«Қазақ әйелі» деген ұғым қашанда киелі, аяулы, ардақты. Нәзік болмыс иелері өзін ғана емес, бүкіл ұлтты сақтап, ұрпақты болашаққа ұластырады. Адамзат өмірі де, ұлт пен қоғам өмірі де анадан басталады, соңы анамен аяқталуы мүмкін.
Қыздарға әсемдік жарасады
527
оқылды

Сондықтан аналарға, жалпы әйел затына қамқорлық – мемлекетіміздің басты басымдығының бірі. Сыйлы, бақуатты, білімді әйелдер ұлағатты ұрпақты тәрбиелеуге ғана емес, сондай-ақ орнықты мемлекетті өркендетуге де сүбелі үлес қосады. Мұның бәрі – гендерлік теңдік саясатының басты нысандары.

Атқамінер айымдардың еншісі қандай?

«Қазақстанда гендерлік теңдік қан­­­шалықты қамтамасыз етілген?» деген са­­уал­ды сарапшылар жылда, әсіресе 8 нау­рыз – Әйелдердің халықаралық мере­­­­­кесі қарсаңында қойып, жауап із­деп жатады. 

Алтыншы сайланған Мәжіліс (2016–2021 жылдар) құрамында ер адамдардың саны – 78 (73%), әйелдер саны – 29 (27%) болды. Бір қызығы, же­­­тінші сайланған Мәжілістің (2021–2023 жыл­­дар) депутаттық корпусында да дәл осы көрсеткіш сақталды: ерлер са­­­ны – 78 (73%), әйелдер саны – 29 (27%) болды. 

2023 жылғы 19 наурызда, сегізінші сайланған Парламент Мәжілісінің құра­­мында бұл көрсеткіш күрт нашар­­­­­лапты. Мәжілістің өзінің дерегінше, қазіргі шақырылымдағы төменгі палатаның құрамындағы депутаттардың 80-і немесе 81,6%-ы – ерлер, небәрі 18 депутат не­месе 18,4%-ы ғана – әйелдер. Бұл – жаңа Парламент өзінің бірінші сессия­­­­­­сына жиналғандағы, 2023 жылғы наурыз­­­­дағы ахуал. 

Кейінгі сессияларда әйелдердің үлесі кеміп кетуі де әбден мүмкін. Мысалы, 2024 жылғы 23 қаңтарда Respublica пар­ла­­­менттік фракциясы Динара Шүкіжа­­нованың депутаттық өкілеттігін мерзімі­нен бұрын тоқтатты. Салдарынан, әйел­­­дердің үлесі азайып қалатын еді. Бірақ ахуалды «AMANAT» партиясы құтқарды: соның алдында, 2023 жылғы 19 қыркүйекте көшбасшы партия Мәжі­­ліс депутатының бос мандатын Вера Кимге табыстады.

Әйткенмен, биыл босаған мандаттар ер-азаматтарға беріліп жатыр. Мысалы, Орталық сайлау комиссиясы 2024 жыл­­­ғы 4 наурыздағы отырысында Мәжілістің жаңа депутаты ретінде Нұрсұлтан Бай­­­­тілесовті, 2024 жылғы 12 ақпанын­­­­­­­дағы отырысында – Айтуар Қошмам­­­бетовті тіркеді.

Гендерлік тұрғыдан Сенаттың жағ­­­дайы да мәз емес: қазіргі 51 сенатор­­­­дың 11-і немесе небәрі 21,5%-ы ғана – әйел­дер. 

Салыстырсақ, 2021 жылғы қаңтар мен 2023 жылғы наурыз аралығында әре­кет еткен жетінші сайланымдағы Сенатта 15 әйел сенатор болған. Бірақ палатаның мәліметінше, ол шақыры­­лымда сенаторлардың жалпы саны 79 болыпты.

Яғни, нәзік болмыс иелерінің 30%-дық квотасы қос палатада да сақталып отырған жоқ. Себебі бұл квота заң бойын­­­­ша тек Мәжіліске қатысты және тек әр партияның сайлауда ұсынатын партиялық тізіміне ғана қолданылады. Ары қарайғы мандат бөлісте парламент­­тік 6 партияға бұл гендерлік квотаны ұстанбауына рұқсат етілген. 

Үкімет құрамында да гендерлік тең­дік жағы ақсап тұрғаны аңғарылады. Әлихан Смайылов Үкіметінде (2022 жылғы 5 қаңтар — 2024 жылғы 5 ақ­­­пан) ауыс-түйістерді қоса алғанда, вице-премьер және министр лауазым­­­­­дарында 5 әйел ғана болды, бұлар – вице-премьер Тамара Дүйсенова, Еңбек министрі Светлана Жақыпова (2023 жылғы қыркүйектен бастап), Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және экология министрі Зүлфия Сүлей­менова. 

Осы екі жылда Үкімет басшысының орынбасары және министрлер кресло­­­сына жалпы саны 49 ер адам жайғасыпты.

Ал қазіргі Премьер-Министр Олжас Бектеновтің Үкіметіндегі 26 ірі лауа­­­­­зымның тек төртеуін ғана нәзік болмыс иелері еншіледі. Бұлар – Премьердің орынбасары Тамара Дүйсенова, Денсау­­лық сақтау министрі Ақмарал Әлназа­­рова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Қазақстандықтардың көзқарасы айран-асыр етті

8 наурыз – әйелдер мерекесі қар­саңында БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақ­­­­­стандағы «БҰҰ-Әйелдер» құрылымымен бірлесіп, әзірлеген «Қазақстандағы гендерлік теңдікті және әйелдердің құ­­­­қық­­­тары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге қоғамдық көзқарас» атты есепті та­ныстырды. 

БҰҰ Даму бағдарламасының елі­міздегі Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов Қазақстандағы ең өзекті гендерлік проблемаларға биліктегі саяси шешім қабылдау деңгейлерінде әйелдердің жеткілікті ұсынылмауын, басшылық қызметте аз қамтылуын, олар­­дың көбіне, жалақысы аз, төмен лауазымдарға ысырылуын жатқызды.

Тұтастай алғанда, сарапшының пікірінше, республикада ерлер мен әйелдердің жалақысындағы ал­­­шақтық күшеймесе, азаймаған. Бұған еңбек нарығындағы гендерлік сегрега­­ция мен кемсітушілік, әйелдер мен аналарды қорғау бағытындағы заңнама­ның жетілмегендігі, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен харассменттің өршуі қосы­лып отыр. 

«Гендерлік теңдік мәдениеті туралы хабардарлықты арттыру және мәдениетті қалыптастыру үшін халықты әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту процесінің мән-маңызы мен мақсаттары туралы үнемі хабардар етуге бағытталған ауқымды, кешенді жұмыс жүргізілуі қажет. Респонденттердің едәуір бөлігі осыған назар аудартты. Ендеше мұндай жұмысты тұрақты негізде және қол­­­­жетімді формада жүзеге асырған абзал. Ересектермен жұмыс істеудің негізгі құрал­­­­дары – БАҚ пен интернет ресурс­тары болуы керек», – деді Сухроб Ход­жиматов.

Қазақстандықтардың 78,2%-ы ген­­­дерлік мәселелер туралы үгіт-насихат – интернет пен әлеуметтік желілер арқы­­­­лы жүргізілсе, өзіне қолжетімді, түсінікті болатынын айтты. 36% – телеарналардан тиісті роликтер көрсетілгені жөн екенін жеткізген. 23,9%-ы бұл туралы достары, туыстары айтса ғана сенетінін, соларды негізгі ақпарат көзі санайтынын мәлім­­­­деген. 

БҰҰ сарапшыларын әлеуметтік зерттеу барысында анықталған бір жайт қайран қалдырыпты: әйелдің орны – «ошақтың қасы» деп санайтындар нәзік болмыс иелерінің арасында да артып барады. 

«Сауалнамаға қатысқан әйелдердің жартысынан көбі – 53,6%-ы және ерлердің үштен екі бөлігі немесе 68%-ы «әйелдің басты міндеті отбасының жайлылығын қамтамасыз ету, балалары­­­­­­­ның тәрбиесі, сол себепті ол жұмыс істемей, үйде отыруы керек» деп санай­­­­ды. Бұл ұстаным әйелдердің жоғарғы білім алмауын, алғанымен мамандығы бойынша істемеуін, мансап сатысында өсіп, өз әлеуетін жүзеге асырмауын қарас­­тырады. Әйелдің негізгі «әлеу­­­меттік мақұлданған» рөлі – «отбасы, ошақ қасы». Феодалдық заманда қалып­тасқан бұл стереотип қайта қанат жа­йып, өмірдің барлық салаларында көрініс тауып жатыр», – деді БҰҰ сарапшылары.

Олар Қазақстандағы осындай ұстанымға және гендерлік проблема­­­­­­лардың күрделенуіне ықпал ететін фак­­торлар қатарында діндарлықтың өсуін, неоконсерватизмді және жалпы қоғам­­дағы «оңшыл» көңіл күйлердің күшей­генін атап өтті.

Жазалау емес, бітістіру – басымдық

Жасыратыны жоқ, гендерлік ауан­­дағы мәселелер бүгінде депутаттарды да екіге жарды және қызу пікірталасқа тамыздық болды. Гендерлік теңдік мәселесінде ілгері кеткен дамыған ел­­­дер­­­де әйеліне қол көтергені әшкере­­­­­­­ленсе, ері бірден қатаң жазаланады. Қазақстанда парламентшілердің басым бөлігі бірінші жолы «оқасы жоқ», татуластырған дұрыс деген ұстанымда.

Мәжіліс таяудағы отырысында «Кей­­­­бір заңнамалық актілерге әйел­­­­­­дердің құқықтары мен балалардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» негізгі заң жобасын және «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жіберді. 

Оны талқылау барысында де­­­­­путаттардың бір бөлігі Прези­­­­­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жа­­за­­­­ны қатаңдату туралы тапсырмасына сәйкес, отбасын ойрандаушыларға, «асүй сойқандарына» қатысты жазаны күрт күшейтуді ұсынды. Мысалға, зайы­­­бы мен балаларын соққыға жыққандарға артынша келісімге келіп, кешірім алуы­­на мүлдем тыйым салу, яғни бірінші инциденттен бастап жазалау ұсынылды. 

Жұмыс тобына кірген мәжіліс­­­­мендердің басым бөлігі оны қолдамай тастады. Қолдаушы депутаттар әріптес­­­терінің бұл қадамына таңырқады.

– Заң жобасы о баста зорлық-зом­­былықтың барлық түрі бойынша тату­ласуды алып тастауды қарастырды. Енді ұрып-соғу бойынша татуласуды қал­дыруға ұйғарылыпты. Мұндай ұсы­­­ныс­тың мәні неде және ол Президенттің аг­рессивті және зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділікті дамыту жөніндегі сөздеріне қаншалықты сәйкес келеді? Қатыгездікпен байланысты қылмыстық істердің жартысы дәлелденбеуі салда­­­рынан жабылады. Оларды ұрып-соқаны үшін бірден отырғызады деп айтуға болмайды, алдымен түзету жұмыстары, айыппұлдар және жалпы жұмыстар бар. Татуласу мүмкіндігін беру қаншалықты дұрыс? – деп наразылығын білдірді депутат Гүлдара Нұрымова.

Заң жобасы бойынша негізгі баян­дамашы болған депутат Жұлдыз Сүлей­­­­­менова әріптесінің бұл наразылығын және позициясын түсінбейтінін қадап айтты. Ұстанымын нақтылаған Г.Нұ­­­рымова «Отан отбасынан басталады» десек, сол шаңырақ атты шағын мем­лекетін жүрекпен емес, білекпен, сом жұдырықпен басқаруға ұмтылған адамға құрбанымен татуласуға мүмкіндік беру­­­­дің дұрыстығына күмәнданды.

– Жоқ, сіз сонда қалай ойлайсыз? Сіздің ойыңызша, баласын ұрып-соққан ата-анаға татуласуға мүмкіндік бермеу керек пе? Жалпы, заң жобасының ав­торы ретінде мен өз басым балаларды ұрып-соққанға үзілді-кесілді қарсымын. Бірақ біздің отбасылық құнды­­­­­­лықта­­­­рымызда баланың тәрбиесіне байла­­­­­­­­­нысты ерекшелік бар. Бізде «әкенің сұсы» деген бар. Яғни, баласының бола­­­­шағын ойлаған әке де, ана да балаға «тәк-тәк» деп айтуы мүмкін. Ал оны отбасылық зорлық-зомбылық, қыл­­­­­­мыстық құқықбұзушылық деп танып, ата-ана мен баласының татуласуына мүмкіндік бермеу қажет деген норма ұсынылды, – деді Ж.Сүлейменова.

Заң жобасы авторларының пі­­­­кірінше, құзыр-құқық берсе, құ­­­зырлы органдар ата-анасының тәрбие мақсатында ұруын зорлық-зомбылық деп танып, баланы отбасыдан алып қоюы мүмкін. Құжатта олардың аражігі ажыратылмаған. Депутаттардың басым бөлігі осы ұстанымға жығылды.

Сонымен бірге жанжалды ушық­­­тырмау үшін тараптарға, соның ішінде ерлі-зайыптыларға немесе бала мен ата-анаға бір-бірімен қайта табысып, татуласуға мүмкіндік берген жөн деп шешті. 

Тоқтам сөзді Мәжіліс Төрағасы Ер­лан Қошанов айтты: зорлық-зомбы­­­­лықты тыйған жөн, бірақ қазақы дәстүр де тәрк етілмегені игі. 

«Агрессорлар мен абьюзерлердің ке­сірінен қаншама шаңырақ шайқалып, әйел тағдыры талқыға түсіп, балалар зардап шегіп жатыр. Әйелдер мен бала­­­­ларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатайтуды жұртшылық көптен бері талап етіп келеді. Енді жаңа заң бойынша мұндай қылмыстар үшін қатаң шаралар қолданылады. Ол өте орынды. Жалпы, әйелдер мен балаларға күш көрсетуге, агрессия мен зорлық-зомбылыққа жол бергізбеуге тиіспіз. Ата дәстүрлерімізді берік ұстанып, ерлі-зайыптылар арасында шынайы құрмет, сыйластық пен балаларға деген қам­­­­қор­­лық орнығуы да қажет», – деді спикер. 

Айтқандай, Ұлттық статистика бюросы қазақстандық әйел­­­дердің шыдамдылығын, қайсарлығын паш ететін дерегін жария етті. Оның ха­барлауынша, Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы бойынша «жоғары гендерлік алшақтық» сақталды. Республикада әйел­дер ерлерге қарағанда 8,1 жыл ұзақ өмір сүреді екен. Орта есеппен ерлердің өмір сүру ұзақтығы – 70,3 жас, әйел­дердікі – 78,4 жас. 

Әрине, бұл тек Қазақстанға тән емес. OurWorldinData сарапшыларының зерт­теу нәтижелері көрсеткендей, ерлер мен әйелдердің өмір сүруі ұзақтығындағы алшақтықты әр елде байқауға болады. Кейбір елде бұл бар болғаны 3-4 жыл, басқаларында 10 жылдан асып кетеді. Сарапшылар бұған көптеген әлеуметтік-экономикалық фактор – денсаулық сақтаудың даму деңгейі, туу көрсеткіші, өлім-жітім себептері, қылмыс деңгейі және басқалары әсер ететінін ескертті. 

OurWorldinData мәліметінше, ген­­дерлік жас алшақтығы жөнінен Қазақ­­стан экономикалық дамыған елдерден едәуір артта қалды. Оларда қос жыныс иелерінің жасындағы айырмашылық зор емес. Мысалы, Швейцарияда ерлер орта есеппен 82 жыл, әйел 85,9 жыл өмір сүреді. Кішкентай Монакода бұл одан да аз: 3,4 жыл. Гендерлік жас айырма­­­­­­шы­лығы Өзбекстанда – 5,1 жас қана. ТМД-да Қазақстанға қарағанда тек Ресейде жағдай нашарлау: аражік 10,6 жылдан көп.

Нәтижесінде, республикамызда әйел­дер саны басым: бүгінде түрлі жастағы 10 260 057 нәзік болмыс иесі бар. Ерлер саны – 9 793 608 адам.

Мереке кезінде әдемі сөздер ғана айтып, көркем көрсеткіштерді құлпырта көрсеткенге не жетсін?! Әйткенмен, данагөй ата-бабамыз ауруын жасыр­­­­ғанның арты не болатынын ұрпағының құлағына құйып кеткен. Сарапшылар назар аудартып отырған мәселелер кешенді де сарабдал шешімдерге серпін беріп, гендерлік теңдік түйткілдерін тарқатуға септессе, Қазақстанның жағдайы тек жақсарары сөзсіз. 

Айхан ШӘРІП