Бірақ әлімжеттіктің балабақшада да болатынына көз жетті. Демек, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың тамыры тереңге кететінге ұқсайды. Ал қиянатшыл адамдар бар жерде үлкеннің де, кішінің де құқы бұзылатыны айтпаса да түсінікті. Әсіресе, мұндайда бала құқы мәселесі өзекті бола түседі.
Қазір бұл мәселеге мемлекеттің айрықша назар аударып отырғаны да содан. Біз бұл тақырыпқа байланысты пікірін білмекке Парламент Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақпен тілдескен едік. Елімізде бала құқығының қорғалуына қатысты Мәжіліс депутаты да үнсіз қалған жоқ. Ол қазір мәжіліс қабырғасында бала құқығын қорғауға байланысты отбасылық зорлық-зомбылық үшін әрекеттерді қылмыстық теріс қылыққа өзгерту, қолданылатын жазаны қатайту мәселесі қаралғанын және оның депутаттар тарапынан қолдау тапқанын жеткізді.
– Үнзила ханым, кейінгі уақытта ақпарат ағынында балаларға жасалатын қысым туралы деректер көбейді. Бейбіт заманда балаға аяусыздық таныту фактілері неліктен жиілеп кетті?
– Әрине, бұл сұраққа дөп басып, нақты жауап беру қиын. Менің пікірімше, балаға аяусыздық таныту фактілері бұрыннан бар. Әлеуметтік желілердің уақыт өткен сайын дамып, кең қолданысқа енуінің арқасында мұндай жайсыз оқиғалар қоғамда ашық көрініс табуда. Балаларға жасалатын қысымның көбеюіне себеп болатын факторларды бірнеше бөлікке бөліп, жіктеуге болады. Біріншіден, қоғамдағы әлеуметтік және экономикалық факторлар. Бұл дегеніміз – теңсіздік, кедейлік, жұмыссыздық және өзге де әлеуметтік-экономикалық мәселелер қоғамдағы шиеленіс деңгейін арттырып, отбасы мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларының көбеюіне ықпал етеді. Екіншіден, қоғамда ақпараттың жетіспеушілігі. Кейбір ата-аналардың баланың дамуы, ата-ана тәрбиесі мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы жеткілікті білімі болмауы мүмкін. Білімнің аздығы мен қолжетімсіз ақпарат балаларды тәрбиелеу мен жазалаудың дұрыс емес әдістеріне әкеліп соғуы мүмкін. Үшіншіден, мәдени және дәстүрлі көзқарастар. Кейбір қоғамда балаларға қатысты зорлық-зомбылық, әсіресе физикалық жаза рұқсат етілген құбылыс ретінде қарастырылуы мүмкін. Төртіншіден, психологиялық мәселелер. Ата-анада күйзеліс, нашақорлық, алкоголизм, ойынқұмарлық және шамадан тыс қарызға бату секілді психологиялық проблемалар бар болса, бұл отбасында және балаларға қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларының болуына әкелуі әбден ықтимал. Соңғысы бұл – тиімді қорғаныс тетіктерінің болмауы. Кейбір елдерде балалардың құқықтарын қорғау жүйесі жетілдірілмеген немесе тиімсіз болуы, сондай-ақ балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін құқық қорғау шаралары іс жүзінде тиісінше жүзеге аспауы мүмкін.
– 2023 жылғы статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 400 мыңнан астам бала өмірге келеді. Бүгінде елімізде бала құқығы қалай қорғалады?
– Қазақстан бала құқығының қорғалуына, оның жүзеге асуына аса мән береді. Ата Заңымыз, яғни Конституцияның 1-бабына сәйкес, мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Осы баптағы адам ұғымына балалар да кіреді. Сондай-ақ Конституцияның 27-бабына сәйкес Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Осы баптың екінші тармағына сәйкес, оларға қамқорлық жасау міндеті тек қана мемлекетке емес, сонымен қатар ата-аналарына жүктелетіні жазылған. Халықаралық құқық кеңістігінде Біріккен Ұлттар Ұйымы 1989 жылы Бала құқықтары туралы конвенцияны қабылдады. Еліміз бұл конвенцияны 1994 жылы ратификациялады, яғни халықаралық заңды бекітті. Конституцияның 4-бабына сәйкес республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады. Демек, бала құқықтары мемлекетіміздің аумағында конвенция арқылы да қорғалады. Онымен қоса, бала құқықтары кодекс деңгейінде қорғалады. Неке және отбасы кодексінде бала құқықтарына арналған институт, яғни жеке кодекстің 10-тарауы бар. Кодекс отбасылық қатынастарды және отбасындағы балалардың құқықтарын, соның ішінде білім беру, қамқорлық, тәрбие және мұрагерлік құқықтарын реттеудің негізгі принциптерін белгілейді. 2002 жылғы 8 тамыздағы Қазақстан Республикасындағы Баланың құқықтары туралы заң қабылданған. Заң бала құқықтарын зорлық-зомбылықтың, қанаудың және кемсітудің барлық түрінен қорғаудың негізгі принциптері мен тетіктерін белгілейді. Осы заңның жеке 8-тарауы баланың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғауға арналған. Бала құқықтары Білім туралы заңымен де қорғалады. Заң білім берудің негізгі принциптерін, соның ішінде кемсітусіз барлық балаға білім беру құқығын анықтайды.
– Осы күнге дейін балаларға жасалған қысымның сан түрін көріп келсек те, қоғам әлі одан сабақ ала қоймаған сыңайлы. Бұл ретте бала құқығын қорғау аясында заңға қатаң өзгеріс енгізу қажет пе?
– Расында, балалардың құқығын қорғау мәселесі көптеген қоғамда өзекті тақырып болып қала береді. Заңға өзгеріс енгізу, жаңа заң қабылдау тез әрі оңай, негізсіз жүзеге асатын процесс емес. Қоғамдағы кез келген келеңсіз оқиғаларға тосқауыл қою мемлекет тарапынан ғана емес, қоғам тарапынан да қолдау табуға тиіс. Қоғам бұл мәселеде мүдделі болмаса, тиісінше қоғамдағы өзгерістердің болуы екіталай. Сондықтан балаларға жасалатын зорлық-зомбылыққа байланысты жағымсыз оқиғалардың өсуіне жол бермеу мемлекет тарапынан да, жалпы қоғам тарапынан да кешенді тәсіл мен күшейтілген күш-жігерді талап етеді.
– 2023 жылдың қараша айындағы көрсеткіш бойынша елімізде 25 бала ажал құшқан. Өкініштісі, оның ішіндегі 6 бала жақындарының қолынан қаза тапқан. Мұндай келеңсіз оқиғалардың артуына тосқауыл қоя аламыз ба?
– Ең алдымен азаматтардың, соның ішінде балалар, ата-аналар, тәрбиешілер мен басқа да мамандардың балалар құқығы, зорлық-зомбылық түрлері және қорғау тәсілдері туралы хабардар ету жағымсыз оқиғаларды алдын алуда маңызды рөл атқарады. Тағы бір маңыздысы, отбасы институтын қолдау. Бұл балалардың және бүкіл қоғамның әл-ауқатын қамтамасыз етуде негізгі рөлге ие. Сондай-ақ ата-ана тәрбиесі, дағдыларды дамыту бойынша консультациялар, білім-беру бағдарламаларын ұйымдастыру маңызды. Онымен қоса, қазір қоғамда жалғызбасты ата-аналардың саны аз емес. Сондықтан жалғызбасты ата-аналарға қолдау көрсету мәселесіне ерекше назар аударуға тиіспіз. Себебі жалғызбасты ата-ана балаларды тәрбиелеуде және олардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуде қосымша қиындықтарға тап болуы мүмкін. Қоғамда отбасылық құндылықтар мен дағдыларды дамыту қажет. «Қазақстандық отбасылар – 2022» ұлттық баяндамасының деректеріне сәйкес, неке коэффициенті 2017 жылы 9,33-тен 2022 жылы 7,34-ке дейін төмендеді. Қазақстанда тіркелген некелер санының төмендеуі байқалады. Сондықтан отбасылық құндылықтар мен дағдыларды дамыту бағдарламалары отбасылық байланысты нығайтуға және отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға ықпал етеді. Сенатқа жолданған заң жобасында дәстүрлі отбасылық құндылықтарға қатысты норма көзделген. Қолданыстағы Конституцияның 27-бабында Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болатыны нақты айқындалған. Бұл қазіргі қоғамдағы басты құндылық саналады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ