Қазақстан мен Әзербай­жан посткеңестік кеңістіктегі, тіпті Шығыс пен Батыс ара­сындағы логистиканы және көлік тасымалы бағыттарын өзгертіп жатыр.
Жаһандық жүк ағынына – жаңа жол
1,401
оқылды

Нәтижесінде, болашақта Еуропа мен Қытай арасындағы жүк ағыны Ресей аумағын айналып өтіп, Каспий теңізі арқылы тасымалданады. Бұл іске Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бакуге мемлекеттік сапары тың серпін берді. 

Бұрынғы жылдары «Орта дә­ліз» (Middle Corridor) атауымен белгілі болған бағдарға бертінде ребрендинг жүргізіліп, ол «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» (ТХКБ) деп қайта аталды. Бұл маршрут бойынша жүк негізінен теміржолмен Қытайдан шығып, Қазақстан территориясымен Каспий теңізіне, яғни Қорғас және Достық шекара бекеттерінен Ақтау және Құрық порттарына жетеді. Сол жерде пароммен, танкерлермен Әзербайжанның Алят портына жөнелтіледі. Әрі қарай бағдар екі айрылады: Грузияда Қара теңіздегі Поти порты арқылы Еуропаға ішкері енеді. Не Түркияға жетіп, Еуропаға жол тартады.

Ұзақ жыл идея қалпынан аса алмаған ТХКБ-мен алғашқы  пойыз тек 2017 жылы ғана аттандырылды. Бірінші жылы тасымалданған TEU-контейнерлер саны 300-ден аспады. 3 контейнерлік пойыз сапарлаған. Олар Әзербайжанның Кишлысына, Түркияның Ыс­тан­­бұлына, Украинаның Ильичев­скіне барды. 2018 жылы контейнерлер саны 3,8 мыңға әзер жетті. Әрі қарай да қарқынды түрде артқаны шамалы. Тіпті, 2021 жылы тасымал тоқтап қалған. Мәскеу өзін айналып өтетін баламалы жолдың дамытылғанын қаламады.

Ахуалды Ресейдің Украинаға қарсы кең ауқымды соғысы және соған орай енгізілген санкциялар өзгертті. Егер 2020 жылы ТХКБ бойымен 8,1 мың контейнер тасылса, 2022 жылы бұл көрсеткіш бірден 4 есе өсіп, 33 мыңнан асты. 2023 жылдың қорытындысында 100 мың межесі алынды. 

Бұл көрсеткіш әрі қарай ғала­мат қарқынмен еселеп өсіп жатыр. 2024 жылдың басында былтырғы ұқсас кезеңге қарағанда, ТХКБ арқылы жүк тасымалының көлемі 2,5 есеге өсті. 

Осылайша, Қазақстан мен Әзер­байжан Транскаспий халық­аралық көлік бағытының жаңа ты­нысын ашты. Биылғы 11 нау­­­­­рыз­­дағы Бакуге сапары аясын­да Қасым-Жомарт Тоқаев Әзер­байжан Президенті Ильхам Әли­евпен аталған маршрутты өр­кендету мәселелерін пысықтады.

Қазақстан, Орталық Азия ел­дері, Әзербайжан және Түркияның арасын жалғаған, өзара тауар айналымын арттырған ТХКБ түркі әлемін біріктіруші алтын көпірге айналды. 

– Картаға жай көз тастасаңыз да, Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдың географиялық тұрғы­дан бірегей орында орналасқанын байқайсыз. Сондықтан Қазақстан мен Әзербайжан көлік-логис­тика­лық әлеуетті арттыру сая­са­тын белсенді жүргізіп жатыр. Жа­сырмаймын, бұл енді біз үшін– стратегиялық міндет. Транс­континенталдық сауданы дамытып, ілгерілетуде ТХКБ немесе Орта дәліздің рөлі қарқынды артып келеді. 2023 жылы онымен 2,7 млн тонна жүк тасылды. Ол перспективада 10 млн тоннаға жетеді деп күтілуде. Тиісті сұраныс та, технологиялық мүмкіндіктеріміз де бар, – деген Қ.Тоқаев осы салада Астана мен Баку кешенді шаралар қабылдауын жалғастыратынын нықтады. 

– Транскаспий көлік дәлізі– аймақтық ынтымақтастық дең­гейін анықтайтын нақты бағыт. Бұл ретте Қазақстан да, Әзербайжан да өңірлік ынтымақтастыққа, көршілермен қарым-қатынасын нығайтуға бейілді екенін танытып отыр. Біздің арамызды тек Каспий теңізі ғана бөліп жатыр. Алайда бүгінде оның өзі кедергі емес. Каспий елдерімізді ғана емес, көптеген мемлекеттің арасын жалғайтын көпір саналады. Себебі Транскаспий көлік бағыты өзінің әлеуетін толық ашуға кірісті. Өзара ықпалдастық пен бірлескен іс-әрекеттердің нәтижелері, ең бастысы, болашақ жоспарларымыз шын мәнінде өте ауқымды, – деді Ильхам Әлиев Қазақстан лидеріне.

Сол күні қос көшбасшы осы маршрут тарихының жаңа бетін ашқан тарихи оқиғаның куәгері болды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев шың елінің Сиань қаласындағы Қазақстан мен Қытайдың жаңа көлік-логистика орталығынан шығып, ТХКБ-мен Апшерон стансасына келген контейнерлі блок-пойызды қарсы алу рәсіміне қатысты.

Көп елдің ырысын арттырар мега-жоба

Сонымен, «Орта дәліздің» өткізу қабілеті жылына 10 миллион тоннаға жеткізілмек. Салыстырар болсақ, 2017 жылдан бастап, 2020 жылды қоса алғанда, бұл бағытпен 3,9 миллион тонна жүк тасылған. Енді осыдан 2,5 есе көп жүкті бір жылда тасымалдауға мүмкіндік бар. 

Тағы бір дерек, Ресей арқылы өтетін негізгі бағыттың тасасында жүргенде, 2017-2022 жылдары ТХКБ-мен жалпы алғанда 52,7 мың контейнер ғана жеткізілген екен. Қазіргі кезде Қазақстан мен Әзербайжан бұл транскаспийлік бағыттың өткізу қабілетін 200 мың контейнерге дейін ұлғайтты. Ал бұл бес жылғы көрсеткішін қоса алғандағыдан 3,8 есе көп! 

Швейцариялық Associated Traffic AG (AsstrA) халықаралық кө­лік-логистикалық компаниясы жаһандық нарық тарапынан Транскаспий көлік дәлізіне қы­зығушылық зор екенін анықтады. 

«Біз «Орта дәлізге» нарықтың қан­шалықты мүдделі екеніне талдау жасадық. Бұған нарық ойыншылары қажеттіліктерінің және мүмкіндіктерінің өзгеруі ықпал етеді. Біз тапсырыс берушілердің балама бағыттарға қызығушылығы артқанын көріп отырмыз. Қазақ­стан серіктестерімен бірге бұл бағыттағы техникалық кедер­гі­лерді, жүкті құжаттаудағы қиын­­шылықтарды жоюға күш са­лып жатыр. Сервисті жақсарту, про­цестерді оңтайландыру бойынша жұмыс бастады. Әзірге ТХКБ инфрақұрылымдық тұрғыдан қалыптасу сатысында тұр», – деді AsstrA-ның Қазақстандағы директоры Рамиля Ахметова.

Қазақстан Президенті әзербай­жандық APA агенттігіне берген сұхбатында Каспий жағалауындағы порттарымызды кең ауқымды жаңғырту басталатынын, оған өзі ерекше көңіл бөлетінін мәлімдеді. Осы мақсатта Орта дәліздің Қазақ­стан, Әзербайжан, Түркия территорияларындағы осал, «тар тұстарын» үйлесімді, синхронды түрде жойып, кең жол ашу бойынша 2027 жылға дейінгі Жол картасы қабылданды. 

Мәселен, Каспий теңізінің қатты таяздануы салдарынан қазақ­стандық порттарда ірі кеме­лердің, танкерлердің таяп келуі, жүк тиеуі қиындаған. Бұл үшін жағаны, теңіз түбін тереңдету жұ­мыстары жоспарланды.

Сондай-ақ ТХКБ бойымен жүк жөнелтілімі көлемін арттыру үшін Қазақстанның, Әзербайжанның және Грузияның ұлттық теміржол компаниялары Middle Corridor Multimodal Ltd атты бірлескен кәсіпорын құрды. Ол экспорттаушылар мен импорттаушыларға «бір терезе» форматында қызмет көрсететін болады. Мысалы, бір елде алған ілеспе құжаттарымен жүк бүкіл үш республиканың аумағында кедергісіз өте алғаны жөн. Сонда жолға кететін мерзім қысқарады. 

Транскаспий көлік бағытымен әзірге пойыздар аптасына үш рет жүреді. Контейнерлер алдымен пойыздардан кемелерге, артынша қайтадан теміржол көлігіне тиеліп, бүкіл бағытты 12-15 күнде жүріп өтеді. 

Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиевтің айтуынша, 2023 жылғы қаңтармен салыстырғанда, 2024 жылғы қаңтарда ТХКБ-мен жүк тасымалының көлемі бірден 2,5 есеге артты. Соның ішінде қытайлық контейнерлердің транзиті 3 есеге дейін өсіп шыға келген. Мемлекет басшысының «бұл бағытқа сұраныс бар» деуінің мәнісі осында. 

Алайда «тар тұстар» өткізу қа­білетін шектейтіндіктен, ТХКБ биыл 5 миллион тоннадай ғана жүкті еңсере алады. Демек, он миллиондық меже келесі жылдардың еншісіне қалғалы тұр. 

Көлік дәлізін Еуропамен бірге құрамыз

Қазақстан әлемдегі геосаяси күрделі жағдайға байланыс-ты, Әзербайжанмен бірлесіп, Шығыс пен Батыс арасындағы логистиканы және көлік тасымалы бағыттарын өзгертіп жатыр. Осы орайда қызықты бір бетбұрыс белгілі болды. 

2024 жылғы 28 ақпанда Қазақ­­стан лидері «ҚТЖ» ұлттық ком­паниясының Астанадағы Инно­вациялық орталығына барып, Қытайдың Сиань қаласындағы құр­ғақ портта салынған қазақ­стан­дық Көлік-логистика орта­лығының ашылу рәсіміне теле­көпір арқылы қатысқан болатын. 

Сиань – Қытайдың тораптық транзиттік орталығы және ең ірі құрғақ порт орналасқан қа­ла­сы. ҚХР мен Еуропалық Одақ арасында қатынайтын контей­нерлік пойыздардың 40%-ға жуығы осы бір ғана жерден жө­нел­тіледі. Сианьдағы Қазақстан терминалының жобалық қуаты – жылына 66,5 мың ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент) контейнерді жөнелтуге жетеді. Алғашқы контейнерлер Әзербайжанға 11 наурызда жетті. Терминал еліміздің экспорттаушылары үшін жаңа өткізу нарықтарына жол ашады, жүктерді жеткізу мерзімін едәуір қысқартады және Қазақстанның Еуразиядағы сенімді транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Міне, осы Көлік-логистика және Инновация орталықтары кезінде Ресей арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізімен ұштастырылып, құрылған еді. Бүгінде олар да Транскаспий бағытына қызмет етеді.

– Бұл – «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы бойынша іске қосылған жоба. ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылы біздің елімізде жариялаған ірі жобаны Қазақстан толығымен қолдайды. Осы бастаманың арқасында орталықтың құрылысы қысқа мер­зімде аяқталды. Мұның бар­лығы – екі ел арасындағы табыс­ты серіктестіктің нәтижесі. Бұл орталықтар Транскаспий халық­аралық көлік дәлізін дамытуға жаңа серпін бермек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Аумағы ұлан-ғайыр Ресей оқшауланған күрделі жағдайда «тығырықтан шығарушы» ретінде үлкен үміт артылып отырған мега-жобаны іске асыруда Қазақстанға Еуропа қол ұшын созды. Былтырғы жылы Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Қазақстанмен бірге бірқатар келісімге қол қойды. Олардың аясында жүзеге асырылатын жобалар жүк ағындарының Транскаспий көлік бағдары және Қазақстан аумағы арқылы іркіліссіз әрлі-берлі ағылуын қам­тамасыз етеді. 

«Қазақстан – территориясы жөнінен әлемде тоғызыншы орында тұрған ел. Сондықтан Еуропа Шығыспен ынтымақтастығы аясында ұлан-байтақ қазақ жеріндегі қолданыстағы инфрақұрылымды модернизациялауға және жаңа­ларын салуға үлкен мән-маңыз беріп отыр. Сонда ғана еселеп артқан жүк тасқынын еңсере аламыз. ЕҚДБ «Қазақстан темір жолы» сияқты қазақстандық басты мемлекеттік және жеке компаниялармен көп жылдан бері жұмыс істеп, олардың тасымал құрылымын оңтайландыруына, қызмет тиімділігін арттыруына көмектесіп келеді», – деді ЕҚДБ-ның Қазақстан бойынша директоры Хусейн Өзхан.

Мысалы, оның айтуынша, ТХКБ арқылы өтетін транзиттік жүктің үлкен бөлігі Қытаймен шекарадағы Қорғастан бастау алады. Әрі қарай жүктерге ең ірі мегаполисіміз арқылы өтуге тура келеді, ал Алматының жолдары шек­тен тыс жүктелген. Салдары­нан ол аталған бағыттың «тар мой­нының» біріне айналды.

«Қазақстандағы теміржол жылжымалы құрамының аса ірі операторы «Исткомтранс» осы Алматыда орналасқан. Республиканың бүкіл жылжымалы құрамының шамамен 8%-ы соған тиесілі. ЕҚДБ оған 36,9 млн еуро кредит берді. Бұл «Исткомтрансқа» ең бір шамадан тыс жүктелген торапта контейнерлерге қызмет көрсету қуатын арттыруға, теміржол паркінің үздіксіз жұмыс істеуіне септігін тигізеді. Банк сондай-ақ «Жетіген» логистикалық орта­лығын дамытуға, 250 жаңа вагон са­тып алуға, қолданыстағысын жаң­ғыртуға да жеңілдетілген не­сие берді. Шекараға жақын ор­наласқан, модернизацияланған логистикалық хаб Транскаспий дәлізінің маңызды торабына айналады», – деді Х.Өзхан.

Бұл – еуропалық қолдаудың тек бір мысалы ғана. Еуропалық қаржы институты AtasuGroup ло­гистикалық компаниясын дамы­туға – 25 миллион еуро бөлсе, ел­орда айналасындағы теміржол инфрақұрылымын және жолдарын басқаратын «Темірсервис Астана» жобасын – 2,8 миллион еуро көлемінде қаржыландырды. Еуропалық осы құрылым «Қазақ­стан темір жолына» 100 миллион еуроға (шамамен 50 миллиард теңгеге) дейін инвестиция салып жатыр. Хусейн Өзханның айтуынша, бұл қаражат ҚТЖ-ға қаржылық және операциялық орнықтылығын сақтауға, бірқатар дағдарысқа қарсы шараны іске асыруға, транзиттік жүк операцияларын қайта құрылымдауға көмектеседі.

ЕҚДБ-ның осы және басқа да жобалары Транскаспий ха­лықаралық көлік бағдары бойымен жөңкілетін жүк жеткізілімдердің сенімділігіне, тұрақтылығына, қауіпсіздігіне септеседі. Елімізде логистиканың және жүкті сақтап, өңдеп, тарататын орталықтар желісінің дамуына, олардың қызметінің тиімділігін арттыруға әсер етеді. Осы арқылы ТХКБ тек жаһандық жүк ағынына ғана емес, сондай-ақ Қазақ елінің тәуелсіздігін нығайтуға, экономикасын өркендетуге, халқының әл-ауқатын арттыруға жаңа жол ашады.

Айхан ШӘРІП