Көрісуде көп мән бар

14 наурызда «Көрісу» деп ата­латын ерекше маңызға ие мейрам басталады. Алыс пен жақынды бай­­ланыстыратын бұл мереке, әсіресе еліміздің батыс өңір­ле­рінде жақсы сақталған.

Жалпы, Көрісу мерекесінің мәні неде, оны ата-бабаларымыздың әлім­сақ­тан ұлықтауына не себеп – үңі­ліп көрелік.

Ғұндардан басталған үрдіс

Этнограф-ғалымдар, тарихшылардың пайым­дауынша, еліміздің батыс өңір­ле­рінде кеңінен сақталған Көрісу мереке­сі­нің мәні тереңде жатыр. Табиғатпен етене ара­ласып, өмір бойы Жер-анамен біте қай­насып өткен көшпелі қазақтар Нау­рыздың ерекшелігін жете түйсінген.

Белгілі ғалым, тарихшы Тұрсын Жұрт­­байдың айтуынша, Көрісу мейрамы ке­зінде көрісуге дейін соққан жел мен аяз­дың лебі басылады, жерден көктің ке­ремет иісі шығып, ызғар жердің бетіне шы­­ғады. 

– Көне Қытай жазбаларындағы көш­пенділерге қатысты деректерде «...олар Наурызда жиналады. Үлкен той жасайды, бір-бірінің амандығын сұраса келген ел көрі­сіп, ата-баба әруағына бағыштап ас береді» деп жазылған. «Ескі айда есірке, жаңа жылда жарылқа!», «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп көшпенділер қыстың қиын­шылығынан аман өткеніне қуа­нып­ты. Біздің дәуірі­мізге дейінгі көшпен­ді­лер­дің көрісу мерекесі Батыс өңірінде жақ­­сы сақталып қалуының себебі – Ба­тыс­тың империя астанасы болуында. Көрісу – ғұндар­дан басталып, түркі, Ал­тын Орда дәуірі арқылы бүгінгі күнге жет­­кен ең ұлық мереке, – дейді ғалым.

Көрісуді көрші елдер де атап өтеді

Бір қызығы, Көрісу мерекесі қазірдің өзінде еліміздің батыс өңірлерімен бірге, көршілес Ресей елінің Астрахань, Сама­ра, Волгоград және Саратов облыстары, Қарақалпақ Республикасы мен Өзбекстан елі де ерекше ықыласпен атап өтеді. Атыраулық өлкетанушы ғалым Өтепбер­ген Әлімгереев көрісудің тарихы тереңде жатқанын айтады. 

– Абайдың «…күлімдесіп, көрісіп, мау­қын басып, қырдағы ел ойдағы елмен ара­ласып» деп келетін жолдарынан сол за­манда-ақ көрісу дәстүрі қанатын кең жай­ған мереке болғандығын көреміз. Тіп­ті, парсы математигі, астроном, ақын, фи­лософ Омар Хайямның «Наурызна­ме­сінде» Жаңа жыл наурыздың 14-інен басталатындығы айтылады. Ескерерлігі, Омар Хайям – өз заманында дүниежүзі мойын­даған күнтізбе жасаған ғалым. Оның күнтізбесі аса дәлдігімен әрі күн қоз­ғалысына негізделуімен ерекшеленеді. Мұ­ның өзі Көрісу мерекесінің тамыры әрі­де жатқанын дәлелдейді, – дейді өл­ке­танушы ғалым.

Астрономиялық сипаты да бар

Зерттеушілердің айтуынша, ең алды­мен, біз Көрісу мерекесінің астрономия­лық сипатына назар аударуымыз керек. 

– Наурыздың 13-інен 14-іне ауғанда, күн мен амал жұлдыздары бір-біріне бет­теседі. Осыны ежелгі астроном­дарымыз, жұлдызшыларымыз байқаған. Сөйтіп, күн мен амал жұлдызының бет­тесуін, яғни қауышуын көрісу сәлеміне айнал­дырып жіберген. Осы бір ерекше аст­рономиялық құбылыс кезінде, жұлдыз тоқсан күндік қысты ығыстырып шыға­рып, көктем келеді. Мұны ортаазиялық аст­рономдар жақсы білген. Тарихи жаз­ба­ларда Хорезм, Отырар сынды көне қа­ла­ларда аспандағы жағдайды зерт­теу­мен айналысқан жұлдызшы ғалымдар­дың осы жаңалықты ғылыми тұрғыда дә­лелдегені, әлемге әйгілегені айтылады. Тіп­ті, атышулы Рим империясы бір кез­дері наурызды жыл басы ретінде күн­тіз­беге енгізген, – дейді мәдениеттанушы, эт­нолог Серік Ерғали.

Отырарда обсерватория да болған

Ғалымның айтуынша, кезінде Самар­қан­да, Қызылорда бойындағы ескі қала­ларда, ежелгі Отырардың маңында ежелгі абыз­дар жұмыс істеген. Тіпті, обсер­ва­то­рия болған. 

– Сол обсерваторияда ғалымдар күн мен түннің теңелуін алдын ала бақылап отырған. Қыс кетіп, көктемнің шығуын абыз­дар күннің топты шоқ жұлдызына енуіне байланысты біліп отырған. Ал «Самарқанның көк тасы» деген ұғымға келер болсақ, негізі ол ешқандай тас емес, аспаннан да түспеген. Ол – ежелгі ғалым­дар­дың белгілі бір мұзды тас етіп қатырып, соның жібуіне байланысты тәжірибе­лерінен қалған ұғым. Яғни, тас көктем кел­ген кезде жіби бастаған. Демек, «Са­мар­қанның көк тасы» – амал жұлдызы мен күннің беттесе бастауын білу үшін жа­салған құрал, – дейді мәдениеттанушы, эт­нолог Серік Ерғали. 

Зерттеулерді қарасақ, таңғалатындай бір дерек бар. Наурызды кезінде ежелгі сақ­тар да, ғұндар да қарсы алған. Қыдыр, Қы­зыр туралы түсінік осыдан шықса керек. 

– Бұл – осыдан 5-7 мың жыл бұрын келе жатқан үрдіс. Мерекенің басты кейіпкерлері ретінде Ұмай ананы енгізу керек. Тіпті, қарапайым алтыбақанның өзі – үлкен тақырып. Алтыбақан – әсте ойын емес, өз мәні көмескіленген ежелгі жоралғы. Бұл рәсімде ежелгі ғаламның пайда болу құбылысы орын тапқандай. Бізге жеткен әпсаналар бойынша, «алты күн ішінде жеті планета жаралды». Алты­ба­қан тебетін жігіт – Күннің, бой­жеткен – Айдың кейпі. Сайып келгенде, бұл күн мен түннің үйлесімін паш етеді. Шын мәні­сінде, 14 наурыз жылдың кіру күні бо­латын. Мәшһүр Жүсіп Бұқарда ха­лық­тың наурызды тоғыз күн бойына той­ла­ғаны жөнінде жазбалар қалдырған. Қа­зіргі күнтізбемен қарасақ, бұл кезең 14-23 наурыз аралығына келеді. Сондық­тан осы тоғыз күннің әр күніне мәртебе, бөлек маз­мұн беріп, мерекені біртұтастан­дыруы­мыз керек деп ойлаймын, – дейді мә­дениеттанушы, этнолог Серік Ерғали. 

Қалай десек те, көрісуде көп мән бар. Сайып келгенде, Көрісу, Әз Наурыз – ғарышпен астасқан табиғаттың тойы. Соның ішінде көрісуді, жалпы Наурыз мерекесін жас буынға ұлттық ерекшелік, ұлттық артықшылық, рухани нәр беруші, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан ұрпақтар сабақтастығы ретінде дәріптей білуіміз керек. 

Баян ЖАНҰЗАҚ