Америкалық ата-аналардың шамамен 60 пайызы ересек балаларына қаржылық қолдау көрсететінін Quartz сайты жазады. Осы мақалаға сүйенген Aikyn.kz мұның экономикалық себептерін түсіндіреді.
Жаңа сауалнамаға сәйкес, ата-аналар ересек балаларына өздерінің зейнетақы жинақтарына қарағанда екі есе көп қаржы арнайтыны белгілі болған.
Қартаю жаратылыстың заңдылығы болса сөзсіз, есею мен өзін-өзі қаржылық тұрғыда қамтамасыз ететін азамат болу басқа әңгіме. Жаңа зерттеу америкалық ата-аналардың жартысына жуығы (47%) ересек балаларына қандай да бір қаржылық қолдау көрсететінін көрсеткен.
Ай сайын ата-аналар өздерінің ересек балаларының кем дегенде біреуіне шамамен 1 384 доллар көмек береді екен. Зерттеу көрсеткендей, бұл орташа есеппен жұмыс істейтін ата-аналардың өздерінің зейнетақы жинақтарына ай сайын аударатын $609 доллармен салыстырғанда екі есе көп.
Технологиялар мен купондарға маманданған Savings.com онлайн компаниясы жүргізген зерттеуге АҚШ-тағы 1 000-ға жуық ата-ана қатысқан. Олардың 50% ерлер және 50% әйелдер болған. Және де бұл зерттеуге мүмкіндігі шектеулі ересек балаларды қолдайтын ата-аналар қатыспаған.
«Құрама Штаттарда экономиканың кейбір бөліктерінде жақсару белгілерінің біліне бастауы, жұмыссыздық пен инфляцияның төмендеуі сияқты факторлар жас америкалықтарға әлі әсер етпеуі мүмкін» екенін айтады зерттеушілер.
Атап айтқанда, Z буыны, яғни 18 бен 27 жас аралығындағы адамдар қаржылық қолдауға көбірек мұқтаж болған. Дегенмен әр отбасы үшін қаржылық жағдай әртүрлі болуы мүмкін. Зерттеу көрсеткендей, ата-аналар орта есеппен Z жасындағы ересек балаларына кемінде үш шот төлеуге көмектескен.
Ата-аналар ересек балаларына азық-түлік, ұялы телефон шоттарын, жалға алу мен медициналық сақтандыру, оқу ақысы, тіпті демалыс пен саяхаттарының шығындарын да төлеген. Ата-анасымен бірге тұратын кәмелетке толған балалардың орташа есеппен 61%-ы пәтер ақысын қоса алғанда, үй шаруашылығының ешқандай шығындарына үлес қоспаған.
Экономика тұрақты өсе бастағанымен, азық-түлік пен тұрғын үй бағасының қымбаттауы сияқты көптеген әлеуметтік-экономикалық факторлар ата-аналардың өздерінің қаржылық болашағына алаңдаушылығын күшейткен.
Зерттеушілердің қорытынды тұжырымы да біздің Үкіметке жақсы ой салады: америкалық ата-аналардың балаларының болашағына алаңдамай, өздерінің зейнетке шыққаннан кейінгі лайықты өмір сүретініне деген сенімін күшейту үшін қазіргі еңбек нарығы мен бағаның өсуімен күресу керек.
Америкалық жастарда да өмірлік құндылықтар, отбасы мен еліне деген сезім бар. Бірақ оларда басқаша. Бізде, Абай атамыз айтқандай, басқаша: «Жігіттер, ойын – арзан, күлкі – қымбат; Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат!».