Аймақ басшысының бастамасымен наурыз айынан бастап қолға алынған игілікті жоба аясында мәдениет және спорт саласында жүзеге асатын жағымды жаңалықтар аз емес.
Жалпы, тарихы тереңнен тамырласқан Сыр өңірінің төл өнері, мәдениеті мен әдебиеті баға жетпес асыл қазынасы саналады. Өңір – жыр жауһарлары төгілген, киелі өнердің алтын көмбесіне айналған құтты мекен. Қай кезде де түркі халқына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы Қорқыт бабамыздың ізі қалған Сыр елінің тауы мен тасы шежіреге толы. Биылғы жылдың өңірде «Руханият жылы» аталуы бекер емесі осыдан айқын аңғарылады.
«Соңғы екі жылда аймақтың мәдениет пен руханият саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Қызылорда қаласында жерлесіміз Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1 млрд 700 млн теңге болатын «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Сондай-ақ 1 млрд 500 млн теңгеге салынған «Отбасы орталығы» өз қызметін бастады. Сыр өңірінің мәдени брендіне айналатын «Шірік-Рабат Сақ жауынгері» мен «Сығанақ ханшайымының» алтындатқан мүсіндері облыстық музейге тапсырылды. Алдағы уақытта тарихшылардың ғылыми негіздемелеріне және археологиялық қазба нәтижелеріне сүйеніп, алтын киімді «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» реконструкциялары жасалып, осы күнге дейін беймәлім болып келген, шетелдерде сақталған жәдігерлер көшірмелері ел назарына ұсынылатын болады. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, салт-дәстүрлерімізді насихаттау мақсатында халқымыздың жыл басы және жаңару айы – Наурыздан бастап Сыр өңірінде биылғы жылды «Руханият жылы» деп жариялаймыз. Жыл аясында тек мәдени-көпшілік шаралар ғана емес, ауқымды жобалар жүзеге асырылады», – деген болатын облыстық мәслихат сессиясында аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы.
Өткен жыл өрнегіне көз жүгіртсек, былтыр аймақта он жыл бұрынғы үрдіс қайта жаңғырды. Нақты айтқанда, мәдениет саласын дамытуға үлес қосқан бірқатар өнер және әдебиет өкіліне «Тұран» арнайы сыйлығы табысталды. Сонымен қатар тұңғыш рет 50-ден аса кәсіби музыканттан жасақталған симфония оркестрі құрылып, мүгедектігі бар өнерпаздардың шығармашылығын шыңдауға арналған инклюзивті театр үйірмесі жұмысын бастады. Сондай-ақ қалалық жастар театры өз алдына кәсіби ұжым болып қайта құрылды. Тізбектей берсеқ, ұлттық рухты асқақтатар толымды тірліктің куәсі боласыз.
Сыр өңірінде Руханият жылы шымылдығын түрген тұста жұртшылық жыл бойына тағатсыздана күткен мың орындық өнер орталығының ашылуы ұлы істердің бастамасы болды. Салтанатты шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы келіп, «ТҮРКСОЙ» ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев облыс әкіміне «Үздік мәдени өңір» номинациясын табыстауы көпшіліктің көңіліне қуаныш сыйлады.
Негізінен, мың келушіге арналған аталмыш орталықтың іргетасы 2022 жылдың қыркүйек айында қаланған болатын. Нысанның жалпы құны 3,7 млрд теңгені құрайды. Еңселі ғимаратта симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар, түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізіледі деп жоспарланған.
«Аймақта атаулы жылда атқарылар жұмыс аз емес. Бұл тұрғыда мың келушіге арналған өнер орталығының ашылуы жоспарлы жұмыстардың бастауы. Бұдан өзге, жыраулар үйі, барлық ауданда неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі орналасатын «Руханият» орталықтары салынбақ. Оған облыстық бюджеттен 11,5 млрд теңге жоспарланған. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан «Шығармашылық академиясы» салынатын болады. Сырдария өзенінің сол жағалауынан Сыр өңірінің құнды жәдігерлері мен экспозицияларын кеңінен дәріптеу мақсатында жаңа өлкетану музейі бой көтермекші. Оның құны 1,6 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар атаулы жылда мәдениет мәртебесін асқақтататын көптеген айшықты шара өткізу жоспарда бар», – деді бұл жайында Қызылорда облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова.
Атаулы жылға аймақ халқының айтулы үлес қосып жатқаны да аңғарылады. Рухани құндылығымызды дәріптеуге негіз болатын түрлі шара ұйымдастырылып қана қоймай, мекемелерде ұлттық нақышта киіну үрдіске айнала бастады.
Бұл бастама білім саласын да айналып өтпеді. Әсіресе, оқушылар арасында ұлттық нақышта киіну үлгісі кең етек алды. Нақты айтқанда, білім ордаларында ұлттық ою-өрнекпен нақышталған қазақы үлгідегі мектеп формасы, тіпті ұл балаларға тақия кию бастамасы қолға алынғаны байқалады. Құптарлық дүние екен деген ата-аналар дән риза.
Бұған қоса, облыстағы білім беру ұйымдарының жай-күйіне арналған кеңейтілген мәжілісте өңірдегі барлық елді мекендегі клубтар мен мәдениет үйлерінде «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары ашылатыны да мәлім болды. Мемлекет басшысының «Адал адам» концепциясы аясында ашылатын орталықтарда балалар мен жасөспірімдер қосымша білім алады деп жоспарланған.
Жалпы, Сыр өңірінде биыл атаулы жыл шеңберінде ауқымды жұмыстар жасалатын болады. Соның негізінде ұлттық дәстүрімізді жаңғыртып, өнер мен мәдениетті дамытуға негіз болатын өміршең жобаларды жүзеге асыру арқылы Сыр елінің рухани дүниесін байыта түсуді көздейді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы