Ескіден жеткен ежелгі қорымдар, обалар, тастарында таңбалар ойылып, бағзы заман адамдарының қолтаңбасы қалған тұтас кешендер жетерлік. Бір өкініштісі, солардың дені тиісті орындар тарапынан терең зерттелмеді, бағасы берілмеді және қорғалып та отырған жоқ. Тек еріктілер мен еліміз бен жеріміздің тарихына қызығушылық танытатындар анда-санда саяхат ұйымдастырып, тарихи ескерткіштердің маңызы жайлы әңгіме қозғайды.
Осыдан бірер жыл бұрын Кербұлақ ауданындағы Арқарлы тауларында орналасқан петроглифтерге қауіп төнгенде облыста дабыл қағылып, таңбалы тастарды құрылыс материалдарына пайдаланушыларды әрең тоқтатып, онда аталған аумақ мемлекеттің қорғауында деп белгі қойылған. Сонымен, ол жақ тынышталғандай болған. Шалғайда жатқан ондай ескерткіштің талайының тағдыры белгісіз. Оны айтасыз, облыс орталығының тура жанындағы Қызылтас саяжайлар аумағындағы тарихи және табиғи ескерткіштерден тұратын тұтас кешеннің басына қауіп төнгелі бірнеше жыл болды. Былтыр осындағы петроглифтер табылған жартастар «диорит» атты құрылыс материалдарын өндіру мақсатында талқандала бастағанда барып жергілікті экологтер мен белсенділер дабыл қағып, республикалық ұйымдарды қосып, Алматыға барып баспасөз мәслихатын өткізіп, әрең тоқтатқан еді. Осы тұстағы қалалықтардың сүйікті демалыс орнына айналған «тасбақа» тастың да тағдыры қыл үстінде тұрғаны сол кезде қозғалып, басқалармен бірге оған «АМАNAT» партиясының да араша түскені есімізде. Сол кезде қала басшылығы: «700 адамды жұмыспен қамтып отырған «Темірбетон» ЖШС сияқты алпауыттың жұмысын түбегейлі тоқтата алмаймыз, олардың өндірісі осы аумақтан өндірілетін құрылыс материалына тікелей тәуелді. Бұл жер солардың меншігінде» деген еді.
Қалай болғанда да, сол жолғы наразылықтан соң жартастарды жару жұмыстары саябырсыған. Жақында қалалықтар Қызылтас саяжайы маңындағы Темір тауында тағы да жарылыстар жасала бастағанын айтып, тиісті орындарды мазалай бастады. Соған қарағанда, бірер айға созылған тыныштықты өзінше қабылдаған өндірісшілер петроглифтер кешенінің тарихи құндылығын ысырып қойып, тағы да өз пайдасын түгендеуге кіріскен сыңайлы. Осылайша, біздің дәуірімізге дейін өмір сүрген жандардың тасқа ойып қалдырған тарихы талқандалуда.
Талдықорған қаласының жанындағы Қызылтастан диоритті қазу және өндіру жұмыстары Қаратал ауданының аумағына дейін 15 шақырымға созылатын сілемде жалғасып жатыр. Осы іспен айналысушы серіктестік диоритті түрлі көлемдегі қиыршықтасқа айналдырып, темірбетон бұйымдар мен құрылғылар шығаруға пайдаланады. Егер диориттің құрамында кварц көп болса, онда ол маркасы жоғары бетонға қосылады. Кеніш жұмыстары осындағы Темір шоқысында жүргізілуде. Бұған дейін зерттеу барысы көрсеткендей, дәл осы шоқыда жартастағы суреттердің тұтас кешені орналасқан. Сонымен бірге мұнда жету үшін жолдар жасалғанда отыздан астам қабірлі обаны трактормен тегістеп тастапты.
2007-2008 жылдары Қызылтас қырқасында Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Алексей Марьяшов пен Сент-Луистегі Вашингтон университетінің ассистент профессоры Майкл Фрачетти басқарған Қазақстан – Америка халықаралық археологиялық экспедиция зерттеген. Ғалымдар Қызылтас қырқасының оңтүстік бөктерінде, солтүстік-батыс бөлігі мен ортаңғы тұсындағы екі шатқалда археологиялық барлау жүргізіп, тұтас петроглифтік кешен тапқан еді. Осы экспедицияның қатысушысы Ольга Гумированың айтуынша, таңғажайып петроглифтер туралы барлық ақпарат Алматы облыстық Мәдениет басқармасына тапсырылыпты. 2020 жылы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы сол жерлерде археологиялық сараптама жүргізіпті. Соның нәтижесінде қабірлі обалар анықталып, оларға мемлекеттің қорғауындағы ескерткіштер мәртебесі беріледі. Алайда мұның өзі де тарихи маңызы бар орында инертті материалдар өндіруге тоқтау сала алмаған көрінеді.
«Біздің «Охотники за петроглифами» қоғамдық қорына талдықорғандық экобелсенділер хабарласып, солардың өтінішімен былтырғы жылдың қараша-желтоқсанында ежелгі жартас суреттері жойылып жатқан жерге археологиялық зерттеу жүргізу үшін арнайы сапарлап бардық. Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институтпен ынтымақтастық жөніндегі келісім аясында жұмыс істейтіндіктен, біздің мұндай зерттеулер жүргізуге өкілеттігіміз бар. Темір жотасынан көптеген ежелгі петроглиф таптық. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігі қайта қалпына келмейтіндей жойылып кетіпті. Жотаға апаратын жолдың бойындағы сақ қорғандары жермен-жексен болыпты. Білетіндердің айтуынша, оған дейін «Қазархеология» обаларды қысқа ғана мерзімде қазып, зерттеген. Бірақ қорғандардан табылған артефакттар, қазба жұмыстарының есебі қайда деген сауалдарға нақты жауап жоқ. Осылайша, обалардың орнында қазір жол жатыр. Ежелгі тарихқа, ата-бабадан қалған ескерткіштерге орны толмас зиян келген», – дейді қоғамдық қордың үйлестірушісі әрі атқарушы директоры Ольга Гумирова.
Археологтер зерттеу қорытындысында тау басындағы жартасты бекіністің де бұзылғанын жазады. Петроглифтердің қазір аман сақталып қалғандардан көп болғанына дәлел жетерлік. Жартастарды жарғанда айналаға ұшқан тас сынықтардан да петроглифтерді көруге болады. Әзірге Қызылтас қырқасының оңтүстік беткейлерінде петроглифтердің бес бірдей ірі тізбесі сақталып қалған. Олардың арасында жеке-даралары мен бірге топтасқандары да бар. Сол маңдағы «тасбақа» тастың маңындағы ежелгі қоныста Албан руының таңбасы болған.
Ольга Гумированың айтуынша, ең ежелгі суреттер біздің дәуірімізге дейінгі ІІ мыңжылдық қола ғасырына тән. Сонымен бірге дәл осы жартастағы суреттер кешенінде аса сирек кездесетін алыптардың бейнесі бар. Сондай-ақ скифтік-сақтық аң түрінде орындалған көптеген петроглиф табылыпты. Бұларды біздің дәуірге дейінгі І мыңжылдыққа, ал түркі стиліндегі суреттерді біздің дәуірімізге дейінгі VIII-IX -XII-XIII аралығына жатқызуға болады. Біздің елімізде артефакттардың дәл осындай бір кешенде тығыз орналасуы сирек кездеседі. Өкінішке қарай, соның қадірін білмей отырмыз. Өлкеміздің өткенінен ғасырлар бойы аман жеткен аса құнды ескерткіштер әзірге талдықорғандық экобелсенділер мен ерікті тарихшыларға ғана қажет болып тұр. Олар Талдықорғанға келіп бәрін өз көзімен көріп, жиындар өткізді. Алматыда баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, бүкіл әлемге де дабыл қақты. Бірақ сондай ел жиналған кезде ғана елең ететін тиісті орындағылар араға аз уақыт салып барып бәрін ұмытады. Баспасөз мәлихатын ұйымдастырушылар бұған дейін жасалған археологиялық сараптамаға да күмәнданады. Өйткені ондай сараптамаларды аккредиттелген коммерциялық ұйымдар мүдделі басқа коммерциялық ұйымдардың тапсырысы бойынша жүргізеді. Мәселен, Темір тауындағы петроглифтерді «Темірбетон» ЖШС тапсырысы бойынша «Қазархеология» ЖШС сараптаған. Мұндағы тапсырыс беруші «Темірбетон» ЖШС өздерінің өндірісі үшін аса маңызды болып отырған тау сілемдеріндегі петроглифтердің тарихи құндылығын жоққа шығаруға мүдделі. Ал олардың тапсырысы бойынша сараптама жүргізген ұйымның пайда табу мақсатында қай жаққа бұра тартары айдан анық нәрсе.
«Мұндай жағдайды мен заңнамадағы жүйелі қателік деп есептеймін және тез арада түзетілуі керек» деген қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан аталған мәселеге мәжілісмендердің назар аударуын талап еткен еді.
«Жасыл құтқару» қоғамдық қорының жетекшісі, экобелсенді Сергей Куратов Қызылтастағы петроглифтерді аман алып қалудың нақты бірнеше қадамын ұсынады. Олар – ескерткіштерді бақылау мен қорғауды және оларды қирату мен бүлдіруге қатысты жауапкершілікті барынша күшейту, басқа жаққа көшіру.
Былтырғы жылдың желтоқсанында «Темірбетон» мен әкімдік өкілдері петроглифтерді көшіру арқылы мәселені реттеуді ұсынған. Бұл жұмыстарды қаржыландыруды өндірісшілер мойнына алып, «Қазархеология» жүзеге асырады делінген. Алайда ол сөз жүзінде қалып қойды.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы