Газеттің тұңғыш нөміріндегі мақалалар төте жазумен (араб әліпбиі) жазылған. Басылымның әр саны алғашқы күннен-ақ ұлттың мүддесін қорғап, елдің мұңын жоқтауға арналды. Аптасына бір рет, бар болғаны екі бет көлемде жарық көрген «Кедей» газетінің басты тақырыбы халық ағарту, мәдениетке үйрету hәм білім алуға шақыру, оларды оқыту еді. Сондай-ақ өңірдегі шаруалар мәселесі де күн тәртібінен түспеген.
«Кедей» газетінің (бүгінгі «Ақтөбе») алғашқы жауапты редакторларының бірі – Алаш қозғалысының қайраткері, «Қазақ» газеті сынды қасиетті ұядан түлеп ұшқан қаламгер, белгілі көсемсөзші Жанұзақ Жәнібековтің туғанына да биыл 135 жыл толатының атап өткен жөн. Ол басшы ғана емес, «О.Ж.» бүркеншік есімімен өзі де мақала жазып отырды. Оның жазған жазбаларынан қарапайым қазақтардың жоғын жоқтағанын, сол заманғы жүргізіліп жатқан саяси науқандарға үн қосқанын және шаруа хаттарына көп мән беріп, әуелі олардың тұрмысын түзу суреттеп, елдің жайын үкіметке жеткізіп тұрғанын көруге болады. Мақалалардың мазмұнынан байқалатын тағы бір жай – редактор әр саланың мамандарын газет ісіне үлес қосуға жұмылдыра білген. Сондай-ақ «Кедей» газеті басқармасының атынан «Тілшілер не жазу керек?», «Тілшілер! Шаруа нені аңыз қылады, жазыңдар!» деген сияқты нұсқаулар үнемі беріліп отырған. Осылайша, Жанұзақ Жәнібеков «Кедей» газетін 1926-1929 жылдар аралығында басқарды.
6 жылдан кейін, 1930 жылы тамыз айында округтер мен уездердің орнына аудандар ұйымдасқанда «Кедей» газеті «Алға» болып өзгерді. Ал 1932 жылғы 13 наурызда облыс құрылып, газеттің аты әуелі «Социалдық жол», кейін «Социалистік жол» болып өзгерді. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда барлық ер-азаматтар сияқты газет қызметкерлері де түгелге жуық майданға аттанды. Солардың ішінде Абдолла Ерназаров, Ахмет Ескендіров, Қонысбай Ерғарин сияқты белгілі журналистер майданда ерлікпен қаза тапты. Газетте «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» айдары тұрақты орын алды. 1944-1954 жылдары «Социалистік жол» ірі-ірі оқиғалардың куәсі болды. Дала төсін дүбірлі еңбекке бөлегендер туралы суреттемелер, очерктер жарияланды. 1962 жылы газет «Батыс Қазақстан» деген атпен шыға бастады.
Газеттің 400-ге жуық тұрақты авторы, 700-ден астам ауыл-село тілшісі, 18 посты болды. Газеттің Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің I, II дәрежелі дипломдарымен, КСРО Журналистер одағының Құрмет грамотасымен марапатталғаны да осы кезеңде еді. 1965 жылы газет атауы «Коммунизм жолы» деп, ал араға ширек ғасыр салып, 1990 жылы 12 қазанда «Ақтөбе» деп өзгертілді. Бүгінде жиырма мыңға жуық таралыммен шығып, одан бірнеше есе көп оқырманының қолынан өтетін бұл газеттің бұқаралық ақпарат құралдары арасында алатын орны ерекше.
Облыс баспасөзінің қара шаңырағына айналған «Ақтөбенің» қазіргі бағыты – қоғамға, ұлтқа қалтқысыз қызмет ету. Газет журналистері облыстың барлық аудандарында болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын, халықтың жағдайын, көкейкесті мәселелерін тұрақты көтеріп келеді.
Облыстық басылым мұрагері – «Ақтөбе» газетінің қызметкерлері үнемі бірқатар мемлекеттік марапаттарға ие болып жүр. Мәселен, ЖШС директоры Раукен Отыншин, «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев «Құрмет» орденімен, газеттің бөлім меңгерушісі Нұрмұханбет Дияров «Ерен еңбегі үшін» медалімен, журналистер Мейрамгүл Сатаева Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасымен, Сәтжан Дәрібай, Индира Өтеміс «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталғанын мақтана айта аламыз!
Кешегі бастан кешірген күрделі күндердің көсемсөзбен хатталған бір шежіресі, ұзақ жылдар бойы халықтың сырласы мен мұңдасына айнала білген, ұрпақ сабақтастығы мен оның тәрбиесіне зор үлесін қосқан, сондай-ақ Жиенғали Тілепбергенов, Жанұзақ Жәнібеков, Кенжеғали Абдуллин, Құдайберген Жұбанов секілді тағы басқа да белгілі тұлғалардың қымбат мұрасының бір бөлігін сақтап, бүгінгі ұрпаққа жеткізген 100 жылдық тарихы бар көне жәдігер.
Ендеше 100 жыл бұрын жаңғырыққа қарай жақындап, күні бүгінге дейін өзінің сара әрі дара жолымен келе жатқан қара шаңырақты Ақтөбе жұртшылығын атаулы мерейтойымен құттықтаймын!
Басылымның оқырмандарына берері мен айтары таусылмасын!
Амангелді НҰҒМАНОВ,
Сенат депутаты