республикасының денсаулық сақтау халық комиссиарының қызметін атқарған кезде жергілікті ұлт өкілдерінің арасынан дәрігерлерді даярлау жұмысына белсене қатысады. Газеттерге арнайы үндеулер жарияланды. Дәрігер көмекшісі, мейірбике, фельдшер мамандығына қысқа және ұзақмерзімді курстарды ұйымдастыруға атсалысып, курстардың оқу бағдарламасын жазды. Сол курстарда өзі де дәріс оқып, ұстаздық қызметпен айналысты.
Медицина саласында өз ізін қалдырған мамандар
– Тарихи деректерде Гүлсім Асфендиярованың қазақ арасынан шыққан тұңғыш дәрігерлердің бірі Санжар Асфендияровтың әпкесі екені айтылады. Осыдан кейін «медицина ғылымымен тұтас бір династия айналысты ма?» деген сауал туындайды…
– Иә, расында солай айтуға негіз бар. Біріншіден, Гүлсім өз оқуын аяқтағанға дейін оның туған әпкесі Бибіайша Асфендиярова Әли Көтібаровқа тұрмысқа шығады. Ал Әли – қазақтың арасынан ғана емес, Орталық Азиядағы түрік мұсылман халықтары арасынан Петербордағы Жоғары әскери медициналық академияны алғаш аяқтап, Қызылорда өңірінде дәрігерлік қызметпен айналысқан адам. Екіншіден, Гүлсімнің өзі де дәрігерлік медицина институтын тәмәмдап, дәрігерлік қызметін жалғастырды. Ол – Орталық Азияда дәрігер ретінде танымал болған жан. Мәселен, Аққағаз Досжанованың өзі де Гүлсімді медицина саласындағы ұстазы ретінде тұтқан. Санжар Асфендияров – революцияға дейін медициналық академияны аяқтаған бес қазақтың бірі. Бұл – назар аударарлық маңызды факт. Санжар Асфендияровтың кіші қарындасы Анель Асфендиярова Рагоза Николай Ивановичке тұрмысқа шығады. Ол Санжар Асфендияровпен бір уақытта императорлық әскери медицинада оқып, кейіннен Түркістан өлкесінде әскери медициналық қызметпен айналысады. Кейіннен Ленинградтағы әскери-медициналық академияның жұқпалы аурулар кафедрасында басшылық еткен. Біраз ғылыми еңбектерімен танылып, нәтижесінде әскери медициналық қызметтің генералы қызметіне қол жеткізді. Олар Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Ташкенттен Петерборға келіп, әскери медициналық қызметтің дамуына үлес қосады. Осындай құнды деректерден кейін Асфендияров әулеті және сол отбасының мүшелерімен туыс болған адамдар медицина саласында ойып тұрып орын алған, өз ізін қалдырған мамандар деп түйіндеуге болады.
– Жоғары медициналық білім алып, дипломды дәрігер атанған алғашқы қазақ әйелдері ХХ ғасырдың басында феминистік қозғалыстың алдыңғы қатардағы көшбасшылары болған деп баға берілген. Олардың арасында Гүлсім Асфендиярова мен Аққағаз Досжанованың есімі ерекше аталады. Одан өзге бұл қатарда тағы қандай тұлғалар болды?
– Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын. Сол кезеңдегі феминистік қозғалыс деп айту қисынсыз шығар, бірақ қазіргі тілмен айтсақ, иә, феминистік қозғалыс деуге келеді. Бұл тұста жергілікті билік, Түркістан автономиясы, Алашорда үкіметі, онымен қоса Уақытша үкімет те әйел теңдігін қорғау, яғни ғасырлар бойы теңсіздік, құқықсыз жағдайында өмір сүріп келген әйелдер мәселесіне өте қатты көңіл бөлді. Қалыңмалды жою, әйелдер мен қыздарға ұлдармен бірдей тең құқылы білім беру, қыздарды мектеп пен университеттерге оқуға беру, жұмыс бабымен қызмет көрсету, сонымен қатар ана мен бала денсаулығы мәселесіне мән берген. Осы қозғалыстың қатарында өзінің қызметімен танылған Гүлсім Асфендиярова да табылады. Ол мемлекеттік деңгейде әйел мәселесіне қатысты мәселелерде пікірін ашық білдіріп, жағдайдың оң шешілуіне ықпал етті. 1919 жылы Ташкентте Қазақ ағарту институты құрылды. Сол жерде Санжардың тағы бір туған қарындасы ұстаздық қызметпен айналысты. Одан бөлек, Лапиндер әулетінен шыққан адамдар да әйел құқығы, олардың қоғамда өз орнын таба білуі және еңбекке тарту ісіне атсалысты. Санжар Асфендияровтың әйелі Рабиға Асфендиярова – революцияға дейін Петербордағы жоғары оқу орындарының бірі Павловский қайырымды қыздар институтында білім алған санаулы қазақ қыздарының бірі. Тіпті, қазақтар ғана емес, жалпы түрік мұсылман қыздарының арасынан шыққан санаулысы ғана деп айтуға болады. Рабиға Лапина – текті әулеттің қызы. Серәлі Лапиннің қызы институтта білім алған сауатты маман ретінде бірқатар мемлекеттік органдарда қызмет атқарды. Мәселен, қазіргі Алматы қаласында орналасқан Ұлттық кітапханада өңдеу бөлімінің меңгерушісі қызметімен айналысты. Ал Бибіайша Асфендиярова кейіннен құрылған КСРО Ғылым академиясы қазақ филиалының жанындағы тарихи-археографиялық комиссияның хатшысы болды.
Әр қайраткер өз іздеушісін күтіп жатыр
– Дәрігер болу – жауапкершілік жүгі ауыр мамандық. Кешегі жер сілкінісі кезінде дәрігерлерге қатысты әлеуметтік желіде кең тараған видеолар да сөзімізге дәлел болмақ. Ал азаттыққа қол жеткізбей тұрып, сонау қиын-қыстау кезеңде жұқпалы індеттермен күрескен дәрігерлер туралы ақпарат әлі күнге дейін ашылмаған сандық күйінде жатыр, яғни олар жайлы деректер көмескі. Тарихта атқарған еңбегі орасан зор тұлғаларымыздың есімі мен ерлігі бүгінгі ұрпаққа толық жетті ме?
– Өкінішке қарай, Қазақстанда медицина, соның ішінде денсаулық сақтау саласының тарихын зерттеу мәселесі кенжелеп дамып келеді. Бұл туралы Кеңес заманында негізгі еңбектерде жарияланғанымен, біршама мәселе шет қалды. 1970-1980 жылдары қазақтан шыққан алғашқы дәрігерлерді қазаққа таныту мәселесі төңірегінде бірқатар еңбектер жарық көрді. Олардың ішінде Мұхамеджан Қарабаев, Аққағаз Досжанова туралы жазылған еңбектерді атап өтуге болады. Кейін 1984 жылы «Қазақтың алғашқы дәрігерлері» деген кітап жарыққа шықты. Сол кезде адамдар алғаш рет Мәскеу, Қазан қаласындағы медицина университеттерінде білім алып, елге оралған соң дәрігерлік қызметпен айналысқан қазақтар туралы біле бастады. Алайда әлі күнге дейін қайраткерлердің өмір жолы мен қызметі толық қалпына келген жоқ. Сондықтан олар жайлы маңызды деректер бүгінгі ұрпаққа толық жетті деп айта алмаймыз. Әр қайраткер әлі де өз іздеушісін күтіп жатыр. Біз жоғарыда атап өткен Санжар, Гүлсім, Аққағаздан өзге есімдері беймәлім қалған қаншама қайраткер бар. Революцияға дейін әскери қызметкерлер мемлекеттік қызметтен өтуге міндетті болса, дәрігерлер де тіркеуге алынып, қызмет етуге мәжбүр болды. Соғыс жағдайында індет тараған жағдайда дәрігерлерді тіркеуге алып, белгілі бір жұмысты атқаруға жұмылдырды. Мысалы, Түркістанға Бұхарадан, Хиуадан кірген індеттерге қарсы күрес жұмыстарына жұмылдырылған дәрігерлердің қатарында Санжар Асфендияров та болды. 2000 жылы «Кто есть кто в медицине» атты биографиялық анықтама кітабы жарық көрді. Бұл кітапта жүзге тарта қазақтан шыққан дәрігерлердің өмірбаяндары берілді. Дегенмен деректер әлі де толықтыруды, сан қырлы жағынан зерттеуді талап етеді.
Гүлсім туралы деректер Өзбекстан мұрағаттарында жатыр
– Гүлсім Асфендиярова – өз заманында дәрігерлік оқу орындарының беделін көтеру мәселесін шешуге білек сыбана атсалысқандардың бірі де бірегейі. Кейінірек дәрігердің ізінен еріп, жолын жалғастырған шәкірттері болды ма?
– Бұл сұрағыңызға жауап беру өте қиын дер едім. Гүлсім Асфендиярованың 1920 жылға дейінгі өмірі мен қызметі мұрағат деректерінің негізінде зерттелген. Сол тұста біраз дүние назарға алынып, факт ретінде нақтыланды. Ал 1920-1937 жылдардағы 17 жылдық аралық әлі зерттелген жоқ. Өкінішке қарай, Гүлсімнің қызметін ашып көрсететін құжаттар Өзбекстанның мұрағаттарында жатыр. Көршілес өзбек халқы тарапынан Гүлсім Асфендиярованы зерттеп жүрген зерттеушілер өте аз. Кезінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадирим Махмұдов пен оның қызы арнайы зерттеулер жүргізіп, мақалалар жазды. Бірақ Гүлсім Асфендиярова жайлы толыққанды зерттеу жұмысы әлі де жүргізілмеді. Сондықтан оның өмір жолының бізге жетпеген беймәлім тұстары өте көп дер едім. Ал енді «шәкірттері кім?» деген сауалға жауап беру қиын... Гүлсім – өзі қызметте болған мекемеде, аурухана немесе перзентхана болсын азаматтық ұстанымы мен дәрігерлік борышын алғашқы орынға қойған маман. Ол ұстаздық жолында қызмет етуден ешқашан бас тартқан емес. Қолынан келгенше айналасына бар көмегін аямауға тырысты. Бәлкім, артынан ерген шәкірттері бар шығар, бірақ біз олардың небір естеліктерін таба алмай жатырмыз. Болашақта Ташкентке іссапармен жол түсіп жатса мұрағатқа барып, Гүлсім Асфендиярова туралы тың деректерді тауып, қалың оқырман назарына ұсынамыз деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ