Боксшылар Олимпиадаға іріктеу турниріне қатысып жатыр.
«Бір командамыз!»: Геннадий Головкин Қазақстан боксшыларымен кездесті
Фото: Olympic.kz
1,547
оқылды

ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Бусто-Арсициода  бокстан Қазақстан ерлер және әйелдер командасымен  кездесті, - деп хабарлайды Aikyn.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасап.

Қазір Қазақстан боксшылары Олимпиадаға іріктеу турниріне қатысып жатыр. ҚР ҰОК басшысы Италияға  арнайы келіп, бүгін бейресми жағдайда спортшылармен  кездесті. Ол іріктеу турнирінің  ең жауапты кезеңі алдында өз кеңесімен  бөлісіп, қолдауын көрсетті.

«Мен мұнда біздің командамызға қолдау көрсету үшін келдім. Мен де кезінде сіздердің  орныңызда болған қарапайым адам екенімді  көргендеріңізді  қаладым. Қазір әрқайсыңызда  үлкен жауапкершілік тұр. Міне,  осының бәрін қабылдай білу қажет. Шаршы алаңда үш раунд бойы бар күшті салып, мүмкіндікті  жібермеу керек. Қазақ бокс мектебі әлемдегі ең мықты мектеп саналады. Сондықтан бізге бұл дәстүрді жалғастыру үшін аянбау керектігін ұмытпайық. Біз бәріміз бір командамыз! Мен үнемі сөздермен біргемін, әрдайым қолдауға  дайынмын», - деді Головкин бапкерлер мен боксшылар қауымына.

Ол командалық рухты жоғалтпай, әрдайым ауызбіршілікте болып, бір-біріне  қолдау көрсетіп, Қазақстан намысын абыроймен қорғауға  тілектестік білдірді.

«Бізге қолдау көрсетіп, рухымызды көтергеніңіз  үшін алғысымыз шексіз. Сізді көргеніміз үшін шын жүректен қуаныштымыз. Біздің мақсатымыз бір - еліміз үшін лицензия алу. Алдағы  басты мақсатымыз айқын, қолымыздан  келгенше аянып қалмаймыз», - деді ерлер командасының капитаны Асланбек Шымбергенов.