15 наурызда Атырауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтеді.
Максим Рожин, Мәжіліс депутаты: Құрылтай ұлтты сапалы өзгерістерге бастайды
5,199
оқылды

Бүгінгі мұнайлы, өндірісті өлке, кешегі көне тарихымызда ай­рықша орны бар ай­мақта өтетін ұлы жиында қандай мәселе қоз­­ғалады деп құлағын түр­ген жан көп. Осы орайда, Пар­ла­мент Мәжілісінің депутаты, Ұлт­тық құрылтайдың мүшесі Мак­сим Рожиннің пікірін білген едік.

– Максим Николайұлы, Ұлттық құ­рыл­тай отырысы осымен үшінші рет өт­кізілгелі отыр. Атырауда өтетін Құ­рыл­тай қандай тақырыптарды басшылыққа ала­ды?

– Құрылтай шақыру – ертеден келе жат­қан ата дәстүріміз ғой. Елге маңыз­ды мәселелерді осы алқалы жиында тал­қылаған. Сондықтан кезекті Құ­рыл­­тайда  елдің талқысында жүрген өзек­ті мәселелерді ортаға саламыз де­ген үміт бар, себебі Ұлытау мен Түр­кі­стан қалаларында бас қосқанда айтыл­ған мәселелер елдің көтеріп жүрген өзекті мәселелері еді.  

«Ұлттық құрылтай – халқымыз­ды ортақ мақсатқа ұйыстыратын біре­гей құ­рылым... Бұл қадам қоғамдық диа­лог­ті нығайта түсу үшін жасалды. Сон­дай-ақ мұнда ұлттың болашағына ық­пал ететін елдік мәселелер тал­қы­ланады», – деген болатын өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы уақытқа дейін елде жасалған өзгерістің біршамасы тек сапалы саяси жә­не қоғамдық диалогтің арқасында іс­ке асты. Осыны егер негізге алсақ, бар­­­­лығымыздың көздеп отырған мақ­са­тымыз бір ғой, ол – Жаңа Қазақстан­ды құру. Тиісінше ол үшін сана-сезі­мі­міз, құндылықтарымыз жаңаруы керек. Сол кезде біз де, барша еліміз де жаңа­ра­ды. 

– Ұлттық құрылтай осы уақытқа дейін ұлттық идеялогияның күн тәртібін қа­лыптастыратындай үлкен алаңға ай­налып үлгерді. Құрылтайда ұсыныс ре­тінде айтылып, қоғам өміріне енген қан­дай негізгі бастамаларды атап айтар едіңіз?

– Бұл ретте, мен бірінші кезекте Құ­рылтайдың еліміз үшін қиын сәт­терінде жиналып, қоғам мен билік ара­сында сапалы пікір алмасу аса қажет кез­де құрылғанын айтқым келеді. Бұл ел­де сапалы өзгерістерді жасау үшін, ре­форманы жүргізу үшін меніңше аса қажет әрі маңызды қадам болды. Құ­рыл­тай да өзінің алдында жұмыс істе­ген Ұлттық сенім кеңесі секілді елге маңыз­ды мәселелерді шешуге жол аша­тын, сол жолды іздейтін құрал ре­тін­де өзін ақтап жатыр деп есептеймін. Нақ­тырақ айтқанда, еліміздің ру­ха­ниятына байланысты, мәдениетіне, ки­но өндірісіне, бұқаралық ақпарат құ­ралдарының алдағы бағыттарына, өзге­ше өзгерістер енгізуі турасындағы ұсы­ныстар іске асып жатыр. Бірінші мы­сал, Ұлытауда өткен жиында қазақ ғы­лымының мәселесі көтерілді. Сол жер­де сөз сөйлеген сарапшылар, со­ның ішінде Асқар Жұмәділдаев ғы­лым­ды дамытпасақ болмайды деді. Сол ара­лықта, міне, келесі Құрылтайға дейін Президент сол жерде айтқан ұсы­ныстар бойынша нақты шешімдер шы­ғарды. Қазақстан Республикасы Ұлт­тық ғылым академиясы құрылды. Сол сияқ­ты Президент жанынан ғылым жә­не технологиялық саясатты дамыту кеңесі құрылды. Ол кеңесте Қазақ­стан ғылымын қалай көтереміз деген мәселе көтерілді. Кеше ғана Парла­мент Мәжілісінда ғылымға бөлінетін қа­ражат мәселесіне қатысты, ғалым­дар­дың статусына қатысты «АМАNАТ» фрак­циясының депутаттарының ұйыт­қысымен бірінші оқылымда ғылым мә­селелері бойынша заң жобасын қа­ралды. Екінші мысал, ол нашақорлық, син­тетикалық есірткі мен вейп мәсе­лесі. Жастар арасында дендеп таралып жат­қаны туралы өткен Құрылтайда әріп­тесім, Мәжіліс депутаты Дәулет Тұр­лыханов көтерген болатын, Пре­зи­дент осы ойға айрықша тоқталып, шы­ны­мен де өскелең ұрпақтың ден­сау­­лы­ғына әсер ететін зиянды, қауіпті зат­­­­­­тармен күресті күшейту керегін айт­ты. Жақында ғана нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Заң жобасын әзір­леніп, вейптерді әкелуге, өндіруге, са­туға және таратуға тыйым салу туралы заң жобасын Парламент Мәжілі­сі­нің қабылдады. Бұл нақты мысалдар жә­не осындай мысалды тізіп айта бер­сек өте көп.

– Әдетте, Құрылтайдың бірінші күн­гі жиыны бірнеше секция бойынша өтеді. Осы уақытқа дейін қандай өзекті мәсе­ле­лер қамтылды? 

– Енді өткен жолғы Құрылтайларда біз төрт топта, яғни секцияда жұмыс іс­те­дік. Ол қандай топтар десеңіздер – ол «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым», сон­дай-ақ «Әлеуметтік-экономикалық даму» секциялары. Секциялар жұмысы барысында мемлекеттік органдар Ұлт­тық құрылтай мүшелерінің бұрынғы ұсыныстары туралы пікірлерін білдірді. Сондай-ақ қоғамның бірлігіне, тәртіп пен заңдылықтың сақталуына, ұлттық құн­дылықтарды насихаттауға бағыт­тал­ған жаңа ұсыныстар талқыланды. Ұлт­тық құндылықтар аясында мәсе­ле­лер көтерілді. Олардың ішінде, тұр­мыс­тық зорлық-зомбылыққа қарсы кү­рес, балалар мен әйелдердің құқық­тарын қорғау мәселелері де бар.

– Арнайы «Құрылтай» мобильді қо­сым­шасы іске қосылғанын білеміз. Жұрт­шылықтан қандай ұсыныс, пікір­лер жиі келеді?

– «Құрылтай» мобильді  қосым­ша­сы­ның істеп жатқанына бір жылдан ас­қан сияқты, өзім оның қолданушысы ре­тін­де ғана пікір білдіре аламын. Жал­пы, онда түскен ұсыныстар Құрылтай хат­шылығының назарында, оған са­рап­тама жүргізіп, онда түскен ұсыныс­тар елдің талқысына салынады. Ал сол ұсы­ныстардың ішінде көп дауыс жина­ғандары секцияда да, Құрылтайда да тал­қыға салынады. Мендегі бар ақпарат осы.

– Ұлттық Құрылтайға мүшелері де жиі алмастырылып отырады. Биыл да мү­­шелікке жаңадан адамдар қабыл­дан­ды. Оған кімдер қабылдана алады?

– Құрылтайға елдің бірлігін ны­ғай­туға өз үлесін қосып жатқан азаматтар ке­леді, осы уақытқа дейін өзінің бел­сен­ділігімен, азаматтық көзқарасымен, жә­не ең бастысы қоғамды біріктіруге күш салып, рационалды ұсыныстар жа­сап жүрген елдің азаматтары келді. Иә, әлбетте өзгеріс те болу керек, ол орын­ды, сол үшін қатарымызға жаңа адам­дар да келетіні рас. Бұл өмірдің де заң­­­­дылығы ғой. 

– Азаматтық қоғамды дамыту және этносаралық бірлікті нығайтуда құрыл­тай­дың маңызы қандай?

– Ең бастысы, Құрылтайға ниеттес, ұлт­тық құндылықтары ортақ, мұдделері бір, ниеттері адал азаматтар жи­нал­ға­нын білемін. Қазақ ұлтына қызмет ете­мін деп, еңбек еткен тұлғалар, әлбетте қай­да жүрсе де бірлік пен дамуға қыз­мет еткісі келеді. Ал нағыз мемлекетшіл аза­маттар әрдайым демократия дәстүрі жетілген, мықты азаматтық қоғам құра алады. Соңғы үш жылда бұл салада бір­аз нәтиже жоқ емес. Және осы жолда ат­қаратын басты мақсатымыз – жаңа идеялар мен жасампаз қадамдар ар­қылы ұлт бірлігін нығайту. Осы ба­ғыт­та Құрылтайдың атқарып жатқан рөлі үл­кен. Егер осында жиналған бел­сен­ділер ұлттың жаңа сапасын қа­лып­тас­тыра алсақ, қоғамды алға жетелейтін құн­­дылықтарды қалыптастырсақ, са­палы қызмет жасадық деп айта аламыз.

Ұлттық Құрылтайдың алдағы оты­рыс­тарында сапалы ұсыныстар, мар­дым­ды диалог болса екен деймін. Ел­дің назарында жүрген мәселелер ашық ай­тылса, соған нақты шешімді таба ал­сақ, миссиямызды орындай аламыз деп есептеймін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Ұлағат БЕКБОЛАТ