Неміс ғалымдарының жақында жүргізген зерттеуіне сәйкес, 16:8 режиміндегі интервалды ашығу денсаулық сапасын айтарлықтай жақсартып, шаршауды азайтады.
Зерттеу: интервалды ашығудың пайдасы
820
оқылды

Интервалды ашығу деп отырғанымыз – тамақтану мен диета кезеңдерін кезектестіру тәжірибесі. Аталмыш диетаны ұстаудың әртүрлі тәсілі бар. Мысалы, "16:8 әдісі" бойынша 8 сағат тамақ ішіп, қалған 16 сағат ішінде нәр татпау керек. "5:2 әдісі" аптасына 5 күн қалыпты тамақтанып, қалған 2 күнде калорияны шамамен 500-600-ге дейін шектеуді қажет етеді.

Жоғарыда сөз еткен зерттеу барысында қатысушылар үш ай бойы аптасына 5 күн 16 сағат диета ұстаған. Нәтижесінде олардың денсаулығы жақсара түскен. 

Жалпы соңғы уақытта интервалды ашығу диетасын ұстау батыс мәдениетінде кеңінен танымал диеталардың біріне айналды. Бұл көрініске салмақ тастауды жеделдету мәселесіне қатысты бірқатар зерттеулер ықпал еткен. Мәселен, Майнц университетінің ғалымдары интервалды ашығу диетасын ұстаудың денсаулыққа тигізетін пайдасын зерттеген. Зерттеу кезеңінде 30 қатысушы 16:8 режимін ұстанып, сауалнамадан өткен. Әр азаматтың  денсаулығы бақылауға алынып, қан арқылы биомаркерлерді талдау жасалып отырған.

Сауалнама деректеріне сәйкес:

Зерттеудің орташа қатысушысы физикалық және психикалық денсаулығын қоса алғанда, барлық көрсеткіш бойынша әл-ауқаты шамамен 20% жақсарған. Бұл нәтиже негізінен төрт аптаға созылған. Бірақ бірқатар азаматтарда өзгеріс екі аптадан кейін нәтижесін берген.

Үш айлық диетадан кейін психикалық шаршаудың шамамен 40%-ға төмендеп, ісіктің дамуында рөл атқаратын инсулинге ұқсас гормон-IFR-1 деңгейі өзгерген. Дегенмен  ғалымдар қант диабеті сияқты белгілі бір аурулары бар адамдарға аталмыш диетаны ұстамауға кеңес береді. 

Дариға ҚҰРМАНАЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті