Азия аймақтық іріктеу турниріне Қазақстан командасын аға бапкер Нұрсұлтан Мамаев бастап апарды. Бүгінде ұлттық құрама спортшылары Қытайға жетіп, жарыс өтетін кешенде жаттығуға кіріскен. Ал лицензиялық турнирге қатысатын команда мүшелері ұлттық стильді ұмытпай, алғаш рет ресми жарысқа қазақтың шапанын киіп шықпақ.
Айта кетелік, лицензиялық турнирде Қазақстан сапынан Мария Севостьянова (57 келі), Жансель Дениз (+67 келі), Самирхон Абабакиров (58 келі), Батырхан Төлеуғали (80 келі) сынға түседі.
Таеквондо спортында сегіз салмақ дәрежесі бар. Олимпиада бағдарламасында төрт салмақ дәрежесі енген. Яғни, әр құрама өздеріне ыңғайлы салмақты таңдап алады. Бұл жолы қазақстандықтар аса ауыр салмақтан бас тартып, негізінен жастарға және жеңіл салмақтағы спортшыларға үміт артып отыр.
Қазақстан таеквондо федерациясының Бас хатшысы Олжас Бесбаев командада таңдаудың қалай жасалғанын айтты.
«Париж Олимпиадасына іріктеу турнирінде негізінен жас спортшыларға мүмкіндік беріп отырмыз. Өйткені бұған дейін құрамада жүрген тәжірибелі атлеттер орнын босатты. Мәселен, аса ауыр салмақта Смайыл Дүйсебайдың өзі лицензиялық жарыстан бас тартты. Руслан Жапаров екі Олимпиада мен бес әлем чемпионатына қатысқан таеквондошы. Сондықтан біз бұл салмақтан түгел бас тартып, 80 келіге дейінгі салмақта Батырхан Төлеуғалиді баптап отырмыз. Ал 58 келідегі Самирхон Абабакиров те бойы өте ұзын, физикалық дайындығы мықты атлеттердің бірі. Ол Turkish Open турнирінде Олимпиаданың қола жүлдегерін қапы қалдырған жігіт. Самирхонның шеберлігі мен біліктілігіне сенеміз.Қыздар арасында Жансель Денизді таныстырудың өзі артық. Қазақстанға талай жүлде әперген, әлемдік жарыстарда ысылған спортшы. Азия ойындары мен Азия чемпионаттарында олжа салды. Әлем біріншілігінде бестікке енген. Бұл салмақта елімізде Жансельге тең келер ешкім жоқ. 57 келідегі Мария Севостьянова да болашағынан үміт күттіретін спортшы. Дәл қазір оның Олимпиада лицензиясына таласатын мүмкіндігі бар», – деді Бас хатшы.
15 наурыз күні алғаш болып жарысты Батырхан Төлеуғали бастайды.
«Батырхан жас болғандықтан, әлемдік қарсыластары ол жайлы біле бермейді. Самирхон да солай. Бірақ оның салмағында мықты палестиналық спортшы бар. Жансельге тәжірибесі көмектеседі деп ойлаймыз. Ал Марияның салмағында кореялық қыз мықты саналады. Бұл таеквондошылар арасындағы соңғы іріктеу турнирі. Бұған дейін Еуропа мен Африка құрлығының лицензиялық бәсекелері өтіп кетті. Ең соңғы мүмкіндікті жібермей, біз де алға басуымыз керек. Парижге жол ашылса деген тілек бар»,– дейді Бесбаев.
Айтпақшы, таеквондошылар Қытайға этно стильдегі шапан киіп кетті. Мұндай жағдай отандық таеквондо тарихында тұңғыш рет тіркеліп отыр. Федерация өкілдері бұл идеяның қайдан туындағанын да айтып берді.
«Жарысқа аттанар алдында спортшылардың формасын біраз талқыладық. Әрине, бізде Қытай мен Оңтүстік Кореядағы секілді мықты киім фабрикалары жоқ. Аталған елдерге форма тұрғысынан ілесу де қиын. Жігіттерге классикалық стильдегі костюм-шалбарды кигізуді де ойладық. Бірақ қыздарымызға бұл нұсқа келе қоймайды. Осы кезде ұлттық шапанымызды жаңғырту туралы ой сап ете түсті. Уақыт аз қалса да, дереу отандық өндіруші – «Тарбия» брендінің иесіне хабарластық. Олар барлық тілегімізді тыңдап, тез арада киімді дайындап берді. Шапанда сақ дәуіріндегі бейнелер таңбаланған. Су өткізбейді, ыстықтатпайды. Худиді де еліміздің туындағы элементтермен толтырдық. Ұшақта, әуежайда бәрі таң қалуда. Егер ұйымдастырушылар рұқсат беріп жатса, Геннадий Головкин сынды шапанымызды даянгке киіп шығамыз. Бұл жас спортшыларымыздың ұлттық рухын көтеруге де әсер етері сөзсіз», – дейді федерацияның Бас хатшысы Олжас Бесбаев.
Ақырыс СЕЙТҚАЗЫ