Түн ішінде болған дүмпу халықтың үрейін ұшырып, біраз уақытқа дейін қорқыныш қалып қойды. Көктем басталысымен қалада тағы бір жер сілкінісі тіркелді. Бұл да қала тұрғындары мен қонақтарын үрейлендірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Осы екі ірі дүмпуден кейін халық арасында түрлі ақпарат тарап кетті: Қытайда жер қазылып, соның әсері Алматыға тиіп жатыр ма? 100 жыл сайын жойқын жер сілкінісі қайталана ма?
Massaget.kz тілшісі бұл сұрақтардың жауабын табу мақсатында профессор Әлқуат Нұрмағамбетовпен сұхбаттасты.
"Алматы тұрғындары бір жарым ай шамасында күші 5 балдық, екі рет болған жерасты дүмпуінің айырмашылығын жақсы сезді деп ойлаймын. Біріншіден, 23 қаңтардағы жер сілкінісі кезінде жердің дірілі 15-25 секундқа созылса, 4 наурыздағы сілкініс тік бағытта гүрс етіп, тез басылды. Бұл сілкініс ошағының қаладан әртүрлі арақашықта болуымен байланысты. Екіншіден, 23 қаңтардағы сілкіністің афтершоктары (кейінгі немесе ілеспе дүмпулер) әлі де созылып жатыр. Бұл – табиғи процесс. Өйткені сілкіністің күші де оның болған жері де айрықша", – деді профессор.
Ол 23 қаңтарда болған жер сілкінісі Қырғызстан мен Қытай шекарасында орналасқан Көкшал тауында болғанын еске салды.
"Бұл аймақ – Тянь-Шань таулы өлкесінде өзінің сейсмикалық қарқындылығымен ерекше сипатталатын аймақ. Оның ерекшелігі оңтүстіктен солтүстік бағытта жылжыйтын Индостан тақтасының Еуразия алып тақтасымен соқтығысқан буферлық аймаққа жатады. Міне, сондықтан оның сейсмикалық қарқындылығы басқа аймақтарға қарағанда жоғары және келешекте де осылай сақталады. Айта кететін жайт, бұл аймақта болатын қаншалықты күшті зілзала апаты болғанымен, оның зардабы Алматы қаласы үшін аса қауіпті емес, ең күштісі 6 балдан аспайды", – деді Әлқуат Нұрмағамбетов.
Оның пайымынша, Қытай жерінде (Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында) бұрғыланып жатқан аса терең ұңғыманың жер сілкінісіне ешбір қатысы жоқ. Өйткені жер сілкінісін қоздыру үшін сол аймақтағы жер қойнауына ауқымды әсер ету керек.
"Ал тереңдігі 10 шақырымға жеткен, әлі де бұрғыланып жатқан ұңғыма болса, пілге адамның екпесін егумен бірдей. Мұндай әсер жерасты ядролық жарылыстары немесе эпицентрге жақын жерде ауқымды жерасты байлықтарын қарқынды игеру әсерінен болады. Оларды "техногендік жер сілкіністері" деп атайды. Мәселен, еліміздің мұнайлы аймақтарында (Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Орал) және қатты пайдалы қазбаларға бай Орталық және Шығыс Қазақстан жерлерінде кездеседі. Бұл – айрықша тақырып", – деген сала маманы.