Белсенді диалог алаңына айналды

Ұлттық құрылтайдың негізгі миссиясы – ұлтты, халықты ұйыстыру, яғни билік пен халықты барынша жақындату, халықтың елдік мә­се­лелерді көтеріп мемлекеттік іске, «бір мақсат, бір мүдде» жолындағы жұ­мыстарға белсенді түрде араласуы, Мемлекет басшысының бас­тамаларын, Ұлттық құрылтай алаңында айтылып жатқан ұсыныс, жұ­мыстарды ойдағыдай іске асыруға атсалысуы.

Мемлекеттік кеңесші, Ұлттық құрыл­тай төрағасының орынбасары Ерлан Қарин осы алаңда көтерілген бірқатар бастама нақты жүзеге асып жатқанын айтты. Шынында да Ұлттық құрылтай бел­сенді диалог алаңына айналып келе жа­тыр. Ұлытауда өткен алғашқы оты­ры­сында жалпы саны 40-тан астам бастама ай­тылса, былтыр Түркістанда өткен жиын барысында 120 осындай әртүрлі ұсы­ныс келіп түскен болатын. Ұлттық құрылтайдың форматы жай жиын өткізу емес, нақты  мәселелер мен ұсыныстарды қызу талқылаудың, пікірталастың жұмыс алаңы ретінде қалыптасып келе жатқан­ды­ғы қуантады. Бастысы айтылған ұтым­ды ұсыныс, өткір мәселе, өзекті та­қы­рыптар сөз жүзінде қалмай, нақты іс, қа­был­данған шешімге айналып жат­қа­нына жұртшылық куә. 

Мәселен, Ұлттық құрылтайдың мін­берінде синтетикалық есірткімен күрес жө­нінде айтылып, былтыр 88 баптан тұра­тын кешенді жоспар қабылданды. Елі­міздің шығыс өңіріндегі шекаралық ау­дандарда қайтадан қаншама жаңа ау­дан ашылып, инфрақұрылымдық жұ­мыс­тар жүргізіле бастады. Бұл да Ұлттық құрылтайдың мінберінде айтылған маңызды бастама. Ұлттық құрылтайда заң мен құқықтық тәртіп мәселесі үздік­сіз көтеріліп жүр. Соның нақты нәти­же­сінде, қазір тұрмыстық зорлық-зом­бы­лық­пен күрес, балалар мен әйелдердің құ­қықтарын қорғау, есірткі саудасының жо­лын кесу және вейптерді сатуға тыйым салу туралы заң жобасы қолға алынды. 

Барлық ұсыныс Ұлттық құрылтай хат­шылығы тарапынан жинақталып, мем­­лекеттік органдармен бірлесе оты­рып, уақытылы пысықталып жатыр. Жұ­мыс кеңестерінде құзырлы министр­лік басшылығы әр мәселе бойынша нақ­ты статистиканы көрсетіп, есеп беру тәртібі қалыптаса бастады. 

Түркістандағы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тағы бір айрықша белгі-сі – көшпелілер өркениетінің мұрасына тоқталды.

«Бұл біздің халқымыздың бүкіл әлем­ге танымал басты брендтерінің бірі. Ме­нің бастамам бойынша V Дүниежүзілік көш­пенділер ойындары 2024 жылы Қа­зақ­станда өтеді. Бұл шара ұлттық спорт түр­лерін дамытуға ықпал етеді. Біз бұл ха­лықаралық жарыстарды жоғары дең­гей­де өткізуге тиіспіз», – деді Мемлекет бас­шысы. 

Осылайша, Мемлекет басшысының бастамасымен биыл жазда V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Қазақстанда өтеді. 

Жалпыұлттық құрылтайға еліміздің барлық өңірінен 117 қатысушы кіреді. Ұлт­тық Құрылтайдың маңызды мін­дет­терінің бірі – әлеуметтік консолидацияны одан әрі дамыту үшін идеялар мен қадам­дар­ды әзірлеу. Арнайы «Құрылтай» мо­биль­ді қосымшасы жасалды. Ол елдің жаңғыруы туралы өз пікірін онлайн түрде білдіруге ықпал етеді, 9 онлайн-плат­фор­мада («Құрылтай» мобильді қосымшасы) қа­зақстандықтар Ұлттық құрылтай хат­шылығына өз ұсыныстарын жібере ала­ды.

Парламент қабырғасында азаматтар мен мемлекеттің өзара іс-қимылының жаңа сапалық қағидаттарын қалып­тас­тыратын «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы қабылданды. Заң жобасы қоғам өкілдерімен (заңгерлер, құқық қорғау­шы­лар, қоғам қайраткерлері) бірлесіп әзір­ленді. Заң жобасында қоғамдық бақылау нысандарының сан алуандығы, адам мен азаматтың конституциялық құ­қық­тарын, бостандықтары мен заңды мүд­делерін сақтау, жариялылық, қоғам­дық бақылаудың заңдылығы сияқты бір­қатар маңызды қағидат бекітілген.

Құрылтай жалпыұлттық диалогтің әмбебап моделіне айналды. Құрылтай құ­ра­мына депутаттар, ассамблея мү­ше­лері, сарапшы мен құқық қорғаушы, бар­лық өңірдің, сондай-ақ азаматтық альянс­тың, қоғамдық кеңестердің, Үкі­меттік емес ұйымдардың, бизнес-қауым­дас­тықтардың және өндіріс саласының өкіл­дері кіреді. Ұлттық құрылтайдың жұ­­мысы қоғамдық негізде атқарыла­ты­нын атап өту керек. Сонымен қатар Құ­рыл­тай мүшелерін ротациялау принципі қарастырылған. Бұл алдағы уақытта ке­зең-кезеңімен басқа да қоғам белсен­ді­ле­рін Ұлттық құрылтай жұмысына ара­ласуға мүмкіндік береді.

Ұлттық құрылтайдың үшінші оты­ры­сы осы аптада ежелгі Сарайшық қала­сы­ның мекені – Атырау облысында өткелі отыр. Аталған диалог алаңы барлық қо­ғам­дық кеңестің түйіні іспетті. Сонымен қа­тар Ұлттық құрылтайға Парламент де­путаттары, саяси партиялардың, биз­нестің ірі салалық бірлестіктерінің, ме­ди­цина, білім, ғылым, мәдениет, спорт, адам құқықтарын қорғау және басқа да әлеуметтік топтардың өкілдері мүше бол­ды. Сондай-ақ жастардың көшбас­шы­лары мен белсенді жас азаматтар да ша­қы­рылды.

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,

Парламент Сенатының депутаты,

Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары