Денсаулық министрлігінің қолдауымен гибридті форматта ұйымдастырылған жиынға алыс-жақын шетелдерден келген 200-дей халықаралық гастроэнтерология және гепатология саласындағы сарапшылар, дәріскерлер қатысты.
Алқалы басқосуды ашқан Астана медицина университетінің проректоры Меруерт Ғазалиеваның айтуынша, асқазан-ішек аурулары бүгінде медицинадағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Өйткені өмір сүру қарқынының жылдам өзгеруіне байланысты тамақтану мәдениеті де күрделі өзгеріске ұшырады. Бұл өз кезегінде адамның денсаулығына айтарлықтай кері әсерін тигізіп келеді.
«Қазір гастроэнтерология тар шеңберлі бағыттан саламатты өмір салты, нутрициология, психология, дәрісіз емдеу жолдары және жоғары технологиялар саласындағы кең спектрді қамтитын пәнаралық ғылымға айналды. Әлемдегі барлық гастроэнтеролог дәрігерлер емделушілердің ас қорыту жүйесін қалпына келтіріп қана қоймай, сонымен бірге тұтастай өмір сүру мәдениетін дұрыс бағытқа қарай бұруына септесіп келеді. Осы арқылы адамдар алаңсыз ғұмыр кешуге бейімделуде», – деді Меруерт Арыстанқызы.
Сонымен қатар ұйымдастырушылар АстМУ-дің отандық денсаулық сақтау саласының алдында тұрған ауқымды міндеттерді тың технологиялар арқылы шешуге дайын екенін айтты. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен университетте қашықтан медициналық қызметтерді дамыту мен Big Data талдау орталығы құрылған.
Бұдан бөлек, М.Ғазалиева гастроэнтеролог мамандығын меңгеріп, жұмыс істеуге ниет білдірген студенттердің қатары жыл сайын артып келе жатқанына тоқталды.
«Айталық, 2022 жылы бізге гастроэнтерология мамандығын меңгеруге 22 резидент түсті. Былтыр тағы да 35 адам осы бағытты таңдады. Қазір тұтастай 57 резидент тиісті оқуларын жалғастырып, олар ғылыми-зерттеу процесіне жұмылдырылып отыр. Медицина саласындағы маңызды оқиға болып табылатын жыл сайынғы конгресті өткізгені үшін профессор Венера Рахметоваға ерекше алғыс айтамын. «Астана Медицина Университеті» КЕАҚ еліміздің жетекші жоғары оқу орны және В. Рахметованың жетекшілігімен резидент гастроэнтерологтарды даярлауды жүргізеді. Сондықтан бұл конгресс диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін тәжірибеге енгізуге және тәжірибешілер, гастроэнтерологтар, гепатологтар мен терапевтер арасында білім алмасуға ықпал етеді», – деді АстМУ-дің проректоры.
Екі күнге жалғасқан халықаралық басқосуда АҚШ, Қытай, Үндістан, Еуропа елдері, Ресей, Украина, Армения, Беларусь және Қазақстанның үздік мамандары гастроэнтерология және гепатология саласындағы жетістіктер мен өзекті мәселелерді қарастырды. Бұған қоса, ғалымдар өңешті, асқазанды, аш ішекті және ішекті диагностикалау мен емдеудің тың тәсілдерін енгізу бойынша пікір алмасты.
Калифорния университетінің профессоры, В гепатитімен күресу қорының медициналық директоры Роберт Гиш бауырдың холестатикалық, аутоиммунды аурулары, соның ішінде бастапқы билиарлы колит туралы ғылымдағы жаңалықтарымен бөлісті. Сондай-ақ ол В гепатитін функционалды емдеуге арналған жаңа дәрілік препараттар туралы айтты. Қытайдан келген Бейжің Гуанцюмень Біріккен клиникасы, медицина ғылымдарының докторы Цзин Зои Сеннің «Біз созылмалы В гепатитін емдеу үшін пегилирленген интерферонды қалай қолданамыз?» атты баяндамасы ғалымдардың зор ықыласына ие болды. «С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ» КЕАҚ гастроэнтерология кафедрасының меңгерушісі А. Нерсесов, соңғы он жылдықтарда бауырдың зақымдануының әртүрлі этиологиялық факторының ашылуына қарамастан, бүгінде алкоголь олардың арасында жетекші болып қала беретіні туралы түсіндірді.
Конференция аясында гастроэнтерология және гепатология саласындағы түрлі ауруға арналған 40-тан астам баяндама тыңдалды. Жиын соңында Венера Сәметқызы конгресс жұмысын қорытындылай келе, қатысушыларға алғысын білдіріп, барлық делегатқа арнайы сертификат табыстады.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ