Қазақ халқының қалың да қатпарлы тарихын оқырман қауымға жеткізуде ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ата-баба тарихының ақтаңдақ беттерін анықтау жолында атсалысқан белгілі ғалымдарды қоғамда кеңінен насихаттау және жастарға үлгі ету аса маңызды.
Ғұмыры ғибратты отандық этнолог
972
оқылды

Осы жолда білікті ғалымдар мен мамандар арасында бар күш-жігерін салып қызмет етіп жүрген белгілі ғалым, өз мамандығының хас шебері атанып, еліміздегі ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген азамат, тарих ғылымының докторы, профессор  Аманжол Боранбайұлы Қалыш 70 жасқа толып отыр. Ол – Қазақстан тарихы ғылымының этнология саласының іргетасын нығайтып, оны дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан белгілі ғалым.  

Аманжол Боранбайұлы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қан­дыағаш қаласында дүниеге келген. 1972 жылы туған жерінен арман қуып Алматыға келіп, сол кездегі С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Тарих факультетіне оқуға түсіп, 1977 жылы үздік бітіріп, өскен ұясында сту­денттердің ғылыми бағытындағы ұйымды басқарып, келесі жылы республикамыздың Ғылым академиясы жанындағы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты этнография бөлімінің аспирантурасына түсті. Ол студент кезінде Тарих фа­культеті комсомол ұйымының төрағасы, университеттің комсомол ұйымы төрағасының орынбасары және 1976 жылы факультет-тің 4-курсында Қазақ мемлекеттік университеті студенттерінің кұры­лыс отрядының комиссары болып, сол жылы студенттер арасында тұңғыш рет «Кұрмет белгісі» орденімен марапатталып, суреті ҚазМУ-дың музейіне койылды (Қазіргі кезге дейін ілулі тұр). Тарих факультетінде бірінші болып В.Ленин атындағы стипендиат атанды, факультеттегі партия бюро­сының мүшесі болды. Дип­лом алысымен 1977-1978 жылдары С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің комсомол ұйымының хатшысы Рахман Алшановтың орынбасары болып қызметте калдырылды. 

Аманжол Боранбайұлы Қазақ­стан тарихы ғылымының этнология саласының іргетасын нығай­тып, оның дамуына сүбелі үлес қо­сып келе жатқаны белгілі. Ға­лым­ның кәсіби тарихшы ретінде қалыптасуы, өзінің білім алып, еңбек жолын бастаған қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен 1973-1989 жж. Қазақстандағы тарих ғылымының қара шаңырағы болып табылатын, ҚР ҰҒА-ның Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих, археология және этнография институтымен тығыз байланысты. 1993 жылдан факультет деканының оқу ісі жөніндегі орын­басары, ғылым жөніндегі орын­басары қызметтерін атқара жүріп, көптеген ғылыми жобалар­дың гранттарын жеңіп алды. 2003-2005 жылдары Тарих факультеті-нің Археология және этнология кафе­дра­сының меңгерушісі болса, 2010 жылы ұзақ жылдар бойы ізденісте жүрген, көзмайын тауысып жазған «1970-2000 жылдардағы қазақ­тар­дың отбасы мен неке мәселелері: этнологиялық зерттеу» атты док­торлық диссертациясын ойда­ғыдай корғап шықты. 

Аманжол Боранбайұлы өзінің жарты ғасырға жуық созылған ғылыми-шығармашылық қызметі барысында 30-дан астам монография мен кітаптар, 500-ге жуық ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектер жазды. Ғылыми еңбек­тері арқылы Аманжол Боран­байұлы қазақ халқының тарихы мен этнологиясының өзекті мәсе­лелерін жан-жақты дамытып, тың ізденістерге жол ашты. Ғалымның шығармашылығындағы айрықша атап көрсететін жайт: қазақ хал­қының этногенезі мен этникалық тарихы ғалымның зерттеулерінің басты бағыты болды. Еліміздің егемендікке қол жетуі нәтижесінде тарих ғылымында зерттеуге «тыйым салынған» тарихты жаңа деректерге сүйеніп жазуға, мазмұнын ашуға мүмкіндік туды. Ғалым осы бағытта «Қазақ халқының этногенезі мен этникалық тарихы», «Қазіргі Қазақстандағы этникалық және этномәдени процестер», «Этноло­гияның іргелі мәселелері» атты оқулықтары жарыққа шықты. Бұл зерттеулерде назардан тыс қалып келген тарихи мұраларға жаңа талаптар тұрғысынан қарап, қазақ халқының этногенезі мен эт­никалық тарихына қатысты терең тал­даулар, тың тұжырымдар қарас­тырды. Сонымен қатар қазақ халқының құрылуының тарихи алғышарттары, қазақ халқының қалыптасу кезеңдеріне талдау жасалып, қазақтардың мәдени-шаруашылық жүйесі, дәстүрлі ма­териалдық және рухани мәде­ниеті сияқты іргелі мәселелер тал­дана отырып, этнографиялық та­нымға тың жол ашты. «Этноло­гияның іргелі мәселелері» атты оқу­лықта қазіргі кезеңдегі гумани­тарлық ғылымдар жүйесіндегі этнос және этногенез теорияларын зерттеудегі методологиялық әдіс­те­мелерді талдап жүйелейді. Сон­дай-ақ ғалым қазақтың қазіргі кезеңдегі тарихи дамуы, халықтың өсіп-өну динамикасына да жаңа бағытта ғылыми талдаулар жасады.

«XX ғасырдың екінші жарты­сындағы қазақтардың әлеуметтік-демографиялық даму динамикасы (1959-1970 жж.  халық санақтары негізінде)» атты монографиясында Қазақстан халқының этноұлт­тық құрылымындағы радикалды өзгерістерін талдай келіп, осы жыл­дары жүргізілген экономи­ка­лық реформалардың орталығына айналған Қазақстан Кеңес Өкі­метінің шикізат базасы болып қана қоймай, келімсек мигранттар Отанына айналып, жергілікті тұрғындары – қазақтардың басқа келімсек европа ұлтының өкіл­деріне қарағанда өз жеріндегі аз ұлтқа айналуының себептерін, осы жылдардағы орыстандыру сая­са­тының айқын көрініс тапқан кезең екенін ғылыми тұрғыда қоры­тындылайды. Осы факторларға байланысты халықтың өсуі деген мәселе төңірегіндегі этнодемо­графиялық үрдістер, демогра­фия­лық, миграциялық саясат механизмін зерттеу ғылыми-теориялық тұрғыдан алғанда бүгінгі күннің өзекті мәселесі екенін нақты сандық архивтік деректермен дәлелдейді. Ғылыми еңбектерінің тағы бір баға жетпес құндылығы: қазақ халқының этникалық тарихы, қазақ жүздері мен тайпалары­ның құрамы, оның шежіресіне бай­ланысты көпқырлы проблемаларын нақты мағлұматтар негізінде тиянақты зерттеуі.

Аманжол Боранбайұлын жақ­сы білетіндер оның іскерлігін, белсенділігін, қандайда бір іске құл­шына кірісетінін, кімнің де болса тілін таба білетінін, қара­пайым студенттермен де етене араласатынын, қоғамдық, әлеу­меттік, мәдени, рухани шаралар­дың ешбірінен қалыс қалмайты­нын айтады. 

Бүгінде Аманжол Қалыш – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Тарих, археология және этнология факультетінін, Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры. 2012 жылы Білім және ғы­лым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері. 

Болашақта да Аманжол Боран­байұлының ғылым-білім жолын­дағы жұлдызының биіктен жар­қырарына сенімім мол. 70 жасқа енді ғана толған көрнекті ғалым­ның ғылым-білімге бергенінен берері әлі көп деп есептеймін.

Фатима ҚОЗЫБАҚОВА,  

әл-Фараби атындағы 

Қазақ ұлттық университеті

Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры