Бала алдындағы ата-ананың қарызын өтеу үшін мемлекеттік алимент қорын құру мәселесі көтеріліп жатыр. Мұндай қор құру туралы 2017 жылдан бері ауық-ауық айтылып келеді. Жақында Парламентте мемлекеттік алимент қорын құру туралы тағы да қозғалды. Депутат Магеррам Маге-рамов Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында алимент бойынша берешек туралы статистиканы «сөйлетті». Оның айтуынша, 2024 жылдың 1 қаңтарындағы статистикаға сәйкес, алимент өндіру туралы 8 мыңнан астам сот шешімі мүлдем орындалмаған. Салдарынан алимент қарызы триллиондарға жеткен. Ал Әділет министрлігінің есебінше, елімізде алимент төлеуден қашып жүрген 270 мыңнан астам адам бар.
– 2022 жылы алимент бойынша берешек 13 793 780 739 теңге болса, қазір 20 796 615 823 теңгеге жеткен. Бұл цифрлар елімізде қаншама бала мұқтаждықпен күн кешіп отырғанын көрсетсе керек. Ендеше нақты шаралар қабылдайтын кез келді. Ол үшін бірінші кезекте алимент өндіріп алу кезінде оның сомасы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болмауға тиіс. Екіншіден, Мемлекеттік алимент қоры құрылсын. Ол бюджеттен тыс түсімдерден құралып, негізгі мақсаты – 3 айдан артық алимент алмаған балаларға осы қордан алимент төленсін. Ал ол ақша мемлекетке борышкерлерден өндіріп алынсын. Жаңа Үкімет бұл мәселеге түсіністікпен қарап, пәрменді шаралар қабылдайды деп үміттенемін, – деді Магеррам Магеррамов.
Елімізде алимент өндіру негізінен сот шешімдеріне сәйкес орындалады. Сондықтан ол жұмыс тікелей жеке сот орын-даушыларға жүктелген. Бірақ Сот орындаушыларының республикалық палатасы қабылдаған бастамалардан нақты нәтиже болмай тұр. Астана қаласы жеке сот орындаушылар Өңірлік палатасы басшысының орынбасары Айбын Өтегеновтің айтуынша, алимент материалдық немесе әлеуметтік мәселе емес.
– Алимент сана-сезімнің, намыстың, жауапкершілік пен мейірімнің жоғалуы. Отбасы құндылықтарының құлдырауы. 200-500 мың алимент алатын адамдар да бар. Бірақ оған қанағат тұтпайтындар да кездеседі. Алимент өндіру сапасының төмендігі алдымен жұбайлар арасындағы ерегеске байланысты. Баланың қақысын ойлап жатқан ата-ана жоқ, – дейді Айбын Өтегенов.
Сөзінің жаны бар. Елімізде жылдан- жылға ажырасу фактілері көбейіп бара жатыр. Отбасындағы ұрыс-керіс, ерлі-зайыптылар арасындағы ерегес салдарынан шайқалған шаңырақ, жылуы жоқ жанұялар көбейген. Ерегескен екеу баланың құқығын, баланың ақысын ұмытып, бас араздығын түгендеп кетеді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, елімізде 520 986 толық емес отбасы бар. Олардың ішінде 452 мың отбасын тек анасы асырап отыр. Ал 68 мың отбасын әкесі асырап отыр. Сәйкесінше, 521 мыңға жуық отбасының балаларының құқығы бұзылып, олар материалдық жетіспеушілікте жарытып тамақ ішпейді, жайраңдап күлмейді, жарқырап киім кимейді. Қордаланған мәселенің түйінін тарқату мақсатында заң қатаңдатылып, жеке сот орындаушыларға талап күшейді. Әділет министрлігінің дерегінше, былтыр алимент төлеуден жалтарған 14 мыңнан астам азаматқа елден шығуға уақытша тыйым салынып, 7 мыңға жуығы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Заманға сай заң керек
Жалпы, сот орындаушылары алиментті мәжбүрлеу арқылы өндіреді. Сарапшылардың айтуынша, алимент өндіруді күрделендіріп отырған негізгі мәселе – борышкерде ресми жұмыс орнының болмауы, табысының және мал-мүлкінің жоқтығы. Сондай-ақ Неке және отбасы туралы кодекстегі кейбір баптардың солқылдақтығы. Мәселен, Неке және отбасы туралы кодекстегі 139-бап бойынша алиментті ай сайын бір балаға – ата-анасы табысының және (немесе) өзге де кірісінің – 4/1 бөлігін төлесе, екі балаға 3/1 бөлігін, үш және одан көп балаға тең жартысын төлеп отыруға міндеттеледі.
– Борышкер алиментті аз мөлшерде төлеу мақсатында жұмыс берушімен келісіп немесе формалды түрде жұмыс беруші таныстарына тіркеліп, ең төменгі айлықты көрсетіп, соның үлесінен алимент төлей бастайды. Бұл біріншіден, борышкердің табысын жасыруына, жұмыс берушімен сыбайластық келісімге келуіне жол ашады. Сондай-ақ айлықтың ең төменгі мөлшеріне (85 мың теңге) сәйкес есептелген үлестік қатынаста өндірілген алимент қаржылары баланың ай сайынғы қажеттілігін өтеуге жетпейді. Бұған Қазақстан Республикасында ең төменгі күнкөріс деңгейінің адам басына шаққандағы шығыны – 43 407 теңгені құрауының өзі дәлел бола алады. Сондықтан алимент мөлшерінің шекті көрсеткішін бекіту керек, – дейді Астана қаласы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы басшысының орынбасары Айбын Өтегенов.
Ал өтелмеген алиментті өндіру үшін заң талаптарына сәйкес атқару парағы немесе сот бұйрығы мәжбүрлі түрде орындалу үшін сот орындаушыларына түседі. Сот орындаушысы атқару өндірісін қозғағаннан кейін атқару құжатында көрсетілгендей, борышкердің айлығынан үлестік қатынаста өндіреді. Жоғарыда айтқанымыздай, заңның осал тұстары алиментті төлеуі кезінде заңсыздықтардың орын алуына түрткі болады. Сондай-ақ, маманның айтуынша, бұл заң 1936 жылдан бері өзгермеген. Алимент өндіру институты ескірген. Кеңестік кезеңнен жалғасып, ғасырға жуық «жасап келе жатқан» заң қазіргі нарықтық қоғамның сұранысына жауап бере алмайды. Кеңес үкіметінде айлық тұрақты, жұмыс тұрақты, азық-түлік бағасы да тұрақты болды. Қазір айлық жалақы ала-құла, азық-түлік сәт санап өсіп жатыр. Жылдар бойы тұрақты бір қызметте жұмыс істеп отыра беретін түсінікте келмеске кеткен. Сондықтан заңды заман талабына сай өзгерту керек.
Жазалау түрлері әлсіз
Ал алимент төлемдерін төлемегені үшін борышкер бүгінгі заң нормаларына сәй-кес, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 669-бабы және Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша жауапкерші-лікке тартылады. Мәселен, 669-бап бойын-ша әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін соттар – бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу туралы үкім шығарады. Мамандардың айтуынша, тәжірибеде, бұл баптар нақты нәтиже бермейді. Себебі борышкерден алимент өндіре алмай жүргенде мемлекет пайдасына айыппұл өндіру мүмкін емес. Сонымен қоса, бес күндік қамауға алу арқылы мемлекет қаржысы борышкерді бес күн асырауға жұмсалады да, боышкер ешқандай жауапкершілікті сезінбейді.
Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша соттар – алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарады. Бірақ бұл да нәтижесіз шешім. Себебі қылмыстық жауапкершілікке тарту елімізде сотталғандардың санының көбеюіне және баланың келешегіне кері әсер етеді.
– Мен Қылмыстық кодекстің қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы 139-бабын алып тастауды ұсынар едім. Себебі еліміздің статистикасында қылмыскерлер саны артады және қылмыскер әкенің баласы деген «таңбамен» баланың жұмысқа орналасуына кедергілер көбейеді. Егер баланың болашағына, психологиясына алаңдайтын болсақ, Конституцияның 24-бабының 1-тармағы негізінде, алимент төлемеген борышкерді әкімшілік жауапқа тартып, сот актісінің негізінде еріксіз еңбекке салу қажет. Бұған жұмыс орындарды жергілікті әкімшілік қамтамасыз етуге болады. Нәтижесінде, жұмыс істемей жүрген борышкерлер мәжбүрлі түрде жұмысқа жегіледі. Есесіне баласына алимент төлейді, – дейді Айбын Өтегенов.
Сонымен қатар алимент өндіру тетіктерін жетілдіру үшін «алиментті тек әкесінен немесе анасынан ғана емес, ата-әжесінен де өндіру тетіктерін қарастыру керек», – дейді сарапшылар. Неке және отбасы туралы кодекстің 152-бабында сот арқылы алиментті баланың ата-әжесінен өндіруге болады. Бірақ сот алдымен аталған кодекстің 139-бабы бойынша алимент өндіруі керек. Егер жағдай ушығып, алиментті әкесінен немесе анасынан өндіре алмаған жағдайда ғана сот ата-әжесінен алимент талап ете алады. Алайда сотқа жүгініп, сот шешімі шығуы, оның заңды күшіне енуі біраз уақытты талап етеді. Сәйкесінше, сол аралықта бала алимент алмайды. Тәжірибеде борышкерлер алимент төлемей қашып, іздеуде жүргенде,алиментті ата-әжесінен өндіріп алу туралы сотқа талап арыз түскенде, көптеген борышкерлер табылып, алимент төлей бастайды. Себебі борышкердің әке-шешесі, туған ағайындары алиментті борышкердің өзіне төлеуді талап етеді.
– Астана қаласының өзінде 20 818-ден астам алимент өндіру туралы сот актілері бар. Оның 621-і іздеуде, ал іздеуде жүргендердің балалары мүлдем алимент ала алмайды. Сондықтан процесті созбаққа салмау үшін Неке және отбасы туралы кодекстің 139-бабы мен 152-бабын қосып, толықтырулар енгізу қажет. Яғни, балаға алиментті ата-анасынан, мүмкін болмаған жағдайда ата-әжесінен өндіріп алады десе, тиімдірек болады. Нәтижесінде, борышкерді іздеу барысындағы әуре-сарсаң азаяды, балаға алимент төлеу жеделдетіледі және баланың өз жұртын танып өсуіне мүмкіндігі болады, – дейді маман.
«Бала өз жұртын танып өседі» демекші, шындығында біздің елімізде ерлі-зайыптылар ажырасқаннан кейін бала көбіне анасында қалады. Кейбір аналар баласын әкесінің туыстарына, тіпті әкесіне көрсетпей өсіргенді жөн санайды. Салдарынан өз жұртын танып өспеген баланың есейгенде өз жұртының, өз ағайын-туысының қызына үйлену қаупі бар. Жеті атаға дейін қыз алыспайтын қазақ салты үшін, өз руының қызымен білмей-танымай шаңырақ көтерудің қаншалықты қасірет екені түсінікті. Сондықтан қандай жағдай болмасын баланың өз туған жұртын танып өскені абзал.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
ТҮЙІН:
Ал мемлекеттік алимент қорын құру мәселесіне келсек, онысыз да мемлекеттік бағдарламалардан көмек алып, масылдық психологияға бейімделіп жатқандар қатары көп. Сондай-ақ мемлекеттік қор мемлекеттен көмек алу үшін көлеңкелі экономиканың «көрігін» қыздырып жүргендер үшін таптырмас мүмкіндік тудыруы мүмкін. Сондықтан алимент қорын құру және заңнаманы жетілдіру тетіктері қандай болуы керек екенін сұрап, Мәжіліс депутаты, «АMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменоваға хабарласқан едік.
«Алиментке қатысты мемлекет тарапынан, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Ішкі істер министрлігі бірлесе отырып, Үкімет тарапынан талдау сараптамалық кешенді зерттеу-зерделеу жұмысы жасалуы қажет деп ойлаймын. Жалпы, қанша алимент төленбей жатыр, қанша адам алимент өндіре алмай жүр, алимент төлеу тетіктерін жетілдіру мәселелері туралы Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сұрақтар қойған едім, ол кісі мұны қарастырайық деген ой айтты. Алдағы уақытта талқылаймыз деп ойлаймын. Ал өз тарапымнан бірнеше заң жобасы аясында бұған қатысты нормалар әзірлеп жатырмын. Бірақ ерлі-зайыптылар арасындағы алименттік міндеттемелер туралы жалпы заңнамалық аналитика, сонымен қатар оның мәртебесін регламенттейтін жалпы әлеуметтік-экономикалық салада заңнамалық нормалар қажет деп білемін. Алимент өндіре алмай жүрген, экономикалық зорлық-зомбылық көріп жүрген, бірнеше баласын өзі жалғыз асырауға мәжбүр жалғызбасты аналардың жағдайы ойландырады. Мәселені жан-жақты қарастыру өзекті», – деді Жұлдыз Сүлейменова.