Жолын жөндеген ел адаспайды

Үкімет биыл жолдарды салып, желісін өрістетуге жүздеген миллиард бөлді. Дегенмен мамандардың түсіндіруінше, қазіргі кезде көлік бағыттарын, тиі­сінше, жолдарды дамыту тұжырымдамасы өзгерді.

Тәуелсіздіктің отыз жылында бас­ты магистралдар Ресейге бастайтын, ал бүгінде олар, керісінше, Ресейді айна­лып өту үшін Каспийге және Орталық Азияға бағдарланады. Сондай-ақ ел Пре­зи­денті өз облыстарымыздың арасын қосуға баса көңіл бөлуді тапсырды. Бұл ел­дің бірлігін, жердің тұтастығын қамтамасыз етуге де зор ықпал етеді. 

Жолдарға 235 миллиард теңге жұмсалады

Қаржы министрлігі берген мәліметке жүгінсек, 2024 жылы «Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жөн­деуді және күтіп ұстауды ұйым­дас­тыру бойынша мемлекеттік қызметтерді орындау» атты бір ғана бюджеттік бағ­дарлама аясында 122 миллиард 692,1 миллион теңге бағытталады. Бұл мол қаржы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компа­ниясы» АҚ-ның еншісіне тиді. Ол мер­ді­герлерді жалдап, республикалық бюд­жет қаражаты есебінен ортақ пай­даланымдағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуді, күтіп-ұстауды, көгалдандыруды, ахуалын диаг­ностикалауды және аспаптық құрал­дар­мен тексеруді жүзеге асырады.

Бірақ шығын мұнымен бітпейді. Ми­нистрлік «мемлекеттік тапсырманы орын­дау шеңберінде не тартылған инвес­ти­циялар есебінен жалпыға ортақ пайда­ланылатын халықаралық және республи­калық маңызы бар, оның ішінде сенім­гер­лік басқаруға берілген автомобиль жолдарын салуды, реконструкциялауды ұйымдастыруы» үшін сол «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына 96 миллиард 117,6 миллион теңге аударады. Бұл қаржы 2024 жылы Ұлттық қордан алынады. 

Филиалдарының басшылары пара алу үстінде жиі ұсталатын «ҚазАвтоЖол» биыл басқа да миллиардтарды қанжы­ғалайды. Мысалы, автомобиль арқылы жүктердің транзиттік тасымалының кө­ле­мін артыру мақсатында өткізу пунк­т­терін модернизациялауға, жолдар тартуға Ұлттық қордан 15 млрд 339,7 млн теңге алады.

Осының бәрін ұқсатып, ұтымды жұмсай білсе, Ұлы дала елінің жолдары тақтайдай түзу болып, әрбір жүргізуші мен жолаушыны тәнті етер ме еді.

Бірақ жолдарға бағытталатын қаражат бұл 235 миллиард теңгедей қаражатпен бітпейді. Халықаралық қаржы ұйымда­ры­нан ұлан-ғайыр несие қаражаттар тартылмақ. 

Жалпы, Көлік министрлігінің мәлі­ме­тінше, елдегі жолдарды жөндеп, не жаңадан төсеп шығу үшін кем дегенде 2,2 триллион теңге талап етіледі. Оларды ше­телден қарыз түрінде алу жоспар­лан­ған. Өйткені жол құрылысы жыл санап қымбаттап барады. Автотрассаның 1 ша­қырымын салудың бағасы 800 мың доллардан басталып, бірнеше миллион долларға дейін шығындады. 

Биыл қандай бағыттар ашылады?

Көлік вице-министрі Сәтжан Абла­лиев­тың айтуынша, биыл республикалық маңызы бар 2 091 шақырым жаңа және жаңартылған автожолдар пайдалануға беріледі.

Бұдан бөлек, 2024 жылы республи­калық желінің 5,3 мың шақырымын жөндеу, жаңадан салу және қалпына келтіру жұмыстары жалғасады. Тарата айтсақ, құрылысы және реконструк­циялауы жүргізілетіні – 3,1 мың, жөндеу жасалатыны – 2,2 мың шақырым. 

Нәтижесінде, жақсы және қанағат­танарлық жағдайдағы республикалық жолдардың үлесі 93%-ға дейін ұлғаяды деп жоспарланып отыр.

Салыстырсақ, 2023 жылы күрделі және орташа жөндеумен 2,9 мың шақы­рым республикалық жол қамтылды. Соның ішінде 1,1 мың шақырымының жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал жер­гілікті желінің 4,2 мың шақырымы жөн­деумен қамтылып, оның 3,6 мыңында жұмыстар өз мәресіне жетті. Осы арқылы республикалық, жергілікті желілердегі нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 87%-ға жеткізілді.

– Президенттің тапсырмасына сәйкес, негізгі күш-жігер бұрынғы жыл­дары басталған «Астана–Балқаш–Алматы», «Талдықорған-Өскемен», «Ақтөбе–Қандыағаш» және «Атырау–Астрахань» негізгі дәліздерін реконструкциялауды аяқтауға бағытталады. Тұтастай алғанда, осы жылы 2 091 шақырым жолды пай­далануға беру және 419 шақырым жолды ашу жоспарланған, – деді министрдің орынбасары.

Ал жаңа тұжырымдама аясында елдің көлік-транзит әлеуетін одан ары өркен­дету, облыстарымыздың арасындағы қатынасты жақсарту және көлік инфра­құрылымын жаңғырту үшін 2024 жылдан 2030 жылға дейінгі аралықта жалпы ұзындығы 4,7 мың шақырым жаңа жо­балар кезең-кезеңімен қолға алынады. 

Бірінші кезеңде 2024 жылы «Қы­зылорда–Жезқазған» (Ұлытау облысы бойынша учаске), «Ақтөбе–Қызылорда» («Ақтөбе–Ұлғайсын», «Қызылорда–Сексеуіл» учаскелері), «Қарағанды–Жез­қазған» және «Сарыағаш қаласын айналып өту» жобаларында жұмыстар басталады.

Екінші кезеңде, яғни 2024-2026 жыл­дары құрылыс-монтаждау жұмыстары «Атырау–Доссор», «Астана–Қостанай–РФ шекарасы», «Атырау–Орал» («Атырау–Индер», «Орал–Чапаево») және «Түркістан қаласын айналып өту» жолдарында жүргізіледі.

Үшінші, яғни 2026 жылдан кейінгі ақырғы кезеңде жалпы ұзындығы 1 434 шақырымдық қалған жобалар өмірге жолдама алуы тиіс.

Вице-министр бюджет қаржысы барлық жолдарды тегіс жаңартып шығуға жетпейтінін ашық айтты. Сондықтан қаржыландыру тапшылығын ескере отырып, қозғалыс қарқындылығы төмен, көлік әлдеқайда аз жүретін жекелеген жолдар қайта салынбайды. Оның орнына оларда ескі конструкциясын нығайту, жай ғана жөндеу жүргізу ұсынылды. Бұған «Павлодар–Успенка» және «Семей–Барнауыл» жолдары жатады. 

– Мұның сыртында, салынғалы жөндеу көрмеген жолдарды нормативтік жағдайға келтіру міндеті қойылды. Бұл үшін алғаш рет Еуразиялық даму банкінен несие қаражат тартылады. Ол кредит 5 мың шақырым ұзындықтағы жолдардың конструкцияны күшейте отырып, орташа жөндеу бойынша ауқымды бағдарламаға жұмсалады, – деді Сәтжан Аблалиев. 

Вице-министр орташа жөндеу жұ­мыстары жобалық-сметалық құжатта­маны әзірлеуді талап етпейтінін еске сал­ды. Осының арқасында бұл жоба­лар­ды іске асыру мерзімдері жеделдеуі тиіс. 

Облысаралық қатынас жақсарады

Биыл еліміздің өз өңірлерін бір-бірімен жалғайтын жолдар салынатыны айтылды. Олардың жалпы ұзындығы 5 мың шақырымға жуықтайды. 

Ондай жолдар болмаған соң, әсіресе Ресеймен шекаралас облыстарымызға Қазақстанның өз өңірлеріне айналма жолдармен қатынағаннан гөрі, көршіге сапарлап, соның федерациялық субъек­тілерімен ынтымақтасқан, тауарды со­лар­дан арбалаған әлдеқайда жеңіл болып тұр. 

Бұл олқылықты жою жұмыстары был­тыр бастау алыпты. Көлік министр­лігінің мәліметінше, 2023 жылы елі­міздегі бірнеше ірі автожол жобалары аяқталды. Нәтижесінде, республика бойынша был­тыр құрылыс-монтаждау жұмыстарымен 10 мың 700 шақырым, соның ішінде 6,5 мың шақырым респуб­ликалық маңызы бар автомобиль жолы қамтылған екен. 

«2023 жылы Көлік министрлігінің негізгі күш-жігері 4-5 жылға созылған «са­қалды» құрылыс жобаларын іске қосу­ды жеделдетуге бағытталды. Нәти­жесінде, Талдықорғаннан Өскеменге, Қарағандыдан Алматыға және Ақтөбеден «Қандыағаш–Атырау» бағыты арқылы Астраханьға дейінгі жолдарда қозғалыс ашылды. Бұл жобалар бойынша жалпы ұзындығы 856 шақырым жол салынып, 1 мыңнан астам шақырым жолда қоз­ғалыс ашылды», – деп хабарлады көлік ведомствосы.

Сондай-ақ біраз жыл жыр болған Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын (БАКАД), «Үшарал–Достық» және «Қостанай–Денисовка» автожол­дарын салу, қайта жаңарту бойынша ірі жобалар аяқталды.

Былтыр іске қосылған жобалардың бәрі жол қозғалысына жұмсалатын уа­қыт­ты үнемдеп, жол жүру кезінде жайлы­лықты арттыруға және көлік шығын­дарын азайтуға мүмкіндік берді.

Бұл 2023 жылдың қорытындысында көлік саласының экономикасын жақ­сартып, нақты көлем индексін 106,9%-ға өсірді. Қазақстан аумағы арқылы әлемдік нарыққа өтетін транзиттік жүктердің көлемі 21%-ға ұлғайып, 32,3 миллион тоннаға жетті. Барлық бағыт бойынша оң динамика байқалады.

Алайда кейбір жоба аяқталмай, биылға көшті. 

«Барлық ауыспалы жобалар 2024 жылы қолданысқа беріледі. Содан соң кезең-кезеңімен жалпы ұзындығы 4 мың 700 шақырым болатын жаңа жобалардың құрылысы басталады. Олар еліміздің облыс орталықтарын бір-бірімен байла­ныстырады. Салынып жатқан авто­мобиль жолдарының сапасын арттыру мақсатында EPCM-келісімшарттың халықаралық жүйесі және FIDIC ережесі енгізілді. Сондай-ақ жаңа технологиялар мен материалдардың 75-тен астам түрі сынақтан өткізілді», – деді Көлік ми­нистрлігіндегілер.

Жаңа жолдар замана игіліктерімен жарақтанады

Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, Президент 2029 жылға дейін республикалық желідегі 8 мың шақырым жолды сапалы салу және реконструк­ция­лау міндетін қойып отыр. Соның аясында таяу жылдары жалпы ұзындығы 4,7 мың шақырым негізгі автожол жобаларын кезең-кезеңмен іске асыру жоспарланып отыр. Осы арқылы жол құрылысы қайта жаңғыртылады, Ресейді айналып өтетін халықаралық дәліздер кеңейтіліп, Транс­каспий халықаралық көлік бағытында республиканың транзиттік әлеуеті ны­ғайтылады.

Жергілікті жолдар желісіне келсек, бүгінде 70 мың шақырым жолдың 85%-ы – нормативтік жағдайда. Әкім­діктер былтырдан бері 4,2 мың шақырым жолды жаңартып жатыр. 2029 жылға дейін облыстық және аудандық маңызы бар 14 мың шақырым жолды жөндеу жоспар­ланған. 

Сонымен қатар саланы реформалау аясында автожолдар салу процесін бақы­лауды күшейту тетіктері енгізіліп, норма­тивтік құжаттар жетілдірілу үстінде.

Өз кезегінде, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының хабарлауынша, алдағы онжылдықта күре жолдарды салу және күтіп ұстау сапасын арттыру шара­лары қабылданады. Олардың қатарында жол жобаларының барлығына FIDIC халық­аралық стандарттарын енгізу, тех­ни­калық құжаттаманы келісу процесін жетілдіру, жобалаушы және мердігерлік ұйымдардың жауапкершілігін арттыру, автоматтандырылған бақылау жүйелерін бірыңғай IT-жүйеге интеграциялау, қажетті жол-пайдалану техникасы мен жабдықтарын сатып алу және басқасы бар.

Қорытындысында, 2032 жылы жақсы және қанағаттанарлық жағ­дайдағы республикалық маңызы бар автожолдардың үлесін 100%-ға дейін жеткізу, сондай-ақ жергілікті жолдардың жағдайын жақсарту үшін өңірлерді тиісті жұмыспен толық қамту жоспарланып отыр. 

«Бұған қоса, жоғары жылдамдықпен жүруге рұқсат етілген жаңа ақылы учас­келерді енгізу жалғасады. Бұл ретте көлік қозғалысы неғұрлым көп бағыттарға ба­сымдық берілетін болады. Бұл Қытай­дан және Орталық Азия елдерінен Еу­ропаға жүктерді тасымалдау бойынша Қазақстанның транзиттік мүмкіндік­терін кеңейтуге мүмкіндік береді», – деп түсіндірді «ҚазАвтоЖол».

Жол бойындағы инфрақұрылым мен қызмет көрсету саласы да дамы­мақ. Бұл бағытта бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау, инвес­торларды тарту, қызмет көрсету және жаңа объектілер, демалуға арналған алаңдар, модульдік үлгідегі абаттандырылған санитарлық-гигиена­лық тораптар және басқасын салу кезінде халықаралық стандарттарды енгізу жөнінде шаралар қабылданатын болады.

Жаңа жолдардың бойында электро­мобильдерді қуаттау стансаларының жүйесі қойылады. Караванинг және TIR-паркинг алаңдарын орнату, сондай-ақ инклюзивтілік, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың сұраныстарын қанағат­тандыру, ана мен баланы қорғау мәселе­леріне ерекше назар аударылмақ. 

Бүгінде республикалық маңызды жол­дардың бойында 1,6 мыңнан астам қыз­мет көрсету нысаны жұмыс істейді, олар­дың 78%-ы Ұлттық стандарт талап­тарына сәйкес келеді. 2029 жылға қарай Ұлттық стандартқа сәйкес келетін 300-ден астам жаңа қызмет көрсету ныса­ны­ның құрылысы жүргізілмек.

Егер Үкімет міндет үдесінен шыға алса, қазақстандықтар әлемдегі үздік халықаралық стандарттарға сәйкес келе­тін жолдармен зулап, діттеген жеріне жай­лы әрі жылдам жете алатын болады.

Елдос СЕНБАЙ