Қазақ театры өзекті де жанды қойылымдар қойып, киелі өнер ордасына жиылған көрерменнің жүрегінен орын тауып жатқаны белгілі. Дегенмен, театрдың бүгінгі тынысын, ғажап өнер өкілдерінің шығармашылық беталысын толығырақ білу мақсатында елімізге танымал театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемировпен әңгімелескен едік.
– Асхат Максимұлы, театр өнері дейтін ғажап әлемнің ішінде жүргеніңізге біраз болды. Бұл әлемнің құпиясы неде?
– Театр – көрерменмен сакралды диалог жасайтын, сырласатын эстетикалық, рухани биіктікте тілдесетін әлем. Оның құпиялығы біріншіден мынада болар: адам өзіне-өзі бақылау жасауы қиын. Өзіне көрінбейтін кемшін тұстарды көру үшін театрға келеді. Меніңше, театр адамның өзіне көрінбейтін, өзі сезе бермейтін тұстарын көрсететін айна. Театрдың пайда болғанына 4 мың жылға жуық уақыт болды, әлі күнге дейін өзінің өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Театр – тірі өнер, жанды өнер. Кино, сурет, музыка сияқты басқа өнерден артықшылығы да, ерекшелігі де сол. Театрдағы әртістер сахна үстінде тірі адамдар арқылы болып жатқан жағдайды жеткізеді. Тірі, табиғи жанды диалог жүріп жатады. Осы диалогті қалыптастыра алған, соған мойынсұнған, театрдың шартын жан-дүниесімен қабылдаған адамдар нағыз театралды адамдар. Театр олар үшін энергия алатын жер, көрермен мен актер бір сахнада қуат алмасу процесін өткізеді. Театр көрерменге осы бір рухани қажеттіліктен туындайтын, жан сарайының кілтін ашатын өнер ретінде әлі күнге дейін өміршең.
– Көзге көрінбейтін кей дүниені көрермен байқамағанымен режиссерге анық көрінуі мүмкін. Осы жылдар ішінде сіз пайымдаған дүниені айта аласыз ба?
– Көрерменге қойылымдар ғана жетеді, бірақ олар сахнаға шыққанша біраз уақыт дайындықтан өтеді. Әсіресе, музыкалық драмалар, опералар, мюзиклдер ұзақ дайындалады. Жалпы, қойылым шығар алдында шығармашылық ізденіс процесі басталады. Кейбір актерлер өзінің ашпаған қырларын дайындық кезінде ашып жатады. Атақты режиссер Эфрос «Репитиция – менің махаббатым» деп кітап жазған. Осы сәтте жасыратыны жоқ, актерлер өзінің жан дүниесіндегі шығармашылық әлеуетін көрсететін, актерлік табиғатын аша түсетін дүниелерді жасайды. Режиссер соны елеп-екшейді. Режиссердің басты міндеті – актердің шеберлігін ұштап, артық кеткен жерін жонып, актерлік және режиссерлік жұмыс әбден үйлесім тапқан кезде, бабына келген дүниені көрерменге ұсыну. Әрине, көрерменге ұсынғаннан кейін спектаклдің екінші өмірі басталады. Себебі көрерменнің қабылдауы да әртүрлі. Бертольт Брехт деген атақты театр реформаторының: «Театр – көрерменсіз елестетуге болмайтын әлем» деген сөзі бар. Театрды театр ететін көрермен. Сондықтан біз бірінші кезекте патша көңілді мәртебелі көрерменнің деңгейін өсіруді мақсат тұтамыз. Сахнаға шығар алдында әрбір әртістің бойында тебіреніс, толғаныс процесі жүреді және спектакльдер бір-біріне ұқсамайды. Интелектуалдық деңгейі бөлек көрермен сол спектакльдің өресін өзгертеді. Театрдың көркемдік өресін, деңгейін биіктететін – оқыған, тоқыған ойлы көрермен. Сондықтан ойлы көрерменге арзанқол қойылымдар өтпейді. Өзім де театрларға барамын. Сол театрларда айқай салып, дауысын көрерменге жеткізу үшін көмейінен жоғары сөйлеген кезде, ол менің жүрегіме де, санама да жетпейді, керісінше, мені спектакльді қабылдау процесінен шығарып жібереді. Сондықтан актер барынша фальш жасамауы керек, көрерменнің жүрегіне жол табуды және санасына ықпал етуді ойлау керек. Әрине, бізде ойнайтын актер көп, ойлайтыны өте аз. Бірақ сол аздар көрерменнің санасына ықпал етеді. Мен санасы дегенді бекерге айтып отырғаным жоқ. Мен үшін көрермен спектакльден ойланып қайтса, өзінің бір үлкен тағылым әлеміне кірсе, өзінің ішкі «менімен», «эгосымен» сұхбат құрса, онда біз мақсатымызға жеткеніміз. Сондықтан әртістеріме әрқашан көрерменмен интелектуалды тұрғыда, тең дәрежеде диалог құруға тырысу қажет деп айтамын. Егер әртіс мұрнын шүйіріп ойнаса, көрермен мұрнын шүйіріп қарайтын болса, онда олардың ортасында ешқандай сұхбат шықпайды. Олардың бойында сырласу процесі, Аристотель айтпақшы, «катарсис» болмайды. Катарсис болуы үшін рационалды эмоционалды тұрғыдан диалог жүріп жатуы керек.
– Бізге Асхат Маемировтың қолтаңбасын танытқан спектакльдің бірі «Қара шекпен» еді. «Қара шекпеннің» көтерген жүгі ауыр: бірақ сіз қаймықпай сол тақырыпқа бара алдыңыз. Хугаевтың пьесасын таңдауыңызға не себеп болды?
– «Қара шекпен» қойылымын тұңғыш рет осыдан дәл 20 жыл бұрын Орал қаласында сахналадым. Георгий Хугаевтің «Қара шекпенінен» бөлек көптеген пьесасы бар, олар Қазақстанда қойылып жүр. Бұл пьесаны менің рухани ұстазым іспеттес тұлға Құжырғали Төлеуішевке бергенімде, бірінші сол кісі аударды. Жалпы, біздің қазақтың табиғатына әпсана, аңыз, мифтік тұрғыдағы туындылар өте жақын. Сондықтан осы спектакльдің формасын ойлап таптым. Онда хайуанаттар керісінше адамдардан да әдемі сөйлейді, адамнан да стилді киінеді, тіпті олардың өмір сүру ортасы мүлде бөлек. Әсіресе, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театрына келген кезде бұл спектакль ерекше актуалды, әлеуметтік мәнге ие болды. Нағыз біздің қоғамдағы кейіпкерлерді хайуанаттардың қасиеттері арқылы көрсетуді мақсат тұттым. Басты кейіпкер – Тұзар төбет. Жасыратыны жоқ, Алтынбек сияқты оққа байланған тұлғалар бар. Қоғамда қарама-қайшы тұжырым бар, сенің күш-жігерің, қуатың бар кезде ақыл-ойың кемеліне келген шақта қолдағанымен, физиологиялық не болмаса моральдық тоқырауға ұшырағанда қажетсінбей қояды. Мен сол дүниелерді көрерменге айтқым келді. Біріншіден, адамды адами қасиетке қарап бағалау керек, бір-бірін қадірлеу керек. «Қара шекпендегі» хайуанаттар әлемі арқылы адамтануға байланысты философиялық үлкен спектакль шықты. Ол әлі күнге дейін өзінің биігінде. Әсіресе, қоянды ойнайтын Лидия Кәденова жасына қарамастан, психофизикалық қиындығы бар рөлді сахнада ойнап жүр. Рөлінде көжектеріне қамқор болған қоянда аналардың бейнесі жатыр. Бұл спектакль жас буын тарапынан әлі күнге дейін сұранысқа ие.
– «Қара шекпен» театрдағы баспалдақ секілді. Кейін театрда бір емес, бірнеше спектакль қойдыңыз. Комедия, драма, тарихи шығарма қайсысының салмағы сізге батпандай жүк артады?
– Иә, оның бірі – Әбіш Кекілбаев аударған Антон Чеховтың «Ваня ағай» қойылымы. Қазір М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында «Сүйікті менің ағатайым» деген атпен жүріп жатыр. Грузияның атақты сценографы, қоюшы-суретшісі Тамри Охикянмен бірге қойдық. Мен үшін бұл көрерменмен интелектуалды сұхбат жасауда өзгеше қойылым болды. Сол жерде Берік Айтжанов, Азамат Сатыбалды, Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжит, Зарина Кәрменова, Жәнел Мақажанова, Әсел Сайлауова, Салтанат Бақаева, айта берсек өте көп белгілі әртістер рөл сомдауда. Қазір Бақтияр Қожа ойнап жатыр. Актерлердің жаңа қырын ашу үшін 2-3 айдай жұмыс істедік. Нәтижесінде, Каспий жағалауы елдерінің халықаралық фестивалінде Гран-приге ие болдық. Сыншылар жоғары бағасын берді. Ойымша, «Ваня ағай» ұзақ жасайды. Өйткені ол адамзаттық ойды алдыңғы қатарға алып шыққан рухани құндылықтарды дәріптейтін қойылым.
Екіншісі – қазақтың белгілі актері Бекжан Тұрыстың ұсынысымен сахналанған Бақыт Беделханның «Ұлым, саған айтам» деген моноспектаклі. Ғасырлар бойы сақталып, бүгінгі күнге жеткен әке мен бала арасындағы мәңгілік сұрақтарға жауап беретін ұлттық тұрғыда сахналанған қойылым болды. Себебі спектакльдің басты идеясы – «Ұлым, саған айтам, ұлтым, сен тыңда». Осы ұлтымыздың бүгінгі келбетіне, қазақ қоғамына қатысты Бекжан Тұрыс актер ретінде өзінің азаматтық ұстанымын, көзқарасын бөлісті. Бертольт Брехттің театр әдісінде «азаматтық позиция» деген арнайы элементі бар. Яғни, суреткер сахнада актер сомдайтын образын өзінің азаматтық позициясы арқылы көрсетіп отырады.
Қазір ерекше қойылым қатарында, спектакль шыққан кезде билеті бірден сатылып кететін Александр Володиннің «Қоштасқым келмейді» драмасы бар. Өзім сахналаған әр қойылым менің жүрегімнің бөлшегі ғой, ол – менің адами үнім, менің адами толғанысым, қоғамға айтар пікірім.
– Пьеса таңдауда күш кімге түседі? Жалпы, режиссер таңдай ма, әлде театр басшылығы себепкер бола ма?
– Пьесаны режиссер таңдап, көркемдік кеңеске береді. Сондағы актерлерден, режиссерлерден, драматургтерден, театрға қатысты мамандықтардан құралған көркемдік кеңес ортаға салып, алдағы жылдың жоспарын бекітеді. Театрда арнайы стратегиялық жоспар болуы керек. Ол актердің бірінші қарым-қабілетіне байланысты, мысалы Гамлетті ойнайтын актер болмаса, Гамлетті қоюдың қандай қажеттілігі бар? Ақтоқтыны ойнайтын актриса болмаса, Ақтоқтыны қоюдың қажеті қанша? Сондықтан театрға қажеттілік туындау керек. Александар Володиннің «Қоштасқым келмейдісін» театрдағы қыз-жігіттердің өзі келіп айтты. «Асхат ағай, «Қоштасқым келмейдіні» біз де қойғымыз келеді» деп келді. Сол күні олар Tengrinews.kz деген сайттан ақпарат көріпті. Еліміз әлемдегі ажырасу бойынша көш бастап тұрған 5 мемлекеттің қатарына кіреді екен. Бұл театр актерлерінің азаматтық ұстанымы еді. Үш жылдық тарихы бар театрда балаларымның азаматтық ой-өрісінің өскені, оларды қоғамда болып жатқан әлеуметтік мәселелер бей-жай қалдырмайтыны мені қатты қуантты. Сондықтан мен олардың азаматтық ұстанымдарын қабыл алып, бірден дайындыққа кірісіп, «Қоштасқым келмейді» драмасын шығардық.
Режиссер пьесаны таңдайды, кейбір кезде драматургпен келісе отырып, бір бейнені алып шығады. Мысалы, қазір Ермек Аманшаевпен үлкен бір шығармашылық, рухтастық, пікірлес азаматтар ретінде Шәкәрім атамызға арнап спектакль қойып жатырмыз. Оған жазда кірісеміз. Биыл 4-маусымды жабамыз, бұл – бесінші маусым ашылғанда шығатын дүние. Аян Өтепберген, Оразалы Игіліктен Шәкәрімнің бейнесін көріп отырмын. Бұл пьеса театр алдындағы үлкен жауапкершілігі бар қойылым болмақ. Актерлік шеберлік кәсіби тұрғыда толысқан кезде олардың өздері де ұлы тұлғаларды, тарихи бейнелерді ойнайтындай деңгейге жетеді.
Біз музыкалық театр болғандықтан, көбіне музыкалық драманы сахналаймыз, қазір театрда тұлғаларды сахналау процесі жүріп жатыр. Еліміздің рухани кеңістігіндегі тұлғалардың шығармашылық жолы, олардың мұрасы өскелең ұрпаққа үлкен серпін беруі керек. Мысалы, «Абай-Тоғжан» спектакліндегі бозбала Абайды алғанымыз да сол, қазіргі жастарға Абайдың үлкен данаға, ойшылға айналар алдында ол да бозбала болғаны, оның ғашық болғаны, анаға еркелуі, әкенің ұлағатын бойына сіңіруі 15-16 жастағы балаларға тән екенін көрсеткіміз келді. Театрымыздың шымылдығы 2020 жылы 14 желтоқсанда «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен ашылды. Бұл М.Әуезовтың атақты «Абай жолы» трилогиясындағы үш беттік қана Абайдың Тоғжанға ғашық болған сәтін суреттейтін жерінен алынған. Нәтижесінде, Құнанбай, Ұлжан, Абай, Тоғжан, Ербол, Керімбала сынды кейіпкерлердің арасындағы қарым-қатынасы арқылы әке мен бала бейнесі ашылды.
– «Гауһартасқа» дейін де талай спектакль қойылды ғой. Дегенмен, бұл спектаклдің әр қойылымы аншлагпен өтіп жатыр. Бұл ненің белгісі деп ойлайсыз? Әлде тақырыптың өзектілігі де роль атқарып тұр ма?
– Біз көтерген идея да, тақырып та өзекті. 30 жылдан бері жаһандық мәдениеттің ортасында келе жатырмыз. Қазір жастардың көбі әлеуметтік желіде отырады. Кітап оқымай, өзінің ұлттық негізінен ажырап бара жатқан ұрпақ көбейіп жатыр. Осы «Гауһартас» арқылы Tik Tok-та отырған жастарды шақырғым келді. Қазақ шаңырағындағы ең қасиетті ұғымдардың бірі де бірегейі – махаббат. Ол – рухтың бірлігі. Егер әр қазақ отбасы осы ұғымдарды көзінің қарашығындай сақтайтын болса, әйел затын қадірлейтін болса, нағыз бақытты әулетке айналады. Туынды осындай идеямен шыққан соң, мен оны жастар санасына сіңіруім керек. Дулат Исабеков ағамызбен сөйлескен кезде, ол: «Асхатжан-ау, бұл прозалық туынды қазақ әдебиетінің классикалық үлгісі ретінде оқулыққа да енген, әдеби қауымға өзін мойындатқан, ол 20-дан астам тілге аударылды, былай қойғанда кинофильм ретінде де өз алдына түсірілді. Бұдан не жаңалық ашайын деп отырсың?» деп таңғалды. Бұл қаңтар оқиғасынан кейін болған жағдай еді. Ол кезде біздің әлеуметтік ортаның болмысы, дүкендерді тонауы жүрегіме шаншудай қадалды. «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» дейтін қазақтың ар-ожданы, ұяты дәл осындай күйге түсті ме? Отызыншы жылдың аштығын, зобалаңын көрсе де, рухын жоғалтпаған халықтың ұрпағымыз ғой. Қазақ қоғамындағы отбасының тірегі болар әкенің, жүрек болып соғатын ананың бейнесіне жауап беретін дүние шығаруым керек тұста «Сізде адамның жалаңаш жаны бар» деп ойыма «Гауһартастың» түскенін айттым. Себебі Дулат аға оны 25 жаста жазған. Әлі суреткерлік қолтаңбасы қалыптаспаған кісі өмірді қалай көрсе, сол күйі шынайы төгіп жазды. Бұл спектакльдің ең басты жетістігі – шынайылығында деп айтар едім. Әу баста, повесть шынайы жазылған. 25 жастағы жас жазушы Дулат Исабековтың тырнақалды туындысы, өмір туралы көзқарасы, махаббат туралы пайымы сахнада жүрген 25-30 арасындағы жастардың жан-дүниесімен үндесе кетті.
Эстетикалық ләззатты басқа өнер түрлері бере алмайды. Ал бізде әлеуметтік желіден бас көтермей отырған жастарды театрға шақыру басты мақсат болды. Содан «Құдаша» әнін, «Ләйлім шырақты» шығардық. «Құдаша» арқылы билеттер сатылымда бірден өтіп кетті. «Құдаша» әнінің қаймағын бұзбай, бірақ заманауи рең беріп шығаруымыз керек болды. Бұл биде әдеп пен эстетика, ішкі мәдениет жатыр. Нәтижесінде, ол кең тарап кетті. Бүкіл қазақстандықтар ұлттық мейрамда да, тойда да, тіпті балабақшадағы балалар да биледі. Қытайдағы қазақтардың осы биді билеп жүрген бейнежазбасын да көрдік. Түркия мен Ресейдегі қазақ жастарының ең сүйікті биіне айналған көрінеді. Міне, өнердің құдіреті. Өнермен санаға ықпал жасауға, әсер етуге болатынына тағы бір мәрте көзіміз жетті. Өнерді қанша жерден жазғанымен, айтқанымен, оны жүзеге асыратын адам керек. Ал сол әрекетті жасау біздің тараптан болды.
«Гауһартас» бізден кетті, көрерменге жетті. Оның қойылымы 185-тен асып кетті. Себебі ақпан айының ортасында 165-ші қойылымды сахналадық. Бұл халықтық сипатқа ие қойылым болды. «Гауһартастың» билеттері аншлагпен өтіп жатты. Бұл халықтың «Гауһартас» арқылы өзінің ұлттық мінезіне сусап қалғанын көрсетеді. Өйткені бұл повесте ұлттық мінез, ұлттың намысы, ұлттың болмыс-бітімі бар. Қазақ қандай болды десе, көрсететіндей туынды. Жас қыз-жігіттердің театрға келуін өзінің ұлттық тамырына оралуы деп түсінемін. Ұлттық болмысты тану үшін, өзінің рухани өзегіне оралу үшін «Гауһартас» спектакліне келеді.
2023 жылдың аяғында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ұжымға ақжолтай тілегін арнап, «Ұмай» ұлттық сыйлығын табыстады. Тикетон театр мен халық арасындағы алтын көпір болып отыр. Ол да 2024 жыл бойынша «Гауһартас» спектаклін мемлекеттік театрлар арасындағы ең үздік қойылым деп көрерменнен жиналған дауыс арқылы жоғары баға берді.
– Иә, «Гауһартасқа» билет таба алмау, жалпы спектальге билетті алдын ала сатып алу – шетелдерде қалыптасқан жағдай. Қазір көрермен театрға қайта оралған секілді. Көпшілік «спектаклге билет жоқ» деп жатады. «Гауһартастан» бөлек, қай спектакль дәл осындай нәтиже көрсетті?
– Біздің театрдағы қойылымдардың барлығы дерлік аншлагпен өтіп келе жатыр. Осы «Гауһартастан» кейінгі «Қоштасқым келмейді», «Шәмші», «Абай-Тоғжан» бар. Шетелдіктер де «Гауһартас» спектакліне қызығып, қазақтың юморын түсінем деп келеді. Университеттерімізде шетелден келген докторанттар театрға келгенде, синхронды аударма арқылы емес, қазақ тіліндегі қойылымды көреді. Себебі олар «балаларыңыздың сахнадағы сөйлеу тілі бізге жақын» деп айтады. Мүмкін оларды жастардың энергиясы да қызықтыратын шығар. Дәл қазір театрдың қоржынында отандық, әлемдік, заманауи 20 қойылым бар. Әртістердің шығармашылық ойлары, ұстанымдары бір арнаға тоғысқандықтан, оларға әрі тиімді, әрі түсінгендіктен жақсы қойылымдар шығады.
– Бұрын драматургтер «жақсы режиссер жоқ» деп қынжылатын, режиссерлер тақырып таба алмайтын еді. Қазір жағдай өзгерген секілді. Режиссерлерді не алаңдатады?
– Меніңше, қазір Қазақстанның театр режиссурасы Еуразия кеңістігіндегі алғашқы үштікке кіреді. Қазір елімізде жасы 40-қа жетпеген 50-ден астам режиссер бар. Біз орта буынға жатамыз, біздің алдымызда Нұрқанат Жақыпбай бастаған аға буын өкілдері бар. Жас буынның да беталысы жақсы. Осындай үш буында ұрпақтар сабақтастығы сақталған. Өзімнің замандас мұзжарғыш кеме сияқты келе жатқан режиссерлер бар. Мысалы, Гүлсина Мерғалиева, неміс театрында жүрген Наташа Дубс, Мұқанғали Томанов сияқты бірқатар кәсіби режиссер бар. Соңғы жылдары режиссура саласы да, актерлік мектептер де, драматургия да кемеліне келді деп жатыр.
– Кадр тапшылығы сезіле ме?
– Жыл сайын Қазақ ұлттық өнер университетін, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын шоқ-шоқ таланттар бітіріп жатыр. Кәсіби білім алған, актерлік мамандықты игерген жастар шығып жатыр. Олардың барлығы әр театрда өзінің репертуалдық саясаты бар өнер адамына айналған. Қазір қазақ театры жақсы даму мен үлкен көркемдік биіктіктерді бағындырудың жолында келе жатыр. Көрші мемлекеттер бізге қызыға қарайды. Кадр тапшылығы бар деп мүлде айтуға болмайды, жас өнер өкілі де көп. Өткенде Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығына арнап «Жұмбақ қыз» операсының жаңғырған нұсқасын қойдық. Бұл сонау 1972 жылы қойылып, кейін қойылмай кеткен дүние. Сол операда Нұрғалым Аманбай, Аяжан Қуанышәлиева, Расул Жармағамбетов жүр. Режиссурада жас буындардың көбірек көрініп жатқанын, әсіресе театрымыздағы 4 режиссер шәкіртім А.Ғұмаров, Р.Усманов, Е.Жаңатілек, Б.Нұрбайды атап өткім келеді.
«Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, ұстаз ретінде жас таланттарды шығарғым келеді. Себебі ұрпақтар сабақтастығы болмай, өнер дамиды деп айта алмаймын. Мысалы, Аян, Асылхандар 2012 жылы жарқ етіп шықты, бір мүшел жас өтті, дәл осындай таланттар шығып, бір-бірінің ізін жалғастырып кетуі керек.
90-жылдардың ортасында Қырғызстанда Нұрлан Асанбеков пен Нұрлан Әбдіқадіров Орталық Азияда үлкен бум жасады. Қазір Қазақстанда да осындай театр индустриясының өрлеуі байқалады.
– Қазір әлеуметтік желінің де әсері көп: Tik Tok-та спектаклден үзінділер ауық-ауық беріліп тұрады. Соның ішінде өтімдісі – Музыкалық жас көрермен театры актерлерінің ойыны. Театр актерлері әлеуметтік желіде белсенді ме?
– Әрине, барлығы әлеуметтік желіде белсенді. Өйткені бұл – заманауи құрал. Тіпті, актерлердің фан парақшалары да бар. Дінислам Нұрмағамбетовтың алтыға жуық фан парақшасы бар. Театрға дәл осындай жастар тарапынан қызығушылық 60-70-жылдары болыпты. Дәл сондай жағдай қазір де болып жатыр. Бұл да бір эволюциялық процесс қой. Әлеуметтік желі арқылы көрерменді театрдың тыныс-тіршілігімен таныстырып отырады. Былтырғы Түркістанда өткен құрылтайда Президентіміздің әлеуметтік желіде отырған жастармен байланыс жасау керек деген сөзі біздің басты мұратымызға айналды. Біз шын мағынасында жастармен рухани байланыс орнаттық. Спектакль сапалы болатын болса, қойылым көрермен жүрегіне жол таба білетін болса, онда ол – тірі театр, сұранысқа ие болады.
– Сіздің театрды «Махаббат мекені» деп жүр. Мұнда 14 жұптың шыққанын білеміз. Махаббаттың құдірет күшін әлдилетіп жүрген не сиқыр?
– «Театр-шаңырақ» деген ұғым бар. Адам үйінен жылулық іздейді ғой, алтын ұясы – мейірімнің, махаббаттың мекені. Сондықтан біздің де театр махаббаттың мекеніне айналды. Мінекей, 4 жылға жуық уақыттың ішінде 14 отбасы шаңырақ көтерді. Олар тек сахнада сыр шертпейді. Өмірдегі олардың айтып келе жатқан махаббат жыры көрерменнің жүрегіне жетеді. Сондықтан кірген адам театрда бір аура бар екенін, өздерін еркін сезінетінін айтады. «Театр-шаңырақ» деген осылай болуы керек болар.
Актер деген адамтану ғой. Меніңше, өнер жолы – ауыр жол, сол жолда олар өздерінің жарын кездестіреді, бір-бірінің қасиеттерін еш бояусыз көреді. Мүмкін, махаббат жырының жиі шырқалуының бір себебі осы болар. Кейде Абай мен Тоғжанның, Төлеген мен Жібектің ғашықтық сезімін сомдап жүріп, кейіпкерлердің бойындағы таза махаббат өздеріне де ауысып кеткен шығар деп қалжыңдайтыным бар.
Біз Астана қаласы әкімдігінің театры болғандықтан, ол тараптан үлкен қолдау көріп отырмыз. Осы кезге дейін бізге 13 пәтер берілді. 7 қыркүйекте Мемлекет басшысының назары осы театрға ауған болатын. Жастарды қолдау мақсатында Республика күні қарсаңында 7 отбасы үйлі болды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ